• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:03:24
Алматы
+35°

21 Маусым, 2018 Әлеумет

Ұлынан тірідей айырылған әке: Балам Қытайда көше кезіп жүр

Азаматтық алғалы Бағдат Мәден төрт жақынынан айырылды, 2016 жылы Ұзынағашта үш бірдей бауыры қаза тапты, ал туған баласынан тірідей айырылып отыр.

Осыдан алты жыл бұрын Қытайдан көшіп келген, бүгінде Қазақстан азаматы, Ұзынағаш тұрғыны Бағдат Мәден жалғыз ұлы 22 жастағы Бауыржаннан тірідей айырылып отыр. Оның себебі ұлы әлі күнге дейін Қытайда жүр. Қазақстанға келіп азаматтық алу былай тұрсын, елге кіргізуге бес жылға тыйым салып тастаған. Ал Қытайдағы солақай саясаттың кесірінен қиналып жүрген қазақтардың жайын білген ата-ана елге аттап баса алмайтын балаларын ойлап, алаңдайды. Бауыржан Мәденнің Қытайда не жақыны, не туысы да жоқ, аспан асты елінде жападан жалғыз қалған баласын әке жүрек елге қайтса дейді.

Ата-анасы Қазақстанда, баласы Қытайда...

Екі баласы бар Бағдат Мәден мен әйелі 2012 жылы ықтиярхат алып, азаматтық алғанға құжаттар тапсырады. Үлкені Бауыржан ол кезде оқуда болғандықтан «оқуынан қалдырмайық, ықтиярхатты кейіннен алар» деген оймен кәмелет жасқа толмаған қыздарын анасының атына тіркетеді. 2014 жылы Қазақстанға біржола көшіп келеді. Ата-анасымен еріп Бауыржан да келеді.

Алайда дәл сол жылдары ҚР заңдарына өзгеріс еніп, ықтиярхат алуды тоқтатып тастайды. Осылайша азаматтық алу үшін құжаттар жасау мүмкін емес болып, тек уақытша тіркеу алады. Дегенмен уақытша тіркеудің уақыты бітіп, Қытайға өтіп бара жатқанында балаға айыппұл салады. Оның үстіне Алматы облысы Көксу ауданының көші-қоны ықтияр хаттың дайын болатынын, әзірленіп жатқанын айтып, бұларды сендіреді. Сол үшін де екі ел арасында әрі-бері жүргеннен гөрі, айыппұл төлеп құтылуды жөн көреді. Бұл 2015 жылдың тамызындағы жағдай еді. Алайда «ықтияр хат жасап беретін» адамдардан сол күйі хабар болмайды.

Бауыржан Мәден

Отанға келу үшін Қытайдағы екі қабатты үйін сатқан

Бағдат Мәденнің отбасының Қытайдағы тұрмыс жағдайы жақсы еді. Тек бүйрегі Отанына бұрып тұрған азамат екі қабатты үйін сатып, ойланбастан Қазақстанға келген. Баласына қатысты қиындықтардың шығып қалатыны үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Ықтияр хат мәселесінен хабар болмағандықтан 2016 жылдың маусымында келісілген мерзімнен 45 күн асып кетіп, бір жылда екі рет заң бұзушылық болды деп 15 күнге қамалады, бұған қоса Талдықорған әкімшілік сотының үкімімен Қазақстан аумағына бес жылға дейін кіре алмайтындай қара таңба басылады.

«Сол уақыттан бері анасы екеуміздің ішкеніміз ірің, жегеніміз желім» деп қынжылады Бауыржанның әкесі.

Баласы Қытайда көше кезіп жүр

«Егер Қытайда бір туысым болса, алаңсыз жүрер едім, бірақ ұлым онда жалғыз» дейді Бағдат Мәден. Оның үстіне жалғыз тұяғы да сол екен. Қазіргі саяси жағдайға байланысты баласымен байланысу да қиынға соққан. Әйтеуір тірі екенін біледі. Қытайда бір жақыны жоқ баласының көше кезіп жүргенін айтып, көзінен жас ыршып шықты. Ал Қытайдағы саясатты ойлаған сайын, баласына кесірі тимесе екен деп анасы екеуі жандарын шүберекке байлап отырады. Күні-түні тілейтіні – бауыр еті баласының амандығы, онымен тезірек қауышу. Бұл жағдайлардан біздің билік те хабардар көрінеді.

Арыз жазылды, нәтиже жоқ

Баласы Бауыржан ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың қабылдауында болды. Алайда арызы ауызша болғандықтан, тіркелмей қалады. Нұр Отанға жазылған арыздан нәтиже шықпайды. Баланың жағдайы тек сыртқы істер министрлігінің назарына ілігеді, министрлік Бауыржанның жан айқайына құлақ түріп, Жоғарғы сотқа оң шешім қабылдаудың қажеттігі туралы өтініш білдіреді. Алайда  Жоғарғы соттан еш хабар жоқ.

Бауыржан Мәден

Бауыржанды елге қайтаруға толық негіз бар

«Бауыржанды Қытайда ештеңе ұстап тұрған жоқ, тіпті Қазақстанға да қаупі жоқ азамат. Оны қайтарып алғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз» дейді белгілі заңгер Камшат  Есмухамбетқызы. Заңгердің айтуынша, заң бойынша Бауыржан Мәден Қазақстанға қайтуға толық құқылы.

Біріншіден әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 12-бабына сәйкес ешкімді де нақ сол бір құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке екі рет тартуға болмайды деп көрсетілген. Ал Бауыржан Мәденді бір баппен екі рет жауапкершілікке тартып отыр.

Осыған орай Есмұхамбетова,екіншіден, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабы 5-бөлімінің 1-тармағын (адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын жағдай) мысал ретінде келтірді. «Бүгінгі Қытайдағы этникалық қазақтардың ахуалын ойлайтын болсақ, баланың өміріне қауіп төніп тұр деп айта аламыз» дейді Есмұхамбетова.

Үшіншіден, ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 27-бабына сәйкес: «Шақырушы адамның мына отбасы мүшелері отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына жіберіледі: егер Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшіп келуші шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақтарында аталған адамдар.

Тұрақты тұруға арналған рұқсаты бар шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту құқығымен бір жылға беріледі» деп көрсетілген.

Ал осы баптың 3-тармағы 2-тармақшасында: «Мыналар: некеде тұрмайтын және шақырушы адамның асырауындағы және (немесе) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) балалар отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келетін шақырушы адамның отбасы мүшелері болып табылады» деп көрсетілген. Алайда заң талаптарын жете түсінбеуіне байланысты Бағдат Мәден баласының Қазақстанға келу мақсатын дұрыс көрсетпей, отбасы біріге алмай, бөлініп кеткен. Яғни бұл әрекет ҚР-ның заңына қайшы.

Азаматтық алғалы Бағдат Мәден төрт жақынынан айырылды, 2016 жылы Ұзынағашта үш бірдей бауыры қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тапты, ал туған баласынан тірідей айырылып отыр. Соғыссыз бейбіт заманда отбасын екіге бөліп қойып, 20-дан енді асқан баланы Қытайға қаңғыртып қойған Қазақстан билігінен көмек сұрайды. Баласының онда кіммен араласып, қайда тұрып жатқанынан да хабарсыз әке президент аппараты жетекшісінің орынбасары Марат Тәжиннен, ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтан,Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтан, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Мәулен Әшімбаевтан және Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов пен бас прокурор Қайрат Қожамжаровтан жалғыз тұяғын елге қайтаруды өтініп сұрайды. «Бауыржан болашақта полиция болуды армандайды» дейді Бағдат Мәден. Егер аман-есен оралса, еліне адал қызмет ететін маман боларына әке жүрегі сенеді.

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір