• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 19:04:55
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Мүфтият дін төңірегіндегі дауды басуға қауқарлы ма?

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, теледидардың тетігін басып қалсаң да дін тақырыбы талқыланып жатады.

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, теледидардың тетігін басып қалсаң да дін тақырыбы талқыланып жатады. Адамдар жік-жікке бөлініп алған. Әйтеуір дінге келгенде бәрінің айтары бар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі дін төңірегіндегі төрт мәселені талдап көрмек.

Белгіленбеген жерде намаз оқығандарға 500 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

Бұл туралы Атырау облысының дін істері басқармасы хабарлады. Жалпы Атырауда мешіттерден өзге намазға арналған үш орын бар. Оның бірі «Дина» базарында, ал қалған екеуі сауда орталықтарында. 2013 жылы намазхана мемлекеттік орындардан 300 метр шалғай жерде орналасу керек деген ереже шыққан еді. Кейін осы ережеге қайшы деген желеумен біраз намазхана жабылды. Енді заңды бұзғандар 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Дінтанушы Досай Кенжетайдың пікірінше, бұл шешімнің астарында дау тудырған қандай да бір оқиға болуы мүмкін.

- Мысалы, мешіттен, намазханалардан тыс жерлерде, яғни хужраларда жиналып, жат ағым өкілдері уағыз айтқан шығар. Айыппұл сол сияқты нәрселердің алдын алу үшін қолданылған шара болуы ықтимал. Жалпы исламда мұсылмандар намазды кез келген кеңістікте оқи алады. Ал енді бүгінгі заң, билік оны «белгілі бір жерде» деп өзгертсе, онда бір себебі бар деген сөз. Өйткені зайырлы ел бекерден-бекер қоғамдағы дін істеріне араласпайды. Мұның барлығы еліміздегі салафизм, экстремизм, радикализм, тағы сол сияқты «измдерге» қарсы жасалып жатқан амалдар болса керек», - дейді Досай Кенжетай.

Бұл мәселеге қатысты ҚМДБ әзірге тырс етіп үн шығармады. Халықты алаңдатқан сауалға неліктен түсініктеме бермей отырғаны түсініксіз.

Орамал тағатын оқушылар дауы

Дін дегенде бірден талқылай жөнелетін «хит» тақырып бар. Ол – орамал мәселесі. Осыған дейін де, кейін де айтылып, жазылатын тақырып десем, қателеспейтін шығармын. Орамалдың дұрыс-бұрыстығынан гөрі оқушылардың орамал дауының кесірінен мектеп табалдырығын аттай алмай жүргені қатты қынжылтады. Еске салатын болсақ, БҚО-да, Ақтөбеде мектеп басшылығы орамал таққан қыздарды білім ошағына кіргізбей, үлкен дау туған болатын.

Егер оқушы бірнеше сабаққа қатыспайтын болса, ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Әзірге биліктің қолынан келгені – осы.

Әлі оң-солын танымайтын қыздар екі оттың ортасында қалып қойды. «Балиғат жасындағы  қыз балаға орамал тағу парыз», – дегенді ұстанатын ата-ана қызына орамалын шешуге рұқсат бермесе, мектеп басшылығы орамалсыз келуді талап етеді. Білім сапасы тап соған тіреліп тұрғандай, екі тарап та райынан қайтар емес.

Негізі ҚМДБ балиғат жасына толған қыз балаға орамал тағу парыз екенін жоққа шығармайды. Ал балиғат жасын қалай анықтауға болады? Жақында діни басқарма бұған қатысты өз ұстанымын нақты білдірді. Мүфтияттағылардың сөзінше, Ислам шариғатында қыз баланың балиғатқа толуын 9 жаспен шектеу дұрыс емес. Мұсылман ғалымдары қыз балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сай, көпшіліктің жағдайын назарға ала отырып, 15 жас деп белгілеген. ҚМДБ өкілдері Қазақстанның зайырлы мемлекет екенінін ескерте келіп, ата-аналарды заңға бағынуға шақырған. Өз кезегінде Досай Кенжетай мәселеге сәл басқаша қырынан қарау қажеттігін айтады.

- Мәселе орамалда емес – хиджабта. Мәселе балиғат жасында емес – мектепте. Мәселе рұқсатта емес – санада. Мәселе оранған қыздарда емес – мектептің тәрбиесінде. Зайырлы білім беру – мектептің негізгі стандарты. Бұл стандартта білім беру, тәрбие, салауатты өмір, озық технология, заман талабы, жас ерекшеліктері, білім мазмұны негізге алынады. Ал бұған ұлт, дін, тек, жыныс, тағы сол сияқты параметрлерді қоссаңыз, ол үшін үлкен ғылыми-зерттеу лабораториясы керек. Қазір Білім және Ғылым министрлігі қоғамның мұндай ақиқатынан гөрі шетелдік шаблондарды асығыс-үсігіс көшірумен ғана айналысады. Нәтижесінде қоғам шындығы ескерілмей қала береді, - дейді ол.

Дінтанушының ойынша, бізде моральдың, ұлттық тәрбиенің, діни құндылықтардың мектеп бағдарламасына бейімделген нақты әдістемесі атымен жоқ, Егемендік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, педогогика ғылымы да, білімі де, мазмұны да әлі сол советтік стандарттардан айыққан емес. Сондықтан ата-аналардың діни негізде наразылық танытуы өте орынды. Мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып, әке атанып жатқандар саны артып жатыр. Білім беру стандарты өзгеруі тиіс.

- Ал енді Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың «жеке мектеп ашу» пікірі негізінен діни платформаға емес, мектептің түбегейлі өзгеруіне азаматтардың қоғамдық негізде ықпал ету құқын еске салады. Параллель ұстанымдар, шешімдер, методикалар, педагогикалық кешендер ауадай қажет. Бірақ бұл жерде хиджаб, паранжа жамылғандарға арнайы мектеп береміз деген мәселе жоқ. Мұны солай түсіну яки қабылдау өте үлкен қатерге апарады. Біріншіден, діни танымына қатысты арнайы мектептер бар, олар – медреселер. Медресе мен мектепті шатастыруға болмайды. Екіншіден, мектепте егер «хиджаб кигендер мен кимегендер» ретінде бөлек білім берілсе, бұл мемлекеттің қолымен қоғамда психологиялық, гендерлік, діни, саяси, аксиологиялық жік тууына апарып соғады. Меніңше, орта жол бар – мектеп бағдарламасына, стандарттарына, ұстанымдарына діни және ұлттық аксиологиялық мазмұндағы білім компоненттерін қосу керек. Бұл қоғамның, ұлттың, мәдениеттің жаҺандық үдеріске ілесіп, діни фанатизмге ұрынудың, рухсызданып, азғындаудың алдын алуға да сеп болады, - дейді Досай Кенжетай.

Мүфтият неге кейбір мәселеде солқылдақтық танытады?

Былтыр ҚМДБ уағызшыларына қатысты даулы оқиғалар болды. Мысалы, Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Смановты әлеуметтік желі қолданушылары «сәләфит» деп айыптады. Осы кездері мүфтият өз қызметкерлерін қорғаудың орнына үнсіз қалды. Тек дау басылғаннан кейін ҚМДБ өкілі «Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов сәләфит емес», — деп сұхбат берді. Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанды. Абдуғаппар Смановтың «несие алған адам анасымен жеті рет зина жасағандай күнәға батады» деген сөзі көп талқыланды. Желі қолданушылары Смановты жерден алып, жерге салып жатқан кезде ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров «несие, ипотекаға үй алуға болады немесе болмайды деп нақты айта алмаймын» деп екіұштылау мәлімдеме жасады. Сонда бір мекемеде бір-біріне қарама-қайшы пікірлер айтыла бере ме? Халық кімге сенуі керек? Мүфтият бірауызды болмаса, жат ағымдармен қалай күреспек?

- Негізі сынның шыны да, құмы да бар. Бірақ қоғамдағы діни ахуалды шешу тетігі тек ҚМДБ-ның қолында емес. Себебі «діни саясат», «дін саясаты», «саяси дін» тіркестеріндегі аспектінің біреуі ғана, яғни діни саясат қана ҚМДБ қолында, қалған екі аспекті мемлекеттік, қауіпсіздік, құқық қорғау мекемелерінің еншісінде. Сондықтан еліміздегі салафизм, радикализм, экстремизм құбылысына тек ҚМДБ жауапты десек, онда сынымыз шын болмай қалады. Бұл – кешенді проблема. Ал енді әлеуметтік желілерде дін маманы бар, емесі бар, еркін ой айтылып жатады. Бұл да – табиғи ахуал. Қазіргі ҚМДБ құрылғанына ширек ғасырдан асты. Сол кездегімен салыстырғанда мамандар өте сауатты. Әйтсе де заман бір орнында тұрмайды. Имамдарға да заманмен үндесу талабын қоюға, сол себепті сынауға, әрине, азаматтар құқылы. Менің байқауымша, имамдар теологиялық біліммен қоса зайырлылық ұстанымындағы құқықтық таным, моральдық құндылықтар, қоғамдық ғылымдар мен өмір шындығын, уақыт, кеңістік талаптарын үндестіре алмаудан сынға ұшырап жатыр. Кеше ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораздың бастамасымен «Діни мәселелерді реттеудегі зайырлылық ұстанымының рөлі» туралы келелі кеңес болды. Осы кеңесте адам мен Алла, әлем мен адам, осы дүние мен ақырет, дін мен қоғам, дін мен мемлекет, сенім мен таным, ақыл мен иман, діндарлық пен діншілдік, білім, таным, сенім, сезім, құқық пен заң, уақыт пен кеңістік, тарих пен тәжірибе туралы ойлар ортаға салынып, арнайы ғылыми зерттеу базасы жоспарланды. Демек ҚМДБ тарихында жаңа белес, жаңа леп басталды деген сөз, - деп түсіндірді Досай Кенжетай.

ҚМДБ-ның уағызшы-ұстаздарына қатысты сыни пікірлер бұрын да болған, әлі де жалғасатын түрі бар. Бұл әлеумет арасында діни ахуалды ушықтыру үшін жоспарлы түрде жасалуы әбден мүмкін. Сол себепті дінге қатысты кез келген оқиғада ҚМДБ қызметкерлері жедел түсініктеме бергені жөн.

Жаназа кезіндегі ысырап

12 қаңтарда Қазақстанның барлық аймағында  «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты семинарлар өтті. ҚМДБ өкілдері жамағатпен ақылдасып, жерлеу рәсімдерінде, діни жоралғыларда ысырапты тоқтату туралы шешім қабылдады. Ас мәзіріне қатысты ортақ мәмілеге келді.

- Жаназа туралы қазақтың шартты анықтамасы бар еді: «Бардың малын шашамын, жоқтың артын ашамын». Кезінде мүмкіндігің бар ма, жоқ па, елдің істегенін істеп, мәйітті шығарып салатын едік. Қазір уақыт талабына сай жаңа әлеуметтік қадамдар жасалып жатса, бұл – әрине, құптарлық іс. Мешіт рухани, діни, мәдени, аксиологиялық бағдарға, жаңаша әлеуметтенудің орталығына айналса, жақсы ырым. Ас мәзірінен бастап жаға қағидаларға дейін жамағатпен келісе отырып жүзеге асырса, әрине, керемет. Ал енді мәйітті ортаға жатқызып қойып, митинг яки жиналысқа айналдырып, жалындатып ораторларды сөйлету – кешегі кеңестік ритуалдан қалған қалдық. Ол кезде ахуал басқаша болатын. Бүгін өзіміздің дәстүрлі арналарға ойысқанымыз абзал, - деді Досай Кенжетай.

Түйін:

Дін тақырыбына қатысты мәселені уақыт оздырмай шеше білгенде ғана жат ағымның шырмауынан аман шыға аламыз. Үнсіздік пен әліптің артын бағу ары қарай жалғасатын болса, Досай Кенжетай айтқан «измдерден» қорқып, үреймен өмір сүреміз және қазақтың ата дініне үрке қарайтындардың қарасын көбейтеміз.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір