• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:32:48
Алматы
+35°

20 Қыркүйек, 2017 Сұхбат

Өнеріне Түрік президенті Ердоған тәнті болған домбырашы — Ержан Арқабай

Осындай мақсатта ұйымдастырылған концерттерде 2 айдай 40 қаланы аралап, өнер көрсеттік.

Түбі бір халық түрік жұрты мен Түркия қазақтың қара домбырасына, домбыраның шанағынан төгілген қоңыр үнге, күмбірлеген күйге бұл күнде өзгеше ықылас танытатын болған. Оған өз ықпалын тигізіп жүрген екі жан бар, бірі ноғай жырауы Арсланбек Сұлтанбек, бірі қазақ домбырашысы Ержан Арқабай.

Ержан соңғы айда 2 рет Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның алдында өнер көрсетті.  Түркиядағы жоғары сахналарда, биік мінбелерде домбыра үнін асқақтатып жүрген, 2015 жылдан бері Түркияның Кония қаласындағы Неджметтин Ербақан университетіне «Дәстүрлі өнер» мамандығы бойынша магистрлық оқып жатқан  Ержан Арқабайдан Түркияға ұшып бара жатқан жолында эксклюзивті сұхбат алған едік.

Алматыға қош келдіңіз Ержан мырза, Сіздің жұртты қуантар жетістіктеріңіз көп, соңғы айда Түркия президенті алдында 2 рет өнер көрсеттіңіз, алдымен қалың оқырманға өзіңізді таныстыра кетсек, өнер жолына қалай келдіңіз?

Мен  1988 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында өмірге келдім. Жыр елінде туған соң да өнерден алыс болмадық .

Алғаш 10 жасымда домбыраға қызығушылығым оянып, мектепте домбыра курсына қатыстым. Әкем «қызығушылығың болса шыңдал» деп музыка мектебіне оқуға берді.  Содан Жаңақорған аудандық музыка мектебіне бардым. 5 жыл бойы ол жерде домбырамды жетілдірдім. 2003 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне Ерболат Мұстафаевтің домбыра сыныбы бойынша оқуға түсіп, 2007 жылы бітірдім. Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетін де Айтжан Тоқтағанның домбыра сыныбы бойынша білім алдым, осы университетте оқып жүргенде 2008 жылы Қызылорда қаласында өткен Әшекей атамыздың атындағы республикалық домбырашылар сайыстарына қатысып, екінші жүлделі орынға ие болып, лауреат атандым. 2011 жылы университетті үздік тамамдап, 2012 жылдан бастап, Қызылорда облыстық филармониясының Ақмешіт фольклорлық ансамблінде жұмыс атқардым. Сол жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде де ұстаз болып жұмыс істедім.  

2013-2014 жылдары Қызылорда облыстық филармониясының атынан Түріксой ұйымының ұйымдастыруымен өткен Түркиядағы наурыз фестиваліне қатыстым. 2013 жылы Түркияның 10 қаласында болдық. Қазақтың өнерін, музыкасын түрік халқына паш еттік.  2014 жылы Түрік әлемінің мәдени астанасы болған Ескішаһар қаласында Ақмешіт фольклорлық құрамында болып өнер көрсеттік. Осы гастролдік сапарда жүргенде Түркияға келіп білімімді шыңдайын деген ой келді. Сөйтіп, 2014 жылы Кония қаласына жол түсіп, тіл курсынан оқыдым. 2015 жылы магистратураға қабылдандым. Жұмыс істеп жүрген кезде білімге құмарттым, қазақтың өнерін, күйлерін қазіргі еуропалық стильде қайта жандандырғым келген. Зерттеу жұмыстарын жасасам деген ой туған еді. Шетелге оқуға барып, сол арманыма жол ашылғандай болды.

Сіздердің өнерлеріңізге, қазақтың қара домбырасына Түрік президентінің ықыласы қалай түсті?

Түркияда университетте оқып жүріп, университеттік концерттерге қатысып, жергілікті халықтың назарын домбыраға бұрдық. Қазақтың өнерін таныту мақсатында өзіміз концерттер ұйымдастырдық. Әр жылы Қалалық деңгейде Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесін, наурыз мейрамын тойладық.

2014-2015 жылдары Түркияда бірнеше үлкен сайлау өтті, 2014 жылы 30 наурыздағы жергілікті басқарушыларды сайлауда және 10 тамыздағы президент сайлауында, 2015 жылы 2 рет өткен парламенттік сайлауда AK партия (биліктегі Әділет және Даму партиясы. -ред.) ноғай жырауы Арсланбек Сұлтанбектің Домбыра әнін үгіт-насихат музыкасына пайдаланды. Түркиядағы өршіп тұрған саяси науқандардың пайдасы домбыраға түріктердің ықыласы ерекше аудыруы.

2015 жылы ноғайдың жырауы Арсланбек Сұлтанбек ағамызбен таныстық. Ноғай халқымен тіліміз, дәстүріміз, өнеріміз, әдебиетіміз бір болғанын білесіздер. 2015 жылдан бері ноғай-қазақ болып, ноғай жыраумен 2 жылдан бері домбыра өнерін, ән өнерін, күй өнерін, жыраулықты дәріптеп жүрміз. Билік органдары ғана емес түрлі ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, университеттер бізді жиі шақырады.

Көптеген өнер фестивальдерінде домбыра өнерімізді паш еттік. Қазақ өнерін, көшпенділердің мәдениетін, музыкалық сарынын дәріптей бастадық, түрік халқының ерекше қошаметіне бөлендік десек те болады. Орта Азиядан Анадолыға ауып кеткеніне мың жыл бола да Домбыра үнін естіген түріктер тұлпарлар дүбірін естіген шабандоздай, ерек шаттанып, делебесі қозатыны анық байқалды.

2016 жылдың жазында Түркиядағы төңкеріс әрекетінен кейін Республикалық маңызы бар көптеген концерттерде, іс-шараларда бізге сұраныс туды. Бізді түрлі халықтық жиналыста, бейбіт митингілерге жиі шақырды. Түрік халқының рухани мұқтажы бар еді, сол жерде біздің «Домбыра», рухани жырларымыз, күйлеріміз көмекке келгендей болды. Осындай мақсатта ұйымдастырылған концерттерде 2 айдай 40 қаланы аралап, өнер көрсеттік. Осындай концерттердің біршамасына тіпті Түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі қатысты. Түрік президентің ерекше бір ілтипатына ие болдық.

26 тамызда  Түріктердің Анадолыға қоныс тебуіндегі шешуші шайқастардың бірі Малазгирт соғысының 946 жылдығы құрметіне аталып өтілген республикалық мерейтойда тағы Түрік президенті алдында өнер көрсеттік.

Одан екі аптадан кейін Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия президенті «EXPO2017 Astana» ұлттық көрмесіндегі Түркия павильонының жабылу салтанатына қатысты. Бұл шараға да Түркия президенті әкімшілігінен шақырту алып, Ердоғанның жеке алғысына бөлендік. Көрме басшысы Ахметжан Есімов те айрықша алғыс білдірді. Бұл шын мәнінде күй құдіретіне, домбыра сарынына, қазақ-ноғай халықтарының ұлттық музыкасына деген құрмет еді.

Шығармашылығыңызда басқа қандай жаңалықтар бар?

Мен үшін домбыраның тыңдаушысы көбейгені үлкен бақыт. Ал тыңдаушының ықыласы жоғары болса бұл одан да үлкен бақыт. Жүрген жерімде концерт қойып, сауық құрып қана кетуден аулақпын, жергілікті аймақтың музыкалық ерекшелігі, қазақ халқымен сарындық сабақтастығы зерттеуімнің өзегі десем де болады.

Қазіргі таңда Кония қаласындағы «Orhun Kültür-Sanat-Müzik-Film-Prodüksiyon» продюсерлік орталығымен бірігіп «Домбыра — түрік рухы» деген атпен қазақ тарихи күйлерінің digital альбомын шығардық. Бұл альбомды интернет арқылы әлемінің түкпір-түкпіріндегі кез-келген адам digital платформалардан тыңдауына болады. Алдағы уақытта түрік халықтарына қазақ күйлерін таныту, дәріптеу, насихаттау мақсатында бұл альбомның CD форматында басып тарату жоспарда бар. Бұл әрине қаржылық мәселелермен шешіледі.

 Сондай-ақ, Түріктің «İsimsizler», «Direniş karatay» сияқты кино туындыларының саунд пакетіне домбыра үнін қосу мақсатында арнайы шақырылып, шығармашылық ұжым арасында болдық. Кезек күтіп тұрған ұсыныстар да көп. Мінеки, қара домбырамды көтеріп тағы да шетелге аттанып барамын.

Сізге шығармашылық табыс тілейміз, жолыңыз болсын!

 

Әңгімелескен Нұрғали Нұртай.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір