• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:36:52
+35°

11 Мамыр, 2018 Әлеумет

Қазақты мазақ еткендер неге жазаланбайды?

Қазақтың кең пейілі кейде өзіне таяқ болып тиіп жатады.

Бүкіл қазақ әйелдерін маймылға теңеген Евгений Вожжов деген астаналық адвокат кеше қазақ халқынан кешірім сұрады. Бұған дейін Адилям Ушурова атты желі қолданушысы да қазақтарға тіл тигізген болатын. Екеуі де Facebook-тағы аккаунтын белгісіз біреулер бұзып кіргенін айтып ақталды. Егер соңына дейін қудалап, құзырлы орындардың тексерсе, шындыққа көз жеткізуге болар еді. Алайда ешкім қылмыстық іс қозғай қоймады. Шулап-шулап басылдық.

Вожжов

Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тұрады. Олардың бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүруіне бар жағдай жасалып жатыр. Ұлтаралық қарым-қатынастың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы да құрылған. Соған қарамастан, қазаққа қарсы пиғылдағы адамдар көп. Неліктен?

Қазақтарға қарсы шауып жүргендерге тарихи отанында болып жатқан саяси оқиғалар әсер етеді деген пікір бар. Мәселен, Ресейдегі президент сайлауы, Ресейдің Украинадағы этникалық орыстарды «қорғаймыз» деген желеумен Қырымды анексиялауы, Донбасс пен Луганскіде азамат соғысын өрішітуі. Соның кесірінен неше жылдан бері достық қарым-қатынас ұстанған бауырлас халықтар бір жылда бір-біріне жау болып шыға келді.

Украинаның ішкі мәселесіне араласып, этникалық орыстардың сойылын соққан Ресейдің әрекеті басқа да көрші елдердегі кейбір этникалық орыстарды желіктірмей қоймайды.

Сарапшылардың айтуынша, бізде тұтас бір халықты қаралап, ұлтаралық араздықты қоздыратын азаматтарға қолданылатын жаза түрі жұмсақ. Сондықтан да қазаққа тіл тигізетіндер заңнан қаймықпайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне үңіліп көрейік.

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі немесе бас бостандығынан айырылады.

Аталмыш мәселе турасында халықтың пікірін білейік деп Алматы тұрғындарының арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 18-70 жас арасындағы 60 адам қатысты.

Жауап бергендердің 65 пайызға жуығы ұлттық сезімді қорлаған адамды 2-7 жылға бас бостандығынан айыру тым жеңіл жаза деп есептейді.

Келесі 15 пайызы 2-7 жыл жеткілікті, егер сот кінәлі деп тапқан адамды бас бостандығын шектемей, бас бостандығынан айырса деген ойда.

Қалған 20 пайызы аталмыш қылмыс үшін 2 жыл аз, ал 7 жылға бас бостандығынан айыру жеткілікті деген пікірде.

Әлеуметтік желіде тұтас бір ұлтқа тіл тигізіп, тарихын бұрмалап, ар-намысын аяққа таптайтындар көбінесе кешірім сұрап құтылады.

Facebook-та бүтін бір ұлтты «мамбеттер» деп кемсіткен, «сендерді тауға қуып жіберіп, малдың тезегін жегізу керек» деп жазған Адилям Ушурованың сөздері қоғамда қызу талқыланды. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін қазақ Адилям Ушурованың үстінен арызданбай, істі жылы жапты. Дәл сол секілді Евгений Вожжов та қазақтардан кешірім сұрап тікелей эфирге шықты.

Адилям Ушурова

ҚР ҰҚК мен ҚР Бас прокуратурасына арыз дайындап, Вожжовпен сөйлескен заңгер Ләззат Ахатова өзінің Facebook-тағы парақшасында нақты дәлел болмаса, сотта жеңе алмайтынын айтты. Вожжовтың жазғанына қатысты әлі тексеру жұмыстары жүргізілмеді. Болашақта да аяқсыз қалуы мүмкін.

Қазақтың жері кең, көңілі одан да кең. Халқымыз қиын-қыстау заманда көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созудан тайынбаған. Әлі күнге дейін 130-дан астам этнос өкілін бауырына басып отыр. Бірақ кейде осы бір меймандос пейілі өзіне таяқ болып тиіп жатады.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір