• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:50:47
Алматы
+35°

11 Сәуір, 2018 Экономика

ҚР Статистика комитеті: 2019 жылғы халық санағы онлайн режімде өтеді

Ел тұрғындары интернет арқылы онлайн режімде электронды санақ парақтарын толтырады.

2019 жылғы халық санағын заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы өткізу жоспарланып отыр. 

Тәуелсіз Қазақстан тарихында үшінші рет жалпыұлттық халық санағы болмақ. 2019 жылғы халық санағы қалай өтеді? 2009 жылғы қайшылықтар қайталанбай ма? Санаққа қанша қаржы бөлінеді? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің сауалына ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жауап берді.

Министрліктің сөзінше, ел тұрғындары интернет арқылы онлайн режімде электронды санақ парақтарын толтырады.

«Сауалнама жүргізуші мен сауалнамаға жауап беруші арасындағы байланыс планшет немесе планшетті қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда қағаз жеткізгішті пайдалану арқылы орнайды», - делінген министрліктің жауабында.

2019 жылы халық санағын ұйымдастыру мен жүргізу үшін республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде мынадай қызметкерлер тартылады:

-еңбек шарты бойынша ұлттық санақтарға дайындық және өткізу жөніндегі басшы;

-еңбек шарты бойынша ұлттық санақтарға дайындық және өткізу жөніндегі нұсқаушы;

-өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша ұлттық санақтарға дайындық және өткізу жөніндегі нұсқаушы;

-өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша интервьюер.

Бұл қызметкерлер ҚР-ның халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз азаматтардан құралмақ.

Айта кетейік, Қазақстанда соңғы жалпыұлттық халық санағы 2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтті. Ол санақтың қайшылығы көп болған еді.  2009 жылы ақпанның 24-нен 25-не қараған түндегі есептеу барысында Қазақстан тұрғындарының саны 16 миллион 4 мың 800 адам болған. 2010 жылдың 11 қаңтарында сол уақыттағы статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан халқының саны 16 миллион 196 мың 800 адамды құрағанын хабарлаған.

Елдегі қазақтар саны алғашында 67% деп көрсетілді. Одан кейін 63,1% делінсе, 2010 жылы 1 қаңтарда республикадағы қазақтардың үлесі 63,6%-ды құрағаны хабарланды. Яғни түсініксіз себептермен елдегі қазақтардың саны кеміген. Ал 67% немесе 63%-дың айырмашылығы санақшылардың қателігінен деп айтылды. Бір қызығы, қателік тек қазақтардың санынан кеткен.

БҰҰ Бас ассамблеясының 1960 жылғы шешіміне сәйкес, елдегі титулды ұлттың үлесі 67%-дан асса, ол көпұлтты мемлекет болып саналмайды.

2009 жылы халық санағына 1 миллиард 144 миллион теңге бөлінген. Соның тек 379 миллион теңгесі ғана белгіленген мақсатқа жұмсалды. Жымқырылған 764,8 миллион үшін статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаеваға, оның орынбасарлары Нұрман Баянов пен Бірлік Меңдібаевқа және кәсіпкер Серік Тұржановқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Ал 2019 жылғы Халық санағына жұмсалатын қаржы мөлшерін министрлік жауапсыз қалдырды. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір