• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:01:57
Алматы
+35°

30 Қаңтар, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Димаш туралы бықсыған әңгіме көбейіп кетті. Ерінбегеннің бәрі айтып қалып жатыр. Құдды бір сол балаға әлемдік даңқты өздері алып бергендей...
Кейбір журналшы бауырларымыз да білдірмегенсіп отты көсеп-көсеп қояды. 

Анау жылы баланың баритон даусынан хабары жоқ біреулері "сенің айғайлаған әйел дауысың ұнамайды" деп болашағына балта шаппақ болған. Енді міне, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, елді дүрліктіріп, Димаштан "сауға" сұрап жүр. Әңгімелерінің еш қисыны жоқ. Аяулысының жанында айфонын шұқылап отырып, саясат соғатындарын қайтерсің?!

"Халықаралық дауды неге шешіп бермейді" деп көкитіндері көкейге қонбайды. Негізі, қазақ пен қытай арасындағы күрделі де күрмеулі мәселелерге атақ-дәреже емес, авторитеттер ғана жөн айта алады. Мысалы, сонау жылы Мәскеудегі үлкен театрда шешен жанкештілері жүздеген адамды кепілге ұстағаны есімізде. Сонда ешкімнің батылы бармаған ажалдың аранына КСРО халық әртісі Йосиф Кобзон барды. Соңынан Кобзон марқұм Алла Пугачеваға: "Сен неге осынша беделіңмен қоғамдағы проблемаларға араласып, өз пікіріңді айтпайсың" деп ренжіп сөйлегені бар. Айтпақшы, ондай деңгейдегі адамдар Қазақстанда да жетерлік қой. Мысалы, КСРО халық әртісі Төлегенова, ҚР Халық әртісі Рымбаева апайларыңның халықаралық беделі Димаштан төмен бе? 

♦Димаш Қытайда қысым көрген қазақтар жайлы: Менің де жаным ауырады (видео)

Осындай ардақты, талантты, беделді апа, ағаларыңа сын сағатта "ұлт үшін маңызды бір мәселені қолдасаңыз" деуге болмас па?!

Жоқ, атағынан ат үркетін, абырой-дәулетін атан түйе көтере алмайтын ағалары үкіметте, парламентте отырған бәзбіреулер ауыл-үйдің қой төбетінше үріп, Димаштай жас бөрінің балтырынан бір тістеп қалуға барын салып жатыр...

Кеше қолдамағандар бүгін қорлауға бар. Қорқаулық емей, немене?!
Кеше қазақты Бораттар кемсіткенде, осы жатыпатарлардың біреуі сөз тауып ақтай алуға жарап па едің?! 

Сол қазақтың қандай ақсүйек, дарынды ұлт екендігін күллі дүниеге мойындатып, алты құрлықтың ер-қатынына бас идіртіп, көз жасын көл еткен Димаш сынды оғланды мың қазақтың орнына қимас едім. Әрі-беріден соң Қытайдың өзінде туып өскен, ол жердегі қандастардың проблемасын да, Қытай саясатын да бір кісідей жақсы білетін атағы жер жарған өнер, спорт тарландары да жетерлік қой! Әлде олардан сұрауға болмай ма?
Қысқасы, көңілде түйткіл болған осы сауалдардың жауабын таба алмадым...
Бұ қазақтың тілі аузыңа сыймаған "көп пысығын" жөнге салар бір ақылман кісі жоқ па арамызда...
Ау, ағайын, әділет қайда?

Серікбай Қылышбайдың фейсбук парақшасынан алынған

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір