• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:56:09
Алматы
+35°

18 Ақпан, 2018 NEWS

Жер тағдырын талқылауға арақ ішіп барғандар да болыпты (видео)

Қасиетті жұмада киелі жер мәселесін қоғаммен бірге талқылауға араққа тойып алып келуге бола ма?

16 ақпанда Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері және қоғам белсенділері жер туралы заң жобасын талқылаған болатын. Қоғамдық тыңдауды жүргізген Мұхтар Тайжан өзінің Facebook парақшасында жиынға қорытынды жасады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

(автордың емлесі сақталды – Qamshy.kz)

"Бұл жиынды мен арандату-анонимка хат пайда болғаннан кейін өткізем деп шештім. Жер туралы жаңа заңын биліктің өкілдері және халыққа танымал тұлғалар бірге жиналып талқыласын, деп. Сонда ғана бұл заң халыққа айқын болады. "Мен барып тыңдайын" дейтіндерге есік ашық болды.

Жалпы жиын өте пайдалы болды деп санаймын. Заңның жасаушылары (АШМ, вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Жер комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина), қабылдаушылары (парламент депутаттары Сапархан Омаров пен Берік Оспанов), заңның оппоненттері (Айдын Егеубаев пен Антон Фабрый), тәуелсіз заңгер-сарапшылары (Абзал Құспан пен Бакытжан Базарбек) әрқайсы 10 минуттік баяндамаларын жасап берді. Рахмет айтам!

Әрі қарай талқылау басталды. Сөз сөйлегендер - Сағат Жүсіп - жиынды ашты, Рысбек Сәрсенбай (АЛМАТЫ), Ермурат Бапи (АЛМАТЫ), Ерлан Калиев (АЛМАТЫ), Дос Көшім (ҚЫЗЫЛОРДА), Болат Нурхожаев (ҚЫЗЫЛОРДА), Жәнібек Қожық (МАҢҒЫСТАУ), Уайс Ерсайынұлы (Uais Yersaiynuly) (МАҢҒЫСТАУ), Лукпан Ахмедьяров (ОРАЛ), Нұрлан Сәдір (ОРАЛ), исатай утепов (Isatai Utepov) (ОРАЛ), Ruza Beisenbai Tegi (КЕРЕКУ), Жексен Абдрахманов (ҚАРАҒАНДЫ), Нұрлыбек Қуаңбаев (Nurlybek Kuanbaev) (ЖЕЛТОҚСАНШЫ), Айгүл Орынбек (ШЫМКЕНТ)

Көп орынды ұсыныс-ойлар айтылды. Бәрі ораторлар бәріміз алдын ала келіскен 5 минуттік регламентімізді және жиынның күн-тәртібін сақтап сөйледі. Тек қана Рысбек Сәрсенбай ағамыз оған қарамастан 25 мин сөйледі, яғни 5 адамның уақытын жалғыз өзіне жұмсады.

Жиынның модераторы болғаннан кейін мен бір-екі рет бұны ескерттіп айттым, басқаларға уақыт жетіспейді, деп. Бірақ Рысбек ағам мені тыңдаған жоқ. Ақыры дәл солай болды, біз қонақ үйде жалдаған уақыт бітті, жиналысқа өз еркімен келген адамдарға сөз сөйлеуге уақыт жетіспей қалды. Меніңше, демократия - ол басқа адамдардың да құқықтарын бұзбай, құрметтеуді білу. Және алдын ала келіскен шарттарды орындау, мойындау.

Ал шыны керек кейбір адамдарға уақыт болса да сөз бермес едім. Қасиетті жұмада киелі жер мәселесін қоғаммен бірге талқылауға араққа тойып алып келуге бола ма? Мен желтоқсаншы Құрманғазы Рахметовты айтып отырмын. Жастарға не үлгі көрсетіп отырсыздар, ағалар? Ұят емес пе өзі? Әрине мен мас адамға сөз бермедім, сол үшін жиынның соңында Құрекеңнің менімен төбелескісі келді) Сөз жоқ.

Басқалар, Салим Отен секілді, трибунаның қасында отырып алып, баяндамаушыларға арнайы кедергі жасап отырды. Бұндай кәсіби провокаторлық әрекеттерге неге барасыздар, ағалар? Негізі, жиынның видео жазбасын мыңдаған-мыңдаған адам көріп отыр. Сонда халық кім кім екенін, кей белсенділердің интеллектуалды деңгейі қандай, өз көзімен көріп отыр. Ол да жиынның үлкен пайдасы деп санаймын.

Сөздің қысқасы, өзім мынандай қорытынға келдім. Енді менің ұйымдастыруымен өтетін бұндай отырыстар жабық есікпен өтеді. Залға адам тек қана тізім бойынша кіреді. Басқалар үйде комптың алдында тікелей эфирмен қарап отырсын, мәдениетке үйренсін кішкене.

Бірақ жиынның нақты жақсы нәтижелері де бар. Түстен кейін АШМ вице-министрі - Нысанбаев мырза маған хабарласып Абзал Құспанның, Бахытжан Базарбектің тел сұрап өзіне шақырды. Абзалдың айтуынша, олар кеше 18.00-20.00 жер заңын талқылап отырды. Ол өте жақсы, ағайын. Жер мәселесімен кәсіби, халық сенетін, білімді заңгерлер айналысу керек.

Жер - жалпы ұлттық қазынасы. Билікте отырғандар да марсиандар емес, олардың да қаны қазақ. Жерге келгенде сен биліксің, мен оппозиция деп бөлінбей, халыққа қажет жұмысты бірігіп атқару керек. Айқын ғой, биліксіз не заң қабылдай алмайсың, не бұл заңды орындата алмайсың. Ал қазаққа не керек? Жер керек! Сондықтан кешегі билікпен бірге өткен жиынымыз салмақты, ортақ, халыққа пайдалы, сауатты, нақты жұмыстың басы ғана болсын, ағайын! Ойым осы", - дейді белгілі экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан.

Жиыннан кейін қоғам белсендісі Айгүл Орынбек те жердің сатылмайтынына және жалға берілмейтініне сенім білдірді.

(автордың емлесі сақталды –Qamshy.kz)

"Жер сатылмайды, жер арендаға берілмейді! Жиналысқа барып ойымды толық айта алмадым! Себебі кейбір ел алдында жүрген ағалардың маскасы шешілді. Бұндай жиынға арақ ішіп келіп, аузына келгенін құсу бұл нағыз надандықтың белгісі. Бұндай ағаларымыз жерге жаны ашып жүрген жоқ! Жастарды алдына салып қойып, өтірік ұлтжанды болып жүрген ағаларымыздың шынайы бейнелерін көру қандай жиіркенішті десеңші! Басқа елдер дамып жатыр деп айқайлаймыз. Əрине дамиды олар бір бірін тыңдай біледі. Ал бізде ше? Бірін бірі тыңдамайды, тіпті сыйламайды. Пікір айтып отырсаң "Аузыңды жап мал еу!"- деді жаңа жасы келген ағамның біреуі. Осы ма сенің ұлтжандылығың!? Өркениетті елдер қалай дамып жатыр ?! Ядролық қару дамыған заманда шиеленістер бейбітшілік түрде шешілген дұрыс. Бірақ біздің кейбір ағалар ондайға дайын емес сияқты. Жер комиссиясының жұмысы жалғасу керек! Провакацияға ермеңіздер!" - деп жазды Айгүл Орынбек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір