• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 15:08:11
Алматы
+35°

Адамзат тарихындағы ең бай адам болған және байлығын басыбүтін қайырымдылыққа берген адам туралы оқи отырыңыз.

Ол адамзат тарихындағы ең бай адам болды. Бірақ бала кезінде қаржылық қиындық көрген отбасыда өсті. Үйінің бір бөлігі көршісімен ортақ болатын. Ол мектепте 5 жыл ғана оқыды.

Оның отбасы өмір сүру қиындығына байланысты 12 жасында Америкаға иммигрант болып көшіп барды. Ол қарапайым және иммигрант отбасыдан шығып адамзат тарихындағы ең бай адам атанды.

Сол кезде оның жеке байлығы бүкіл АҚШ экономикасының 2%-ын құраған.

Ол шотланд-америкалық өнеркәсіп алпауыты және меценат Эндрю Карнеги еді.

Эндрю бала кезінде қалашықтағы тегін мектепте оқыды. Мектептің тегін болуына қалашыққа меценат Гаск Адам Ролланның филантропия жасауы себеп. Карнегидің 70 жылдан кейін бүкіл байлығын білім беруге аударуына бәлкім осы түрткі болған шығар. Карнеги филантроптың арқасында 5 жыл оқи алды.

Карнеги 12 жасқа толғанда бу машинасы бастаған өнеркәсіп төңкерісі дамып, әкесінің қолөнер тоқымашылық жұмысы банкрот болды. Карнегилер сияқты көптеген отбасылардың жағдай нашарлап, аштыққа ұшырады. Анасы отбасын асырауға көмектесу үшін аяқ киім тігетін жерде күні бойы жұмыс істейтін. Карнегидің өзі де бала кезіндегі жоқшылық өміріне үлкен ықпал еткенін айтқан. Карнегилер отбасы өмір сүру үшін күресіп, танысынан қарызға 20 фунтстерлинг ақша қарыз алып, сол ақшамен иммигрант болып, Америкаға арман қуып аттанды.

Бірақ Америка олар ойлағандай керемет болмады. Жұмыс табу қиынға соқты. Балаларын оқытуға шамалары келмеді. Қаладан қалаға көшті.

Бала болса да Карнеги от лаулап жанған зауыт пештерінде жұмыс істеді. Кейінірек телеграф хабаршысы болды. Ол велосипедпен телеграммалық хабарламаларды үйлерге жеткізіп беретін. Оның есте сақтау қабілеті жақсы болды да басқалардың түрін есте жақсы сақтап алатын. Бұл қабілеті оның қаладағы бизнес адамдарын тануына көмегін тигізді.

Ол 17 жасқа толғанда телеграф саласын мықты меңгерді. Ол тіпті телеграммалық хабарламаны жазып алмай-ақ, тіке естіп хатқа айналдырып түсіре беретін. Оның бұл қабілеті Пенсильвания темір жол компаниясының менеджері Том Скоттың назарын аударды да, ол бала Карнегиді жеке телеграфшысы етіп алды. Пенсильвания темір жол компаниясы сол кезде әлемдегі ең ірі компания болды. Бұл Карнегидің бизнес әлемінде жетілуі үшін өте үлкен мүмкіндік еді. Том Скотт Карнегидің бизнестегі менторы болды, бейне екінші әкесі іспетті.
Кейін Том Карнегиге акцияларды сатып алуға кеңес беріп отырды. Сөйтіп Карнегидің капитализмнің тәтті дәмін алғаш татқан кезі басталды.

Кейінірек АҚШ-та азаматтық соғыс басталды. Ал ол кезде капиталист Карнеги соғысқа қатысудың орнына, соғыстың өзінен пайда тауып отырды. Ол соғыста өзінің орнына басқа біреуді жіберу үшін 850 доллар (2020 жылғы мөлшермен 27000 доллар) төледі.

Соғыс кезінде ағаш көпірлердің оңай жанып кететінін байқаған ол темір көпірлерге өте жақсы сұраныс болатынын білді де, бұл мүмкіндікті ақшаға айналдыру үшін "Keystone Bridge Company" деген темір көпір салатын компания құрды. Ол тек көпір салатын компания ғана емес, көпірге болат жеткізетін темір кені компаниясын да құрды. Оған қоса темір зауытын да салды. Нәтижесінде бәсекелестері сияқты темір өндірушілерге тәуелді болмады, сол саланы жаулай бастады.

Келесі кезекте әлемнің бизнес орталығы Нью-Йоркқа көз тікті. 1856 жылы жаңа өнертабыс жарыққа шығып көп нәрсені өзгертті. Генри Бессемер деген өнертапқыш ойлап тапқан "Бессемер конверторы" деп аталатын технология көп мөлшерде темір өндіруге мүмкіндік берді. Бұл бұрын мүлде мүмкін емес деген істерді мүмкін етті. Содан бастап, болат-темір зор мөлшерде өндіріліп, Нью-Йорктағы, тіпті, Америкадағы көк тіреген ғимараттардың жаппай салынуына әкелді. Карнеги найзағайдай шапшаңдықпен қимылдап, Американың алғашқы болат-темір зауыттарын салып үлгерді.

Ол ең мықты инженерлер мен сәулетшілерді жалдады. Ең соңғы технологияларды қолданып, өнімділікті арттыруға күш салды. Оған қоса жұмысшылардың физикалық және менталды қабілетін ең жоғары деңгейде қолдануға тырысты.

Бірақ ол өте қатал адам ретінде де тарихта қалды. Карнеги жұмысшыларға бір жылда 364 күн жұмыс істетіп, бір күн ғана демалуға рұқсат берді. Ол адамның орнын технологияның басуына бар күшін салды себебі құрылғылар тамақ ішпейтін, ұйықтамайтын және жалақыны көтеруді сұрамайтын еді. Оған қоса, Карнеги өз одақтастарымен қосылып, "жеңу үшін бәрін істеу керек" деген ұстаныммен монополияның түр-түрін істеді. Ол кез Америка тарихындағы капиталистердің ең жылдам байыған шағы болса да, жұмысшылар өте қиын жағдайда өмір сүрді. 1898 жылы болат-темір индустриясында жұмыс істейтін жұмысшылардың 9%-ы нашар жұмыс жағдайы салдарынан өлім құшатын. Сонымен бірге жұмыс уақыты да өте ұзақ болды.

Жұмысшылар жұмыс жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді талап еткенде, олардың талабын ескерудің орнына шетелден келген иммигранттарды жұмысқа алды. Сол кезде 10 000 жұмысшы мен Карнеги жалдаған қорғаушылар арасында қанды қақтығыс болып, нәтижесінде 9 жұмысшы, 7 қорғаушы өлді және жүздеген адам жараланды. Оқиға үшін үкімет 8000 әсер жіберді. Қанды қақтығыстан кейін Карнегидің жұмысшылары бұрынғыдай жалақы, бұрынғыдай жұмыс жағдайы, тіпті көбірек жұмыс уақытына келісуге мәжбүр болды. 1900 жылы Карнегидің компаниясы бүкіл Ұлыбритания шығаратын темір мөлшерінен де көп өнім шығарды.

Карнеги 70 жасында қалған өмірін отбасына арнауды ойлап, компаниясын сатуға шешім қабылдайды. Карнеги компаниясының президенті Чарльз Шваб Карнегидің жазған хатын сол кездегі алпауыт бай Дж. П. Морганға жеткізеді. Хатта Карнегидің компанияны қаншаға сататыны жазылған. Әңгімелер бойынша, Морган хатқа бір қараған да, келісетінін айтқан. Компания 480 млн долларға сатылып, Карнегиді сол кездегі ең бай адам еткен.

Содан кейін Эндрю Карнеги бүкіл байлығын қайырымдылыққа басыбүтін берді. Ол 2500 кітапханаға ақша аударған және оларға өзінің атын беруге келіспеген. Оның бір мысалы Карнеги Холл. Ол 1891 жылы салынған. Әуелгі аты "Music Hall". Ал оған Карнеги өлген соң ғана оның аты берілген. Оған қоса Карнегидің өз өтінішімен емес, алқалар кеңесінің шешімімен берілген.

Осылайша, Эндрю Карнеги тарихта күрделі адам ретінде қалды. Ол бала кезінде жоқшылықта өсті, есейгенде дәулетті адам болды. Байыған соң өз жұмысшыларына өте қаталдық көрсетті. Жұмысшыларды өте қиын жағдайда жұмыс істетті. Бірақ тасжүрек адам өмірінің соңында адамзат тарихында қалатын қайырымдылық істеді.

Эндрю Карнеги өз заманында Джон Рокфеллерден де бай болған. Есептеулер бойынша, оның жекелік дәулеті мөлшермен қазіргі 370 млд доллармен қарайлас.

Ол өмірінің соңғы 18 жылында қайырымдылық ұйымдарына, қорлар мен университеттерге филантропия жасады.

Карнеги 1889 жылғы "Байлық Інжілі" туралы мақаласында байларды өз байлығын қоғамды жақсарту үшін пайдалануға шақырды және қайырымдылық толқынына түрткі болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір