• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 07:14:07
Алматы
+35°

31 Қаңтар, 2018 Сұхбат

Ирина Советжанқызы: Камераның бер жағында тұрып, талай жылаған кезім болды

Ирина Советжанқызы – күйіп тұрған өзекті мәселелердің басы-қасында жүретін журналист.

Ирина Советжанқызы – күйіп тұрған өзекті мәселелердің басы-қасында жүретін журналист. 31 арнадағы «Информбюро» жаңалықтар қызметінің тілшісі, «Сөздің шыны керек» бағдарламасының авторы һәм тізгінұстары, «Айтылмаған әңгіме», «Жұлдызды шаңырақ», «Айта берсін» бағдарламаларының жауапты редакторымен болған сұхбатты Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.

– Қазақ журналистикасында сөз бостандығы бар ма?

– Дәл осыған ұқсас сауалға бұрын «Қамшы» сайтына жауап берген секілдімін. Әлі де сол пікірімде қаламын. «Жоқ», – деп түбегейлі кесіп айтуға болмайды. Мүмкін «сөз бостандығы жоқ», – деуім үшін мемлекеттік ақпарат құралдарының бірінде жұмыс істеуім керек шығар. Өйткені сол сөз бостандығын шектеумен бетпе-бет келгеннен кейін ғана мен нақты жауап бере аламын. Бірақ кейде сол шектеуді өзіміз қолдан жасап алатын сияқтымыз. Мәселен, кейбір тілшілерден қандай да бір тақырыпты көтермес бұрын, ол мәселенің қандай да бір танысына, ағасына, көкесіне, тіпті, «жау қылып қайтем», – деген немқұрайлы көзқарасына байланысты аталған мәселеден іргесін аулақ салатынын байқаймын. Сонымен бірге тендер ұтқандар да ұпайы түгел кезінде қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерге жоламайды дегендей. Әйтпесе айтқысы келгендер айтып, жазғысы келгендер жазып жатыр. Тіпті, мемлекеттік ақпарат құралында жұмыс істесе де, қолында бар фактісін алға тарта отырып, «ақиқатты айтамын», – деген журналистің қолын қағып, аузын бағып жатқандар аз. Оған мемлекеттік БАҚ-тарда  қазір шығып жатқан бағдарламалар, сол ақпарат құралдарында жұмыс істейтін әріптестерімнің өткір сюжеттері дәлел.  Кейде менен: «Қазақ журналистері, сіздерге осы айтқызбай тастай ма, өткір мәселе көтере алмайсыздар ғой?», - деп сұрайтындар кездеседі. Мен нақты нені айта алмадық деп сұрасам, «жалпы… дегенім ғой», – деп күмілжіп жатады. Сосын мен: «Өткір мәселе деген сіздің ойыңызша қалай? Қолды кесіп кететіндей өткірлік пе?», –деп сұраймын. Қолды кесіп кететіндей ақиқатты айтуым үшін қолымда сондай  өткір дерек болуы қажет. Ал шынайы фактім болмаса, дерегім шала болса, «ақиқатты айтқанның жөні осы екен», – деп айғайлаудың қажеті шамалы. Сондықтан сөз бостандығы бар. Бірақ шектелген кезінің көптігін де жасыра алмаймын. Сауатты оқырман өзі түсініп алар. Ал цензура дегеннің көкесін енді көретін секілдіміз. БАҚ туралы заңға енгізілген өзгерістер бойынша енді қандай да бір кейіпкерді зерттеу үшін сол адамнан рұқсат алуым керек екен. Мәселен, бір шенді жемқорлық дерегі бойынша  айыпталса, оған қатысты материалды ақпарат құралына жарияламас бұрын сол адамның өзімен келісуге тиіс екенмін. Нағыз цензура деген осы емес пе?!

– Ал өзіңіздің ішкі цензураңыз, көтергіңіз келмейтін тақырыптар бола ма?

– Менің ішкі цензурамның жалпы жағымсыз материал атаулыны көрсеткісі жоқ. Зорлық-зомбылық, әсіресе, кішкентай балаларды қорлау, адам өліміне қатысты оқиғалар туралы журналистік зерттеуді көп жасадым. Жасағым келгендіктен немесе сол тақырыптарды ашуды жақсы көргендіктен емес, көмек сұрап келетіндердің көптігінен. Негізі бұл мәселелер – тікелей полицияның жұмысы. Дегенмен қарапайым халық неге журналистерге жүгінеді? Себебі тергеу дұрыс жүргізілмейді немесе қылмыстық іс жабылып қалады. Осылай жылап келген қаншама ананың жанайқайын естіп, баласының өлімінің себебін ашуға полициядан емес, тілшіден көмек сұрап келген талай әкенің көз жасын көрдім. Мәйітхана, зират аралап, өлген адамға сараптама жасау мақсатында кесіп алынған сүйегін көру – әйел адам үшін жақсы кадрлар емес. Өлім шыққан үйге камера көтеріп жетіп бару, ол аздай, бейбіт күнде қаза тапқан, топырағы кеппеген марқұмның жесірімен сұхбат құрудың қаншалықты қиын екенін білесіз бе?! Сондықтан ішкі цензурама өзімнің де бағынбай кететін кездерім көп.

– Осыдан біраз жыл бұрын оппозициялық газетте жұмыс істепсіз. Оған не себеп болды, билікке қарсы көзқарасыңыз ба, әлде қаражат қажеттігі ме?

– Жалақысын алып жұмыс істеген журналистиканы оппозициялық басылымнан бастадым десем де болады.  Өйткені «Қазақстан» апталығына дейін тұрақты жалақы алып, жұмыс істемеген екенмін. Қаламақы алатынмын, бірақ жұмысқа орналасуым қиын болды. Сол кезде жаңадан ашылған оппозициялық басылымға журналист керек дегенді естіп, Ақбаян, Кәмшат деген екі құрбыммен бірге жұмысқа бір күнде тұрып кеткенбіз. Бірақ оппозициялық ұстаным түгілі, оппозицияның не екенін сол газетке келгенде ғана әупірімдеп түсіне бастадық. Тақырыптарымызды ұсынғанда-ақ кімнің қай бөлімде жұмыс істейтіні белгілі болып қалды. Бірден әлеуметтік бөлімге материалдар әзірледім. Қызметтен кеткенше солай болды. Жалпы түсінбеген, түсіне алмаған тақырыптардан аулақ жүремін. Сондықтан дәл сол сәтте көзқарасымның ізіне ілесіп, оппозицияда жүрдім деп айта алмаймын. Бірақ күні кеше университет бітіріп келген студент үшін «Қазақстан» саяси апталығы үлкен мектеп бола алды. Ешкімге жалтақтамай жазуды, ойымды көлгірсімей ашық айтуды сол жерден үйрендім.

– Оппозициялық газетте жұмыс істеу қазіргі жұмысыңызға қарағанда қиын болды ма?

– Ол кездің қиындығы – газетіміз кез келген уақытта жабылып қалуы мүмкін екенін білетінбіз. Тұрақтылық жоғын білсек те, жұмысымызды жақсы көріп, істедік. Бір газетті 4-5 журналист қана шығардық. Бірақ құлаш-құлаш материал жазудан, дерек жинаудан шаршамайтынбыз. Оппозициялық басылымда жұмыс істеу деген билікке түбегейлі қарсы шығуды білдірмейді. Ол ұстанымды сол кездегі жас журналистерге редакция басшылығы да тықпаламайтын. Қазір қандай әлеуметтік, қоғамдық маңыздағы тақырыптарды көтерсем, ол кезде де дәл сондай тақырыптардың маңайында жазып жүрдім. Әлі есімде, егер басқа қалаларға іссапарға шықсақ, артымыздан аңдушылар көп болатын. Кімнің аңдып жүретінін білетінбіз, тіпті, аңдымай қалса, көзімізбен іздейтін де күндер болған. Кейде редакторлар дүңгіршектегі  газеттердің жаппай сатылып кеткенін айтатын. Бірақ сол газеттердің оқырманға жетуіне неге кедергі келтіріп жатқанына да аса алаңдай бермейтінбіз. Өйткені материал жазып, ақпарат жинайтын өз жұмысымыз да жетіп артылатын. Қазір де саясатпен дос бола қойғам жоқ. Бірақ саясатқа қатысы жоқ материалды жинау барысында өз басымызды қауіп-қатерге тігетін кездер кездеседі. Сондықтан әр жұмыстың өз қиындығы, өз қызығы бар.

–  «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді ғой. Актер, әншілердің тележүргізуші, ал журналистердің әртіс болғанына қалай қарайсыз?

– Өзіңіз айтып тұрғандай, әркімнің өз жұмысын істегені жақсы, әрине. Бірақ деңгейімізге рейтинг төрелік жасайтындықтан, телеарналар да нарық талабынан аттап кете алмайды. Көргісі келгенді көрсетіп, естігісі келгенді естіртіп әуреміз. «Әнші, биші біткеннің қанша күйеуден шығып, қалай таяқ жегенін неге көрсете бересіңдер», – деп қойып, сол жаңалықты өздері үздіге күтетіндер әлгі рейтингті өздері түзіп жатпасына кім кепіл?! Оның үстіне, қазір көп бағдарлама аутсорсингтердің қолында. Ол компаниялардың басы-қасында қазақша жазбақ түгілі, ойлай алмайтын да адамдар жүр. Олар менталитетті ескерместен, шетелдің рейтинг беретін кез келген бағдарламасын сол күйінде көшіріп әкеле қояды. Көрерменін көбейте алмаса, танымал бір әншіні, әртісті жүргізушілікке қоя салады. Ол кейде құлағына сыбырлап айтқан сөзді де көрерменге жеткізе алмайды. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Күліп отыра берсе де, көрермені көп. Өйткені «көрмейміз, құрт көзін», – дейтіндердің өзі әлгі бағдарламаның бағасын арттырып отыр.  Сондықтан екі ауыз сөздің басын қоса алмаса да, беті жылтырағандардың дәурені жүрген еді. Соңғы кездері сауатты көрерменнің де талабы ескеріліп, эфирге мықты журналистер оралып жатыр.

– Жұмыс барысында неше түрлі тағдырды, неше түрлі қайғылы оқиғаны көресіз. Соның бәріне жаныңыз аши ма, әлде етіңіз үйреніп кетті ме?

– Көзім үйренген шығар. Бірақ етім үйренген жоқ. Үйренбегені дұрыс. Пафос секілді шығатын болар, бірақ шынымен жаным ашиды. Камераның бер жағында тұрып, талай жылаған кездерім болды. Тіпті, соңғы кездері жүрекке тым жақын қабылдамау керегін сезініп жүрмін. Бірақ оның бір ғана жолы бар – ондай мазмұндағы тақырыптарға жоламау!

– Журналистің басты міндеті әлсіздерге жәрдемдесу ме, әлде ақпарат тарату ма? Осы екеуінің аражігін ажыратып берсеңіз.

– Егер тікелей біздің міндетімізге келсек, журналистің негізгі міндетінің бірі – ақпарат тарату. Ол міндеті, тіпті, заңмен бекітілген. Біздің құқымыз бен міндетімізді айқындап берген БАҚ туралы заңда әлсіздерге жәрдемдесу деген заң талабы жоқ. Сондықтан сіздің нені меңзеп тұрғаныңызды түсініп отырмын. Мен қайырымдылыққа мұқтаж жандар туралы да жиі сюжеттер жасаймын. Қоғамда көмекке мұқтаж жан болса, оны бұқараға айту ақпарат құралдарының бір міндеті деп білемін. Ал әділдікті құзырлы органдардан таппағандар тілшілерді жағалайды. Ондай жағдайда сол кейіпкеріңнің тағдырына қатысты түрлі ақпаратты жинап, зерттеуге, зерделеуге тырысасың. Бірақ әлсізге жәрдемдесіп жатырмын деп емес, күрмеуі қиын бір мәселенің ақ-қарасын анықтауға талпынамыз. Егер бұл да журналистің бір міндеті деп саналса, бұл міндетті қабылдауға әзірмін.

– Қазіргі шенеуніктерден кімге көңіліңіз толмайды? Ал кімді халықтың жанашыры деп атай аласыз?

– Мен жоғары лауазымды тұлғалардың тікелей жеке басына қатысты журналистік зерттеу жасаған емеспін. Егер ол шендінің қызметіне байланысты қандай да бір мәселелерді айту қажет болып жатса, өзін емес, жұмысына зерттеу жүргізуім мүмкін. Сондықтан нақты бір шенеунікке көңілім толмайды деп айта алмаймын. Айтуға хақым да жоқ шығар. Ал жұмысына келсек, мәселен өткен аптада ғана ШҚО-дағы Шолпан ауылына барып келгенде еліміздің Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мырзаның жұмысына қатысты пікірімді эфирден айтқанмын. Қайталаудың қажеті жоқ шығар.

– Жоспарыңыз қандай? 10 жылдан кейін сізді қандай қызметтен көруіміз мүмкін?

– Жоспарым өте көп. Жүзеге асырмаған жоспарларымды алдын ала бөліскенді жөн көрмейтіндердің қатарынанмын. Ал он жылдан соң жасым қырық жетіге келеді екен. Алла бұйыртса, ол кезде балаларым есейіп, немерелі болатын шығармын. Алла соған жеткізсін! Қызмет, мансап деген – қолдың кірі. Шынымды айтайыншы, қызметтен гөрі, сол он жылдың ішінде көп балалы ана атанып үлгергім келеді. Әзіл емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір