• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:23:00
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 Сұхбат

Нұргүл Жанназарова: Жемқорлықпен күрес- аса маңызды стратегиялық басымдылық

Әлеуметтік-экономикалық даму динамикасының қанат жаюына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Соның бірі - сыбайлас жемқорлық.

Әлеуметтік-экономикалық даму динамикасының қанат жаюына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Соның бірі - сыбайлас жемқорлық. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірнеше әдісі бар. Мамандар болса бұл ретте принциптік және жүйелі сипат болса, індеттің бұл түрін жоюға болатынын алға тартады. Ал заңдылықты қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Алайда сол заңдылықтар қаншалықты сақталып жүр, өңірімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу мақсатында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанназарова Нұргүл Алмасқызымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.


 -Нұргүл Алмасқызы, Елбасы биылғы жолдауында жүзеге асырылуы тиіс негізгі 10 бағытты айқындап берді. Өзіңіз қандай ой түйдіңіз?

-Жолдаумен мұқият танысып шықтым. Биылдың өзінде алдымызда үлкен міндеттер тұр. Мәселен, 8-ші бағытқа тоқталып өтетін болсақ, Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік беретінін, әкімшілік шығындарды азайту үшін  ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіріп, босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажеттігі айтылды. Осылайша орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілмек. Бұл ретте Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыру тапсырылды. Яғни, бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кешенді және жүйелі сипат алып отырғандығын аңғаруға болады. 

-Аймақта сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы не айтар едіңіз?

-Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 812 іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 230 417 адам қамтылды. Атап айтқанда семинарлар және лекциялар - 631, дөңгелек үстелдер - 34, форум және конференциялар - 24, интеллектуалдық конкурстар - 17, флешмобтар - 9, спорттық іс-шаралар - 38 және бұқаралық акциялар - 59. Айта кету керек, 2017 жылы алдыңғы 2016 жылмен салыстырғанда, атқарылған іс-шаралар екі есе көп болды. Әрине, көрсеткіш қуған жоқпыз, біздің ұжым үшін жасалған жұмыстар маңызды болды. Оның ішінде негізгі күш жігерімізді сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға жұмсадық. 

-Нақты қандай шаралар, қанша адам тартылды, атап өтсеңіз?

-Келтіретін мысал жетіп артылады. Ақтау қаласының  теңіз  жағалауында  1000-ға жуық қоғамның түрлі мақсатты топтардың өкілдерін қамтыған «Парасыз болашаққа бірге!» атты шара өтті. Онда Әділбек Ниязымбетов, Наталья Солодилова секілді атақты спортшылар республикалық  сыбайлас жемқорлыққа қарсы акцияны қолдауға шақырды. Сонымен қатар, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг және Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеттері студенттерінің қатысуымен 3000-ға жуық адамды қамтыған «Адал бол!» республикалық акциясы шеңберінде жастармен флешмобтар ұйымдастырылып, арнайы дайындалған бейнероликтер ғаламтордағы әлеуметтік желілерге орналастырылды. Бұдан бөлек ҚР Президенті  жанындағы Мемлекеттік  басқару  академиясының вице - ректоры Әлтайыр Ахметов Түпқараған  ауданы Ақшұқыр  ауылындағы  М.Әбдіхалықов  атындағы мектеп гимназиясының жоғары сынып оқушылармен кездесіп, «Адал  ұрпақ» ерікті  мектеп  клубының  жұмысымен  танысты. Бұл кездесуге барлығы 500-дей оқушы қатысты. 

-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған мобильдік топ жұмысы туралы не айтар едіңіз?

-Мобильдік топ өткен жылы 9 наурызда құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, журналистер мен блогерлер кірді. Жалпы мобильдік топты құрудағы негізгі мақсат - тұрғындарға Елбасы Жолдауының бесінші басымдығында көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге қатысты басым-бағыттарды түсіндіру ғана емес, сонымен қатар азаматтардың арыз-шағымдарын жедел түрде қабылдау болып табылады. Осы уақытқа дейін мобильдік топ тұрғындар және еңбек ұжымдарымен 243 кездесу мен қоғамдық қабылдау өткізіп, нәтижесінде жалпы саны 38 787 адам қамтылды. Нәтижесі де жоқ емес. Бір ғана мысал, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы әкіміне қатысты шешімін таппай жатқан әлеуметтік мәселелер және әкімге жеке қабылдауға кіруге мүмкін еместігі туралы шағымдар түсіп, аумақтық департамент тарапынан тиісті ұсыныс облыс әкімі аппаратының басшысы және аудан әкіміне жолданып, ауылдың бұрынғы әкіміне тиісті шара қабылданды. Алдағы уақытта мобильдік топ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмысын жалғастыра береді.

-Білуімізше арнайы мониторингтік тобы да құрылған болатын. Ол қандай мақсатта құрылған еді?

-Маңғыстау облысы әкімдігінің 29.03.2015 жылғы № 297 қаулысымен «ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі Маңғыстау облысының 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, әкімдікке қарасты басқармалар, қала-аудан әкімдіктеріне және облыс аумағындағы өзге де мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктелген болатын. Осы Жоспардың орындалу барысын сыртқы талдау және бағалау бойынша Департаменттің 17.11.2016 жылғы №58 бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері арасынан құралған Арнайы мониторингтік тобы өз жұмысын бастады. 

-Көптеген мемлекеттік органдар БАҚ тығыз қарым-қатынас ортануға асықпайтыны белгілі. Ал сіздің департамент журналистермен кез-келген уақытта жұмыс жасауға дайын деп айта алар ма едіңіз?

-Әрине. Біздің есігіміз журналистер үшін әрдайым ашық. Өз құзіреттілігімізге байланысты, кез-келген ақпаратты дер кезінде беруге дайынбыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында кең ауқымды насихат жүргізу  арқылы азаматтардың санасына сыбайлас жемқорлықтың кез-келген түріне төзбеушілікті сіңіру қажет деген ұстанымды басты назарда ұстауға тырысамыз. Мәселен, өткен жылы 8 қарашада Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездестім. Негізінен брифинг «100 нақты қадам Ұлт жоспарының өңірдегі орындалысы» тақырыбына арналды. Брифингте аумақтық департамент қызметінің негізгі басым-бағыттарының 2017 жылдың 10 айының қорытындысы туралы баяндама жасап, жұртшылықпен кері байланыс механизмдерін жетілдіру бағытында аумақтық департаментте ашылған 8707 170 1424 шұғыл желісі халыққа жарияланды. Сондай-ақ, 22 қарашадан бастап облыстық «Маңғыстау» телеарнасымен бірлесіп аумақтық  департаменттің  жаңа «Мемлекеттік қызмет хабаршысы» атты апталық тележобасының алғашқы бағдарламасы эфирге шықты.  Тележоба мақсаты қоғамда мемлекеттік қызметтің оң имиджін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ, 7 желтоқсанда М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында мемлекеттік органдар, үкіметтік емес, этномәдени, діни, жастар, ардагерлер ұйымдары, БАҚ өкілдерінің, мәслихат депутаттарының қатысуымен жалпы саны 200-ден астам адамды қамтыған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шара барысында 2017 жылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін қоғамдық ұйымдардың, этномәдени, діни бірлестіктердің, мәдениет, білім беру саласының, мемлекеттік органдардың, БАҚ өкілдері облыс әкімі және аумақтық департамент  басшысының атынан марапатталып, өнер ұжымдарының концерті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үндейтін Жаңаөзен қаласы шығармашылық жастар ұжымының театрландырылған қойылымы жұртшылықтың назарына ұсынылды. 

-Көшелерде танымал тұлғалар бейнеленген флайерлер мен билбордтар көбейген сияқты. Нәтиже боларына сенімдісіз бе?

-Әрине нәтиже боларына сенімдіміз. Осы арқылы ауқымды шаралардан тыс қалмай, заңсыз әрекеттерге қарсы тұруға шақырамыз. Бұл кез-келген адамға ой салады деген ойдамыз. Сондықтан да, мұндай бастамалар әлі де жалғаса беретіні сөзсіз. Негізінен бұл шаралар өткен жылы департамент тарапынан бастау алған болатын. Соның бірі «Есіктен есікке» деп аталатын жоба. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік және қылмыстық  жауапкершілік қарастырылғанын еске салу, 1424 Call-орталығы туралы ақпарат елімізге белгілі тұлғалар Серік Сапиев, Аружан Саин, Асанәлі Әшімов, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева сияқты беделді жоғары оқу орындары басшылары мен белгілі қоғам қайраткерлерінің бейнелері бейнеленген флайерлер мен буклеттер, облыстағы коммуналдық қызметтердің төлем түбіртектері арқылы абоненттерге жүйелі түрде таратылуда. 

-Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар болды ма? Әсіресе құқық қорғау органдары тарапынан, мысал келтіріп өзсеңіз?     

-Әрине. Жалпы бірнеше мысал келтіруге болады. Соның кейбіріне тоқталып өткенді жөн санап отырмын. Департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы бойынша ағымдағы жылдың осы уақыты аралығында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің  676 бабымен яғни, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі фактісімен С.Кутыбаевқа және С.Кыдырбаевқа қатысты 2 – әкімшілік хаттама және 677 бабымен яғни, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаның не оған теңестірілген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алу дерегі бойынша Т.Бақытовқа қатысты 1 – әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулыларының негізінде аталған тұлғалар тиісті жазаларын алды. Нақтырақ тоқталсақ, өткен жылы 16 маусым күні сағат 22:10 шамасында облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция қызметкері М.Сенгеров Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы, Д.Тажиев көшесінің бойында жүк автокөлігін тоқтатқан. Камаздың жүргізушісі С.Кутыбаев полиция қызметкері М. Сенгеровке 1000 теңге көлемінде заңсыз сыйақы ұсынған. Департаментпен С.Кутыбаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 676 бабымен толтырылған әкімшілік хаттама негізінде, Бейнеу аудандық сотының 2017 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен С.Кутыбаев 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 453.800 теңге айыппұл салуға жазаланды. 

-Сайт оқырмандарына айтарыңыз бар ма?

-Елбасының биылғы жолдауында жүзеге асырылуы тиіс негізгі 10 бағытты айқындап бергенін айтқан болатынмын. Соның ішінде сегізіншіден бөлек тоғызыншы бағыт та өзекті. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғасатынын және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты. Яғни, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында көптеген жаңа міндеттер айқындалған. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық басымдығы болып қала бермек. Ал бұл проблемамен күресу бір немесе бірнеше органның міндеті деп қабылдасақ, онда қателесеміз. Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіргенде ғана осы құбылысқа қарсы күресе аламыз және оның нәтижесін көреміз. Ал егер де, сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт екендігін жақсы түсінсек, ол үшін барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз қажет. Яғни, сыблайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған барлық шараларға белсенді қатысып, өзіңіздің азда болса үлесіңізді қоссаңыз, түбінде нәтиже болатынына еш күмән келтірмеуіңіз керек.

Нұргүл Алмасқызы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.  

Сұқбаттасқан Нұрбол Оқуов

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір