• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 04:38:20
Алматы
+35°

13 Сәуір, 2018 Әлеумет

Мұнай байлық емес —Маңғыстау облысының әкімі

Облыс әкімі халықты мұнайға деген құлдық сана-сезімнен арылуға шақырды.

Маңғыстау облысы мұнай саласындағы мамандықтарды біртіндеп азайтып жатыр. Есесіне еңбек нарығын өзгерту мақсатында биыл 10 жаңа мамандық енгізген. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Облыс әкімі халықты мұнайға деген құлдық сана-сезімнен арылуға шақырды.

— Мұнай байлық емес, ол бар болғаны шикізат. Біздің байлығымыз – жеріміз бен халқымыз. Халқымыздан асқан ешқандай байлық болуы мүмкін емес. Сондықтан қазіргі таңда біздің облыста жастарды шағын және орта бизнеске тарту, басқа да үлкен байлықтың барын жеткізу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, — деді ол. 

Тоғжановтың айтуынша, облыста еңбек нарығын трансформациялауға қатысты жұмыстар жүргізілуде.  Соның бірі – мұнай саласындағы мамандықтарды азайту. 

—  Өткен жылы облыста 215 грант бөлінді. Оның ішінде 50 грантты біз арнайы бөлдік. Себебі бізде қазір еңбек нарығын өзгертуге қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтсақ, мұнай саласындағы мамандықтарды біртіндеп азайтып жатырмыз. Ол солай болуы да керек, бізге басқа бағыттарды дамыту қажет. Биыл жаңа 10 мамандық енгіздік. Соған байланысты мен 50 грантты арнайы бөліп отырмын. Келесі жылы 70 грант жоспарлап отырмыз. Оның ішінде тез қайтарылымы болу үшін 20 грантты магистратураға беріп жатырмыз, — деді әкім.  

Бүгінде Маңғыстау облысы шағын және орта бизнеске ерекше ден қойып отыр. "Қара алтын" өндіріп жүрген мұнайшылардың дені де жеке кәсіпке көшіп жатқан көрінеді.

—  Мұнайдың айналасында өмір бойы жүру міндет емес қой. Орта және шағын бизнес деген болашақта сенің балаңа, кейін немереңе де қалатын еңбегіңнің дүниесі. Бүгінде көптеген мұнайшы сол жаққа ауысып жатыр. ШОБ-ты дамыту жайдан-жай туып отырған мәселе емес. Бұл сұрақ Жаңаөзен қаласына байланысты туды. Себебі Жаңаөзенда жұмыссыздық мәселесі аз емес. Бүгінде қалада 9 мың адам мұнай саласында істейді, ал халық саны 150 мың адам. Бір жылдың ішінде 4 мың бала дүниеге келеді. Ертең ол балалардың бәрін біз қайда жібереміз? Сондықтан орта және шағын бизнеске жағдай жасауымыз керек. Ертеңді бүгін ойламасақ, кейін бәрі кеш болады", — деді Тоғжанов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір