04 Ақпан, 2018
Шоу-бизнестегі көпбалалы отбасылар (фото)
Әнші Индира Расылхан да әріптестерінен қалысқан жоқ. Төрт баланың анасы өнерде өз орнын тапқан
Сахнаның сәніне айналған танымал тұлғалардың арасында көпбалалы ата-ана баршылық. Шүкір дейміз. Оларды үлгі тұтатын жастар да жетерлік. Qamshy.kz ақпарат агенттігі халық санын арттыруға үлес қосып жүрген жұлдызды отбасыларды назарларыңызға ұсынады.
Әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов пен оның танымал жары Қарақат Әбілдина жұлдызды шаңырақтарында 5 бала тәрбиелеп отыр. Былтыр Қарақат төрт ұлдан соң өзіне тартқан қарақат көзді Аяла есімді қызды дүниеге әкелді. Көптен күткен ханшайымды Қыдырәлі Болманов перзентханадан сән-салтанатпен шығарып алды.
Ал өткір әзілдерімен қоғамдағы шындықты айтудан шаршамайтын Тұрсынбек Қабатовқа жары Мөлдір үш қыздан кейін бір ұл сыйлады. Отбасыдағы екінші бала Айым Тұрсынбекқызы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге көпшілік алдына шыққан болатын.
«Сен сыйға тартқан орамал» деп ән салатын ақ орамалды Роза Әлқожа көпбалалы аналардың көшін бастап тұр. «Өлеңінен ажырамас әйелмін, Баласының бұтын жуып жатып та», - деп жырлайтын ақын әрі әнші – бес баланың анасы, өнер мен отбасы тізгінін тең ұстаған адам. Отағасы – журналист Айдын Қаба. Ол екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Көрерменді күлкіге қарық қылатын «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының актеры, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұржан Төлендиев – алты баланың әкесі. Нұржанның үлкен ұлы Рауан Темірхан бүгінде әкесімен бірге сахнаға шығып жүр.
Әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың отбасында екі ұл, екі қыз бар. «Арман. Когда все ангелы спят» фильмінде жұлдызды жұп басты рөлдерді сомдаған. Жарын 10 жылдан кейін халыққа таныстырған әнші «балаларымды көру үшін тағы 10 жыл күтіңіздер», - деп әзілдеп қояды.
Ал отандық ән байқаулары арқылы дүйім жұртқа танылған Динара Сұлтан – үш қыз бен бір ұлдың анасы. Желіге сұлу қыздары мен сүйкімді ұлының суретін жүктеуден еш жалықпайтын әнші жолдасының жұмыс бабына байланысты бес жыл Дубайда тұрған. Жат елде жүріп туған жерін сағынған әнші шығармашылыққа білек сыбанып кірісетіні анық.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Төле би ауданының құрметті азаматы, әнші Алтынай Жорабаева халыққа өнерімен ғана емес, өмірімен де танылған жұлдыздардың тізімінде. Көпбалалы ана бүгінде төрт қыз тәрбиелеп отыр. Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған концертте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әншінің қолын алып, тілегін айтқан болатын.
Әнші Индира Расылхан да әріптестерінен қалысқан жоқ. Төрт баланың анасы өнерде өз орнын тапқан. Айдина, Дарина есімді егіз қыздары мен Аслан атты ұлы есейіп қалған. Сүт кенжесі Раяна биыл 5 жаста.
Өзгенің өмірін талқылаудан аулақпыз. Тек үлгі боларлық тұстарын ашып айтқанды жөн санадық!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір