• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 23:49:56
Алматы
+35°

23 Ақпан, 2018 Әлеумет

Қалалықтар қоқырсыған қоқыстың арасында жүр

Астанадан жылына 300 мың тонна өндірістік және тұрмыстық қалдық шығады

Жалпы, елімізде қоқыс полигондарына жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қалдық шығарылады екен. Соның ішінде Астанадағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі шамамен 300 мың тонна болса, тәуліктік шығарылымы 800 тоннаны құрап отыр. Сол себепті, күн сайын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін «Астана Тазарту» ЖШС 23 учаскеде екі ауысыммен жұмыс істеуде. Оның біріншісіне 47, екіншісіне 23 арнайы техника жұмылдырылады. Сондай-ақ, 1 учаске контейнерлерін «Таза Әлем-Астана» ЖШС-нің жұмысшылары босатып отырады.

 

Көшеге тастайды

Бүгінде елорда тұрғын үйлерінің ауласындағы 1 мың 842 арнайы алаңына 9 мың 891 контейнер қойылған. Жоғарыда аталған қос мекеме жұмысшылары екі ауысыммен де үлгермей жатыр ма, әйтеуір, қоқыс пакеттері біз көрген контейнерлердің іші-сыртында бірдей үйіліп жатты. Тіпті, кейбір тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын пәтерінің алдына, сыртқы кіреберіске қоя салатын салдыр-салақтығына да куә болдық. Бір контейнерлік алаңға тоқтаған жұмысшыларды сөзге тартқанымызда, олар қала халқының дені қоқыс тастаудың өзінде қарапайым мәдениетті сақтауды білмейтініне налыды.

қоқыс

Швейцариядағы сияқты, Астанаға да қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған түрлі-түсті 160 контейнер орнатылған-ды. Қалалықтар қызыл, жасыл, сары және көк түсті төрт контейнердің қайсысына шыны, органика, пластик бұйымдар немесе қағаздарды тастау керегін шатастырмауы үшін олардың бетіне нұсқаулық та жазылды. Сондай-ақ, бірнеше сауда орталықтарына істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын 10 экобокс қойылды. Дегенмен, бас қала тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне әдеттегідей бір пакетпен лақтыра салуда. Сұрыптап тастауды әлі дағдыға айналдыра қойған жоқ.

қоқыс

Біз осындай олқылықты азайтуға өз септігін тигізгісі келіп, жеке кәсіп ашқан астаналық жігітке хабарластық. Бастапқыда «Бәйтерек» монументінің жанындағы «Дипломат» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің есік алдынан қоқыс салынған пакеттерді үнемі жинап жүруді көздеген оның талабы да ұзаққа бармапты. Есімін айтуды жөн көрмеген жеке кәсіпкер: «Қызметтің бұл жаңа түрі дәулетті тұрғындар арасында сұранысқа ие бола бастап еді...», – дейді. Алайда, оған жергілікті билік тарапынан тыйым салыныпты. Сөйтіп, кіреберістер мен аулалаларда айра-жайра болып жатқан тұрмыс қалдықтарын қоқыс контейнерлеріне тастайтын шағын кәсібін одан әрі дамытып, арнайы жұмыс киімін тіктірмек мақсаты орындалмай қалған. Әйтпесе, көрсеткен қызметі үшін оған әрқайсысы күніне 28 теңгеден, айына 750 теңгені қолма-қол төлеп жүрген тұрғындардың да саны арта бастаған көрінеді. Ол осылайша «адамдардың жалқаулығын табыс көзіне айналдыру» тәжірибесін сондағы ПИК-пен келісіп, жеделсатыларға хабарландыру ілу арқылы жүзеге асырған...

қоқыс

Әкімдік өкілдеріне талапты азаматтың несімен жақпай қалғанын қайдам, әйтеуір, көшені қоқыспен ластау мәселесін Елбасының өзі екі мәрте алға тартқан еді. Ол 2012 жылы тәртіп сақшыларына қоғамдық орындарда тазалық сақтамайтын адамдарды қатаң жазалауды ұсынды. Сол сәтте: «Мұндай адамдарды 3 тәулікке қамау керек», – десе, 2015 жылғы сөзіне «көше ластайтындарды таяқпен жазалайтын» Сингапурды мысал етті. Сондықтан да Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 434-бабына сәйкес, мұндай «ұсақ бұзақылық» үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Оның Астанада жүзеге асырылу барысын біз қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметіне хабарласып білдік. Сондағы мәліметке сүйенсек, елорда сақшылары 2017 жылдың қорытындысы бойынша 790-нан астам әкімшілік істі қараған. Оның ішінде қоқысын қоқырсытып қойған 42 азамат әкімшілік қамаққа алынып отыр.

 

Даладан жинайды

Мәселен, Швецияда тұрмыстық қалдықтар электр қуаты ретінде пайдаланылса, әлемнің ең таза елінің бірі саналатын Сингапурде қоқыстардың 90 пайызы қайта өңделеді. Сондай-ақ, ол Германия мен Жапонияда 30 пайыз, АҚШ-та 27 пайыз және Швейцарияда 25 пайыз үлесті құрайды. Осылайша қоқысты қайта кәдеге жарату дамыған елдерде экономика дамуының қозғаушы күшіне айналып, біраз адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

қоқыс

Өзімізге келсек, қазір Қазақстанда 43 миллиард тоннаға жуық өндірістік және тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Өкінішке қарай, оның тек 5 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Демек, елімізде қоқыс көп бола тұра, оны өңдейтін зауыттар өндіріске жарамды шикізатқа жарымай отыр. Соған қарамастан, Астанада 2012 жылдың желтоқсанынан бері «Алтын-ТЕТ» деп аталатын серіктестік жұмыс істеп тұр. Онда 5 жылдың ішінде 1,5 миллион тоннадай қатты қалдық сұрыпталып, қайта өңдеуден өткен. Кешеннің бас директоры Егор Зингердің айтуынша, қайта өңдеудің жобалық қуаттылығы жылына 250-300 мың тоннаны құрайды. Алдын-ала сұрыпталмаған қоқыстың арасында ірі қалдықтар да көп. Алайда, олар барлығын қоса өңдеп, полигонға кететін қоқысты 3 есе жеңілдетіп жатқан көрінеді.

– Сұрыпталған қалдықтардан қағаз, экомақта, пластмасса, полиэтилен, пластика, қара және түсті металл шығарылады. Тұрғындар үшін қоқысқа қағазды бөлек, қатты заттарды бөлек тастап жүргеннен, барлығын бірдей лақтыра салған оңай. Оның үстіне, сұрыптап тастау үшін әр жәшіктің қасына бір-бір адамнан бекітіп, әрқайсысын жеке-жеке алып кететін арнайы көлік болуы тиіс. Зауытқа апарғанда да қабылдап алатын мүмкіндік керек. Бұл мәселелер шешімін таппайынша, жобаны жүз пайыз жүзеге асыру қиын. Сондықтан бізге алдымен адамдардың санасын өзгерту қажет, – дейді «Алтын-Тет» ЖШС-нің бас директоры.

мусор

Расында да экологиялық кодекстегі 288-баптың 3-бөлімінде «қауіпсіз жағдайда сақтауға арналған орындарда тұрмыстық қалдықтар 3 жыл ғана сақталуы тиіс» деп көрсетілген. Осы мерзім ішінде қайта өңдеуден өткізілуі немесе жерге көмілуі шарт. Біз сол үдерістің қалай жүріп жатқанын білмек болып қаладан 6 шақырым қашықтықта, яғни Алаш тас жолының бойында орналасқан қоқыс полигонына бардық. 1974 жылдан бастап пайдаланылып келе жатқан бұл жалғыз санкцияланған орынның зауыт салынбай тұрған жылдардағы қолқаны қапқан иісі азайған. Шағын бір ауылдың көлеміндей аумақты қамтып жатқан полигондағы жыртылып-айрылатын қарға-құзғын, өгіз шағалалардың арасында қыз-қыз қайнаған тірлікке білек сыбана кіріскен жұмысшылардың қарасы көп. Арасында қоқысты сұрыптап өткізу арқылы өз нәпақасын тауып жүрген тұрғындар да бар. Қоянды ауылынан келген екі жас жігітті сөзге тартқанымызда, олар полигоннан қанша ақша алатындарын жасырып, бізден бойларын ала қашты. Ал зауыт өкілдері ол аумақты суретке түсіріп алуымызға рұқсат бермеді.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір