• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 06:47:10
Алматы
+35°

31 Шілде, 2017 Әлеумет

Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың халі мүшкіл

2015 жылы Қазақстан мүгедек адамдардың құқығы туралы Конвенсияны ратификациялады.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Елорданың 3 ауданында әлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыстар атқарылғанын хабарлады. Оның ішінде көру және есту қабілетінде мүкісі бар, арбаға таңылғандарға, ғимараттарда жүру ыңғайлы және қолжетімді болу үшін паспорттау жұмысы аяқталды.

Бұл бір ғана Астана қаласында жүргізілген жұмыстар. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінде жағдай қандай? Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға тиесілі жағдайдың барлығы  жасалған ба? Бұл ретте мен оларға төленетін төлемақы, жәрдемақы мен жеңілдіктер туралы емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың қала, аудан, ауылдарда еркін жүруіне, қоғамдық көліктің қызметін пайдалануға және т.б жағдай жасалған ба деген сұраққа жауап іздеп көремін.

2015 жылы Қазақстан мүгедек адамдардың құқығы туралы Конвенсияны ратификациялады. Соған сай, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты  халықаралық стандарттарға сәйкес міндеттерді қолға алды. Сонымен қатар, «ҚР мүгедектердің құқығын қорғауға қатысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң қабылданды.

Оның ішінде мүгедек жандардың ұшақ, пойызбен еркін жүруге, оларға арналған көлік тұрағын пайдалануға  жағдай жасау да бар.

Сонымен қатар, 2012-2018 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және өмір сапасын жақсарту мақсатында бағдарлама қабылданды. Ал іс жүзінде қалай?

Осыдан біраз уақыт бұрын 30 жастағы Светалана Бухарова Ақтөбе әкімдігін сотқа берген. Ол 2010 жылдан бері бірінші топтағы мүгедек, арбамен жүреді. Светлана Бухарова 1981 жылы салынған үйде бесінші қабатта тұрады. Ақтөбе тұрғыны әкімдікті арбамен еш қиындықсыз далаға шығып, қайта кіруі үшін дәліздерге пандус орнатуға міндеттеуді соттан сұрады. 

Айта кетейік, «Мүгедектердің әлеуметтік құқық заңы» бойынша ғимараттың жобасын жасағанда және салғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустарды орнату қажет.

Осыған қарамастан Ақтөбе әкімдігі пандус орнату арқылы баспалдақтар тар болып, басқа тұрғындардың құқығын шектейтінін айтып, пандустарды орнатуға кететін қаржыны мүгедектердің өзі төлеу қажет екенін айтқан. Біраз уақытқа созылған бұл іс Светлана Бухарованың пайдасына шешілмеді.

Бірінші топтағы мүгедек бесінші қабаттан көшеге шығу үшін талай машақатты бастан өткергені хақ. Мұндай жағдайлар мүгедектердің құқықтарын шектейді. Мүгедек адамның қалыпты өмір сүріп, қалаған уақытында далаға шығып таза ауамен тыныстап, жұмыс істеп, білім алып, серуендеуіне кедергі келтіріп отыр. Пандустардың жоқтығынан төрт қабырғаға телміріп қалыпты өмірге тек терезеден қарап, адамдардың емін-еркін серуендеп жүргеніне қызығумен болады.

Светлана Бухарова өз құқығы үшін күресті. Сондықтан оның оқиғасын қазақстандықтар білді. Ал мүмкіндігі шектеулі болғанымен қоймай, жедел саты да жоқ, пәтер дәлізінде пантус та орнатылмаған адамдар үн-түнсіз тағдырдың жазуына мойынсұнып, отбасы мүшесін әуре-сарсаңға түсірмеуі үшін төрт қабырғада еріксіз қамалып отыр.

Қазақстан мүгедектер одағы мен Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаевтың айтуынша, Кеңес Үкіметі кезінде де, ҚР заңында да әрбір салынған ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген құрылғылар болу керек деп тасқа таңба басқандай жазылған. Алайда ол заң орындалмайтынын айтады.

«Біз мүмкіндігі шектеулі жан дегенде ең алдымен көз алдымызға мүгедектер арбасына танылған адамды елестетеміз. Шын мәнісінде олардан бөлек көзі көрмейтіндер мен есту қабілетінде мүкісі барлар да бар. Бірақ олар назардан тыс қалып отыр. Қазақстанның көптеген ғимаратында зағип жандарға арналған тақтайша орнатылмаған. Құлағы естімейтіндерге арналған аудармашылар жоқ. Алып Алматы қаласынның өзінде мылқаулардың тілінде сөйлей алатын 72 аудармашы ғана бар. Бірақ ол қайсібіріне жетсін. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізген компания онлайн аударма жасайтын планшеттерді қосымша қаражат шығарып сатып алғысы келмейді. Ал шетелдіктер салған ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған барлық жағдай жасалған. Себебі өркениетті елдерде құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ғимарат қатаң тексеруден өтеді. Егер заңда көрсетліген ережелер сақталмаған немесе бұзылған жағдайда ірі көлемдегі пайыздық көрсеткіште айыппұл салынады» дейді Әли Аманбаев.

Қазақстан мүгедектер Одағы төрағысы елде мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты көп заң қабылданғанын да атап өтті. Алайда заң орындалмағандықтан және қатаң бақылау болмағандықтан аталмыш мәселе туындап отыр. Соның салдарынан, мүгедектерге арналған жабдықтар орнатылғанның өзінде ол дұрыс жасалмаған. Мәселен, пандустардың ылдиы 5% болу керек. Алайда Қазақстандағы көп ғимарат пандусының ылдиы 15-20% дейін жетіп жатады. Мұндай пандустармен жүру өте қауіпті әрі ыңғайсыз.

Заңда мүгедектердің құқығын қорғайтын шешімдер әзірлеу, қабылдау кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдар мүгедектердің қоғамдық бірлестігімен және оның өкілдерімен ақылдасу керек деп көрсетілген. Бірақ оны ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Сондықтан осындай мәселелер туындап жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін білім алып, жұмыс істеп, серуендеуі үшін тек ғимараттар ғана емес, ұшақ, пойыз, метро және автобустар да бейімделген болуы шарт.

Әли Аманбаевтың айтуынша, бұл ретте де мәселе шаш етектен.

«Алматы қаласында  600-700 астам мүгедектерге бейімделген транспорт бар. Олар болғанымен оның жүргізушілері аталмыш автобустарды дұрыс жүргізуді білмейді. Ережені сақтамайды. Аялдамаларға жақын тоқтамайды. Аялдамаға қарай қойылатын құрылғылар бар. Жүргізушілер мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті қалай жүргізу керек екенін түсіну керек. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал әуежайлар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін  98% бейімделген. Мәселен, зағип жандарға арнайы құрылғы беріледі. Ол бойынша қолымен қажетті ақпаратты оқиды немесе бір түймені басу арқылы диктордан қажетті мәліметті ала алады.

Өкінішке орай, темір жол вокзалдарындағы жағдай мәз емес. Мүмкіндігі шектеулі жандардың пойыз арқылы жүруі мүлде қарастырылмаған. «Министрлікте ақша таба алмай жатыр» деген уәж айтады.

Метрода да арбамен жүретіндерге өте қиын. Десек те, метродағы олқылықтарды шешуге және мүгедек жандарға қарай бейімдеуге әкім тапсырма берді» дейді Қазақстан мүгедектер одағы мен Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы.

Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайды ескере келе бір мәселенің күрмеуі шешілмегендіктен одан да үлкен проблемамен кездесетінімізді аңғаруға болады. Ғимараттарды заңға сәйкес мүгедектер үшін қолжетімді етіп салмағандықтан олардың әлеуметтік қорғалуы, қоғамға бейімделу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Неге дейсіздер ғой. Себебі ЖОО, арнайы оқу орындарында көру, есту қабілетінде мүкісі бар және өзбетінше жүре алмайтындардың жүріп-тұруына арналған құралдар салынбаған. Мұндай жағдайда олардың оқу орнына барып, білім алуы мүмкін емес. Білімі болмағандықтан жұмысқа орналаса алмайды. Ал қара жұмыс істей алмайтыны бесенеден белгілі. Оқып, белгілі бір маман иесі атанып, жұмыс істеп, көшеге еркін шыға алмағандықтан қоғамнан оқшаулану, қалың бұқараға сіңісу проблемасы өршиді. Яғни жоғарыдағы мәселені шешпейінше мүмкіндігі шектеулі жандардың қалыпты өмір сүруі өте қиын.

Шетел тәжірибесіне сүйенсек, мүгедектерді қоғамға бейімдеу үшін 20-30 адамнан тұратын отбасы құрады. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар да, денсаулығында кінәрәті жоқ адамдар да бар. Отбасы мүшелері оларды жұмысқа апарып, бірлесіп тамақ жасап, өзбетінше өмір сүруге үйретеді, қоғамға бейімдейді.

«Ал Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды барлығын интернатқа апарып тастайды. Ол түрме секілді. Осыдан кейін қоғамға бейімдеу туралы айтудың өзі қиын» дейді Әли Аманбаев.

Осы тұста Facebook қолданушысының бір жазбасы есіме түсіп отыр. Оның мазмұны мынадай еді:

«АҚШ-та мүмкіндігі шектеулі жандардың көп екеніне таңқалдым. Қоғамдық көлікте де, тамақтану орындары, дүкендер барлық жерлерде мүгедек адамды көресің. Бірақ АҚШ-та мүмкіндігі шектеулі жан көп деген пікір қате болып шықты. Онда Қазақстандағыдай мүгедектер бар. Олар он екі мүшесі сау адамдар секілді жұмыс істейді, оқиды, қызығушылығына қарай курстарға барады, демалыс орындарында көңіл көтереді, сауда жасайды  т.т. Ал Қазақстанда мүгедектердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасалмағандықтан олар төрт қабырғаға телміріп отыруға мәжбүр» деп жазады.

АҚШ-та мүгедек жандардың құқығы жақсы қорғалған және әлеуметтік бейімдеу мәселесі мықтап қолға алынған. Бір ғана мысал келтірейін. Бұрынғы АҚШ президенті Франклин Рузвельт полимиелитом дертіне шалдыққан. Сондықтан мүгедектер арбасымен жүруіне мәжбүр болған. Алайда бұл жағдай оның ел басқаруына кедергі келтірмеді. Вашингтонда Рузвелтке арналған ескерткіш орнатылған. Ол Американың барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың ескерткіші болып есептеледі.

Қазақстанда да мүмкіндігі шектеулі жандар қоғаммен сіңісіп, өзбетінше өмір сүріп, Қазақстан бойынша басқа адамдар секілді еркін жүріп-тұруына толық құқылы және солай болуы тиіс. Алайда бақылау мен заңның орындалмауынан мүмкіндігі шектеулі адамдарды тар әлемге қамап ұстап отырмыз. Бұл тікелей мүмкіндігі шектеулі жанның құқығын шектеу. Жоғарыда айтылған мәселелер шешілмейінше әр адамның іні, қарындас, бауыр еті баласы мен бауырымыздың өмірінің тасада өте беретіні анық.

Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір