• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:14:26
Алматы
+35°

14 Сәуір, 2018 NEWS

«Бақты аралағанда, оның аянышты жағдайын көріп қынжыламын»

Билік тізгінін қолына алған кейбір азаматтардың жалқаулығынан немесе ізденісінің жоқтығынан бүкіл халық ортақ қажеттіліктен қағылмауы қажет

362 әулиелі киелі мекен, маңғаз Маңғыстаудың қадір-қасиеті өз алдына жетіп артылады. Осынау қойнауына қара алтыннан құт дарыған мекен теңіз сауда жолымен, керек десеңіз өзгелерден дәстүрлі өнерімен де ерекшеленеді.  Алайда, көк айдыны шалқыған Каспий теңізінің жағалауында орналасқан ару қала Ақтауда теңіздің ауасымен еркін тыныстап, көңіл сергітер жердің аздығы еріксіз қынжылтады. Әрине, жағажайға жүргізілген көркейту, көгалдандыру жұмыстарын, бой көтерген балалар алаңдарын көріп көз сүйсінеді. Дегенмен, еліміздің облыс орталығы болып саналатын қалалардың ішінде Ақтаудың басты ерекшелігі – оның теңізі, сондықтан теңіз жағалауын көркейту, қала халқы мен қонақтарының демалысына толық жағдай жасау, оның ерекшелігін тек арттыра түсері хақ.    

Осы қаланың қатардағы тұрғыны ретінде айтсам, әсем шаһардың 15 пен 7 шағынаудандарының арасында, теңіз жағалауын бойлай адамдар жаяу жүретін демалыс орны автокөлік жолынан бар-жоғы 5-10 метр қашықтықта жатқаны көңілді қынжылтады. Жүйіткіген жылдамдық пен көлік шуылынан құлағың тұнып, көк түтіннен өкпең қысылып, оның үстіне Ақтау қаласындағы автокөліктердің 80 пайызының газбен жүретінін ескерсек, әбден әбігерге түсетініміз жасырын емес. Бұдан басқа, жаяу серуен құратын жағалауда бірінші қажеттілік саналатын дәретхана, әркімнің қалтасы көтеретін асхана мен арқаны кеңге салып отыратын отбасылық дәмхананың тапшылығын қосыңыз.

Осы мәселеге орай, бүгінгі экономикамыздың халықтың демалыс орнын жайлы да кең әрі заманауи қылуға толық мүмкіндігі жетеді деп есептеймін.  

Ол үшін жоғарыда айтылған автомобиль жолын «Айдын» мейрамханасынан төмендеу жерден «PR» бизнес орталығына дейін толық жауып тастап, кеңейтілген жерге халықтың жанына жайлы аллеялар, ашық-жабық бассейндер (жылытылған сумен), қонақүйлер (қала жақ бетіне), спорт алаңдары, велотрассалар мен кордтар салуға болады. Жоғары технологияларды пайдалана отырып, теңіз суын тұщытатын қондырғылар орнатып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, бойын тік көтеретін теректер (пальма, т.б.) отырғызуды қолға алу қажет. Облыстық, қалалық бюджеттің қаржысы жетпесе, ол жерлерді бизнесмендерге бөліп беріп (жалға немесе сатып), біркелкі сметалық жоспарлы құжаттар жасақтап, іске асыруға толық мүмкіндік бар.

Екінші мәселе, еліміздегі теңіз жағасындағы жалғыз қалаға серуендеп  келушілер мен жас қалаға қоныс аударушылар қатарының артуына байланысты, тек теңіз жағалауындағы демалыс аумағы халықтың сұранысына жауап бере алмасы тағы бар. Көгалдандыру, абаттандыру орындары мен саябақтар қала ішіне де керек.

Ақтауда теңіз жағалауынан бөлек, бір демалыс саябағы және бір ботаникалық бақ бар. Соңғысы Ақтау қаласының қақ ортасынан орын тепкен Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы. Айта кету керек, елімізде әр түрлі табиғи-климаттық жағдайда орналасқан небары алты ботаникалық бақ бар екен. Олар Алматы бас ботаникалық бағы, Жезқазған, Алтай, Бақанастағы Іле, Қарағанжы және Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бақтары. Әрине, аты дардай алты бақтың ішіне Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағының кіргені қуантады.

Сонау 1960 жылдардың орта тұсы Маңғыстау облысы кең көлемде игеріле бастағанын жақсы білеміз. 1965 жылы құтты өлкеге Н.Цициннің бастауымен Одақтың Ғылым академиясы Ботаникалық бақтар Кеңесінің көшпелі сессиясы келіп, «өлкенің мүмкіндігі зор, болашақта өндіріс ошағына айналады, мұнда ботаникалық бақ ашу керек» деген шешімге тоқтаған. Сөйтіп, 1972 жылдың наурызында стационарлық экспедицияның базасында Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағы бой көтереді.

Алғашында 22 шағын ауданда 8 гектар жерді жалға алып отырған ботаникалық бақ қазіргі орны – 10 шағынауданға 1990 жылдары көшіп келген. Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы Батыс Қазақстанда сирек кездесетін және жергілікті табиғат жағдайында өсетін өсімдік түрлерін зерттеу жұмысымен айналысады. Ботаника бағы басқа жерлерден әкеліп отырғызылған өсімдіктерді жерсіндіру, қолайсыз климат жағдайына икемдеу, биоэкологиялық   ерекшеліктерін анықтау, Маңғыстау өңіріндегі өсімдік жамылғысының қорын зерттеп, өте бағалы түрлерді шаруашылыққа пайдалану, бау-бақша және саябақ құрылыстарын ғылыми негізде ұйымдастыру, шығанақтағы елді мекендерді көгалдандыру қызметтерін атқарады. Сөз жоқ, бұл қажетті әрі пайдалы жұмыстар.

Алайда, қаланың қақ ортасынан, ауқымды әрі әдемі жерден орын тепсе де, халық үшін есігі тарыс жабық ботаникалық бақтың тағдыры мәз емес.

Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, алғашқыда  жалпы аумағы 39,9 гектарды құраған ботаникалық бақтың 8 гектар жері Ақтау қаласы әкімдігінің 09.09.2003 жылғы шешімімен құрылыс салу үшін «Ақтау сервис» ЖШС-нің жеке меншігіне берілген, ал 5 гектар жер «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға спорттық кешен салу үшін уақытша пайдалануға беріліп кете барған. Кейін табиғат жанашылары  «бұл жер құрылыс салуға қалай берілген», «неліктен берілген» деген сан сауалға шарқ ұрып  жауап іздеп,  ботаникалық бақтың аумағын бұрынғы 39 гектарға сәйкес келтіру, құрылысшылардың жерді қайтаруы тиістігі туралы жер-жерде айта бастайды. Бірақ, бұл кезде  аталған аумақта тұрғын үйлер де бой көтеріп үлгерген еді.

2006 жылы Маңғыстауға арнайы келген Мемлекеттік комиссияның шығарған анықтамасының нәтижесінде мемлекеттік акті шығарылып, қаулы қабылданып, берілген жердің 3 гектардайы ғана қайтарылған. Ал, қалғаны жаңа 34 ықшамаудандағы «Қан құю орталығы» аумағы тұсынан есептеліп, 15 гектар жер беріледі. Осы даудың айналасында «МаңғыстауМұнайГазға»  жалға берілген жер де бес-алты жыл ішінде игерілмеуіне байланысты толық қайтарылады. Есесіне 34 шағын аудандағы жерден шегерілді. Осылайша талан-таражға түскен ұлтарақтай жер үшін басталған даудың соңғы нүктесі алты жыл дегенде әрең басылды. Бөліске түскен жердің қасіретінің бір ұшы өсімдіктерге де өз кесірін тигізген. Себебі, сол уақыттарда ботаникалық бақтың сәнін келтіріп тұрған екі мыңдай ағаш қурап өлген. Жер-Ананың қан жылаған көз жасына осылайша адам қолымен жасалған әрекет себепкер болды.

Ертеде билердің өзі жаңа қоныстанғандарға «қара жердің топырағы тозбасын, өсімдігі өлмесін, шабындығы солмасын» деп, жөн сілтеп отырған. Табиғат -  тіршілік көзі. Себебі, күн сайын таза ауасымен тыныстап, өсімдігі мен жемісін қорек етеміз. Бүгінде темір қоршаулардан  қарағаштары ғана «мен мұндалап» тұрған ботаникалық бақ өңірдегі экожүйенің бұзылмауын қамтамасыз етуге, микроклиматты қалыптастыруға қандай үлес қосып отыр? Тиісті жұмыстарына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатса да, ақша ботаникалық бақтың игілігіне толыққанды жұмсалуда ма? Жұмсалса неге бақтың көркейгенін, өзгергенін көрмейміз, онда қандай өсімдіктер өсетінін, оның пайдасын кім көретінін білмейміз?

Бақты аралағанда, оның аянышты жағдайын көріп қынжыламын. Бұрынғы жайқалған неше түрлі ағаштар мен өсімдіктер қайда кеткен, жаяу жүретін жолдар қирап, көз сүйсінер көркі қалмаған. Темір қоршаумен қоршалып, есігі темір қақпамен бекітілген бақ әкімшілігіне қарасты жердің үштен бірін алып жатқан зәулім ғимараттар мен автогараждар алып жатса, оның маңайында бірен-саран ит жетектеген әйелдарден басқа тірі жанды көзіміз шалмайды. Кезінде «Ақтау сервис» ЖШС алған 8 гектар жер үңірейіп тұр, бақтың көп жерлері тілім-тілім боп бөлініп, темірмен қалай болса солай қоршалып тасталған.    

Иә, шағын қаланы көгалдандыру, түбектің климатына төзімді өсімдіктер өсіру күн тәртібінен түспеуі керек. Бірақ, ботаникалық бақ осы жұлым-жұлым күйінде керек пе, қала бюджетіне тиімді ме, тағы айтамын, оның халыққа қандай пайдасы бар?

Осындайда 2016 жылы Ақтаудағы 34 "а" шағынауданында бой көтерген жаңа ботаникалық бақ бізге жеткілікті емес пе деген ой келеді. Ал көпшілік қалың шоғырланған жердегі ескі ботаникалық бақтың темір қоршауларын алып, айналасына спорт және ойын алаңдарын салып, жастар серуен құрып, егде қариялар таза ауамен тыныстайтын,  балалар саулығына оң әсер ететін халыққа қолжетімді саябаққа айналдырып жіберсе, қала халқына тағы бір үлкен демалыс орны ашылар еді.

«Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» дейді қазақ мақалы. Барды қанағат тұтып, жаңа ізденіске жол салмай, қарап отыра берсек, өркениет көшінен арамыз алшақтай түседі. Билік тізгінін қолына алған кейбір азаматтардың жалқаулығынан немесе ізденісінің жоқтығынан бүкіл халық ортақ қажеттіліктен қағылмауы қажет. Табиғат-Ананың әр жері әркімге-ақ қолжетімді болса, қанекей? Қала көркі көпке ортақ. Сондықтан, ақмаржан қаланың әсемдігін көппен бірге бөлісуіміз керек.       

«Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаhары» деп, Шоған би айтқандай, ақ ару Ақтауымызды одан әрі көркейте түсу үшін жұмыла күш жұмсауға шақырамын.

Аланов Ж.Р.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір