• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:55:51
Алматы
+35°

14 Қазан, 2017 Әлеумет

Сириядан қашып келген қазақстандықтың бастан өткерген азапты күндері

Сүйікті отбасынан жыраққа кеткен қазақстандық өзгелер оның қателігін қайталамауы үшін басынан өткен жағдайларды айтып беруді ұйғарды

Оған үш елдің арнайы қызметі іздеу салды. ДАИШ содырлары ізіне түсті. Ал уахабиттер оны тапқан жағдайда бірден көзін жоюға құқығы бар. Қазақстандық Сергей Лескевичтің сириялық әскери  лагерден қашып кеткеніне 4 жыл болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Caravan.kz-ке сілтеме жасап.

Сүйікті отбасынан жыраққа кеткен қазақстандық өзгелер оның қателігін қайталамауы үшін басынан өткен жағдайларды айтып беруді ұйғарды.

Сергей

– Барлығы 2012 жылы Серік есімді көршіммен таныстықтан басталды. Кейін анықталғандай ол кәсіби түрде адамдарды алдаумен айналысады екен. Серік адамдарды өз сөзіне оңай сендіре алады. Онымен кездесе қалсам дін туралы айтатын. Бір жыл бойы онымен сөйлесіп тұрдым. Соның нәтижесінде мұсылман боламын деп шештім. Көршім Сирия туралы да жиі айтатын. Ондағы бейбіт тұрғындардың қалай азап шегіп жатқанын суреттейтін. Серік айтқандары дәлелді болу үшін фото мен бейне роликтерді көрсетті. Онда мерт болған әйелдер, ақсақалдар мен балалардың денелері көрсетілетін.

Ата-анам менің мен Ислам дінін қабылдағанымды біліп шарт қойды. Егер қайта христиан болмасам үйден кетуімді талап етті. Мен ата-анама ренжіп үйден кетіп қалдым. Серік сол сәтті пайдаланып маған Сирияға баруға ұсыныс жасады.

– Кейбір ақпараттарға сәйкес, адамдарға Сирияға бару үшін ақша ұсынады екен. Бұл ақпарат қаншалықты дұрыс?

– Жоқ, өтірік. Серікте ақша болмады. Тіпті ұшаққа билетті мен өзім сатып алдым. Ол көлігімді сатуға мәжбүрледі. «Осы ақшаға Құдайдың алдында қайырымды, сауапты істер атқарасың. Мұсылмандарға көмектесесің» деді. Мен келістім. Біз ең алдымен Түркияға бардық. Ыстанбұлда бірнеше күн қонақ үйде жаттық. Одан кейін автобуспен Түркия мен Сирия шекарасына дейін бардық. Шекарада ешқандай күзет болмады. Біз жаяу шекарадан еш кедергісіз өтіп кеттік. Бізді лагерге алып келді. Онда адамдар өте көп болды. Мені аздап орысша сөйлей алатын өзбектермен орналастырды. Олардан бұл лагердің адамдарды қанішер жасайтын жаттығу базасы екенін білдім. Жарық, су болмады. Тамақты алып келіп тұрды.

– Сізден басқа онда Қазақстан азаматтары болды ма?

– Онда кім болмады десеңізші! Әзірбайжандар, түріктер, кавказдықтар. Бұрынғы Союз кезіндегі елдердің барлығы дерлік бар. Қазақтарды да кездестірдім. Кейінірек мені Қырғызстанның арнайы қызметі тұтқындағанда мен олардың суреттері арқылы таныдым. Сирияға жеткеннен кейін Серік бірден өзгеріп шыға келді. Нағыз қатігез адамның өзіне айналды. Біз онымен үнемі ұрысатынбыз. Үйге телефон шалуға рұқсат бермеді. Біз тек фотоға түстік. Ол фотолар Қазақстанның ҰҚК-ге түскен. Содырлар менің паспортымды алып қоймағаны қандай жақсы болды.

Көкейімде жауабы жоқ сауалдар сайрап тұрды. Ислам дінін желеу етіп неліктен осындай пасық әрекеттерге барады? Бұл істеп жатқандарының барлығы шариғатқа кереғар ғой. Сондықтан содырлардан қашып кетуді жөн көрдім. Менің жолым болды. Банданың басшысын өлтіріп кетті. Лагерде өзбек кавказдықтардың арасында билікке талас басталды. Мен сол сәтті пайдаланып бір қырғызбен түнде қашып кеттім. Үйге келген жерімізбен қайттық. Шекарадан жаяу Түркияға өттік. Ол жерден Бішкекке бардық. Қырғызстан әуежайында мені қырғыздың арнайы қызметі ұстап алды.

– Сізге қандай айып тағылды?

– Тағылған айыптардың санында шек жоқ.Оның ішінде мені біреуге жалданып, солардың арам бұйрықтарын орындады деген де айыптаулар бар. Ақылға қонбайды. Өзіммен бірге жарылғыш затты алып Түркияның кеден бақылауынан қалай өтемін? Тергеушілер таяқпен ұрды, екі күн басыма пакет кигізіп электр тоғымен азаптады. Қабырғам сынды. Егер мен өліп қалсам олар жазаланбаушы еді. Терроризммен күрес деп құтылушы еді. Мен үшін азаптардың ең қорқыныштысы қандай болғанын білесіз бе? Жалғыз адамға арналған камера. 24 сағат бойы жалғыз отыру қорқынышты. Қырғызстанның МҰҚК-нің жертөлесінде 5 ай отырдым. Камера өте кішкентай болды. Жатуды айтпағанда бір орыннан айналада алмайсың. Есімнен адаспауы үшін құмыртсқа мен өрмекшілермен сөйлестім. Мен қатты ауырып қалдым. Мені ауруханаға алып кетті. Одан кейін істі жауып мені түрмеге ауыстырды.

Қырғыз соты маған 6 жыл 10 ай бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Оның 2,5 жылын отырдым да, рахымшылыққа ілініп Қазақстанға оралдым. Бір жылдан кейін әйеліміз екеуіміз шетелге көшуді ұйғардық. Түрлі елдерде жүріп шаршағандықтан Одессаға тұрақтауды жөн көрдік. Мен жұмыс таптып, туыстарымыздың көмегімен пәтер алдық. Сонда балам туылды. Барлығы жақсы болды. Бірақ бір күні жұмыстың жанында маған белгісіз еркектер шабуыл жасады.

– Ол адамдар кім? Содырлар емес пе?

– Олар мені ұра бастады. Қолымды қайырды. Көлікке сүйреп апарды да басыма қап кигізді, қолыма кісен салды. Мен көмекке шақырдым, бірақ ешкім көмектеспеді. Менің бірінші ойым - олар бұзақылар немесе ДАИШ содырлары болуы мүмкін. Белгісіз алаңға әкеліп, басымнан қапты алып тастап суретке түсіре бастады. «Сириядағы соғысқа бардың ба?» деп сұрады. Мен оларға оның барлығы өткен өмірімде болғанын және ол үшін Қырғызстан түрмесінде отырып өз жазамды алғанымды айттым. Меннен түсініктеме алды, қонақ үйге алып келді. Сол жерде олардың Украинаның арнайы қызметі екені анықталды. Мен виза тәртібін бұзғаным үшін елден шығуым керек екенін айтты. Киімдерімді жинау үшін уақыт керек екенін айтқынымда олар бірден әуежайға барып, билеттерді қарауды ұсынды. Алдады. Шекара аймағында басыма қап киігізіп, қолыма кісен салып, ҚР ҰҚК-нің арнайы ұшағына отырғызды. Меннен бөлек басқа адамдарды кіргізді. Олардың кім екенін білмеймін. Осылайша қайта Қазақстанға келдім.

– Бастан өткерген жағдайдан кейін діни ұстанымыңыз өзгерді ме?

– Жоқ, мен өзімді әлі күнге дейін мұсылманмын деп есептеймін. Құдай бір. Сирияға барғаным менің қателігім болды. Одан дін өзгермейді. Мен ешқашан радикалды дінді ұстанбағанмын. ДАИШ-тықтар - қанпезерлер. Ал ұйымның өзі нағыз шайтанның ордасы. Ондағы адамдардың көбінің есі дұрыс емес. Мен тек солардың кек алуынан қорқамын. Оларда іздестіру жүйесі өте жақсы дамыған. Тіпті барлау қызметінің барлығының күшін біріктірсең де олардың күші асып кетеді. Олар ерте ме, кешпе мені тауып алуы мүмкін. Бірақ мен өткен өмірімді артта қалдырдым. Жақында Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроға Евгений Жовтиске бардым. Ол маған көмектесуге уәде берді. Қазақстандық арнайы қызметтің мені қырғыздар секілді азаптамайтыны қуантады. Олардың барлық әрекеті заңның аясында жүзеге асады. Олар барлығын анықтағаннан кейін отбасыммен қайта қауышамын деп үміттенемін.

Сергей Лескевичтің адвокаты Жана Күнсеркина: Мен ҚР Бас прокуратурасына Сергей Лескевичке қатысты жағдайды анықтауды сұрап өтініш білдірдім. Оның ішінде "сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?", "Сергей бұл істе күдікті ме әлде жәбірленуші ме? " деген сауалдар бар. Ал Қырғызстан сотының шешімі мүлде түсініксіз.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір