• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:16:00
Алматы
+35°

21 Қараша, 2017 Тарих

Талас Омарбеков. Кенесары хан күресі мен өлімінің ақиқаты

Кенесары туралы әңгімелегенде оның өзі немесе серіктері туралы тарихи шындық бұрмаланбай, дұрыс көрсетілу керек.

Биыл атақты Кене ханның, қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесары Қасымұлының туғанына 215 жыл толып отыр. Абыройлы атадан асыл туған Кенесарының бүкіл ғұмыры ат үстінде, жаумен айқаста өтті. Бытыраған халықтың басын біріктіріп, дербес мемлекет құру мақсатында өмірінің  соңына дейін айқасты. Дарынды қолбасшы, батыр, саясаткер Кенесары Қасымұлының өмірі мен ұлт-азаттық көтеріліс туралы деректер тарих бетінен мәңгі өшпейді.                                                                                                                     

     Патша өкіметінің 1822 жылы жарыққа шыққан жарғысы  қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі  хандық билікті жойып, даланы Сібір әкімшілігіне бағынатын округтерге бөлуге жол ашты. Терең ойластырылмаған бұл шара қазақ даласында табанды қарсылықтарға тап болды. Әсіресе, қазақтарды басқаруда аса ықпалды Абылай хан әулеті мұндай шешімге қарсы өре түрегелді. Оның үстіне 1824 жылдан бастап отаршыл билік Арқа өңірінде баса көктеп, әскери бекіністер салуға кірісті. Құнарлы жерлер мен көк шалғын жайылымдарға көшіп келген орыс шаруалары қалауларынша қоныстанып, жергілікті халықтың тынысын тарылта түсті. Отарлауға қарсы күресті алғаш Уәли ханның үлкен ұлы, Абылайдың немересі Ғұбайдолла сұлтан Абылайдың тағы бір ұлы Қасымнан туған Саржанмен бірге бастады. Ғұбайдолланы орыс билігі екі қайтара тұтқындап, итжеккенге жер аударды. Осы күреске ол кезде әлі жасөспірім Кенесары да қатысты. Кенесарының әкесі Қасым Абылай ханның қалмақ әйелінен туған еді. Абылай әулеті орысқа қарсы күресте Қоқан хандығымен одақтаспақ болып әрекеттенді. Алайда қоқандықтардың тұмсығының астынан арыны көрмейтін, таяз саясаты жағдайды тұйыққа тіреді. Кенесарының азаттық үшін күреске шыққан бауырлары Саржан және Есенгелдіні келіссөзге барғанда Қоқан билушілері қаныпезерлікпен өлтірді. Көп кешікпей Түркістандағы  Қожа Ахмет Иассауиге мінәжат етуге барған Қасым да қоқандықтар қолынан қаза тапты. Бұған мойымаған, керісінше, шыңдала түскен Кенесары қазақтардың азаттық жолындағы күресіне басшылықты өз қолына алды. 1841 жылдың қыркүйегінде Торғай өзеніне жақын маңда оны Орта жүз бен Кіші жүздің игі жақсылары ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Енді Кенесарыға қосылу үшін жан-жақтан қазақ сарбаздары ағылды. Көп кешікпей-ақ оның сарбаздарының саны жиырма мыңға жетті. Өзінің ерекше табиғи дарыны және жоғарыда аталған туыстары мен бауырлары бастаған соғыстарға жастай қатысып, бай әскери тәжірибе жинақтауының арқасында ол төңірегіне жиналған Ағыбай, Иман, Жанайдар, Басығара, Жәуке, Жанайдар тәрізді батырлар бастаған қалың қолды кемеңгерлікпен басқара білді. Оның тамаша қолбасылық дарыны туралы орыстардың өздері де, шетелдіктер де аз жазған жоқ. Сондықтан да оған тоқталып жатпаймыз. Кенесары әрі шебер дипломат, саяси тұлға ретінде де ерекшеленді.  Орыстың оңай жау емес екендігін түсінген ол, о баста орыспен араны бейбіт жолмен реттеуге аса назар аударды.  Оның Омбы, Орынбор, және Батыс Сібір билеушілеріне, Петербургке жазған хаттарында осы сарын байқалады.  Осындай саясат  ұстанған  Кенесары тіптен,  1840 жылы I Николайға жазған хатында оны асқақтата марапаттап, «ұлы патша» деп дәріптеді, императорды қақпанға түсірмек болып, саяси қулықпен одан шен,  шекпен де сұрады.  Кенесарының  орыстар алдындағы осылай,  «әдейі кішірею»  тактикасын түсінбеген қазақтың Тілеш Шойынбаев тәрізді тарихшылары тарихшы Е.Бекмахановпен айтысқанда осы хаттарға сүйеніп,  Кенесарыны «хандыққа қол жеткізуді аңсаған феодал-монархист» ретінде біржақты айыптады.  Алдағы уақытта тарихымызда мұндай қателіктерге жол берілмеу үшін Кенесары ханның астарлы дипломатиясын дұрыс түсіндіруге аса мән беруіміз керек. 

Алғаш Сыр бойындағы қамалдарды Қоқан билігінен азат етуді ойлаған Кенесарыға қарсы орыстардың жорықтары 1843 жылдан бастап үдеп кетті. Кенесары оларға бірнеше рет ойсырата соққы берді.  1844-1845 жылдары орыс жазалаушыларының Кенесары әскерін қоршап алып, жойып жібермек болған әрекеттері іске аспады.  Алайда қазақтың кейбір сұлтандарының орыстармен ауыз жаласып, көтерлісшілердің соңына түсуі жағдайды ауырлата түсті. Енді көтерлісшілердің  қозғалыс ауқымы тарыла бастады.  Сондықтан да Кенесары 1845 жылыдың жазында жаңа жайылымдық жерлер іздеп, әлі де патша үкіметінің ықпалына түсе қоймаған  Сыр бойына келді.  Бұл өңірге орыстардың ене қоймаған себебі, мұнда Қоқан қамалдары орналасқан еді. Осында ол, біраздан бері қоқандықтармен күресіп жүрген Жанқожа батырды өзіне бірігуге үгіттеп, «...сізден сұрайтыным: егер сіз келіссеңіз, онда мен Ұлы және Орта Ордадан жігіттер жинап, Созақ қаласына келемін, ал сіз Кіші Ордадан жігіттер жинап, қоқандықтармен соғысу үшін Созаққа келіңіз” деген сарында хат жолдады. Жанқожа бұл ұсынысты құп алды. Кенесары мен Жанқожа біріккен күштері қоқандықтар қарауындағы  Жаңақорған, Жүлек, Созақ тәрізді қамалдарды қоршап қоқандықтарды талқандады.  Әскердің бір бөлігі Ақмешітті де қоршауға алған еді.  Алайда сарбаздар арасында жұқпалы аурудың таралуынан және барлаушылар арқылы Қоқан мен Бұқара хандықтарының бірігіп, қарсы шабуылға дайындалып жатқанын естіген Кенесары жігіттерін шығынға ұшыратпау үшін Балқаш, Іле өңіріне қоныс аударады.  Осында Қамал атты түбекте қыстап шыққан ол, генерал-майор Вишневский бастаған жазалаушылардың және оны қолдаушы қазақ сұлтандарының қыспағына ұшырады.  Жауларымен ұрыс жүргізе отырып, Кенесары амалсыздан Ұлы жүз аймағына өтіп, Шу өзені бойына көшіп келді.  Бұл ауыр ахуалды Кенесарыға жақын Досқажа жырау өзінің туған өлкемен қоштасу жырында төмендегіше сипаттайды:

«...Көреміз бе дүние-ай,

Мына жатқан есілдің

Көкорай тартқан өзенін?!

...Көрдіңіз бе иесіз

Әруақтың қалғанын?! 

Аман бол, қалдың көгеріп,

Бастары самал тауларым!

Арасы биік бауларым!

Кетемін деген есте жоқ,

Көшірді дұшпан жауларым!..».

  Иә, Кенесары Ұлы жүз аумағына амалсыздан қадам басты.  Алайда ол өзін осындағы туыстары Рүстем, Сүйік пен Әли Абылайханов бастаған төрелер қолдар деген үмітте еді. Өкінішке қарай, Ұлы жүз руларын билеген осы төрелердің өздері Кенесарыға келгенде екі жүзді, тиянақсыз саясат ұстанды. Бұған олардың билікке құмар жеке амбицияларын айтпағанда, қалыптасқан геосаяси ахуал да кесірін тигізді. Ұлы жүзді билейтін 11 қазақ сұлтаны және руларды басқаратын 28 би  1846 жылы 23 маусымда генерал-майор Вишневскийге Кенесарыны қолдамайтындарын айтып уәде берді. Жазбаша сақталған бұл құжатта алғашқы тұрғандар Сүйік Абылайханов, Әли Әділов болып табылады (қараңыз: Национально-освободительная борьба казахов под предводительством Кенесары Касымова (Сб.докумеентов. Алматы «Ғылым», 1996.-446-447 б.).).  Алайда бұлардың арасында кейіннен Кенесарымен бірге қырғызға аттанған, Әулиеата өңіріндегі Дулаттарды билеген Рүстем сұлтан да, Дулаттың Ботбай руының биі Сыпатай да, Дулаттың Шымыр руының биі Байзақ та жоқ екенін көреміз. Кейбір авторлар қателесіп, Вишневскийге уәде бергендер қатарына Рүстем сұлтанды да қосып жіберіп жүр (қараңыз: Кенесары хан. Алматы 2017.-65 б.).                                                                

Осыдан соң Ұлы жүздің жоғарыдағы құжатқа мөрлерін басқан басшылары Кенесарыны қолдаудан бас тарта бастады. Ал бұл іс Кенесары қолының санын күрт азайтты.  Осылайша, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аймағы бұл тұста екі отарлаушы мемлекет Ресейдің және Қоқан хандығының мүддесі тайталасқа түскен өңірге айналды.  Халыққа ықпалды Абылай ұрпақтары мұндайда кімді қолдарын білмей састы.  Ақыры Ресейдің Ұлы жүз аймағын отарлауы оларды Ресей жағына шығуға мәжбүрледі. Мұны Кенесары көтерілісі жеңіліске ұшыраған 1847 жылы сәуірде Ресей Сыртқы істер министрлігі басшыларының бірі граф К. Нессельроденің Николай I императорға жазған ұсынысынан  да байқай аламыз. Онда мынадай жолдар бар: «Генерал-губернатор  князь Горчаковтың пікіріне сәйкес Ұлы жүздің аталмыш төрт сұлтаны - Сүйік Абылайхановты, Ғалиды, Кәкімді және Рүстемді өз руларының басшылары етіп бекітіп, олардың әрқайсысына Орта жүз сұлтандарымен бірдей жылына 343 сом күміс ақша мөлшерлерінде жалақы тағайындауға рұқсат ету керек» (қараңыз: «Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках. Алма-Ата.1964. Т.2.334-335 б.»).

Қазақ хандарының әруағын сыйлай отырып, мынаны да айтуға мәжбүрміз:  Абылай тұқымының осындай тиянақсыздығы кейбір Ұлы жүз руларының Кенесарыға әскер жинап берулеріне кедергі болды. Алайда мұндайда Кенесары туыстық байланыстарға ғана сенім артты десек, біржақтылыққа салынар едік. Ол сонымен қатар жаңа аймаққа келгенде көптеген рубасылар мен билер, атақты батырлар қоқандықтардың зомбылығынан құтылу үшін өзіне қолдау көрсетеді деп ойлады. Шындығында да ханды мұнда Саурық, Сұраншы, Тойшыбек, Сыпатай, Бұғыбай, Байсейіт тәрізді батырлар мен билер жылы ықыласпен қарсы алып, солардың арасында ол, әсіресе, Дулаттың Шымыр тармағын басқаратын Байзақ датқаға сүйенбек болды. Мұны жоғарыда аталған Досқожа жыраудың Кенесарыға бағытталған  жыр жолдарынан айқын аңғара аламыз:

«...Қоныстан аумақ болсаңыз,

Жіберіңіз тез хабар.

Жоғары дулат төрт ауыл –

Жазы, Саңырақ ерлермен 

Байұзақ батыр(Байзақ Т.О.), Бөгенге.

Бекіредей тасқа басын сабаған,

Аранға түскен аюдай,

Қайғымен іші жараған, 

Байұзақ неге тоқтасын,

Сіз көшемін дегенде..».

Иә, Кенесары сенімін  Байзақ ақтады. Өзі басқаратын Дулаттың Шымыр руынан қол жинап келіп, соңына дейін ханмен бірге болды. Қырғызға жорық басталғанда тау басында бекініп жатқан қырғыздарға бару үшін Байзақ Кенесарыға тау шатқалынан жол ашуды ұсынды. Өзі куә болған осы сәтті Нысанбай жырау төмендегіше жырлайды:

«Әйтелік - деп Байұзақ,

Қамшы басты бекерге.

 -Таудан жолды салайық,

Жабыл! - деді нөкерге.

Аттан түсіп алдымен,

Өзі бір тасты көтерді.

Басшы болды Байұзақ

бір қайратты етерге.

Байұзақ аттан түскен соң,

атынан түсті ханымыз.

Ханымыз аттан түскен соң,

Төгілер болды арымыз.

Бұзбасақта ол тауды,

түсе қалдық бәріміз...»

Міне, Кенесарының сенімді серігі Байзақтың қырғызға қарсы соғыста шешуші  рөлі осындай. Осы ұрыста Наурызбайдың батырлығын баяндағанда да жырау Байзақты төмендегіше тағы атап кетеді: «...Жеткен екен қамалға

Наурызбай атты сұр берен,

Қарқарадай астында

Байұзақ берген көк дөнен.

Күн шығыс жаудың шетінен

Қамалға кірді көлденең». 

Байзақтың тағы бір көрінетін жері Самсы мен Қызылсу кемерінде қырғыз батыры Бидерінің қарсы келгенде жекпе-жекке шақырған кезі. Сонда қазақтар атақты батырға қарсы шығудан тайсалып, тосылып қалды. Осы сәтте Байзақтың жігіттерін қайрап айтқан жалынды сөздерін Нысанбай төмендегіше береді:

Қара ағаштай көп қазақ,

Ханға болдың қарашы 

- Бидері кірді майданға –

Қырғыздың бір баласы.

Оның бізден артық па,

атасы мен анасы?! 

Бидеріге қарсы барыңдар,

Бізден бір батыр данасы.

Таусылдың ба, Мәмбеттің

найза ұстаған баласы?». 

Байзақтың бұл жерде өз әкесі Мәмбет батырдың атын бөліп айтатын жөні бар.  Бүгінде Тараз қаласының Тектұрмас атты әулиелі мекенінде сүйегі жатқан  Мәмбет кезінде Кенесарының атасы атақты Абылай ханның сенімді серігі, жас батыры болған. Оның ерліктеріне разы болған Абылай хан өзі де қызына үйленген керей руының атақты байларының бірінің қызын алып беріп, осылайша Мәмбет батырмен бажа болған. Міне, Кенесары мен Байзақты жақындастыратын осындай туыстық байланыс бар. Ал жоғарыдағы жекпе-жектерге келсек, қырғыздың Бидері батырын да, онан соң жеке шыққан Ораз батырын да, онан соң жекпе-жекке ұмтылған Жаңғараш бидің інісін де Наурызбай хан майданда өзі өлтірді.  Осы қырғыздың үш батырының денелері де, астарындағы тұлпарлары да қазақтардың қолында қалды.  Ал ұрыс даласына шауып барып Бидерінің тұлпарын ұстап алған Ағыбай батыр оны Кенесары ханға әкеліп тарту етті. Қырғызбен болған қырғын соғыста Кенесарының Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Қабан, Бұқарбай тәрізді серіктері ерліктің нағыз үлгісін көрсетті.  Алайда Нысанбай жырау айтпақшы «Алатаудың тасындай» саны көп қырғыз бәрібір жеңіске жетті.

Мәселенің бұлай аяқталуына ең алдымен қырғыз сарбаздарының сан жағынан әлдеқайда көп болуы емес, Кенесары ханның қырғыздарға қарсы қатал күшпен бағындыру саясатын ұстануы да себеп болды. Ханның шектен шыққан қаталдығы қырғыздарға ғана емес, қазақтардың өздерінде шошындырды.  Әдетте,  бүгінгі тарих ғылымында осы тақырыпты жазып жүргендер осыған назар аударады.  Мұндайда да біржақты болмағанымыз жөн: Осы қырғызға бағытталған жорықта қазақ ханы ретіндегі Кенесарының ғана емес, Керей мен Жәнібектен басталып, Абылайға дейін мемлекеттілігін елге мойындатқан Қазақ хандығының тағдыры шешілетін сәт туды.  Бұл — не абыроймен өлу немесе жеңіске жетіп, Қазақ хандығын сақтап қалу еді. Өкінішке қарай, қалыптасқан ауыр ахуал Кенесарыны амалсыздан алғашқы жолды таңдауға мәжбүрледі.  Және осы таңдау қалай десек те оны тарихымыздағы ең ұлы хандар қатарында және қазақтың соңғы даңқты ханы ретінде тарихта қалдырды.  Қырғыз жорығында Кенесары жан бағып, қашып шыққанда оның өзі де, ол басқарған Қазақ хандығы да абыройдан жұрдай болатын еді.  Кенесарының қырғызға жорығындағы қаталдығын айыптайтын тарихшылар міне, осыны ескермейді. Сонымен, нәтижесінде, 1847 жылдың көктемінде Кекілік-Сеңгір тауының етегінде Майтөбе деген жерде ханмен ортақ келісімге келе алмаған Рүстем төре (бұл жоғарыда граф К. Несселроде Николай I патшаға жалақы тағайындауға ұсынылғандардың бірі)         мен Сыпатай батыр бастаған 12 мың қазақ сарбаздары  ұрыс даласын тастап кетті.  Әрине, мұның да әртүрлі себептері бар және бұл туралы аз жазылған жоқ. Десек те, тарихымызда тағы да бұрмаланып жүрген сәл шегініс жасауды қажет ететін тағы бір мәселе бар.  Кенесарыны тастап кеткендер туралы айтқанда, әдетте, олардың басшысы ретінде Сыпатай батыр кінәланады, шын мәнінде осы Ботпай руына аса ықпалды Абылай хан тұқымы Рүстем төре тасада қалып қояды. Бұл - бір.

Екінші, әлі күнге дейін тарихта түзетілмеген қателік:  Кенесарыны тастап кеткен қазақ сарбаздарын сатқын ретінде, қырғыздар жағына шығып кеткендер ретінде көрсету. 1943 жылы жарық көрген алғашқы «Қазақ тарихында» бұл туралы мынадай жолдар бар (еңбек орысша жазылғандықтан аудармасын бермедік): «...Между тем, ночью неустоичивая часть войска дезертировала. Другая часть, во главе с биями Сыпатаем и Урестемом из рода Дулатов, изменила востанию и перешла на сторону врага». (бөліп көрсеткен біз-Т.О.). (қараңыз: История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней - 3 изд...-Алматы, 2011,357 б.). Бұл жолдарды Кенесары көтерілісін алғаш рет зерттеген, тарихтан алғаш ғылым докторы атанған Е. Бекмаханов жазған. (Осындайда ескерте кетер тағы бір нәрсе: Е.Бекмаханов қазақта алғашқы доктор атағын алған тарихшы болғанымен, кейбіреулер айтып жүргендей, алғашқы кәсіби тарихшы емес.  Қазақтың алғашқы кәсіби тарихшысы төлеңгіттер тарихынан 1938 жылы Мәскеуде бірінші диссертация қорғаған Халел Әділгереев.  Бұл кісі де төре тұқымынан.  Х. Әділгереевті Е. Бекмахановтың өзі де қатты құрметтеген және кезінде Е.Бекмахановтың еңбегін қолдағаны үшін ол Алматыдан Шымкентке жер аударылған).  Міне, осылайша, Е.Бекмахановтың қисайып кеткен қаламының ұшы Сыпатай мен Рустемді ғана емес, бүкіл Дулат тайпасын қашқындарға емес, сатқындарға айналдырып жіберді. Егер әңгіме осымен ғана бітсе, бізде үндемей-ақ қояр едік.  Бірақ бұл жағымсыз пікір әдеби-драмалық шығармаларда өрбіп, елге таралды ғой.                                                                                                  

Осындайда зерттеушілер ескермейтін бір маңызды мәселе бар.  Ол — Байзақ басқарған дулаттардың Шымыр руының ханымен бірге қалып, қырғызға тұтқын болуы. Әулиеата төңірегіндегі шымыр руының ақсақалдары бір табын жылқы айдап барып, Байзақ пен оның серіктерін қырғыздан босатып алды, ал ханды олардың босатпағаны белгілі.  Бұл мәліметтер Бішкек мұрағатында сақтаулы.  Мұны кезінде профессор А. Махаева да өзінің еңбегінде жазған болатын.  Мәселе осылай бола тұрса да, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің кеңестік билік тыйым салған «Хан Кене» атты драмалық шығармасында мәселенің байыбына толық бармай, Байзақты ешбір негізсіз, Рүстем төре мен Сыпатайдың ықпалында жүрген қауқарсыз қария ретінде көрсетеді  және Кенесарының қасіретіне барлық дулат тайпасын орынсыз кіналайды.  Тегінде Мұхаң өзінің драмалық шығармасын жазуда ертеректе Жүсіп Басырғаниннің редакциялауымен жарық көрген Нысанбай жырау бұрмаланған үлгісін пайдаланса керек.                                                               

Кенесарының сенімді серігі болған Байзақты Досқожа, Нысанбай тәрізді қазақ жыраулары ерекше құрметтегеніне қарамастан, кейінгі және қазіргі кейбір зерттеушілер де оны назардан тыс қалдыруда немесе М. Әуезовке ұқсап бұрмалап бейнелеуде.  Мысалы, белгілі тарихшымыз, марқұм Жанұзақ Қасымбаев өзінің 2002 жылы яғни тәуелсіздік тұсында жарық көрген «Последний поход хана Кенесары и его гибель» атты іргелі монографиясында Байзақты дулат емес, қоңырат тайпасына деп қате көрсеткен.  Ж. Қасымбаев дулаттар Кенесарыны сатып кеткендіктен Байзақты дулат болуы мүмкін деп ойлап, осындай өтірікті қосып жіберсе керек.  «Кейіннен Қоқан әмірі төрт зеңбіректің аузына байлап атқан Байзақ елге құрметті тұлға.  Жамбыл облысында бір аудан оның есімімен аталған болса, Астанада, Алматыда, Таразда оның атында көшелер бар.  Өзі туып өскен өлкеде, зеңбірек оғы паршалап жіберген денеден қалған екі саусағының басына орнатылған сәулетті күмбезі алыстан көзге шалынады, аудан орталығына ескерткіші қойылған.                                     

Мұны айтып отырғанымыз, қазақтың даңқты және соңғы ханы Кенесары туралы әңгімелегенде оның өзі немесе серіктері туралы тарихи шындық бұрмаланбай, дұрыс көрсетілу керек.  Осындайда айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе, Кенесарыны қырғыздардың қалай өлтірілгені сан-саққа жүгіртілуде.  Біреулер оны үлкен қазандағы ыстық суға тірідей пісірген десе, тағы біреулер жотасынан жарып, жүрегін алған, жүрегін түк басып кеткен екен деп жазады. Ханды долданған қырғыз әйелдері итке талатып, таспен ұрып өлтірген дейтіндер де бар. Кенесарының өр тұлғасын тарихымызда көпе-көрнеу төмендету үшін оны ар-ұждан тұрғысынан масқаралап, арсыздар қатарына қосқан ғылыми еңбектер де әлі кітапхана сөрелерінде тұр. Мысалы, редакциялық коллегиясына М.Әуезов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, А. Нүсіпбеков тәрізді бүгінде елге қадірлі ғалымдарымыз кірген және өздері де автор болған «Қазақ ССР тарихы» атты іргелі еңбектің В. Шахматов жазған бөлігінде Кенесары туралы былай жазылған:  «...Кенесарының өзі бейбіт халыққа мейірімсіз қатаңдық істеді. Оның бұйрығымен жүздеген адам өлтірілді.  Ол жұртты қорқытып, өзіне көңілдeстікке қазақ қыздарын алдыратын болды, қыз беруден бас тартқандар болса , қазақ старшиналарын аманатқа алып, оларды қинап, кісендеп ұстайтын болды...» (қараңыз: Қазақ КСР тарихы. I том. - Қазақ мемлекет баспасы, Алматы, 1957. -339 б.).  Жоғарыдағы исі қазаққа қадірменді ағаларымыздың кітапты басуға жібере де: «Кенесарының көтерілісін  «реакциялық, феодалдық-монархиялық» деп жаздық қой, ал, енді Кенесарының өзінің жеке басын осынша төмендетпей-ақ қоялық» деп қазаққа жаны ашымас В.Шахматовқа тоқтау салуға жарамағандары қынжылтады.

Иә, қырғыздағы Кенесары тағдырына қатысты тағы басқа әңгімелер аз емес. Бұған айтарымыз: екі бауырлас халықтың арасында сыздаған жараға айналған осы мәселені ұшықтыра өрбіту қажет пе? Қалай десек те қазақтың соңғы ханы  Кенесары бүгінде халқымыздың намысын қайрайтын ұлтымыздың асқақ мақтанышы. Оның қайсар тұлғасы әлі қазақтың ғана емес, отаршылдыққа қарсы күрескен түркітілдестердің сандаған ұрпақтарын ерлікке шақырып, тәуелсіздіктің заңғар биігіне ұмтылдыра беретін болады.

Кезінде XX ғасырдың  20 жылдарында Ферғанада басмашылық қозғалысты қызылдар талқандаған соң, шетелге эмиграцияға кетіп бара жатқан  башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті басшысы, кейіннен түркі дүниесіне әйгілі ғалым болып, Түркияда көз жұмған Ахмет Заки Уәлидидің өзінің башқұрт халқына арнаған өсиетхатында «...башқұртым ел боламын десең сен, қазақтан қол үзбе, өйткені қазақтардың дербес мемлекет құру дәстүрі бар, Кенесары тәрізді азаттыққа шақыратын қаһарман хандары бар, ол болашақта сөз жоқ тәуелсіздік алады.  Сонда сен башқұртым орыстың құшағында қалып қойма» деп ақыл айтқан еді. Міне көрегендік деп осыны айт, бұған не дерсің?  Иә, Кенесары тұлғасы қазақ халқының санасында мәңгілік орын тепті.  Мұны кезінде орыс ғалымдары да мойындады.  Мысалы, Б.Герасимов өзінің «Поездка в Барлыкские минеральные источники в 1903 г.” деп аталатын еңбегінде  Кенесары туралы жырлаған қазақ жыршысы оған қарап: «Мен сіздерге біздің сұлтанымыз (батырымыз) Кенесары туралы жырлап беремін. Оның о дүниелік болғанына көп уақыт өтсе де, қырғыз (қазақ-Т.О.) халқының жүрегінде ол тірі және мәңгі өлмейді», - деп айтқанын айтады.(қараңыз: Герасимов Б. Поездка в Барлыкские минеральные источники в 1903 г.//Путевые наброски.// Записи Семипалатинского отдела Зап.Сиб. отд. ИРГО, Вып.II.Семипалатинск. 1905. С.18-19.).  Иә кезінде Кенесарының ерлігін бүкіл қазақ даласы жырлады.  Мұндай шабытпен айтылған туындыларға кеңестік заман ғана уақытша тосқауыл сала алды.  Бірақ Кенесары туралы шындық өткір қанжар тәрізді қап түбінде жатпайды ғой.

Талас Омарбеков

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы ғылыми орталықтың директоры,

професор.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір