• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Мамыр, 16:31:45
Алматы
+35°

01 Тамыз, 2017 Әлеумет

Қостанай облысында сот Дорошенко Любовьтің талабы бойынша шешім шығарды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Сот Дорошенко Любовьті азаптаған екі полицейге үкім шығарып, Қостанай облыстық ІІД моральдық шығын ретінде 1,5 миллион теңге төлеуді міндеттеді.  Любовь 3 миллион теңге моральдық шығын талап еткен.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың сәуірінде  Қарабалық аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлері 20 жастағы Дорошенко Любовьтің үйіне келіп, полиция бөлімшесіне баруды сұраған. Қыздың үйінде 2015 жылғы баласы қалған. Полиция қызметкерлері қызды балағаттап, дөрекі түрде ұрлық жасағанын мойындауды талап еткен. Полиция лейтенанты Сәрсембаев қойылған сұрақтарға жауап бермесе саусақтарын кесіп отыратынын айтқан.

Любовь полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Сол кезде Сәрсембаев Любовь отырған үстелге жақындап келіп, шашынан ұстап еденге жатқызып, аяғымен соққыға жыққан. Оң қолын артқа қарай бұрап, құлақ тұсынан, бетінен ұрған. Қыз сүті қайтып кететінін айтып, полицейлерден оны жайына қалдыруды өтінген.

Болған оқиғадан кейін полицейлер заң алдында жауап берді. Соттың шешімі бойынша, Н. Сәрсембаев пен А.Төлегенов айыпты деп табылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды және 3 жылға мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет істеу құқығынан айырылды.

Кінәні мойнына алу үшін полицейлер түрлі құйтырқы әрекеттер мен азаптау әдістеріне барып жатқаны өте өкінішті. Қостанай облыстық ІІД-де болған жантүршігерлік оқиға алғашқы жағдай еместігі де жанға батады.

Халық арасында ауыр қылмыс жасағандарды тергеу кезінде азаптауды екі қолдап қолдайтындардың бар екенін жасырын емес. Мәселен, жақында ғана Қарағандыда 5 жастағы қызды зорлаған педофилге қатысты тергеу кезінде полиция қызметкерінің ұрып-соғу әрекеті камераға түсіріліп, желіге тарағанда полиция қызметкерінің әрекетін желі қолданушылар арасында қолдағандардың қарасы көп болды. Бұл ретте аталмыш қылмыстық істе күдікті болып есептелетін 50 жастағы ер адамның бейкүнә баланың өмірі мен болашағына балта шапқаны қалың бұқараның ашуы мен ызасын келтіргені анық. Десе де, заңгерлер мұндай әрекеттерге бармай, заң алдында қатал жазалау керек екенін айтады. Себебі күдіктінің қылмыстық әрекеті айқын болғанымен және ол қандай ауыр қылмыс жасаса соншалықты заңмен қатал жазалатынын айтады.

«Сәтпаевтағы полиция қызметкері кішкентай қызды зорлады деген күдікпен ұсталған ер адамды қорлап, оны бірнеше рет ұрды.  Бұл-азаптау. Ол ҚР Қылмыстық кодекстің 146 бабы бойынша қудаланады.

Бәлкім сіздер адамдардан ақпарат алу үшін азаптайды деп ойлайтын шығарсыздар. «Жоқ».

Қазақстан БҰҰ Конвенциясын ратификациялады. Сондықтан Қазақстанда азаптауды өркениетті елдердегідей қабылдайды.

Азаптаудан ада болу – адам құқығының өте сирек кездесетін абсолютті түрі. Ол ешқандай шектеуге келмейді.

Полицейлердің адамды азаптауына болатын жағдайлар мүлде жоқ! Олар кім болса да заңмен соттау керек» деп жазды заңгер Джохар Өтебеков өзінің Facebook парақшасына.

Қазақстандағы азаптау мен жазасын өтеушілердің құқығы

Қазақстанда азаптауға заңмен қатаң тыйым салынған. 1998 жылы Қазақстан БҰҰ азаптау мен адамның жеке басын қорлайтын әрекеттерге қарсы Конвенсияны қолдады. Ал 2002 жылы қылмысты тексеру барысында азаптағандарды жауапкершілікке тарту туралы ереже енгізілді.  2005 жылы азаматтық және саяси құқық бойынша Халықаралық пакт қабылданды. Десек те, тергеу кезінде де, түрмедегі жазасын өтеушілерді де азаптау, қамаудағылардың өзіне қол салуы тыйылар емес.

Сарапшылардың келтірген мәліметіне сүйенсек, жұмыссыз, тұрақты тұратын жері жоқ, бұрын сотталған және 16-24 жас аралығындағы ер адамдардың азапталу жағдайы өте жиі кезедеседі.

Мамандар, Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері 100% жазасын өтеушілердің құқығы қорғалмағанын айтады. Оған абақтыдағылардың өзіне көрсетілген азаптау әрекеттерін айтуға қорқатындығы да ҚР заңын бұзғандардың қылмысын әшкере болмауына түрткі болып отыр.

Мәселен, 2015 жылы Павлодар облыстық түзеу мекемесіне тосыннан тексеріс келді. Жазасын өтеушілердің 30-на жуығының денесінен соққының ізі табылған. Жәбірленушілердің шағымы қылмыстық іс ашуға түрткі болды. Алайда жазасын өтеушілер көп ұзамай айтқан сөзінен бас тартып, қылмыстық іс тоқтатылды.

«Халықаралық түрме реформасы»  ұйымының есебіне сәйкес, Қазақстан халықаралық түрме рейтингісінде 48-ші орын алады. Бұл Қазақстан үшін төмен көрсеткіш. Себебі 2016 жылдың басында Қазақстанда аталмыш рейтингте 55-ші орында болған.

Азаптау түрлері...

Халықаралық ұйымдардың есебінде азаптауды медициналық көмекті қажет ететін -  соққыға жығу, ұрып-соғу, дене мүшесіне зақым келтіру, жыныстық зорлықпен сипатталады. Алайда тәжірибеге сүйенсек, ішкі істер органдарында басқа әдістерді қолданады.

Азаптау ҚР ҚК қудаланатын болғандықтан, жәбірленуші азап көргенін дәлелдей алмауы үшін оның денесінде ешқандай із қалмайтындай әдістерді пайдаланатын болған.

Мамандардың айтуынша, ең көп таралған азаптау әдісі полиэтилен пакеттері, газдан қорғайтын аспап қолдану арқылы жүзеге асады. Бұл адамға физикалық тұрғыда өте ауыр тиеді. Алайда денесінде ешқандай із қалмайды. Сондықтан полиция қызметкерлері жауапкершіліктен жалтарып кетуі әбден мүмкін.

Азаптау ... Бұл орта ғасырда қолданылған жабайы жаза түрі. 21-ші ғасырда адамды азаптау үлкен қылмыс, оның құқығын аяқ асты ету. Заңгер Джохар Өтебеков айтпақшы, «азаптаудан ада болу – адам құқығының өте сирек кездесетін абсолютті түрі. Ол ешқандай шектеуге келмейді». Заңға қайшы әрекет еткендер тек заңмен жазалануы қажет. Қылмыстық кодекс сол үшін жасалды да. Өркениетті елдің қатарына қосылып, адам құқығын жоғары қоямыз десек азаптауға әрбір адам түбегейлі қарсы болуы  заңды құбылыс.  

Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір