• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:53:23
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2018 Әлеумет

Тергеу абақтысындағы сұмдық пен шындық

Ісі сотқа жетпей, тергеу абақтысында көз жұмғандар көп.

 

Қазақстандағы құқық қорғау органдарының іс жүргізу мен тергеу әдістеріне көп сын айтылады. Лауазымын асыра пайдаланғандар жұмыстан қуылса, олардың орнын басқандар дәл сондай қылмыспен қайта ұсталып жатады. Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге байланысты ҚР Прокуратурасына ресми сауал жолдаған еді.

ҚР Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың өзінде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне қатысты 1624 қылмыстық құқықбұзушылық фактісі тіркелген.

«783 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 369 қызметкер жазаланды», - делінген комитеттің жауабында.

Құқық қорғау саласындағы «ескі ауру»

Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры Жақып Асанов та құқық қорғау саласында етек жайған «ескі ауруды» атап көрсеткен болатын.

«Біз өзімізді қылмыстық істің қожайынымыз деп санаймыз. Қамауда отырған адамның тағдыры өз қолымызда деп кеудемізді ұрамыз. Бұл – совет заманынан келе жатқан көзқарас, қанымызға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Мен оны мойындаймын. Өйткені мен 1986 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеймін», - деді Асанов.

Жұмбақ өлімдер

Ісі сотқа жетпей, тергеу абақтысында көз жұмғандар көп.

Мысалы, 2012 жылы ШҚО-дағы тергеу изоляторында Самат Омаров есімді азамат қайтыс болған. Сот медициналық сараптамасының нәтижесінде, оның жүрек талмасынан көз жұмғаны анықталды. Марқұмның туыстары оның өліміне құқық қорғау органдарын кінәлады. Әкімшілік құқықбұзушылық үшін ұсталған С. Омаровтың денесінде ешқандай соққы іздері жоқ.

2015 жылы Жаслан Арғымбаев «ұрлық жасады» деген айыппен қамауға алынады. Тергеудің бірінші күнінен бастап Арғымбаев полиция қызметкерлерінен қорлық көргенін айтқан. Сот процесіне үш күн қалғанда 164\1 түзету мекемесінің тергеу абақтысында Арғымбаевтың өлі денесі табылды. Абақты әкімшілігі «айыпталушы өзіне қол жұмсады» деп санайды. Ал Жасланның анасы «ұлымды полиция қызметкерлері қатты азаптаған» дейді. Арғымбаевтың өліміне байланысты түрме қызметкерлерінің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды, бірақ оның ешбірі сотқа жетпеген.

2016 жылдың сәуірінде Қарабалық аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлері 20 жастағы Дорошенко Любовьтің үйіне келіп, полиция бөлімшесіне баруды сұраған. Олар әйелді балағаттап, дөрекі түрде ұрлық жасағанын мойындауды талап еткен. Лейтенант Н. Сәрсембаев қойылған сұрақтарға жауап бермесе, саусақтарын кесіп отыратынын айтып қорқытқан. Любовь полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беруден бас тартады. Сол кезде Сәрсембаев әйелді еденге жығып салып тепкілеген. Осы оқиғадан кейін полицейлер заң алдында жауап берді. Сот шешімі бойынша, Н. Сәрсембаев пен А. Төлегенов айыпты деп табылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

2016 жылы түрмеде жазасын өтеп жатқан Наталья Слекишина есімді әйел өзін полиция қызметкерлері зорлағанын айтып шағымданған. Алайда күдіктілер өз кінәсін мойындамайды. Слекишина түрмеде босанғаннан кейін, ДНҚ сараптамалары нәтижесінде, баланың әкесі түрме қараушысы Руслан Хакимов екені мәлім болды. Осыдан соң Хакимов тоғыз жылға сотталды.

2016 жылы Қостанай қаласындағы тергеу изоляторында 35 жастағы Евгений Тугулев көз жұмды. Сот медициналық сараптама құжаттарында марқұмның басынан соққы алғаны жазылған. Евгений Тугулевтің өліміне қатысты қылмыстық іс бір ашылып, бір жабылып, ақыр аяғында марқұмның туыстарына оның тромбысы үзіліп кеткендіктен қайтыс болғаны хабарланды.

Әлеуметтік желінің әлеуеті

Кейде полиция қызметкерлерінің бассыздығы әлеуметтік желіге шығып кетеді. Мысалы, мына видеоларды халық қатты талқылап, тәртіп сақшыларын қатаң айыптады.

Бұл – 2017 жылы 15 наурызда Астанада болған жағдай. 29 жастағы Николай Кривенконы полиция өкілдері мен әлеуметтік қалыпқа келтіру қызметкерлері соққыға жығып, өлтіріп тынған.

 

Полиция өз лауазымын асыра пайдаланып, төрт ер адаммен төбелес ұйымдастырған.

Әрине, көзге бадырайып көрініп тұрған қылмысты құзырлы орындар да елеусіз қалдыра алмайды. Көп жағдайда кінәлілер сотталып, жауапқа тартылып жатады.

Жалпы әлеуметтік желілерді ҚР Прокуратурасы бақылап отыра ма?

«Прокуратура органдары әлеуметтік желідерде заңдылықтың бұзылуы, сондай-ақ құқықбұзушылық орын алған жағдайларды анықтағанда тиісті шара қабылдайды немесе құжаттарды уәкілетті органдарға жолдайды, - дейді ҚР Прокуратурасы «Қамшы» порталына берген жауабында.

Қылмыстық процесс сандық жүйеге өтеді

ҚР Прокуратурасы берген мәліметке жүгінсек, 2017 лауазымын асыра пайдаланғаны үшін құқық қорғау органдарының 63 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, істері сотқа жолданған.

Қазақстанда арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдардың жағдайын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға көмектесетін Қоғамдық бақылау комиссиясы жұмыс істейді. Қамаудағы азаматтарға қатысты қандай да бір азаптау, қинау туралы деректерді ең бірінші осы ұйым анықтайды.

Бас прокуратура 2018 жылдан бастап қылмыстық процесті цифрлауды жоспарлап отыр. Яғни әрбір іске қатысты тергеу барысы, сотта қаралуы, жазаның орындалуы түгел сандық жүйеге өтеді. Соның арқасында ешқандай қылмыстық іс қағаз сияқты жоғалып кетпейді. Барлығы алақандағыдай анық көрінеді.

 

 

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір