• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 17:02:37
Алматы
+35°

06 Наурыз, 2018 Әлем

Владимир Путиннің былығы әшкереленді

Владимир Путин диссертацияны өзі жазбаған болып шықты.

Ресей басшысы Владимир Путиннің басынан дау арылмай тұр. Бұған президент жазды деген диссертацияның көшірме болып шыққаны себеп болды. Бұл туралы Санкт-Петербургтегі тау-кен университетінің ректоры Владимир Литвиненконың қызы Ольга Литвиненко Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында айтты.

Тау-кен университетінің ректоры Владимир Литвиненко Путиннің сайлауалды штаб пәтерін 2000, 2002 және 2012 жылдары  басқарған. Бұл жолы да Литвиненко штабтың жалғыз төрағасы болуды армандады, осыған орай пресс-конференция өткізуді жоспарлады. Алайда Мәскеу жағы мұның бәрін шешіп қойған. Мәскеу шешімі бойынша, Литвиненко төрт төрағаның бірі ғана болды. Мұны білген Литвиненко тау-кен университетінде жеке технологиялық штаб ашып, онда орынбасары ретінде қалалық парламенттің спикері Вячеслав Макаровты тағайындады. Бірақ төрт төрағаның бірі Елена Шмелева «Коммерсантқа» берген сұхбатында Петербург штабында бәрі тең дәрежеде жұмыс істейтінін және ешқандай технологиялық штабтың жоқ екенін айтқан.

Бұл даудың себебі де айқын: Владимир Литвиненко деген есімнің өзі жанжал деген сөзбен пара-пар. Жақында ол «Трансперенси Интренэшнл» жемқорлыққа қарсы орталығына, «Оффшорам-нет.ру» сайтына, «Іскер Петербург» газетіне және оның элиталы мүлкі жайлы жазылған мақалалардың авторларына қарсы сотқа жүгінді. Бұдан бұрын Литвиненконың мүлкі жайлы жазылған тергеу деректеріне сәйкес, мүліктің бір бөлігі мемлекет меншігінен тау-кен университетінің басқарма бөліміне аударылған. Кейін инвестициялық үлгі арқылы сатылып кетті. Ал сот нәтижесі әлі белгісіз. Себебі Литвиненко өзінің шағымына қатысты сот тыңдауының жабық түрде өтуін қалады.

Дәл сол Васильеостров соты қаңтарда миллиардер-ректордың қызы Ольга Литвиненконың ресейлік төлқұжаттарын жарамсыз деп тапқан. Ольга Литвиненко 2007-2011 жылдар аралығында Санкт-Петербург Заңнамалық Ассамблеясының депутаты болды. Бұдан бөлек Путиннің сайлау алды штабында жұмыс істеді. Тек жеті жыл бұрын әкесімен келіспей, мемлекеттен жырақ кетуге мәжбүр болды. Ал қызы Эстер-Мария Ресейде атасының қолында қалады. Кейін Ольга Литвиненко әкесіне «қызымды ұрлап кетті» деген айып тағады және бүгінге дейін қызын қайтарам деген әрекеті нәтижесіз болып келді. Қазіргі уақытта Ресейдің экс-депутаты Польшада тұрады және сол жердің азаматтығын алған.

Азаттық радиосының Ресейдегі бөлімі «Путиннің досының қызы» және «Менің әкем – Путиннің көлеңкелі кассирі» деген атпен ректордың қызы жөнінде көлемді мақалалар шығарған. Ольга Литвиненкоға қатысты бұл ақпараттар әйелге әкесіне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуге септігін тигізді. Соның салдарынан қыздың әкесі сотта ақталуға тырысып бағуда. Ал 24 қаңтарда Ольга Литвиненко Литва Сеймінде сөз сөйледі.

«Мемлекетті Петербургтен келген путиндік жендеттер тобы басқарады. Бүгінде ол топ бүкіл Ресейді жаулап, елдің экономикасын құлдыратып жатыр. Сайлау алды үш штабтың төрағасы, Путиннің оң қолы - менің әкем Ресейдегі адам құқықтарының тапталуына септігін тигізгендердің бірі. Ол көлеңкелі кассир ретінде Путиннің капиталын ұстап тұрған адам», - деген еді Ольга Литвиненко.

Ольга Литвиненко Владимир Путинге қатысты бір сырды жақсы білетін. Ол президенттің кандидаттық диссертациясына қатысты болды. Бұл оқиға 1997 жылы Владимир Литвиненко басқарған тау-кен университетінде орын алған. Путин ол уақытта РФ президентінің іс басқармасыенда орынбасарлық қызметтерді атқарды. Путиннен соң аталмыш оқу орнында 1998 жылы филолог-романист факультетінен Игорь Сечин қорғады. Оның диссертациясының тақырыбы – «Мұнай мен мұнай өнімдері транзитінің инвестициялық жобасының экономикалық бағамы».

2006 жылы Вашингтондағы Брукингск институтының зерттеушілері Владимир Путиннің «Нарықтық қатынастарды қалыптастыру жағдайында аймақтың минералды-шикізат базасын жаңғыртудың стратегиялық жоспарлауы» атты диссертациясының көшірме екенін анықтаған. Олардың дерегінше, 20 беттің 16-сы көшірілген немесе «Стратегиялық жоспарлау және саясат» кітабынан өзгертіліп жазылған. 1979 жылы Питтсбургск университетінің профессорлары  аталмыш кітапты шығарған. Ал 1982 жылы кітап орыс тіліне аударылған. Путиннің жұмысындағы алты диаграмма мен сызбалар америкалық зерттеушілердің еңбегінің дәл көшірмесі.

«Кей жерлерінде одағайлар мен үтірлердің орнын ауыстырған. Мәтіннің 16 беті мен сызбалары copy-paste, copy-paste, copy-paste екені көрініп тұр. 216 беттің 140-ы – ленинградтық минералды ресурстардың әдістемесі, басты теориядан тұратын 16 беті – питтсбургтік ғалымдадың көшірмесі. Өз диссертациясында Путин тек кей беттерін ғана өзі жазған секілді», - деді көшірмені байқаған Игорь Данченко. Путиннің диссертациясы жөнінде америкалық БАҚ-та тараған соң Данченкоға түрлі қоңыраулар шалынып, Ресейде ендігі жұмыс істеуіне тыйым салынғаны туралы айтылды.

2006 жылы «Властъ» журналына сұхбат берген Владимир Литвиненко Путиннің жұмысын бастан-аяқ өзі қадағалағанын айтты: «Жұмыс барысын мен бастан аяқ бақыладым. Академиядан алыс Владимир Путиннің диссертациясының алғашқы нұсқасына сын айтылып, қабылданбайтын болған. Біз қайта жұмыс істеп көруін талап еттік. Бірнеше айдан кейін ол айтылған сынды ескеріп, қателері түзетілген диссертацияны көрсетті, біз қорғауға рұқсат бердік. Сол себепті диссертацияны Путиннің өзі жазғанына еш күмәнім жоқ», - деді ол. Ал Ресей президенті мен оның өкілдері пікір беруден бас тартты.

Ольга Литвиненко диссертацияның қалай жазылғаны жөнінде Азаттық радиосына бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

-Менің әкем Путинмен 1991 жылы Сыртқы барлау ардагерлер қауымдастығының төрағасы Геннадий Белик арқылы танысты. Белик сирек-жер металдарын батыс елдеріне заңсыз экспорттаумен айналысатын. Бұл іске әкемнің де қатысы болды. 1994 жылы Путин мен Белик оны ректор етіп тағайындады. Ректорлық қызметке келісімен ол қызметін асыра пайдаланып, заңсыз кәсіппен айналысты. Яғни диссертациялар дайындайтын. Мұны Путин де жақсы пайдаланды. Одан бөлек бірнеше белді адамдар сол оқу орнынан әкемнің жазып берген диссертациясын қорғап шықты. Техникалық университет "сыйлы" адамдардан тұратын қылмыстық топқа айналды. Мен бәрінің есімін білемін, тек қазір айтпай-ақ қойғаным жөн болар. Күндердің күнінде өздері де мойындай жатар.

Путинге диссертацияны жазып берген – менің әкем. 1997 жылы әкем демалыс алып, көшірме аппаратын біздің саяжайға әкелген. Сонда Путин бір де бір рет әкеме келіп, диссертация бойынша көмек сұрамаған еді. Кез келген аспирант профессорға келіп, түрлі сұрақтар қоюы тиіс емес пе?! Ал Путин мен әкемнің арасында ондай қарым-қатынас болған жоқ. Яғни бәрін дерлік әкемнің өзі жазып берді. Түрлі кітаптардағы ұнаған абзацтарды әкем көшірмеден өткізіп, А4 форматындағы қағазға жапсырып, өзінің пікірін қосатын. Мұның бәрін мен өз көзіммен көрдім.

Алайда әкем мұның бәрі архивте сақталады деп ойлады. Мен Путиннің алғашқы штабында жұмыс істеп жүргенімде бізге «Вашингтон Посттан» бір журналист келіп, болашақ президенттің авторефератымен танысқысы келетінін айтты. Бірақ ректор оның мүмкін емес екенін айтып, бетін кейін қайтарды.

Ольга Литвиненконың айтуынша, диссертацияны әкесі Путинге тегін жазып берген. Себебі соның арқасында әкесі ректор болды.

-Бұл әкемнің алғысы ретінде орындалған тапсырма болуы ықтимал.  Ал мұның бәрін әшкере қылмақ болған институт қызметкерлеріне қоқан-лоқы жасалған. Бәрі қорқатын, - дей келе Ольга Литвиненко Ресейді күтіп тұрған сұмдық жайттармен бөлісті.

-Ресейді мүшкіл жағдай күтіп тұр. Экономикалық құлдырау, халықаралық аренадағы апат. Путиннің автократия институты күшейетін болады. Еуропа бірігіп, серіктестік мәселелері талқыланып жатқанда, Путин өз бетінше, өзінің ескі әдісімен елді басқаруды жалғастырады. Алда болатын сайлау жалған, нәтижесі айдан анық. Сайлауға қатысушылар – жалған фигуралар ғана. Бәрі заңды болып көрінгенімен, кандидат –  біреу.   

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір