• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:08:51
Алматы
+35°

06 Сәуір, 2018 Әдебиет

Тұрсын Жұртбай: Назарбаев Мұхамедхановтың көшесін жабыңдар деген жоқ(видео)

«Астана көшесіне Қайымның есімін беру –  Астананың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сай келеді».

«Астана көшесіне Қайымның есімін беру –  Астананың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сай келеді».

Қазақ халқы Абайдың шығармашылығымен сусындап келеді. Абайды танымайтын, шығармашылығын сүймейтін, әуелі мойындамайтын қазақ я қазақстандық жоқ шығар бәлкім. Қазақ десек, Абай дейміз, Абай десек, қазақ дейміз. Өлеңдерін әндетіп, әлемге мақтанамыз. Ал ұлы тұлғаны қазақпен қайта қауыштырып, толыққанды зерттелген шығармашылығын халыққа сыйға тартқан, мойындатқан кім дегенде Мұхтар Әуезовтен кейін ойымызға ғалым Қайым Мұхамедханов оралады.

2004 жылы өмірден өткен Қайым Мұхамедханов саналы ғұмырын Абайды зерттеуге арнады, ұрпағына мол мұра қалдырды. Ұлы ақынның есімін қайта жаңғыртқан ғалымды келер ұрпаққа үлгі етіп көрсету – бүгінгі буынның міндеті. Сол мақсатта өзінің туған қаласы Семей көшелерінің біріне 2017 жылы ғалымның есімі беріліп, басшылықтың бұл ісіне алаш жұртшылығы риза болып, алғысын айтқан. Ал 2018 жылдың қаңтарында Қайым Мұхамедхановтың есімі бас қаланың көшесіне берілді. Бас қаланың бас көшесіне болмаса да, кішігірім көшесіне айтулы ғалымның есімі берілгенін ел азаматтары қолдап, тағы алғыс айтты. Сонда мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Қайым Мұхамедханов туралы мынадай естеліктерімен бөліскен еді:

«Өз өмірінде қуғын-сүргіннің сан азабын тартса да, ұстазы Әуезовті ұстап бермей, сатқындық жасамай, түрмеге түскен, нағыз ғалымға тән қайсар мінез көрсеткен Қайым ағамызға қашан да құрмет көрсетуіміз керек. Түбінде «Халық қаһарманы» атағын беруге әбден болады, себебі ол кісі осындай атаққа әбден лайық» деген еді ақын.

Тіпті Астана көшесіне Қайым Мұхамедхановтың есімін беру осыдан үш жыл бұрын қабылданып, талай талқыға түскен, тіпті қарсы шыққандар да болды. Дегенмен қоғам қайраткерлерінің белсенділігің арқасында бұл мәселе оңынан шешілген.

2016 жылы қазақ халқы білінер-білінбес дәрежеде ғалымның туғанына 100 жыл толған мерейтойын атап өтті. Ғылыми-конференциялар өтіп, ғалымның еңбектері жинақталды, ақын-жазушылар, серігі болғандар естеліктерімен бөлісіп, ғалымның шырғалаң өмірінен сыр шертті. Мұхамедхановты ұлықтау жұмыстары әлі де жалғасын табары сөзсіз. Әр қаланың бір-бір көшесін ғалымның есімімен атау артық етпейді.

Қайым Мұхамедханов

Қайым Мұхамедханов пен Абай қалай қауышты?

Қайымның әкесі тұтқындалғаннан кейін жігітке әкесінің жақын досы Мұхтар Әуезов қолдау білдіреді, жанына ертіп, рухани ұстазына айналды. Жазушы Қайым Мұхамедхановтың бойынан ерекше дарынды байқап, Абай туралы роман-эпопея жазуы барысында оны қасына көмекші тілші ретінде алады. Әуезовтің тапсырмасымен ол Абайдың өмірі жайлы зерттеп, Абайдың көзін көрген қариялармен тілдеседі. Еңбектерін жинайды. Сөйтіп Абайдың шығармашылығына деген жігіттің қызығушылығы артады.

Алайда Мұхамедхановтың таңдаған жолы ауыр жол болды. Әуезовпен дос болып, Абайдың өмірін зерттегені үшін жазаға тартылды.

1951 жылы ол «Абайдың ақындық мектебі» деген кандидаттық диссертация қорғап, Совет үкіметінің қаһарына ұшырады.  Ғалымға қатысты «Абайдың ақындық мектебі жоқ, Қайым Мұхамедханов пантүркистік, панисламистік идеяларды насихаттап отыр. Кеңес үкіметіне мылтық алып күрескен адамдарды ұрпақ санасына жағымды жағынан сіңіріп отыр. Бұл – Әуезовтің «Алашорда» тұсындағы бағыты мен бағдарын қолдау. Оны зерттеуге мәжбүр етіп отырған – Әуезов» деген пікірлер айтылды. Соның кесірінен Қайым Мұхамедхановтың диссертациясы алынып, өзі 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Еңбегі «ғылыми» деп мойындалмай, «Әуезовтің жеке басы» деген айып тағылды. Тіпті, «Егер осы тақырыпты ұсынған, жаздырған, оған жетекшілік еткен Мұхтар Әуезов деп мойындасаң, қамақтан шығарамыз. Диссертацияңды қалпына келтіреміз. Абай мұражайының директоры ретінде қайта тағайындаймыз» дегеніне көнбей, Мұхамедханов өз пікірінен таймаған, Әуезовті сатпаған. Сөйтіп қинаудың барлық сатысынан өткен.

«Мұхтар Әуезовті бір адам сатпаса, ол – Қайым, екі адам сатпаса, соның бірі – тағы Қайым», - деді бұл жайында жазушы Тұрсын Жұртбай. 1954 жылы желтоқсан айында үкім қайта қаралып, Қайым Мұхамедханов ақталады. 1955 жылы түрмеден шықты.

Профессор Е.Исмаилов Мұхамедханов жайлы былай деген: «Қ.Мұхамедханов мемлекеттік Абай мұражайын алғашқы ұйымдастырушы және ғылыми қызметкердің бірі ретінде қазақ әдебиетінің классигі Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар ерекше құнды қолжазбаларды, мұрағаттық, фольклорлық материалдарды жинақтады».

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Қ.Мұхамедхановтың зерттеулерінің маңыздылығын, оның Абай мектебін зерттеуге қосқан үлесін, оның М. Әуезовтың ең жақын досы болғандығын атап өтті.

«Кәкең Абайтану ғылымының ең білгірі болды. Бүкіл саналы ғұмырын абайтану ғылымын дамытуға жұмсады. Абай шығармаларының текстологиясы туралы тамаша зерттеу еңбегін жазды. Соңына  «Абайдың ақын шәкірттері» деген төрт томдық қымбат қазына қалдырды. «Абай» энциклопедиясын шығаруға аянбай атсалысты. Кәкең ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болды. «Абай жолы» эпопеясына байланысты көптеген деректерді Мұхаң Кәкеңнен – Қайым Мұхамедханұлынан алды», - деген жазушы бір естелігінде.

Қайым Мұхамедханов ғылымға ғана ден қойды десек, қателескеніміз. Ол – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимнінің авторы. Гимннің алғашқы жолдары – «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» - «Героический казахский народ издревле мечтал о свободе» деп басталады. Совет үкіметінің билігі үстем болып тұрған уақытта дәл осындай сөздермен өлең не ән жазу екінің бірінің қолынан келмеген. Алайда өр мінезді Қайым Мұхамедханов жаза алды.

Осы және өзге де еңбектері бағаланып, 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығын ғалымның қолына өзі табыстаған.  

Елбасы Қайым Мұхамедхановты танымай қалды ма?

Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана көшелерінің атын реттеу туралы тапсырмасында айтқан сөзі көпшіліктің көңілін су сепкендей басты. Алайда Елбасының өз қолымен сыйлық табыстап, құрмет көрсеткен ғалымды танымай қалмауы мүмкін емес. Сөзінің астарында бір мәннің жатқаны айқын. Мұны жазушы Тұрсын Жұртбай былай болжады:

«Назарбаев Қайым Мұхамедхановтың көшесін жауып тастаңдар деген жоқ. Бір көшенің қиылысы мен қиықтары үш түрлі атпен аталған. Соны тәртіпке келтіруді тапсырды», дей келе Қайым Мұхамедхановтың Астанаға тікелей қатысы барын айтып өтті.

«Қайым Мұхамедхановтың Астанаға тікелей қатысы бар. 1951-54 жылдары әуелі өлім жазасына, кейін 25 жылға жер аударылып кеткенде, Қарағанды, Ақмола, Қызылжардың түрмесінде жатқан. Осы үш түрмеге үш айдан ауыстырылып отырған. Тіпті Қарағанды түрмесінен жазған хаттары да, өлеңдері бар. Сондықтан түрмеде отырып, айдауын осы жерде өткізген Қайымды Ақмолаға қатысы жоқ деп айтуға болмайды», - деді.  Яғни көшеге ғалымның есімін беруде ешқандай кедергі жоқ.

«Менің ойымша, Астана көшесіне Қайымның есімі берілуі –  Астананың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сай келеді. Абай үшін, Әуезов үшін басын құрбандыққа шалып, мәрттікке бару – оққа кеудесін тіккенмен бірдей. Оның үлгісі – Тәуелсіздік жолындағы идеяның ішкі туы, Алаш идеясының кепілі болды. Әуезовтен кейін Қайым арқылы бүкіл Қазақстан руханияты сол Алаш идеясы көшіп жүргендей сезінді. Бұл сөздің айтылуы – кездейсоқтық немесе түсінбестік деп ойлаймын», - деп сөзін тәмамдады жазушы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне.

Қайым Мұхамедхановты енді-енді ұлықтап келе жатқанымызда, тиесілі жерден есімін алып тастау – әбестік. Қала көшесін ғана ғалымның есімімен атап қоймай, келешек ұрпаққа оның еңбегін қаз-қалпында жеткізудің амал-шараларын қарастырғанымыз абзал. Қазақты Абаймен қауыштырған ол қай заманда да үлкен құрметке лайық.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір