• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:17:39
Алматы
+35°

12 Ақпан, 2018

Көгілдір экран көкесі барлар отыратын жерге айналған ба?

Көзі қарақты көрермен арзан дүниеге құмар болып отырған соң шоу-бағдарлама да көбейе бермек

Қазір халықтың қазақ телевизиясына көзқарасы өзгерген. Алыпқашпа әңгіме сипатындағы бағдарламалар көпшіліктің көңілінен шықпай жатады. Орынсыз сөз, орынсыз әзіл, «орынсыз» тележүргізуші.  «Көгілдір экран көкесі барлар отыратын жерге айналды» деген пікірлер де жоқ емес.  Расында да, Қазақстандағы арналар нені көрсетеді? Нені насихаттайды?  Бір бағдарлама Қазақстан мен  шетелдегі соңғы жаңалықтардың жайын айтса, енді бірі адам тағдырын нысан етіп, соның төңірегінде әңгіме қозғайды. Заңды сөйлететін бағдарламалар тағы бар, одан бөлек әйел тағдыры бүгінгінің өзекті мәселесіне айналды. Мейлі! Ел көрсін, білсін, үлгі алсын, соңғы жаңалықтан құлағдар болсын. Ал мәні мен мағынасы жоқ, берер «тәрбиесінің» құны бес тиын бағдарламалар ше? «Рухани жаңғыру» деп дабыра қылып жүрген жұрт жас қыздардың жігіт іздегенін көріп жаңғырып жатыр ма? Өзге елден ұрланған бағдарламаларды қайтеміз?

Даңғаза шоулар халықты алдарқатып, саяси-қоғамдық мәселелерден алшақ ұстау үшін көрсетіледі деген пікір бар ел арасында. Бұл шындыққа жанаса ма? Көкейдегі сауалдың жауабын білмекке телеарнада көп жыл қызмет еткен Арман Сқабылұлымен сөйлескен едік.

Арман Сқабылұлы

- Мен бұл пікірмен келіспеймін. Ал елді шулататын шоу-бағдарламалардың көбейгені рас және олардың көрермен жинайтын өз өкілдері бар. Оларды есіктен шығарып жіберсең,  терезеден кіреді. Кімді айтып тұрғанымды ішіңіз сезіп отыр. Олар министрлік арқылы  болсын, телеарнада жалтырап жүрудің жолын табады. Ал шоу-бағдарламалардың көбеюі рейтингке келіп тіреледі, - дейді Арман Сқабылұлы.

Рас, шоу-бағдарламалардың көздегені – рейтинг. Көрермен тарту үшін оның тізгінін әлдебір әртіске немесе жер-көкті шулатып жүрген тағы біреуге ұстатады. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, ол жүргізуші эфирде ойына келгенін істейді, ойына ештеңе келмесе, орыстан көргенін қайталайды.

Бұдан былай мемлекет қаржыландыратын «Хабар» арнасында рейтинг көрсеткіші есептелмейді. Соның әсерінен арнадағы жарнама мен шоу-бағдарлама азайған. Ал Қазақстан Ұлттық арнасы әлі де рейтингке жұмыс істейді.

- Ұлттық арнада рейтинг есептеліп тұрғанда Қоянбаев ыржиып отыра береді, Есентаева елдің есін шығарып  жүре береді, Ләйлә ханым да айналып соғып тұрады, - дейді Арман Сқабылұлы.

Көзі қарақты көрермен арзан дүниеге құмар болып отырған соң шоу-бағдарлама да көбейе бермек. Арман Сқабылұлының ойынша, теледидардан түспейтін арзан дүниелерді халық жеңіл қабылдайды.

- Мен үнемі айтып отырамын, халықтың ақшасына қаржыландырылып отырған  телеарнаға рейтинг не үшін керек? Рейтинг болса да, болмаса да тәрбиелік, танымдық дүниелер халыққа көрсетілу керек. Өркениетті елдің барлығында 100 адамның бесеуі бір әдеби-мәдени бағдарлама көріп, бір түйін шығарса, жақсы көрсеткіш болып саналады, -дейді журналист.

Ал телеарналарға қандай бағдарламаларды алып келген дұрыс? Бұл сауалымызға Арман Сқабылұлы «жаңадан бір нәрсе  ойлап табудың қажеті жоқ» деп жауап берді.

- 10 жыл бұрынғы  телевизиялық кестеге көз жүгіртсек, жексенбі, сенбінің өзіне арналған бағдарламалары болатын. Таңертең арналар жеңіл бағдарламамен ашылып, одан кейін әскери жаңалықтар берілетін. Сағат он екі шамасында   танымдық, табиғат, қоршаған орта жайында азды-көпті ақпарат тарататын. Түстен кейін айтыс, әдеби бағдарламалар көрсетілетін. Қазір халыққа тағылым танытар бағдарлама жоқтың қасы. Сенбі мен  жексенбідегі кестеге қарасақ,  94-95 пайызы – арзан дүниелер. Демалыста үйінде отырған жұрт Қоянбаевтың әзілін ғана көре алады, - дейді Сқабылұлы.

«Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаевпен» бағдарламасының «Вечерний Ургант» бағдарламасынан көшірілгені ешкімге жасырын емес.

- Көшірген дүниені де өңдеу үшін адам интеллектуал болу керек. Мен басқа елден бағдарламаларды көшіруге қарсы емеспін, бірақ өзіміздің менталитетімізге лайықтап, көрер көзге жағымды, естір құлаққа қонымды тұстарын көбейтіп неге ұсынбасқа?!», -дейді Арман Сқабылұлы.

Қай арнаны қоссаң да, әйел тағдыры талқыланып жатады. «Әйел бақыты», «Бақытты әйел», «Әйел сыры» , «Қыздар арасында», тағысын тағылар. Аты бөлек болғанымен, заты бірдей бағдарламалардың жайын да сұрап көрдік.

- Бұлшоу  бизнес мықтыларының істеп жатқан ісі. «Әйел бақыты» Ләйлә Сұлтанқызының жобасы болды. Ал «Бақытты әйел» - көшірме. Төрт жүргізушінің ортасына бір қонақты отырғызып қойып, содан шоу жасауы еш қисынға сыймайды. Ал сол төрт жүргізушіге төленіп отырған қаржы – халықтікі. Мұны түсіну үшін міндетті түрде телеарнада жұмыс істеудің қажеті жоқ.  Ұят та болса айтайын, бұл колхоздың шуылдап өтетін жиналысы  секілді. «Сенбілік шоу» да дәл солай. Бір жерде төрт жүргізуші отырады. Ал төрт жүргізушінің ішінде іліп алар ешкім жоқ», - деп түйіндеді сөзін Арман Сқабылұлы.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір