• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:26:30
+35°

21 Қазан, 2017 Әдебиет

Зейнолла Сәнік шығармашылығы туралы ғылыми конференциясы өтті

Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» ауыр соққысына ұшырап, «халық жауы» болып, ауыр күндерді де өткерген.

Бүгін Алматыдағы Ғылым ордасы ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен жазушы, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Ұлттық әдебиет және Зейнолла Сәнік шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Зейнолла Сәнік

Ғылыми конференцияға жазушының замандастары, оқырмандары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, доцент Гүлжаһан Орда модераторлық етті. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы Зейнолла Сәніктің шығармашылағына тоқталып, конференцияны ашты.

Осыдан соң халқымыздың ардақ тұтар перзенттерінің бірі, көрнекті жазушы, шежіреші, әдебиет пен тарихты зерттеген кең құлашты қаламгер Зейнолла Мүбәракұлының 15 томдығы мен оның жары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шәмшабану Хамзақызының 2 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Тұсаукесерден соң қонақтарға Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілді.  

Сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы Зейнолла Сәніктің және Шәмшабану Хамзақызының жазушылық қырына тоқталды.

«Қытайдағы қазақ әдебиеті сөз болғанда ең бірінші алпысыншы жылдардағы тегеурінді бір буын еске түседі. Осы буынның бел ортасында ғалым, жазушы, ақын, аудармашы, этнограф, өзіндік қолтаңбасы бар қалам иесі Зейнолла Мүбәрәкұлы ағамыз да бар еді», - деді Маралтай Райымбекұлы.

Келесі болып сөз алған фольклор зерттеуші-ғалым Мақсұт Шафиғи «Осыдан тура 30 жыл бұрын Зекең Қазақстанға ең алғаш келген еді. Сол кезде-ақ Зекеңнің болашаққа осыншалықты мұра қалдыратыны білініп тұрған болатын. Зекең сол кезде тарихи тақырыпқа ізденіс жасап жүрген, болашақта қазақ тарихын, әдебиеті, мәдениетін жазу туралы ой бар екенін айтатын», деп еске алды.

Конференцияға алыс-жақын шетелдерден, облыстардан да қонақтардан келген. Қаламгер Зейнолла Сәніктің «Демежан батыр» тарихи эссесі туралы ҚХТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Дудариша Қарақанқызы баяндама жасаса, жазушының шығармаларындағы тілдік қолданыстар туралы Еуразия ұлттық университетінің доценті филология ғылымдарының кандидаты Мансұров Нұрлан баяндама жасады. Сондай-ақ, «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы, ақын Кәдірбек Құныпияұлы көптомдық басылымдар туралы баяндама жасаса, Зейнолла Сәнік шығармаларындағы азаттық идеясы мен Алаш идеологиясы туралы ОҚО Қуғын-сүргін құрбандарының мұражайының ғылыми қызметкері Ғалым Қасымханұлы баяндама жасады.

Ал, «Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалыстың төрағасы, жазушы Сәдібек Түгел «Асыл ағамыз Зейнолла Сәніктің шаңырағындағы алтын жеңешеміз Шәмшабану Хамзақызы 2 томдық кітабын шығарып, үлкен ерлік жасап отыр. Елдің игілігіне жарай берсін!», - деп ақ тілегін айта келе Хамзақызына камзол кигізіп, алғыс хат тапсырды.

Қанат Зейнолла

Сонымен қоса Сәдібек Түгел «Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалысы атынан «Әке көрген оқ жонар, жол бастар» деп, әкенің ізін жалғап, мұратын жандандырып жүрген белгілі меценат Қанат Зейноллаұлына да алғыс хат тапсырды. Ал, жазушы Зейнолла Тілеужанов өзінің аттас ағасы туралы естелік айтып, Қабанбай батыр туралы 2 томбық «Қаракерей Қабанбай» кітабын жесіріне сыйлады. Әрі Қанат Зейноллаұлына шапан жапты.

Қанат Зейнолла

Осыдан кейін жазушы Зейнолла Сәнікке арнап халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибек жыр оқыды. 

Ал, конференцияны ақын Алмас Ахметбекұлы жүрекжарды лебізімен аяқтады: «Жалпы Шыңжаң қазақтары дегенде Шыңжаңдағы Алтай, Тарбағатай, Іле, Ерентау еске түседі. Ол жер — таусылмайтын тақырып, қиямет тағдыр. Азат жүрек, биік рух, керемет ақындар мен жазушылардың аралы. Оның ішінде тек Тарбағатайдың өзін ғана алғанда оның Қабанбайы, Дәулетбайы, оның Демежаны, оның Баспайы, Жағда Бабалықовы, Балқашы, тағы да қаншама тағдырлары бар, бәрі де үлкен-үлкен дүниелер. Ал, сол үлкен дүниелерді жазатын үлкен-үлкен жазушылар да сол өңірдің еншісінде. Қабдешін айт, Қажығұмар Шабданұлын айт, бүгінгі Зейнолласын айт. 10 томдық, 20-30 томдық ірі-ірі рухани дүниелердің иелері ғой бәріде. Ақындарын айт, Омарғазы Айтанды, Серік Қапшықбайды, Задахан Мыңбайды, Сәбит Нығыметжанды, Райхан Ібінді, алдыларыңызда отырған Шәмшабану Хамзаны.

Біз өлең жазғанда алдымызда осы кісілердің өлеңі болды. Өлеңдерін жаттап, өлең осылай болады екен деп бастағанбыз.  Шәмшабану апамыздың

«Өмірде жазық жалғыз, қия қырық,

Сондықтан келмес шабыт жиі ағылып.

Жыр жаздым күлді-көмеш күйбеңменен,

Бал алып, қазан-ошақ жия жүріп», - деп өлеңін жаттап жүрген жас балалар едік.. Бала кезімізде жаттап, осы арқылы өлеңге келгенбіз ғой. Конференция құтты болсын!». Ғылыми конференция қонақасымен жалғасты.

***

Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» ауыр соққысына ұшырап, «халық жауы» болып, ауыр күндерді де өткерген.

Зейнолла Сәнік

Соған қарамастан, қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жарияланған.

Қадірлі қаламгер 2013 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озды.

Шәмшабану Қамзақызы 1940 жылы Тарбағатай аймағы Шәуе­шек ауданында дүниеге келген. 1952-1955 жылдары Шәуешек қа­ласында оқып, 1955-1959 жыл­дары Шыңжаң институтының әдебиет факультетін тәмамдаған соң, 1959-1962 жылдары Үрімжі қалалық өнеркәсіп техникумында оқы­тушы, 1962-1970 жылдары Шың­жаң жастар баспасында редактор, 1970-1978 жылдары Бұратоланың Жың ауданында оқытушы, 1978-1984 жылдары Үрімжі қалалық 14-орта мектеп оқытушысы, 1984-1998 жылдар аралығында Шың­­­жаң Оқу-ағарту институтында оқы­тушы болып қызмет істеп, осы оқу орнынан доцент атағымен зейнеткерлікке шықты.
Шәмшабану 1956 жылы жаз­ған «Тау бұлағы» атты алғашқы өлеңімен-ақ өнерсүйер қауымның назарын аударған еді. Қарша­дайынан қазақтың қара өлеңінің қаймағын қалқып, поэзия тұ­ны­ғынан сусындап өскен қыз жыр әлемінде өзіндік үні, өзіндік қол­таңбасы бар ақын екенін бірден байқатты. «Арманның суырт­пағы», «Жауқазын», «Ғасыр тол­ғаныстары», «Балаларға базар­лық» кітаптарының авторы.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір