• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 06:13:45
Алматы
+35°

17 Сәуір, 2018 Саясат

Ресейге қарсы "соғыс". Салдары қандай?

Кейбір сарапшылар Ресей жақын арада ыдырауы мүмкін деп болжайды.

Экономикалық санкциялар, мұнайдың арзандауы, демографиялық дағдарыс, орыс дипломаттарының Батыс елдерінен қуылуы сияқты жағдайларды ескеріп, кейбір сарапшылар Ресей жақын арада ыдырауы мүмкін деп болжайды. Себебі 2014 жылдан бері Украинадағы, одан кейін Сириядағы жағдайға байланысты экономикалық қысымдар терістіктегі көршімізді әлсіретіп жатыр. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ресейге салынған санкциялардың толық тізімін назарларыңызға ұсынады.

«Бұл – Ресей президенті Владимир Путиннің таңдауы»

2014 жылы АҚШ пен Еуропа Одағы Украинаның шығысындағы қарулы сепаратистерді қолдап отырған Ресейге қарсы үш санкция енгізді: қызметкерлер санкциясы, салалық санкция және қырымдық санкция.

Қызметкерлер санкциясы Ресей мен Украинаның жеке һәм заңды тұлғалары – РФ билігінің өкілдері, ресейлік саясаткерлер, кәсіпкерлер, қауіпсіздік қызметкерлері, сонымен қатар Донецк пен Луганск халық республикаларының басшылары енді. Бұл тізімдегілер ЕО елдеріне кіре алмайтын болды, олардың еуропалық банктердегі активтері бұғатталды.

Салалық санкциялар 2014 жылдың 1 тамызында енгізілді. ЕО-ның үш отын-энергетикалық компаниялары («Роснефть», «Транснефть», «Газпром нефть») мен үш қорғаныс коцернінің («Уралвагонзавод», «Оборонпром» және «Бірлескен авиақұрылыс корпорациясы») қарыздарын қаржыландыруға тыйым салынды.

Алғашқы қырымдық компаниялар ЕО санкциясына 2014 жылдың 12 мамырында ілікті. Олар — «Черноморнефтегаз» және «Феодосиялық мұнай базасы». 2014 жылдың 26 маусымында шектеу шаралары қырымдық тағы тоғыз компанияға дейін кеңейді.

2014 жылдың 17 наурызында тағы да ресейлік шенеуніктерге қарсы санкция енгізді. Оларға АҚШ-қа өтуге тыйым салынып, активтері бұғатталды. Тізімге 11 адам кірді. 20 наурызда америкалық тізім тағы 19 ресейлік шенеунікпен толықты.

ЕО мен АҚШ-тың ізімен бірнеше мемлекет Ресейге қарсы экономикалық соғыс ашты. 17 наурызда Канада билігі де экономикалық санкциялар енгізіп, Ресей мен Қырымның 10 жоғары лауазымдағы өкіліне шектеу қойды. 21 наурызда бұл тізімге тағы 14 шенеунік кірді.

29 сәуірде Жапония 23 ресейлік шенеунікке қарсы қосымша санкциялар енгізді.

2 мамырда Швейцария Ресейдің 15 адамына санкция енгізді. 19 мамырда тағы 13 адамды қосты.

19 маусымда Австралия 50 ресейлік пен 11 компанияға қарсы қаржылық санкциялар енгізді.

Бұл санкцияларға Ресей тарапы бей-жай қарамады. 2014 жылдың 2 наурызында РФ СІМ Ресей аумағына кіруге тыйым салынған АҚШ Конгресінің ресми тұлғаларының тізімін жариялады.

24 наурызда Канада салған санкцияға жауап ретінде Канаданың 13 шенеунігіне Ресейге жолы жабылды. 27 наурызда Қырым Республикасының ресми сайты Қырымға кіруге тыйым салынған 320 адамның есімін жариялады. Олардың қатарында украиналық саясаткерлер мен депутаттар бар.

27 шілдеден бастап Шешенстан Республикасының президенті Рамзан Қадыров АҚШ президенті Барак Обамаға қарсы санкция енгізді.

22 тамызда Ресейдегі Жапония елшісі Тикахито Хараденің қолына Ресейге кіруге тыйым салынған жапон азаматтарының аты-жөні жазылған құжат берілді.

ЕО мен АҚШ-тың Ресейге қарсы жариялаған кейінгі санкцияларына байланысты Барак Обама: «Бұл - Ресейдің, әсіресе оның президенті Владимир Путиннің таңдауы», — деді.

Ресейге қарсы экономикалық соғыс. 2015 жыл

2015 жылы антиресейлік санкциялар жалғасты. Еуропалық одақ санкцияларын тіпті қатаңдатты. 16 ақпанда Минскіде қол қойылған Украинаға қатысты бейбіт келісімге қарамастан ЕО 19 жеке, 9 заңды тұлғаға қарсы санкция жариялады. Олардың бесеуі – Ресей азаматтары.

2015 жылдың 4 наурызында АҚШ-тың сол уақыттағы президенті Барак Обама 2014 жылдың 6 наурызындағы Жарлығының уақытын тағы созды. Онда Ресейге қарсы шектеулер турасында айтылған.

2015 жылдың 6 наурызында АҚШ-тың антиресейлік санкциясының уақытын созғанына байланысты Швейцария қара тізімге Ресейдің тағы 28 азаматын қосты.

АҚШ 2015 жылдың 11 наурызында украиналық дағдарысқа қатысты Ресейдің бес тұлғасына қарсы санкция енгізді. Бұған қоса, санкцияға Ресейдің жастар еуропалық одағы ұйымы және жұмысын Қырымда атқарып отырған Ресей ұлттық коммерциялық банкі ілікті.

13 наурызда ЕО Ресейге қатысты санкция мерзімін 2015 жылдың 15 қыркүйегінде дейін ұзартты. Тізімге Ресейдің 150 жеке тұлғасы мен 37 ұйымы кірді.

31 наурызда Австралия экономикалық санкциялардың жаңа пакетін құрды. Мемлекет басшылығының мәлімдемесіне сәйкес, шектеу шаралары 2014 жылы қабылданған ЕО мен АҚШ-тың сценарийін қайталаған. Шектеулер қаруды экспорттау мен импорттау мәселесінде, мұнай шығаратын құрылғы және Қырым мен Севастопольге салынатын инвестицияға қатысты болды.

25 сәуірде ЕО ізімен Норвегия да Ресей мен Украинаның 19 жеке және 9 заңды тұлғасына қатысты санкция жасады. «Қара тізімнің» жаңа редакциясына бес ресейлік кірді, олар РФ қауіпсіздік министрінің орынбасары Анатолий Антонов, бірінші орынбасары Аркадий Бахин, Мемлекеттік дума депутаттары Иосиф Кобзон және Валерий Рашкин, сондай-ақ Ресей бас штабының жедел басқармасының басшысы Андрей Картаполов.

22 маусымда Ресейге қарсы еуропалық санкциялар 2016 жылдың 31 қаңтарына дейін созылды. Жауап ретінде Ресей өзіне шектеу қойған мемлекеттерге қарсы санкцияларын бір жылға созды.

29 шілдеде антиресейлік санкцияларды Еуропаның тағы алты мемлекеті ұзартты: Албания, Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Черногория және Украина.Сондай-ақ Қырымға қарсы шектеулерге Грузия да қосылды.

30 шілдеде АҚШ Ресей мен Украинаның тағы 11 азаматы мен 15 компаниясына қарсы шектеулер қойды.

2 қыркүйекте АҚШ ресейлік компанияларға қарсы жаңа санкциялар енгізді. Қара тізімге тула аспаптарының жобалау бюросы, «Катод» компаниясы, «Машина жасау саласы», «МиГ» корпорациясы, «Рособоронэкспорт». Сол уақытта ЕО Ресейге қарсы санкцияларын наурызға дейін ұзартты.

16 қыркүйекте Украина Ресейге қарсы жаңа санкция енгізді, мерзімі – бір жыл. Шектеу тізісіне Ресейдің 400 жеке және 90 заңды тұлғасы кірді.

22 қарашада Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Батыс елдері Түркиядағы G20 саммитінде Ресейге қарсы санкцияларды жарты жылға созды.

22 желтоқсанда АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізді. Шектеу шараларына Ресей мен Украинаның 34 жеке және заңды тұлғасы енді.

2016 жылғы санкциялар

3 наурызда АҚШ президенті Барак Обама Ресейге қарсы санкцияны тағы созды. Президент жарлығында көрсетілгендей Ресейдің Украинаға қатысты әрекеті «АҚШ-тың саясаты мен ұлттық қауіпсіздігіне төтенше қауіп төндіреді».

18 наурызда Канада антиресейлік санкцияларын 14 компания мен бес жеке тұлғасына салды. Активтері бұғатталып, елге кіруге тыйым салынды.

30 наурызда Украина президенті Петр Порошенко ресейліктерге қатысты санкцияларды заңды күшіне енгізу жарлығына қол қойды. Санкцияға іліккендердің құрамында украиналық ұшқыш Надежда Савченконың ісіне қатыстылармен, режиссер Олег Сенцов пен оның серіктесі Александр Кольченко болды.

5 шілдеде АҚШ Қырымға қарсы санкциялардың кей бөлігінен бас тартты.

31 тамызда Украина санкция тізіміне Ресейдің тағы 250 жеке тұлғасы мен 46 заңды тұлғасын қосты.

1 қыркүйекте АҚШ билігі санкция тізімін ұзартып, Ресейдің бірнеше азаматын қайта қосты. 6 қыркүйекте ол тізім қайта ұзарды.

15 қыркүйекте Еуроодақ билігі санкциялар тізіміне Ресей мен Украинаның тағы 146 азаматы мен 37 заңды тұлғасын енгізді.

17 қарашада Швейцария да Ресейге қарсы санкциялардың тізімін ұзартып, Мемлекеттік думаның тағы 6 депутаты шектеу тізіміне енді.

28 қарашада Канада Қырым атынан Мемлекеттік думаның 6 ресейлік депутатын санкциялар тізіміне енгізді.

Желтоқсанда АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің бірнеше ұйымына қарсы санкция енгізді. Обама Ресей тарапынан АҚШ-тың сайлау жүйесіне кибершабуыл жасалған деп айыптады.Бұған қоса Ресейдің 35 дипломатын елден шығарып, ресейлік жұмысшылар қолданатын екі нысанды жапты.

«АҚШ-тың жауларына санкциялар арқылы жауап»

Ресейге қарсы санкция енгізуді АҚШ президенті Дональд Трамп та жалғастырды. Антиресейлік жаңа санкцияларды көздейтін заңға тамыздың басында қол қойды. Ресми түрде ол заң «АҚШ-тың жауларына санкциялар арқылы жауап» деп аталды.

4 тамызда Қырымдағы Siemens турбиналарын жеткізуде болған жанжалға қатысты антиресейлік санкцияны кеңейтті. Шектеу тізіміне Ресейдің үш азаматы мен үш компания кірді.

Әр ай сайын Ресей саясаты әлі де «ұлттық қауіпсіздік қызығушылығына және Америка Құрама Штаттарының сыртқы саясат мүдделеріне ерекше және төтенше қауіп» төндіреді деген қауіппен АҚШ тарапы санкция мерзімін ұзарта берді.

Қарашада АҚШ-қа Канада билігі қосылып, Ресейдің 30 азаматына қарсы шектеу шараларын енгізді. Құжатта көрсетілгендей, санкциялар «Америкалық «магниттік актісіне» ұқсас шет елдердегі жемқорлық құрбандары» заңнамасымен байланысты.

2018 жылғы антиресейлік санкциялар

26 қаңтарда АҚШ Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтті. Қара тізімге Ресей мен Украинаның 21 азаматы мен 21 компаниясы енді.

29 қаңтарда АҚШ қаржы министрлігі «Кремль баяндамасының» бөлімін жариялады, онда Дмитрий Песков, Владислав Суркав, сондай-ақ ресейлік кәсіпкерлермен бірге президент әкімшілігінің бірнеше өкілі енді. Тізімге төрт бөлімге бөлінетін 210 адам енді – «Президент әкімшілігі», «Министрлер кабинеті», «Саяси лидерлер» және «Олигархтар».

15 наурызда АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтті. Шектеу шаралары «Америка қарсыластарына санкциялар арқылы қарсы тұру» заңына сәйкес енгізілді. Бұған қоса америкалық сайлауға қатысы бар деп айыпталған тұлғалар мен компаниялар да қара тізімге кірді. Бәрін қосқанда 13 адам мен үш компания кірді.

26 наурызда АҚШ, Канада, Норвегия, Албания, Македония, Украина және ЕО-ның 14 мемлекеті (Франция, Польша, Чехия, Литва, Эстония, Дания, Италия, Нидерланды, Германия, Финляндия, Румыния, Хорватия және Латвия) ГРУ-дың экс-қызметкері Сергей Скрипальдің уланғанын сылтау етіп ресейлік дипломаттарды елден шығарды. АҚШ-тан 60 адам шығу керек. Оның 48-і дипломатиялық миссияны орындаушылар болса, 12-сі БҰҰ миссиясының қызметкерлері. Бұған қоса Вашингтон Сиэтлдегі Ресейдің бас консулдығын жабады. Ақ үй бұл қадамын «бас консулдықтың суасты қайықтардың базасына тым жақындығы» деп түсіндірді.

2018 жылы сәуірдегі санкциялар негізінен Мәскеудің Сириядағы режимді қолдауына қатысты енгізілді.

Ресейге қарсы аталмыш санкциялар мұнымен тоқтамасы анық. Ал бұл санкциялардың нәтижесі қандай болды?

Антиресейлік санкциялардың салдары

2017 жылдың 28 сәуірінде үш жыл қатар енгізілген санкциялар әсерінен Ресей 52-55 млрд доллар шығынға батты, ал өзге мемлекеттердің шығыны 100 млрд долларға дейін жетті. Бұл туралы БҰҰ баяндамашысы Идрис Джазаири мәлімдеген. Джазараидің сөзінше «бұл баға – украиналық дағдарыстың шығынын өтеуге жұмсалған».

Бұған қоса, БҰҰ-ның 2017 жылғы дерегі бойынша Ресейге қарсы жүргізілген санкциялардың әсерінен ЕО экономикасы ай сайын 3,2 млрд доллардан айырылған, ал Ресейдегі экономика 15 млрд долларға дейін шығынға батқан. Жалпы 2014 жылдан бері ЕО-ның шығыны 100 млрд долларды құрады, ал Ресей шығыны 55 млрд долларға дейін жеткен. Баяндамада көрсетілгендей, Ресейге қарсы санкциялардың салдары ЕО күткендей оңынан болған жоқ.

Бұл санкцияларға алаңдап жатқан Путин жоқ. Қандай жағдайда да Ресейдің төтеп бере алатына ол сенімді. «Олар бізді төмендетуді емес, бағындыруды көздейді. Біздің арқамызда өз қиындықтарын шешіп алмақшы. Биліктеріне көндірмекші. Ресейдің өзге елге бағынуы тарихта болмаған және болмайды да», - деген еді Ресей басшысы 2014 жылғы сұхбатында. Әлі де сол ұстанымда.

Ресей мен Қазақстан – көрші мемлекеттер. Ресейге қарсы санкциялардың бір ұшы Қазақстанға да тиері анық. Қаншалықты және қай жағынан әсер етпек? Бұл туралы порталымызда бұған дейін сарапшылардың пікірі жарияланған. Мәселен, саясаттанушы Әзімбай Ғали Ресейге қарсы жүріп жатқан процестің Қазақстан үшін тиімді екенін айтса, Дос Көшім мұндайда Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделі түсетінін ескерткен. Әміржан Қосан да санкциялардың елге кері әсерін болжады. Ал экономист Мақсат Халық: «Рубльдің құбылуы біздің теңгемізге әсер етпей қоймайды», - деген пікір білдірді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір