• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:18:21
Алматы
+35°

18 Тамыз, 2017

Нұрбақыт Қожаұлы — Қырға барсам

Нұрбақыт Қожаұлының әндері алуан түрден, алуан тақырыптан болып, өзіндік болмысы қалыптастырған ұлттық бояуы қанық, құрылымы шымыр болып келеді.

Әлем қазақтарына ақпарат тарататын Qamshy.kz ақпарат агенттігі көші-қон тақырыбында жиі қалам тербейтіндіктен елдің іші-сыртындағы қазақтардың мәдени байланысы туралы да көптеген мақалалар жариялап, Атажұртқа даңқы жетпеген өнерпаз жандарды оқырмандарына таныстырып жатады. «Қамшының» келесі кейіпкері композитор Нұрбақыт Қожаұлы.

Qamshy.kz оқырман назарына сазгер турасындағы Жеңіс Зейнелұлының пікірі мен Нұрбақыт Қожаұлының бірнеше әндерін ұсынады.

«Сазгердің әндеріне тоқталудан бұрын жалпы ән қақында тоқтала кеткен жөн секілді. Ән жалпы адамзат өркениетінің бір бөлегі болған музыка мәдениетінің бір тарауы, бір болғанда бірегейі болып, ұлттың, ұлыстың туған табиғатына, жасаған ортасына, салт-санасына, қорыта айтқанда ана тілі мен тамырлы діліне байланған ұлттық ойлау жүйесі (түйсік) жемістерінің бірі болып, көркемдік бейнелеу тәсілі. Әнде сол ұлттың түйсігіне байланысты музыкалық бейнелеу қуат болып, сол ұлттың ән бөгенайы (ен таңбасы) мұндалап тұрады. Міне бұл біз үнемі айтатын әндегі ұлттық бояу-ән дәстүрі. 

Нұрбақыт Қожаұлының әндеріне келер болсақ айтылған ұлттық бояу ен таңба ұлтымыздың ән (музыка) бояуын мықтап бойына сіңірген, сондай-ақ кәдеге жарата білген, сонымен бірге ән өнерінің, сайып келгенде тіл (сөз) өнері екенін аңғара білген. Музыканың ана тілімізбен, ділімізбен етене байланысын өз А Өз әлінше меңгере білген сазгер. Дәлелі: сазгердің «Қырға барсам»,  «Кертөбел атпен қоштасу»,  «Толға домбыра» тағы да басқа ән музыкалары өлең сөздің ажарын айшықтай аша түседі де тыңдаған жанның көңіл көгінде бірде тіленіп ұшқан қыран құстай қалықтаса, бірде төске өрлеген тұлпардай дүбірімен жүрек қылын тербейді. Аталған әндерді тыңдап көріңіз. Сонымен қоса сазгер ұлтымыздың вокалдық ән мәдениетіне де бой ұрған, өрелі әндер жазған. Дәлелі:  «Бұлбұлым»,  «Сағынып кеттім»,  «Абыз елдің мекені»,  «Сағыныш»,  «Туған жер» қатарлы бір қыдыру шығармаларында айшықты вокалдық шығармалық өре байқалады да недәуір жоғары кәсіптік өреге сұраныс береді. Сонымен қоса эстрадалық әндерімен айшықты балалар әндері шығармаларынан орын алған.  

Сазгердің ән жасампаздық ерекшелігі қалыптық форма жағынан табиғи қалыптағы шығармалардан тыс, гармониялы қалыптағы және мелодиялық қалыптағы шығармалары бар. Сонымен бірге өлшемдік жақтан қатаң ұяңдық салыстырмасы алуан түрлі, әр түрінен табылады. Екі ударлық, үш ударлық әндерден тыс, алты ударлық, бес ударлық өлшеммен қоса, аралас өлшемдегі шығармаларда бар. Ритмдік формасы жағынан да алуан түрлі. Толық тактты шығармаларға қоса толықсыз такт ұяңнан басталған шығармаларда кездеседі, әрі алдын ала шыққан дыбыстармен кейінге созылған (такт аттаған) дыбыстарда кездеседі. Міне бұл түрдегі ерекшеліктер музыканың алуан түрлілігін, бай мазмұнды бейнелеу қуатын көрсетеді. 

Қорыта айтқанда Нұрбақыт Қожаұлының әндері алуан түрден, алуан тақырыптан болып, өзіндік болмысы қалыптастырған ұлттық бояуы қанық, құрылымы шымыр болып келеді. Сазгер Нұрбақытты ұлтымыздың тіл өнерімен музыканы айшықты қабыстыра білген өзіндік даралық қалыптастырған айтулы сазгер деуге әндері дәлел. Шығарманың құндылығы тыңдармандардың қалауынан шыға білуінде. Осы тұрғыдан алғанда да сазгердің ән шығармаларын толық қанды шығармалар деуге тыңдармандары және әндерінің өзі куә.»

Қырға барсам

С:Бәйтік Дүйсебайұлы

М:Нұрбақыт Қожаұлы

Даңғаза қаладан да қалжырадым,

Аңсадым әсем үнін домбыраның.

Кетер ме ем жүрісті  атпен жолға шығып,

Қазақтың шырқай шырқай халық әнін.    Па, шіркін!

 

Мен өрлеп қыран құлдап тасып жатса,

Өркеші өткел бермей басым қатса.

Мойынынан су сорғалап қайың терек,

Сәскеде жауған жаңбыр ақырласса.        Па, шіркін!

 

Сол сәтте кемпір қосақ доға тартса,

Бір ұшын доғасының маған артса.

Беткейден суырлары аңқиттаса,

Шақырса көкек қонып оба тасқа.            Па, шіркін!

 

Орындап оркестрін орман тұрса,

Көңілім балқып кетсе қорғасынша.

Жем іліп ұясына бүркіт тартса,

Жанымда жаңаша бір арман туса.          Па, шіркін!

 

Маңында мың бүктеліп дала жатса,

Құрдасың құс салдырып аң аулатса.

Сапырып сары қымызын замандасым,

Ауылды дүрліктірсек таң атқанша.         Па, шіркін!

 

 

Тамылжып таң атпай түн тұра тұрса,

Іргеден қауашақтан гүл ашылса.

Шабытым шарықтаса жыр оқылса,

Қасымда термеші бір қыз отырса.          Па, шіркін!

 

Жалықтым қала дейтін түғырымнан,

Сәлемі де сатулы тұрғынынан.

Жылына қырға барып бір келмесем,

Менде өзгеріп кетермін бұрынғымнан.    Па, шіркін!

 

Даңғаза қаладан да қалжырадым,

Аңсадым әсем үнін домбыраның.

Кетер ме ем жүрісті  атпен жолға шығып,

Қазақтың шырқай шырқай халық әнін.     Па, шіркін!

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір