• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 07:10:25
Алматы
+35°

31 Қаңтар, 2018 Сегіз өрім

Мамытбеков жаңа қызметке не үшін тағайындалды?

Әрине, негізгі мақсат орындалса, мұның бірін де айтып жатпас едік.

«Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін» ет мәселесі етқұмар қазақ үшін әлі де өзекті. Соны шешудің бес жылдық жоспарын жасап берген Асылжан Мамытбеков аграрлық саланың тізгінінен айырылып, банк жағалағалы бері ақпарат айдынынан көрінбей кеткен. Енді міне, дауылдан кейінгі жаңқадай су бетіне қайта шықты. Бұл жолғы қызметі де мал шаруашылығының маңы, дәлірек айтқанда, ет одағының төрағасы.

Ет туралы әңгіме қозғалса, ойымызға алдымен Асылжан Мамытбековтің оралатыны рас. Өйткені Ресейге ет экспорттап, Қазақстанды қаржыға қарық қылудың жоба-жоспарын сызып берген шендіңіздің бірі, бәлкім бірегейі нақ осы кісі. Жалпы, А.Мамытбековтің ауыл шаруашылығына келуі 2008 жылдан басталды. Оған дейін Астана қаласы мен Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдеріне орынбасар болған ол премьер-министрдің кеңсесіндегі қызметінен кейін «ҚазАгро» ұлттық холдингіне төраға болып жайғасты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тізгіні ол кезде Ақылбек Күрішбаевтың қолында болатын. Жасыратын несі бар, әйтеуір «ҚазАгро» төрағасы министрге мұрнын шүйіре қарайтындай көрінетін. Ауыл шаруашылығына қатысты келелі кеңестерде Асылжан Ақылбектің алдын орап жүрді. «Күрішбаев шетелден сиыр тасудың тиімділігіне күдікпен қарайды. Бірақ оны ашып айтуға дәрменсіз» деген сөздерді де сол уақта құлағымыз талай шалған.

Не керек, 2011 жылы А.Мамытбеков министр болып тағайындалды. «Қазақстан Республикасында мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» атты ауқымды жобасын да дәл осы жылы іске қосып жіберді. Сөйтіп, шетелден 72 мың асыл тұқымды сиыр тасудың әуресі басталды. Ірі-қараны әңкілдетіп айдап келген ешкім жоқ, буаз сиырлар АҚШ, канада, Австрия секілді алыс елдерден ұшақпен жеткізілді. Оның біразы іш тастады. Солтүстік Қазақстан облысына әкелінген 722 бас сиырдан қауіпті індеттің белгісі байқалып, түгел өртелді. Сатып алуға кеткен шығын былай тұрсын, ауру малдан құтылудың өзіне қыруар қаржы жұмсалды. Қауіпті індеттің таралу мүмкіндігінен сескенген Мамытбековтің жігіттері өртелген сиырларды «арулап көмді».

Әрине, негізгі мақсат орындалса, мұның бірін де айтып жатпас едік. Өкінішке қарай, Мамытбековтің жобасы мандыған жоқ қой. Сол кездегі есеп бойынша Қазақстан 2016 жылы-ақ Ресейге 60 мың тонна ет экспорттап, ақшаның астында қалуы тиіс еді. Келесі меже – 180 мың тонна. Мұны еліміз 2020 жылы іске асыруы тиіс-тін. Қайда сол 60 мың тонна ет?! Әлі күнге орындалған жоқ. Орындалатын түрі де көрінбейді.

Ең маңыздысы, жұрт алдында Мамытбеков қана өтірікші болып қалған жоқ. Ол өзінің құрған жоспарына жоғары биліктегілердің бәрін сендірді. Ресейді етпен жарылқап, экономиканы дамытамыз деген пікірді айтпаған адам кемде-кем. Әсіресе сол тұстағы үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шүкеев мұны жиі қайталайтын. Білетіндер Мамытбековтің қызметтегі өсуіне Шүкеевтің әсер мол дейді. Бірақ енді ол басқа әңгіменің жүгі. Әйтеуір қанша сын естісе де, министрліктегі орынтағынан мызғымаған Мамытбеков бүкіл елді дүрліктірген жер дауының тұсында атынан ауып қалған. Мұның бір жақсы жері, ешкім одан «әй бала, әлгі өзің айтып жүрген 60 мың тонна етің қайда?» деп сұраған жоқ.

Жоғарыда «Мамытбеков жаңа қызметке не үшін тағайындалды?» деген сауал қойдық. Енді соның жауабын іздеп көрейікші. Сізді қайдам, бізге әлдебір күш Мамытбековті осы қызметке желкелеп әкелгендей сезіледі. Себебі шетелден сиыр тасудың әуресіне миллиардтаған қаржы жұмсалды. Жұрт алдындағы ұят пен ардың мәселесін былай қойғанда, қыруар қаржының қайтымы болуы шарт. Әсіресе дәл қазіргідей тиын санап жүрген кезеңде! Министрлікке кеше келген Мырзахметовті алып тастап, орнына Мамытбековті қою – кері шегінгенмен бірдей. Мұны Сіз жақсы білесіз деп шамалаймыз. Ал ет одағы дегеніңіз, нағыз ет экспортының шаруасына жауапты құрылым. Демек Мамытбеков баяғы уәдесінің салмағын енді көтеруі тиіс! Міне, біз осылай ойлаймыз.

Тіпті олай болмаған күннің өзінде, «мен мұнда не үшін келдім?» деген сауалға кешегі министрдің өзі бас қатыруы қажет қой. Сонда ол не ойлауы мүмкін? Біз мұны айта алмаймыз. Бірақ ет туралы ертегісіне елді де, жоғары билікті де иландырып, жобасы жолда қалған шендінің араға уақыт салып, ет одағына сүйек мұжып, сорпа ішу үшін келмегені анық.

Сансызбай Нұрбаба

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір