• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:58:25
Алматы
+35°

17 Қаңтар, 2018 Сегіз өрім

Министр Дүйсеноваға еңбекшілердің ереуілі емес кондуктордың конверті қымбат

Еңбекші ереуілдеп, ел дүрліккен осындай кезеңде дауға араласу былай тұрсын, сөзінен жаңылып жүр

Бұқараның қандай баға берері басқа мәселе, бірақ президенттің сеніміне ие болып, білдей бір саланың тізгінін ұстағандар Астанада «басбұғып» отырып алмай, анда-санда айналаға қарап қойғандары жөн. Мәселен Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова құсап. Сонда Тамара ханым қайда қарады? Қайда қарады деріңіз бар ма, Арқаның төрінде тұрып, Алатаудың етегіне көз салды. Онда да Бауыржан Байбектің астын-үстіне шығарған көшелеріне емес, сол көшелердегі қоғамдық көліктерге, оның ішіндегі кондукторларға үңілді. Министрдің осы үңілгені – үңілген. Ол енді Алматыдағы заңсыз жұмыс істейтін кондукторларды тікелей өзі бақылайды. Мұны Дүйсенованың қырағылығына баласаңыз да, жұртты еңбекпен қамтуға жауапты министр өзгелерге үлгі көрсетіп,  «қосымша жұмыс» тауып алды деп ұқсаңыз да, өзіңіз білесіз.

"Кондукторлардың еңбек келісімі – бұл бүгін үкімет отырысында қаралған мәселелердің бірі. Сауал жүргізу кезінде бұл тұлғалар нақты кондуктор болып жүмыс істейтіндерін, бірақ ақшаларын конвертте алатынын, ешқандай қаржы аударымдарын жасамайтындарын айтқан. Бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын, бірақ кез келген ұйымды тексеру үшін азаматтардың өтініші керек",  – деді күні кеше Т.Дүйсенова. Оның сөзіне қарағанда, жұмыс беруші еңбек келісімін жасамаса, жұмысшылар әлеуметтік кепілдіктен қағылады екен. Яғни, жұмысынан айрылған күні жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы ала алмайды. Егер кондуктор әйел болса, тіпті қиын. Декреттік төлемдер көзден бұлбұл ұшады.

Былай қарасаңыз, Тамара Дүйсенова кондукторлардың келешегін ойлап, шыр-пыр болып жүрген адамға келіңкірейді. Бірақ мәселе кондукторлардың қамы ма, әлде конвертпен берілетін жалақының кесірінен бюджетке түспей жатқан тиын-тебеннің күйігі ме? Мұның да ара-жігін айыруды оқырманның өз еншісіне қалдырайық. Біздің айтпағымыз мүлде басқа мәселе.

Білесіздер, 2017 жылдың соңы Қарағанды кеншілерінің ереуілімен есте қалды. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшыларына наразы жұмысшылар бірнеше күн жер астынан шықпай қойды. Олар жалақыны көтеріп, зейнет жасын төмендетуді талап етті. Күйінген жұмысшылардың жер астында ұйлығып жатып алуының өзі жер бетіндегі әділетсіздіктен шаршағандарын меңзесе керек. Сосын не болды? Ереуіл десе, екі көзі төрт болатын биліктен ес кетті. Шетелдегі шіріген бай  Лакшми Митталмен үкімет басшысының өзі телефон арқылы сөйлесті. Әйтеуір не керек, бірнеше күннен кейін елді дүрліктірген ереуіл аяқталып, кеншілер райынан қайтты. Бұл аралықта бірнеше жұмысшының жағдайы нашарлап, амалсыздан жер бетіне шыққаны да жадымызда.

Сол кезде дейміз-ау, сол кезде осы Тамара Дүйсенова қайда қараған? Алматының кондукторларына үңілгендей, Қарағандының кеншілеріне неге көз салмаған? Етегін түріп жіберіп, шахтаға қарғып түспесе де, ереуілдеген жұртқа барып, «Өу, кенші мырзалар, бұ жатыстарың – қай жатыс? Кәне, жоғары көтеріліңдер! Тамара Дүйсенова деген министр мен боламын, кәнеки, бір келісімге келейік, мұң-зарларың болса, тыңдауға дайынмын!» деген сөзді неге айтпаған бұл кісі?! Әлде 600 кеншінің зарынан автобустағы жүргіншінің жолақысын жиған кондукторлардың мәселесі өзекті ме?

Бармағаны былай тұрсын, журналистерге неге бармағанын түсіндіріп әлек болғаны да қызық. Қызыққа қызық қосып, «шахтерлер мұнша айлық» алады деп қойып қалған да осы кісі. Онысы – 208 мың теңге мен 326 мың теңгенің аралығы еді. Алайда кейін кеншілер министрдің өтірігін шығарып, нақты қанша жалақы алатындарына айғақ болар суреттерді әлеуметтік желіге атып ұрды.

Сонда қалай ойлайсыз, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі ашынған шахтерлерді қорғады ма, әлде қорлады ма? Рас, жалақыға қатысты шынайы деректен жаңылған министр оны Қарағанды облысының бас еңбек инспекторынан алғанын айтып ақталған. Сонда дейміз-ау, кеншілер ереуілдеп, ел назары тұтас Қарағандыға ауған бірнеше күн ішінде жылы кабинетінен шықпаған Т.Дүйсенова ең құрса, жұмысшылардың қанша айлық алатынын анықтап үлгермеген бе? Мұны білу соншалықты қиын ба? Еңбекші ереуілдеп, ел дүрліккен осындай кезеңде дауға араласу былай тұрсын, сөзінен жаңылып жүрген адамды министр деп атауға аузыңыз бара ма?

Жалпы, Тамара ханымның «ауытқып сөйлеп», елді таң-тамаша қылғаны бір бұл емес. Денсаулық сақтау министрлігін басқарып тұрғанда «Қарағандыда Жүкті әйел доңыз тұмауынан көз жұмды» деп жұрттың зәресін алған. Кейін жүкті әйелдің өліміне себепкер доңыз тұмауы емес, әбден асқынып кеткен жәй тұмау екені нақтыланды. Осыдан кейін де шығар, Т.Дүйсенованы көрсе, «тағы не хабар айтады екен?» деп «жүрегін қолына ұстап тұратын» жұрт көбейді қазір.

Бастапқы әңгімеге қайта оралайық. Енді Алматыда кондукторлықты кәсіп қылып, ақшаны конвертпен алатындар  азаюы тиіс. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, министр мұны өзі бақылайды. Сізге қайдам, бізге осындай жұмыстар: мәселен кондукторларды қадағалау, қоғамдық көліктердегі тәртіпті бақылау, жүргізушілердің кәсібилігіне баға беру секілді жұмыстар Тамара ханымның оң жамбасына келетіндей көрінеді де тұрады. Шындап кіріссе, осы бағытта білікті бір маман пайда болуы да мүмкін еді. Әттең... Амал не?!

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір