• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 14:39:48
Алматы
+35°

27 Мамыр, 2018 Аймақтар

Халықтық ойындар мәресіне жетті. Көш басында – Өскемен мен Тарбағатай

Өскеменде облыс әкімінің жүлдесі cарапқа салынған ХХІ халықтық спорт ойындары мәресіне жетті

Өскеменде облыс әкімінің жүлдесі cарапқа салынған ХХІ халықтық спорт ойындары мәресіне жетті. Төрт күнге созылып, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған додаға облысымыздың барлық аудан-қаласынан 2 700-ден астам спортшы қатысты.

Биылғы жарыстың бағдарламасына 22 спорт түрі енген-ді. Бұл 21 жылдық тарихы бар спартакиадада бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткіш. Бір айта кетерлігі, жарысты ұйымдастырушылары халықтық ойындардың мәртебесін арттыру мақсатында биыл жастар арасында танымалдылыққа ие воркаут деп аталатын спорт түрін де енгізіпті. Жалпы, осы жылғы ойындардың аясында өткен бәсекелердің қай-қайсысын алсаң да, тартысқа толы болды. Мұны бүгін Өскемендегі ипподромда өткен спартакиаданың жабылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов айтты.

– Биылғы жарыста ешкім күтпеген нәтижелер де тіркелді. Сол себептен, ойындар өте тартысты, әрі қызықты өтті деп есептейміз. Мәселен, аудандар арасындағы жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан Абай елінің спортшылары көрінді. Бұған дейінгі додаларда көштің орта тұсында не соңында жүретін абайлықтар биыл барлығымызды да таңдандыра білді. Бұл басы ғана, алдағы спартакиадалар бұдан да қызық өтеді деп ойлаймыз, – деген басқарма басшысы келесі спорттық ойындарды Семей қаласы өткізетінін жеткізді. Қазір аталмыш шаһарда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша салынып жатқан бірқатар заманауи спорттық нысан екі жылдан кейін спартакиада сайыстарын қабылдауға сақадай сай болмақ.

Асқар Можанов, сонымен қатар келесі жылғы «Сәулетай» облыстық балалар спартакиадасы да ұйымдастырылуы жағынан бұған дейінгі жарыстарға қарағанда анағұрлым жоғары деңгейге өтетінін айтты.

Ал енді биылғы жарыстың қорытындыларына келетін болсақ, қалалар арасындағы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға Өскемен қаласының құрамасы (375 ұпай) ие болса, семейлік саңлақтар екінші орынды мәсе тұтуға мәжбүр болды. Семейліктер жарыс жеңімпаздарынан 36 ұпайға қалып қойды. Шаһарлар арасындағы бәсекенің үздік үштігін Риддер қаласының командасы түйіндеді. Кеншілер қаласының қоржынында 159 ұпай.

Ал аудандар арасындағы жарыста Тарбағатай спортшыларына тең келер ешкім болмады. Спорттық ойындар қорытындысы бойынша 320 ұпай жинаған тарбағатайлықтар екінші орын алған Ұлан ауданының құрамасынан (257 ұпай) едәуір ұзап кетті. Ал үшінші орынға, жоғарыда айтылғандай Абай елінің саңлақтары ие болды. Олардың еншісінде 248,5 ұпай.

Естеріңізге салайық, екі жылда бір рет өтетін халықтық спорт ойындары төрт кезеңнен тұрады. Оның біріншісінде спортшылар ауылдық округтер арасында үздікті анықтаса, одан кейін аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда күш сынайды. Биылығы доданың жеңімпаздары да алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысында өтетін ел Президентінің жүлделері сарапқа салынатын халықтық спорт ойындарының республикалық кезеңіне жолдама алып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір