• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:44:49
Алматы
+35°

12 Сәуір, 2018 NEWS

Qamshy.kz ақпарат агенттігіне Алматы облысынан Гүлсанат есімді отандасымыз хабарласып, басындағы қайғысын айтып, көмек сұрады.

Видеоүндеу жолдаған үш балалы келіншектің айтуынша, күйеуі екі жылдан бері Қытайдан елге орала алмай жатыр екен.

«Есімім – Гүлсанат, Кербұлақ ауданы, Басши ауылында тұрамын. Өзім үш баланың анасымын, күйеуім Қытайда. Қытай паспортының бітуі себебінен 2016 жылы 20 наурызда кеткеннен елге әлі орала алмай отыр. Сол елде паспортын тартып алып, әл күнге дейін бермей жатыр. Ал біз болсақ мына жақта әрең күнелтудеміз», - деп қынжылады үш баланың анасы.

Жас келіншектің айтуынша, қыстай талай азаптарды басынан кешірген екен.

«Мейірімді кісілер көмектесіп те жатты, сыртқа шығып еркек боламын, үйге кіріп әйел боламын. Әйтеуір өлместің күнін көріп жатырмыз», - деп көз жасына ерік бере отырып, қиналғанын жеткізді.

Өз сөзінде Қазақстан Үкіметі мен жауапты лауазымды тұлғалардан көмек сұрап, жарының Қазақстанға оралуына жағдай жасауын сұрады.

«Күйеуім кеткелі екі жыл болды, сол уақыттан бері көрмегенім жоқ. Үш ұрпағым үшін өмір сүріп келемін. Амалдың жоғынан әрең дегенде шыдап жүрмін. Үлкен ұлым Қытайда туылған, қалған екі баламды осы елде дүниеге әкелдім. Екеуі Қазақстанның азаматы, мен де осы елдің азаматымын. Ал күйеуім сол Қытайда туылған. Бұл жаққа келгенде сол Қытай паспортымен виза аштырып келіп тұратын. Визасының уақыты біткендіктен елге қайтадан орала алмай отыр. Қазір, тіпті, сөйлесуіміз де қиынға түсті. Wechat желісінде сөйлесіп тұратынбыз, қазір ол жерде де сөйлесе алмайтын болдық, хабарсыз қалдық. Қазақстандағы кейбір мейірімді ағалардың арқасында қыстан аман-есен шықтым. Енді ары қарай қалай өмір сүремін, күйеуім жоқ, білмеймін», - дейді үш баланың анасы.

Сөзінің соңында: «Қазақстан Отаным, Қазақ елім деп келген ем,

                                    Ұрпақ үшін өтіп жатыр азапты менің күндерім.

                                    Басқа түссе баспақшыл деген екен

                                    Тірі жесір, тірі жетімнің күйін кештім», - деп күйінді.

Айта кетсек, соңғы уақытта Қытайдағы қандас бауырларымызға қатты қысым жасалып жатқаны белгілі. Соның салдарынан азап шегіп отырған бір емес, бірнеше жанұя бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір