• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 20:53:43
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2018 NEWS

Пошта маркасы мен ескерткіш монетасы жарық көрді

Кинокадр ретінде жасалған монеталар 925 сынамды күмістен жасалған

«Қазпошта» АҚ «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясы бойынша «Қазақ анимациясына 50 жыл» тақырыбында пошталық марка шығарды. Пошта айналымына енгiзiлiп отырған бұл маркада қазақ мультипликациясының атасы атанған режиссер-аниматор Әмен Қайдров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің кадрлары бейнеленген деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

- 50 жыл бұрын ВГИК түлегі (Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институты), жас суретші Әмен Қайдаров көрермен назарына өзінің дипломдық жұмысы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмін ұсынды. Сол кездері ол қазақ кино өнерінің жаңа бір саласы – қазақ анимациясының негізін қалағанын білмеген де шығар. Алайда, сол кездерден бері бұл жанр көптеген белестерді бағындырып, қиындықтарды да бастан кешірді. Сондықтан да, қазақ кинематографиясының өркендеуіне үлкен үлес қосқан хас шеберлердің құрметіне осындай іс-шаралар көптеп өткізілуі тиіс,- деді «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков.

Бір парағында 6 маркасы бар естелік пошта марка төрт бояулы офсетті баспада жасалған, перфорациясы жоталы. Жалпы марканың өлшемі 140х80 мм, номиналы – 100 теңге. Маркалардың таралымы – 6000 дана. Аталған марканы поштаның барлық бөлімдерінен, сонымен қатар «Қазпошта» АҚ сайтынан сатып алуға болады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі номиналы 500 теңгелік «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды.

Кинокадр ретінде жасалған монеталар 925 сынамды күмістен жасалған. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде мемлекеттік тілде «Қазақстан Республикасы» және орыс тілінде «Республика Казахстан» деген жазба бар. Төменгі бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 24 g.» деген жазба және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бейнеленген. Сол жағында монетаның жиегінде анимациялық фильмнің экранға шығу жылы – «1967», оң жағында монета соғылған жыл – «2017» орналастырылған.

Монетаның екінші жағында анимациялық фильмнің түрлі түсті кадры орналасқан. Сол бөлігінде монетаның жиегінде мемлекеттік тілде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» және орыс тілінде «Почему у ласточки хвост рожками» деген жазба орналасқан. Түсі түрлі түсті басу технологиясы арқылы орындалған. Монетаның таралымы – 500 дана. Монеталар 2017 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында сатылымға түскен.

Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ «Монеталардың Интернет-дүкені» www.nationalbank.kz  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.

Естеріңізге сала кетсек, Әмен Қайдаровтың мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегі желісі бойынша жасалған. Бұл мультфильм ең алғаш 1967 жылы Мәскеуде көрсетілді.  Балдырған ұл-қыздарымызды адалдық пен мейірімділікке тәрбиелеген көркем шығарма әлемнің 48 елдерінде көрсетіліп, көптеген халықаралық фестивальдерде жүлделі орындардан көрінген.

Мультфильм Ленинград қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальдің жүлдесімен, ал 1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық мультфильмдер кинофестивалінде қола Праксиноскоп жүлдесімен марапатталған. Дарынды суреткер Әмен Қайдаровтың қолынан шыққан «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Құрылысшы Қожанасыр», «Күн сәулелі қоян», «Қырық өтірік» сынды басқа да туындылары қазақ анимациясының тарихында алтын әріптермен жазылған.

2011 жылы қыркүйек айында өткен VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясының территориясында орналасқан Жұлдыздар Аллеясында суретші, кинорежиссер, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан-2002» Тәуелсіз жүлдесінің иегері, КСРО кинематографистер одағының мүшесі, суретшілер одағының мүшесі, профессор Әмен Қайдаровтың құрметіне естелік тақта орнатылған.

2013 жылыдың 18 қыркүйегінде IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында Ш.Айманов атындаы «Қазақфильм» АҚ шығарған Әсия Байғожинаның «Әмен Қайдаров. Ертегі хикаялары» атты деректі фильм жарық көрді. Сол жылы желтоқсан айында Әмен Қайдаровқа «Қазақ анимациясының дамуына қосқан үлесі және жеткен жетістіктері үшін» «Алтын адам» жүлдесі табысталды. Талантты режиссер 2015 жылы 92 жасында дүниеден өтті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір