• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:47:56
Алматы
+35°

21 Қараша, 2017 Әдебиет

Өлім мен адамның көз жасына куә болған жердегі ауыр жағдай...

Армангүл алғаш балалар ауруханаға келгенде бір жағдайдың куәсі болды...

Армангүлдің балалар ауруханасында жұмыс істегеніне көп уақыт болмады. Алайда, небәрі 5 айдың ішінде балалардың өлімін де, тағдыр тәлкегімен сал болып қалған балаларды да, дүние есігін ашпай жатып түрлі ауруға шалдыққан сәбилерді де, баласы ауру болып туғандықтан оны тастап кетіп жатқан тас бауыр ата-ананы да, жарық дүниеге келгеннен күннен бастап бірден қиындықпен бетпе-бет келген ауыр тағдырға да куә болды. Талай ата-ананың көз жасын да, қуанышын да көрді.

Оқуды жаңа ғана тәмамдаған жас қызға бастапқы кезде мұның барлығы қорқынышты түстей көрінді. Әр отбасының қайғысын жүрегіне жақын қабылдады. Солармен бірге жылап, бірге күлді. Аурухана - өмірдің ащы шындығын, ұшы қиыры жоқ теңіздей көрінетін өмірдің өлшеулі екенін әркез көзге шұқып көрсетіп тұратын және бақыт, қуаныш, шаттық, жетістік, махаббат, достық секілді өмірдің түрлі-түсті, әдемі тұсына кереғар күн мен түн секілді қараңғылықтың бар екенін еске салып тұратын жер секілді. Әр бұрышы адамның көз жасын, қиындығын, ауруынан арылғандағы қуанышынан сыр шертіп тұрғандай. Армангүл аурухананы дәл осындай күйде көреді, сезінеді.

Армангүл алғаш балалар ауруханасына келгенде бір жағдайдың куәсі болды. Сол жағдай оның мәңгі есінде қалды.

Ауруханаға 18 жастағы қыз шаранасымен түсті. Жап-жас қыздың туыс, туғандары жоқ па әлде оның босанғанын білмей ме, әйтеуір оның артынан ешкім  іздеп келмеді.

Армангүл үшін әдеттегі күн басталды. Таңғы ас, үйден жұмысқа дейін сол баяғы күнде көретін жол. Алайда ауруханадағы жағдай әдеттегідей емес еді. Қызметкерлердің барлығы әрі-сәрі. Ауруханаға сәбиімен түскеніне 3 күн болған әйел қызын тастап ауруханадан қашып кетіпті. Армангүл 18 жастағы қыз балалық жасап кетіп қалған болар деп үміттенді. Оны кешке дейін күтті. Өкінішке қарай, көкек ана баласын іздеп кешке де, ертесі күні де, одан кейін де келмеді.

Шарана анасын іздеп күні бойы жылады. Аурухана қызметкерлері өлімге де, балалардың көз жасына да әбден еті үйреніп кеткен. Сондықтан оны күні бойы жұбатып, көңілін аулаған ешкім болмады. Армангүл  қолы босағанда сәбиге қарайласты, алайда жұмыстың көптігінен күні бойы жанында бола алмады.

Армангүл кешке жұмыстан кейін сәбиді бір көріп кету үшін келді. Арада 3, 4 күн өтіп кеткен. Сәби бұрынғыдай жыламайды. Келесі күні де дәл солай. Анасынан айырылған күндері тоқтаусыз жылаған бала, бірнеше күн үнсіз жатыр. Бұл тіпті сәбидің табиғатына жат. Дүние есігін енді ғана ашқан сәби енді оны ешкім жұбатпайтынын кішкентай жүрегімен сезген секілді. Ол бұл өмірде жалғыз. Өмірдің соқпағын, ауыртпалығын да енді жалғыз өзі көтеретінін түсінгендей. Оның еркелігін көтеріп, іңгәлаған дауысын ести сала жанынан табылатын анасы оны тастап кеткенін ұққандай.

Армангүл сәбидің осы бір жағдайын көріп жүрегі елжіреп кетті. Көзіне жас алды. Өмірге келгені кеше ғана, алайда оның ащы дәмін сезіп үлгергені көңілге кірбің түсірді. Ең сорақысы, қашқын анасы «баладан бас тартамын» деп жазбағандықтан, оны ешкім асырап та ала алмайды екен. 

Армангүл уақыт өте келе баласынан бас тартқандар мен 18 жастағы көкек ана секілді қашып кеткендердің сәбиі де жалғыз қалғандай күй кешетінін түсінді. Тастанды сәбилер көп жыламайтынын байқады. Себебі оларды жұбататын ешкімі жоқ екенін кішкентай жүрегімен сезеді.

Әсем Әлмұханбет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір