• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:39:26
Алматы
+35°

21 Қаңтар, 2018 Сегіз өрім

Мирзияевтің мысалдары қазаққа сабақ бола ма?

«Өліара шақ» күндердің күнінде қазақтың да алдынан бір шығары анық...

«Өзбек билігі тұңғыш рет халықтың жүзіне тік қарады!» Қазір мұндай сөзді Орталық Азиядағы БАҚ-ты былай қойғанда, батыстағы басылымдар да жиі айтып қалып жүр. Сырткөзге кешегі тұмшаланған жабық елдің тымырсық күндері тағында «мүлгіп» кеткен Ислам Каримовпен бірге сөнгендей әсер қалдырады. Өзбекстанның жаңа басшысы елді 30 жылға жуық жеке-дара билеген диктатордың тұсындағы саяси ұстанымдарды 180 градусқа кері бұрды. Бір таңданарлығы, Шавкат Мирзияев те Ислам Каримовтың кадры еді. Ол екі аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ. Бірақ Өзбекстанның саяси өміріне ешкім күтпеген үлкен  өзгерістер енгізді. Бұған не себеп? Жаңа басшы И.Каримов сызып берген басқару үлгісінен неге бас тартты? Qamshy.kz ақпарат агенттігі Шавкат Мирзияевтің билікке келуінен бастап, Өзбекстанның бүгінгі беталысына шолу жасап көрген еді.

Билікке қалай келді?

«Каримов комада жатыр» деген ақпарат тараған 2016 жылдың тамызында-ақ биліктің ұшар басында ауыс-түйістің болатыны аңдалып қалған. Ең ықтимал үміткерлер есебінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рустам Иноятов пен сол кездегі үкімет басшысы Шавкат Мирзияевтің есімдері аталған еді. Р.Иноятов бұл қызметті тапжылмай сонау 1995 жылдан атқарып келе жатыр. И.Каримовтың қауіпсіздік саласын тегін адамға ұстатпайтыны белгілі. Демек ол президенттің ең сенімді серігі. Ал Ш.Мирзияевтің үкімет басқарғанына 15 жылға жуықтаған. Бірақ ел назарындағы екеудің артықшылығы тек қызметтеріне ғана байланысты емес. Ташкенттің саяси әлемінен хабары бар адамдар «Каримовтің есігін именбей ашатын нақ осы екеуі еді» деседі. Әрине, Ұлттық қауіпсіздік комитеті орасан күш. Алайда Ішкі істер минстрлігі мен Қорғаныс министрлігі тікелей Ш.Мирзияевке қарады. Оның үстіне ірі қалалар мен аймақтарды басқарған хокимдер тегіс үкімет басшысына бағынатын. Осындай артықшылықтар көзге көрінбейтін Ташкенттің ішкі тартысында Ш.Мирзияевтің атын оздырған секілді.

Негізі Конституция бойынша оқыс жағдай орын алып, президент өз өкілетін жүзеге асыра алмай қалған жағдайда парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы үш ай мемлекет басшысының міндетін атқаруы тиіс-тін. Бірақ сенат төрағасы Нигматилла Юлдашевтың өзі президенттің құзыретін уақытша атқару міндетін Мирзиеявке жүктеуге қатысты ұсыныс жасаған. Мұндай ұсынысты өзі жасады ма, әлде жасауға мәжбүр етті ме, ол енді басқа мәселе. Анығы, тізгінді уақытша қолға алғанда-ақ келесі президенттің кім болатыны айқындалды. Себебі сайлауға түсіп, бағын сынаған Хатамжон Кетмонов, Наримон Умаров, Сарвар Отамурадов секілділер Ш.Мирзияевке шын мәнінде бәсекелес болуға татымайтын. Ал Р.Иноятов сайлаудан тыс қалды.

Ш.Мирзияевтің жоғары биліктегі алғашқы қадамдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысынан қауіп күткендей әсерге бөлейді. Мәселен ол ел тізгінін уақытша алған күннің ертесінде-ақ Президенттің күзет қызметінен бас тартты. Бұл құрылым негізінен ҰҚК қызметкерлерінен жасақталатын. Ал бір айдан соң Ш.Мирзияев президенттің қауіпсіздігіне жауапты ҰҚК-ның 200 қызметкерін жұмыстан босатып жіберді. Кейін, сайлауда жеңіске жеткен президент ҰҚК-ны аяусыз сынады. Көшеде шемішке сататын әйелдерге дейін куәлігін көрсетіп қоқаңдайтын ҰҚК қызметкерлерінің куәлігін жетонға айырбастауды ұсынды. Әрине, мұндай талаптар Р.Иноятовқа ұнаған жоқ. Ол ең құзырлы органның салмағын сақтап қалу үшін барын салды. Және бұл тұрғыдағы еңбегі жеміссіз де емес. Мәселен президент шетелден туристер тарту үшін 21 мемлекетке визалық режим енгізу туралы Жарлық шығарған. Көп ұзамай Өзбекстан азаматы Абдуқадыр Машарипов Стамбулдағы түнгі клубтардың бірінде теракт жасады. Осыны көлденең тартқан ҰҚК басшысы президентке «ашық саясат жүргізуге әлі ерте» деген-ді тікелей айтпаса да, тұспалдап жеткізді. Сөйтіп, визалық режим мерзімі 2017 жылдың сәуір айынан 2021 жылдың қаңтарына ауыстырылды. 

Рас-өтірігін кім білсін, кейбір ақпарат құралдарындағы деректерге қарағанда, Р.Иноятов «мас таксист» операциясын ұйымдастырмақ болған көрінеді. Жоспар бойынша әлдебір мас жүргізуші президент кортежімен қақтығысуы керек екен. Мұндағы негізгі мақсат – жеке бас қауіпсіздігіне алаңдаған президенттің ҰҚК жөніндегі көзқарасын өзгертуге саяды. Қалай дегенмен, Ш.Мирзияев Р.Иноятовтың соңына шам алып түскен жоқ. Бірақ ҰҚК-ны өз басына қауіп төндірмейтіндей деңгейге ысырып қойды. Ықтимал екі үміткердің ырғасында жұрттың көңілі 80-ге таяп қалған Р.Иноятовқа емес, 60-қа әлі келмеген (2017 жылы 60-қа толды) Ш.Мирзияевке бұратындай көрінетін. Және солай болды да.

Сыртқы саясат

Ш.Мирзияев алғаш атқа мінген күннен бастап И.Каримов қалап кеткен жабық қоғамның іргесін сөгуге кірісті. Барыс-келісті көбейтіп, сол арқылы алыс-берісті ұлғайтты. 2017 жылдың алғашқы 9 айы ішінде экспортқа тауар шығаратын кәсіпорындар қатары 360-қа жетті. Өзбекстанның шетелге өткізетін дүниелері 120 жаңа тауармен толықты. Өзбекстан-Ресей арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 3,5 млрд долларға жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсті. Ресейдің Өзбекстанға өткізген тауары 15,9 пайызға ұлғайса, Өзбекстанның Ресейге сатқан тауары 30 пайызға артқан. Өзбекстан енді экономикалық серіктес ретінде ТМД аумағындағы Ресеймен байланысын бекіткен Қазақстан мен Беларусьтен кейінгі үшінші елге айналуды көздеп отыр.

Түркітілдес елдермен сауда-экономикалық, саяси-дипломатиялық байланыстарды нығайтуға ұмтылды. Осы мақсат жетегімен Қазақстан, Түркия, Түркіменстан басшыларымен кездесті. И.Каримов тістей қатып, 26 жыл бойы аяқ баспай қоған Қырғызстанға да осы Ш.Мирзияевтің табаны тиді.

Өзбекстан президенті іргедегі алпауыт ел – Қытаймен де қарым-қатынасын күшейтуге мүдделі. Алғашқы сапарының өзінде Қытай басшысымен 105 келісімге қол қойып қайтты. Бұл келісімдердің қаржылық деңгейі – 23 млрд доллар.

Жаңғыруға ұмтылған Өзбекстаның бүгінгі беталысы АҚШ және батыс елдерімен байланысына да жан бітірді. Әсіресе Ш.Мирзияевтің саяси тұтқындарды босатуы, арнайы қызмет органдарының бақылауында тұрған диссиденттерге кешірім жасауы, биліктің құпия бұйрығымен сахнадан аласталған әншілерге еркіндік беруі, балалар еңбегіне тыйым салатын Халықаралық Еңбек Ұйымының конвенцияларын ратификациялауы – демократиялық елдер тарапынан жоғары бағаланып отыр.

Күні кеше өзбек басшысы Ташкентте Дүниежүзілік банктің өкілдерін қабылдады. Осы кездесуде аталған банктің бас атқарушы директоры Кристалина Георгиева былай деді: «Дүниежүзілік банк Өзбекстанмен байланысын арттыруға дайын. Біз елдегі реформалардың маңыздылығына сенеміз және оларды қолдауға дайынбыз. Дүниежүзілік Банктің «Бизнес жүргізу - 2018» рейтингі бойынша Өзбекстан әлемдегі бизнес-ахуалды жақсартуға күш салған он елдің қатарына енді. Бұл өзгеріс рухының көрсеткіші. Біз мұны жоғары бағалаймыз!».

Бастысы, халық сенімін қайтару

Қазір Өзбекстандағы шенді-шекпенділер аяғының ұшымен басады. Президенттің кәріне ілікпес үшін күн-түні жұмыс істеуге бар. Себебі бұл – Ш.Мирзияевтің талабы. Қаласа, 24 сағат жұмыс істететінін айтқан президенттің мына сөзі шенеуніктердің құлағында әлі жаңғырып тұр: «Неге біз биылғы жылды халықпен диалог жылы деп атадық? Сендер бәрі бұрынғыдай болады деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, олай болмайды! Не жұмыс істейсіңдер, не орындарыңды босатасыңдар! Басқа жол жоқ. Бәрің жемқорлықтың былығына батқансыңдар! Бірақ сендердің бақтарыңа, әрі халықтың сорына қарай жаңа кадрлар тапшы. Алдағы екі жылда олар дайын болады. Орындарыңа мүлде жаңа адамдар келеді!».

Өзбекстан басшысы айтып қана қойған жоқ, көзіне шел біткен шенділерге қырғидай тиді. Қаржы министрлігіне жасалған қатаң тексеру кезінде 3 мың қызметкердің 650-і жұмысынан қуылды. Ішкі істер министрі екі рет ауысты. Қорғаныс министрінің екі орынбасары мен 76 офицер қызметтен шеттетілді. Мемлекеттік қызметін әкесінен қалған меншігіндей көретіндердің бәрі сыбағасын алып жатыр. Президент кеудесіне нан піскен прокурорлардың да екі аяғын бір етікке тықты. «Өттерің жарылып кетсе де, айтайын, қазіргі прокурорлар – кешегі жүйеден қалған «қоқыс». Біз оның 80 пайызын тазаладық. Бірақ 20 пайызы жұмыс істеп жатыр. Прокурорлар қай кезде жақсы тұруы тиіс, әрине, халықтың жағдайы жақсарғанда! Қазір қараңдаршы, прокурорлар қандай көлікпен жүреді екен. Мұның саған да қатысы бар!» деген еді бірде Ш.Мирзияев бас прокурорға қарата.

Өзбек басшысы ақпарат құралдарының басшыларына да ескерту жасады. Оның сөзінше, «бізде бәрі жақсы» дейтін көпірме мәліметтен жеритін уақыт әлдеқашан жеткен. Керісінше, БАҚ сыни-сараптамалық материалдарды көбейтуі қажет. Тіпті биліктің кем-кетігін көзіне шұқып көрсетуге де міндетті. Ш.Мирзияевтің халық сүйер тағы бір қылығы сол, жүйесін «қоқысқа» теңесе де, И.Каримовтың атына ешқашан жаман пікір айтқан емес. Әлдебіреулер құсап, өзіне дейінгі басшының атын өшіруге өлермендене ұмтылмады. Қайта, сына дегенге И.Каримовты сынай жөнелген Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясының басшысы Хуршид Мирзахидовты жұмысынан алып тастады.

Дегенмен Шавкат Мирзияев айтқан аталы сөздердің шыңы мынау болса керек: «Біз тым кешігіп қимылдадық. Халық бізге разы емес. Мен мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын. Осынша берекесіздік пен былыққа төзіп келген халықтың алдында біз тізерлеп тұрып, кешірім сұрауымыз керек». Бұл сөзді президент 2017 жылдың тамыз айында Алмалық қаласында айтқан еді. Сол сапарында өзбек басшысы шаһар басшысымен қоса, прокурорды, милиция мен салық инспекциясының басшысын түгел орнынан алған.

Аңдасаңыз, өзбек басшысының барлық тірлігінің басында халықтың билікке деген сенімін қайтару мақсаты тұрғандай. Ол үшін әрине, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жойып, әділетті қоғам орнату қажет. Ол бір келсе, тек президенттің ғана қолынан келеді. Сондықтан Ш.Мирзияев осы шаруаны бір жағына шығару үшін барын салып жатыр. Тіпті Өзбекстанның әр тұрғыны қазір президентке тікелей шағым айта алады. Gov.uz мемлекеттік порталында (pm.gov.uz) виртуалды қабылдау тетігі іске қосылған. Ал ондағы шағым мен өтініштің нәтижесі президенттің Facebook парақшасында  жарияланып тұрады.

Рас, өзбек басшысының да артынан ерген өсек-аяң көп. Оның бірі – ұлтының өзбек екендігіне күмәнмен қарайтындардың гөй-гөйі болса, екіншісі – И.Каримовтың қыздарына тиесілі бизнестің енді жаңа президенттің жақындарына ауыса бастағаны туралы деректерден өрбиді. Әйтсе де, әуелгіде қызықты көрінген бұл әңгімелер қазір көмескіленіп, жұрт назарынан өшіп бара жатыр. Өйткені Ш.Мирзияев ел көңілінен шыға білді. Көптің сеніміне ие болған басшыны халық алақанына салып қана қоймай, төбесіне көтереді. Осы тұрғыдан қарасаңыз,  Ш.Мирзияевтің саяси сұлбасы күнен күнге биіктеп бара жатқанын байқайсыз.    

 

Біз қайтеміз?

Кеше ғой, Ислам Каримов өлсе, өмір тоқтап қалатындай көрінетін. Жоқ тоқтамайды екен. Қазір бұған өзбек ағайынның көзі анық жетті. Қайта, тірісінде тақты ешкімге бермеген диктатордың көзі жұмылғалы қарашаның көзі ашылып келе жатыр. «Өгізге туған күн...» деп басталатын мақалды еске алсаңыз, өзбек жұртын әрі-сәрі еткен «өліара шақ» күндердің күнінде қазақтың да алдынан бір шығары анық. Бетін әрі қылсын әрине, бірақ сондай күн туа қалса, Мирзияев секілді бір мықты бізден де табыла ма? Табылғанның өзінде, оның тізгін ұстауына анталаған кландық топтар мүмкіндік бере ме? Қарашаны емес, қалтасын ойлайтын шенділерді бықпырт тигендей етіп, биліктен аластайтын тұлға қазақтың да маңдайына біте ме? Біздіңше, бұл уақыт өткен сайын өткірлене беретін қайралған кездіктей қылпып тұрған мәселе.

 

Сансызбай Нұрбаба

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір