• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:58:05
Алматы
+35°

12 Шілде, 2018 Әлеумет

Желіде шешінгендер - "батыр", ұяты барлар - "екіжүзділер"

Қазіргі кезде смартфон, интернеттің шырмауынан аман қалу тек – білім алу, кітап оқу, ұлттық тәрбиені бойға сіңіру.

Бұрын халық көк жәшікке телмірсе, қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұялы телефонның бетіне үңіледі де отырады. Кейде жұмыс арасында, сабақ оқып отырып үзіліс жасау үшін желіні бір шолып шығамыз деп, виртуалды әлемге бірнеше сағатқа кіріп кететінімізді байқамай да қаламыз. Осыдан 20 жыл бұрын теледидар – адам санасына әсер ететін құрал десек, қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Өскелең ұрпақ желідегі көпке танымал желі «жұлдыздарына» қарап бой түзеп, кейде сан алуан мәселеге қатысты пікір қалыптастырып жатады. Ақ пен қараның аражігін ажыратуға қауқарсыз, еліктегіш жасөспірімдер желідегі қоқысты санасына сіңіріп жатқаны да жасырын емес. Оның айқын көрінісі дәл сол әлеуметтік желіде.

Парақшасында тіркелушілер санын арттыру үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге барып, тіпті денесін жалаңаштаудан тайынбайтындар пайда болды. Себебі тіркелуші көбейген сайын танымалдылығы артып, жарнама берушілер пайда болады.

Жалаңаш денесін көрсеткен қыздардың фотосы, ішімдік ішіп, темекіні будақтатып отырғандардың видеосы, ерсі биін камераға түсіріп, оны арнайы желіге салғандар мен миллиондаған оқырманға балағат сөздерді қарша боратқандардың видеосы жарияланатын болды. Жеке парақшасы болғандықтан не салса да өз еркі ғой. Десек те солардан үлгі алатындардың бар болғаны қынжылтады.

Уақыт өте келе қоғамның түрлі мәселеге көзқарасы, ұстанымы, түсінігі өзгереді. Бұл – өмір заңдылығы. Адамдар 20 жыл бұрынғыдай ойламайды. Оны қоғамның алға жылжуы десек, екінші жағынан кей мәселеде ой бұрыс жақа қарай өзгергендей. Мәселен, бұрын қыз баласы етек, жеңін қымтап жүргені абзал десек, қазір бір лыпамен тайраңдап жүргендердің фотосын көріп «жарайсың», «көпшіліктің пікіріне құлақ аспағаны жақсы ғой» деп оны құдды бір батырлыққа балайды. Жо-жоқ біреудің киімінде шаруам жоқ. Қазақстанда халық үшін арнайы дресс код жоқ. Кім не киіп, қалай жүрсем десе де өз құқығы және бұл құқықты ешкім шектей алмайды. Алайда ұятты жерлерін көрсетіп, балағат сөз айтып, темекі шегіп, ішімдік ішкендерді еркін ойлы деп есептеп, көпшіліктің алдында артық қылық көрсетпейтіндерді бетперде киіп жүр деген пікір қалыптасқаны ойландыратын жағдай.

Қоғамдағы ар, ұят, абыройды сақтауды тар қапасқа, адамның өзі-өзі шектеуі деп түсінеді. Ар, ұяттан аттағандарын және оны ашық көрсеткендерді батыл адам ретінде қабылдайды.

Жас қыздар оларға еліктеп оған ұқсағысы келген жағдайлар аз емес. Ал көпшілікке желі арқылы танылып жүргендер, «мен ешкімге меннен үлгі алыңдар деп айтқан емеспін» деп ат тонын ала қашады. Әрине әр баланың тәрбиесі, ата-ананың мойнында, десек те тіркелушілері миллионнан асатын адамдардың көпшілік алдында жауапкершілігі бар емес пе?

Қазіргі кезде смартфон, интернеттің шырмауынан аман қалу тек – білім алу, кітап оқу, ұлттық тәрбиені бойға сіңіру. Ғылым, терең әрі өздігінен ойлау қабілет пен ұлттық намыс бар жерде жат түсініктер мен жат мәдениет, теріс түсініктің мықтап санаға енуіне қауқары жетпек емес.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір