• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 06:59:48
Алматы
+35°

27 Маусым, 2018 Әлеумет

Түркістан облысының ел білмейтін көркем жерлері (фото)

Туристерді жаңа облыстың көркем әрі тылсым жерлері қызықтырары сөзсіз.

19 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" заңға қол қойды. Заңнамаға сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталып, оның орталығы Түркістан қаласы болды. Ал Шымкент Астана және Алматымен қатар республикалық маңызы бар қалалардың қатарына кірді. Елбасының аталмыш шешіміне дүйім қазақ қуанды. Ендігі туристерді жаңа облыстың көркем әрі тылсым жерлері қызықтырары сөзсіз. Соған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысындағы ел біле бермейтін ең көркем жерлерін оқырман назарына ұсынады. 

Байжансай шатқалына өзен арқылы өтетін көпір

Түркістан облысы

Бұл жерде үшкір жартастар бір-біріне тым жақын орналасқан. Сол себепті көпір сырттай сұрықсыз көрінгенімен одан өткендегі сезім ерекше.

Көпір Шымкент қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан.

Сұлу үңгір

Сұлу үңгір

Төле би ауданында орналасқан үңгірдің қабырғалары шын мәнінде қына және конденсатпен жабылған. Алайда көзге жарқыраған алтын секілді көрінеді.

«Қараүңгір» сарқырамасы

Қара үңгір

Бізге мәлім, Түлкібас ауданындағы «Қараүңгір» - сонау неолит дәуірінен қалған тұрақ. Қабырғасынан әлі күнге дейін  отынның күйесі сақталған. Отынды ата-бабаларымыз осыдан 7 мың жыл бұрын жаққан деген халық аузында сөз бар.

Ащысай ауылындағы қараусыз қалған шахта

Ащысай ауылы

Өткен замандарда Ащысай ауылында 18 мың тұрғын болған. Қазір екі мыңға жуық адам тұрады. Кентаудан 50 шақырым жерде орналасқан.

Жылаған ата

Жылаған ата

Бұл мекенде өзіңізді тропикалық мемлекетте жүргендей сезінесіз. Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойындағы үңгір. «Бабалар сөзінде» Жылаған ата үңгірі туралы аңыз бар.

Балалы бола алмай жүрген байдың әйелі құдайдан жалынып-жалбарынып жүріп құрсақ көтереді. Ай-күні жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Бұған риза болмаған әйел жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Бір күні мес жерге түсіп, ішінен бала жылап шығып, тоғайға қарай жүгіре жөнеледі. Анасы артынан қуып барса, үңгірдің ішіне қашқан бала анасынан өзін іздемеуін өтінеді. Алайда ана жүрек бұған көнбейді. Мны білген бала анасына келіп өзінің ақыреттік болатынын жеткізіп, анасын көндіріп, үйіне қайтардады. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді

Тоболино ғибадатханасы

Тоболино ғибадатханасы

Бұрынғы ОҚО Сарыағаш ауданында орналасқан ғибадатхана шамамен 1890 немесе 1915 жылдары салынған. Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылында орналасқан.

Сусіңген көлі

Сусіңген көлі

Сусіңген көлі теңіз деңгейінен 1900 м биіктікте Қаржантау жотасының оңтүстік жағында орналасқан. Өзен аумағы 3,5 мың ш.м. Уақыт сайын ол тез тартылады, осыдан «Сусіңген» атауы пайда болған. Көлдің солтүстігінен бастап Құлыншақ тауы мен Қыржылсай асуының арасындағы үлкен аумақта орналасқан (2610 м) көптеген бұлақтарды өзіне қосып Сусіңген өзені құлап ағады. 

Қайыңды сарқырамасы

Қайыңды сарқырамасы

Ақсу-Жабағылы қорығында орналасқан Қайыңды бірнеше сатылы сарқырамадан тұрады.

Келіншектау

Келіншектау

Қаратаудағы бүтін орналасқан жартастар. Бұл мекенге қатысты халық арасында мынадай аңыз тараған: қызына қатты ашуланған әке оған теріс батасын береді. Нәтижесінде тұрмыс құрмақ болған қыз жасауымен қоса тасқа айналады.  Жартас Созақ ауданында орналасқан.

Қырық қыз

Қырыққыз

Табиғаттың тылсым күшінен пайда болған құмды құздарға қатысты да аңыз көп. Соның бірі мынау: «Тау қойнауындағы ауылдың дәулетті шаңырақ иесі жалғыз қызын сән-салтанатымен күйеуге ұзатқалы жатыпты. Сүйген жігітін күтіп, өзінің құрбыларымен той жабдығын ықыласпен таныстыра бас­тайды.

Күйеу жігіт келетін уақыт болды-ау дегенде қырға шығып байқап көрейік деп тау басына көтеріле бергенде тұтқиылдан шапқан жаудың қоршауында қалады. Тауды тербеткен әдемі әуен мен сыңғырлаған күміс күлкі сап тыйылады. Сүйгеніне ұзатылғалы отырған бекзада бойжеткен жанындағы отыз тоғыз нөкерімен қосылып сыңсығанда тосын үннен абдырап қалады. Сыңсып тұрып бөтенге күң болғанша тасқа айналып кеткендерін тілейді. Жаны таза, көңілдері пәк, сүйгеніне адал қыз құрбыларымен бірге сол күйінде тасқа айналған деседі»,

 Бұл мекенде қыздардың сыңсып салған сырлы әуені естіліп тұрады екен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір