• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 06:32:45
Алматы
+35°

31 Қаңтар, 2018 NEWS

Бандиттік Қызылорда. Қылмыс әлемінің серкесі әділ жазасын ала ма?

ҚР Заңы күштілердің ырқына көне бере ме? Қашан әділдік орнайды?

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Аппақ Сәбит деген лақап атпен танымал Сәбитбек Өмірзақов бастаған қылмыстық топтан зәбір көріп, денсаулығынан айрылған қызылордалық Нұрлан Тұрманов туралы жазған еді. 2013 жылы болған бұл оқиғаның әлі күнге нүктесі қойылған жоқ. Нұрлан Тұрманов жергілікті құзырлы органдардан бастап жоғарғы сотқа дейін шағым түсірген. Жәбірленуші Аппақ Сәбитке берілген 4 жыл жаза мерзімін аз деп санайды. Ол енді бұл істі жылы жауып қоя салмай, қайтадан көтеріп отыр.

Qamshy.kz порталы – еркін ақпарат алаңы.  Аталмыш іске қатысты пікір білдіремін деген құзырлы органдар немесе жауапты тұлғалар болса, әрдайым мінберіміз дайын екенін мәлімдейміз.

Сайтымызға шыққан мақалада қарақшылардың Нұрлан Тұрмановты аяусыз соққыға жығып, одан 20 мың АҚШ долларын бопсалағаны бүге-шігесіне дейін жазылған. Жәбірленушінің сөзінше, Аппақ Сәбит оны лас тірліктерге итермелеп, өзімен бірге заңсыз мұнай тасымалдау ісіне күштеп көндірмек болған. Тергеу барысында Сәбитбек Өмірзақовтың бұдан да өзге ауыр қылмыстарға қатысы бары анықталған.

– Небір қылмыс жасап, көптің көз жасын арқалаған Аппақ Сәбит өзіне лайық жазасын алмай, небәрі төрт жылға ғана бас бостандығынан айырылды, – деп қынжылады Нұрлан Тұрманов.

Аппақ Сәбиттің кезінде немен айналысқанын Нұрлан Тұрманов жақсы біледі екен. Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ мұнай ұрлаған, кәсіпкерлерді бопсалаған, түрлі кафе, ресторан иелерінен ақша сорып, көнбегендерін «сындырып тастаған». Ал олардың көпшілігі Аппақ Сәбиттен жапа шеккенін айтуға қорқады.

Нұрлан Тұрмановтың айтуынша, Сәбитбек Өмірзақовтың төрт рет адам бопсалағаны дәлелденіпті. Алайда сот Сәбитбек Өмірзақовты төрт-ақ жылға бас бостандығынан айырумен шектелген екен.

– ҚР заңы бойынша адам бопсалауға тағайындалатын жаза 7 жылдан басталады. Төрт рет мұндай қылмысқа қатысы бар адамды не себепті төрт-ақ жылға соттайды. Мұның бәрі жоғарыдан шешіліп отыр, – дейді Нұрлан Тұрманов.

Нұрланның ісі бойынша тергеу де жүргізілмеген. Басында «Бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғалғанымен, дәлел жеткіліксіз деген желеумен оны да жауып тастаған.

Әділдік іздеп, табанынан тозған Нұрлан Тұрманов бұл істі қарап, Аппақ Сәбитке жеңіл жаза тағайындаған заң өкілін ҚР Қылмыстық Кодексін бұрмалағаны үшін жауапкершілікке тартып, айыптаушы прокурорды да қызметінен босатуды талап етіп отыр.

Сайтымызда бірнеше рет жарияланған мақалаларда Нұрлан Тұрмановтың алты рет Елбасына үндеу салып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бірнеше хат жолдағанын, талай құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырғанын айтқанбыз.

«Қызылорда полициясы мен прокуратурасы қылмыс әлемін қамқорлығына алған ба?» атты мақалада оқиғаның қалай болғаны егжей-тегжейлі баяндалған. Нұрлан Тұрмановтың айтуынша, Аппақ Сәбит өзінің сыбайластарымен бірге оны бір түн бойы қатты азаптаған, «отбасыңды өлтіреміз» деп қорқытқан.  Жәбірленуші Нұрлан Тұрманов: «Соған қарамастан, қарақшының бұл қылмысына заң орындары көзжұмбайлық танытты. Аппақ Сәбит пен Қарағандының тағы бір қылмыскері Айдос Беркінбаевтың жоғары жақта «көкелері» бар, солар менің арызымды басып тастап отыр», – деп күдіктенеді.

– Неге сот менің ісімді қозғамайды? Оның үстінен бопсалауға қатысты жазылған арыз-шағымдарды қарайды да, менікіне көңіл бөлмейді? Себебі менің ісімді қозғаса, көп адам қызметінен кетеді. Аппақ Сәбитпен бірге қылмысқа қатысы бар лауазымды адамдар да орнын босатады. Мысалы, менің ісім бір рет қаралған кезде облыс прокурорының орынбасары жұмыстан қуылды, – дейді Нұрлан Тұрманов.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан Аппақ Сәбиттің түрмеде шалқып өмір сүріп жатқаны байқалады. Алдында дастархан жайнап тұр, өзі қымыз шайқап отыр. Құдды бір ресторан дерсің.

Нұрлан Тұрмановтың сөзінше, Аппақ Сәбиттің бостандықта жүрген інілері мен басқа да адамдары оның қылмыстық әрекеттерін іске асырып жүр. Олар контрабандамен, Байқоңырдан түрлі сапалы металдарды тасымалдаумен айналысатын көрінеді.

Өз отбасын, өз құқығын қорғамақ болып әділдік іздеген Нұрлан Тұрман редакциямызға бірнеше рет хабарласқан еді. Біз осының барлығын негізге алып, құзырлы органдарға бірнеше сауал жолдадық.

– Менің ісімді қозғаса, Аппақ Сәбитке жеті жыл қосады. Себебі ең ауыр қылмысы болып тұрғаны – менің ісім, қалғаны – болмашы ғана нәрселер. Ал маған көрсеткен қорлығы жабулы күйінде қалса, бір жылдан кейін-ақ босап шығуға мүмкіндігі бар, – дейді жәбірленуші.

Нұрлан Тұрманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан, ҰҚҚ төрағасы Кәрім Мәсімовтен және Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтан көмек сұрайды.

– Қанша уақыт өтсе де, менің арызым не себепті қаралмай келе жатыр? Қылмыскерлер өздеріне лайық жазасын алмай ма?

ҚР Заңы күштілердің ырқына көне бере ме? Қашан әділдік орнайды? - деп күйінеді Нұрлан Тұрманов.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір