• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 07:52:55
Алматы
+35°

30 Желтоқсан, 2017

Театр әртістері сахнада шешінді

Жастардың, әсіресе қыздардың отбасын құра алмау себебі мен жар таңдау, өмірлік серік табуда алдынан шығатын мәселелерді қарастырады

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында   Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» психофизикалық қойылымының премьерасы өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

«Жүрегімнің иесі» – жас буынның туындысы. Жас драматург Айдана Аламанның пьесасы бойынша жас режиссер Әридаш Оспанбаева сахналаған қойылымда театрдың жас буын актерлері ойнады.

Қойылымның мағынасына үңілсек, жастардың, әсіресе қыздардың отбасын құра алмау себебі мен жар таңдау, өмірлік серік табуда алдынан шығатын мәселелерді қарастырады.

Қойылымда ойнаған жастардың өнеріне, эмоцияны жеткізе білу қабілетіне тәнті боласың. Сүйектен өтетін сөздерін естіп отырып, өзіңді іздейсің. Ішкі жан дүниеңмен үндесетін, сырт келбеті де назардан тыс қалмайтын, қалтасы да жұқа емес жігіттің төресін не серісін кезіктіру, таңдау жолында «ерте туып, кеш қалып» қойған жанның өкінішін, үмітін сезесің. Театрдың аз сөзбен адам санасына сигнал беріп, ой салатыны белгілі. Мән-мағынасына келгенде көпшілікке берері бар қойылым.

Дегенмен театрға тек өмірді өзінше танып, оңы мен солын ажырата білетін тұлғалар  ғана бармайды. Жасөспірімдер де өнердің құдіретін тануда әсте артта қалған  емес.  Қойылымның премьерасына жиналғандардың ішінде жастардың қарасы қалың болғанын айта кеткен де жөн болар.

Аталмыш қойылым бұрын соңды театрда сахналанбаған жаңа стильмен келді десек те болады. Жалаңаштанған, ішкиіммен жүрген жастарды кино, әлеуметтік желіде мақсатты түрде болмаса да, жиі көреміз. Ал театр сахнасында бойжеткеннің шешінуі, ішкиіммен ғана қалуы көзге түрпідей тиеді. Ел алдында шешініп абырой тапқан адамды қайдан көрдіңіз? Жігіттің қыз үстіндегі киімін түгел шешіп тастауы жастарды неге баулиды?   Қыз бен жігіттің бір-біріне деген ынтық сезімін әдеттегіден өзгеше етіп көрсету, нақтырақ айтсақ, құшырлана сүйдіріп, бір-бірінің үстінен өткізіп,  арлы-берлі аунатып қою қандай тәрбие береді?

Театрға барған көрермен қарбалас жұмыстан демалып, тынығуға, рухани баю үшін барады. Ал көз алдында шешініп, ішкиіммен билеп жүрген бойжеткенге біреу тік қарауға именеді. Қойылымның берері мол екенін сөз басында да айтып өттік, алайда сахнаға лайықталған киімді неге пайдаланбасқа? Қойылым басталғаннан-ақ бір топ қыздың жалтыраған саны көзіңе жарқ-жұрқ етеді. Басы осылай болса, соңы қалай болар екен дейсің.

Әрине, біздің айтуымыз парыз, шешім шығару әркімнің өз еркінде. Қойылымға көзі қарақты көрермен уақыт өте келе өз бағасын берері хақ. Ол үшін театрға барыңыз, құрметті оқырман!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір