• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:23:47
Алматы
+35°

14 Сәуір, 2018 Әдебиет

Гүлманат Әуелхан. Жүрегіме ұя салды ымыртта

Гүлманат Әуелхан 1980 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданында дүниеге келген.

Гүлманат Әуелхан 1980 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданында дүниеге келген. 2004 жылы ата жұртқа оралған, «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Алатау жырлайды» жыр жинақтарына және «Қазақ поэзиясының антологиясына» өлеңдері енгізілген. Республкалық бірнеше мәрте жыр мүшайраларының жүлдегері, 2006 жы Қайнар университетінде өткізілген республикалық жас ақындар жыр мүшайрасының бас жүлдегері, 2007 жылы «Үн» журналы ұйымдастырған «Ақыт Үлімжі және ұлттық рух» атты халықаралық жыр мүшайрасының бас жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. 2007, 2008, 2009 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Әдебиет айдыны» газеттері мен «Жалын», «Жұлдыз», «Жамбыл», «Ақжелкен», «Үн» журналдарына топтама өлеңдері жарияланып, оқырман қауымның жақсы бағасын алған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Қазақ мемлекеттік қызар педагогикалық университетінің газетінде, республикалық «Сын» журналында қызмет атқарған. Қазір еркін шығармашылықпен айналысады.

 

Шын ақындар

Құдайдың да сезімнің де құлдары,

Мұнараға айналатын мұңдары.

Жалғандағы жанашыры олардың,

Жалғыз ғана жырлары.

 

Басына емес жүрегіне жүгінген,

Қала аспаны түтіндерді сімірген.

Тұрпайылық жайлағанда әлемді ,

Ең алдымен ақын ғана түңілген.

 

Тойып ішіп мәйханада сірадан,

Өмірай деп өксіп іштен жылаған.

Ақындардың бәрі бір ұлы әлем,

Түпсіз ойдың түнегіне құлаған.

 

Құласа да тек биіктен құлаған,

Жыласа да шындық үшін жылаған.

Өзінде жоқ дүниеде ақындар,

Еш қысылмай тәңірінен сұраған.

 

Сұм тірліктің тартыстары түгемес,

Жауынада еш жамандық тілемес.

Шын ақындар пәнидің мәз қонағы,

Дірілдеген нұр елес…

 

Алтай қызына

Тал бойыңда бір мін жоқ ,

Таза мөлдір бұлақтай,

Сенің сұлу ажарың,

Күннен тамған шуақтай.

 

Ар ұяттан жаралған,

Қайсар қызы қазақтың.

Қос бұрымың арқаңда,

Таудан аққан бұлақтай.

 

Табиғатың тым бөлек,

Ұқсамайтын басқаға.

Сенің кербез мінезің,

Асқар таудай асқақ Ә.

 

Қызжібектің жалғасы,

Ару қызы алтайдың.

Сенің әсем келбетің,

Тіл бітірер тасқада.

 

Сені солай табиғат,

Ғажап етіп жасады.

Алла саған бақ беріп,

Жолыңды әлі ашады.

 

Сенің жаның тым нәзік,

Ізгіліктің ұясы.

Армандарың аялы,

Алатаудан асады…

 

Алтайдың алтын қанаты

(Қанат Исламға)

Кеудесін ерлік кернеген,

Намысын жатқа бермеген.

Көк түріктердің ұрпағы,

Егескен сайын ерлеген.

 

Елжіреп күнде.. күледі,

Шойындай оның білегі.

Алтайдың алтын қанаты,

Елім деп соққан жүрегі.

 

Жасын ғып отты жанарын,

Дарабоз ұлы даланың.

Ұрпағы еді ол батыр,

Қабанбай сынды бабаның.

 

Көк бөрі жортқан даласын,

Мақтанды қайсар қара шың.

Кәр құрлық көкке көтерді,

Көкжалдың нағыз баласын.

***

Менің сұлу сезімім сетер еді,

Көңілімді аспанға көтереді.

Айдай әсем арманға асықтырып,

Жұлдыздардың ішіне жетеледі.

 

Мұңға толы жүректі көктем етті,

Таудай биік, өзендей өктем етті.

Бұл шақтары жымия қарасада,

Бір кездері бұл өмір өкпелетті.

 

***

 

Қара түнді қақ жарып аласұрдым,

Арғымағын көңілдің таң асырдым.

Алтын нұрын төбемнен себелетіп,

Құшағын ашты тағы жанашыр күн.

 

Маңдайымды үмітке өптіремін,

Өрекпіген кеудеммен көк тіредім.

Жайлауына жанымның гүл өсіріп,

Көңілімнің жапырып көк кілемін.

 

Сағым арман артынан қуаладым,

Мұңайамын біресе қуанамын.

Шөліркеген жүректің гүлзар бағын,

Өлең деген замзаммен суарамын.

 

***

Көктемнің аппақ жаңбыры,

Құйып тұрды сіркіреп.

Таңдардың ғажап тағдыры,

Көзіме жасым іркілет.

 

Не силар екен алда күн,

Тек тәңір ғана біледі.

Адасқан іздер арманын,

Ақынның аспан жүрегі.

 

Сағыныш мұңын арқалап,

Өтерміз бәлкім бәріміз.

Ай туса бірде шалқалап,

Сарғайтар жанды әлі күз…

 

***

Тірліктің тілер түнегін,

Қайраты қайда жүректің.

Даламның әсем гүлі едім,

Жанымды неге мұң өптің.

 

Қызарып батқан күн сынды,

Жанымның солғын жалыны.

Жұлдызсыз соқыр түн сынды,

Кеудемде қобыз сарыны.

 

Кімдерден медет күтемін,

Меңдетті нала тағыда.

Белгісіз кімді күтемін,

Арқамды тосып жауынға.

 

Бақытқа құштар жүрекпен,

Балауса мұңды кешкенмін.

Даламда көркем нұр өпкен,

Ақша бұлт болып көшкенмін.

 

Аспаннан іздеп бағымды,

Аспаққа барып асылғам.

Тағдырға теліп таңымды,

Шуақ боп көктен шашылғам…

 

Өмірім менің

Жарқырап тұрған жақұтым ба едің,

Басыма қонған бақытым ба едің.

Сандалып бекер сағымды куып,

Өтіпті талай уақытым менің.

 

Адасып қалған арманым ба едің,

Арайлап атар таңдарым ба едің.

Бұлбұл бір ғұмыр бағында салған,

Құмарта шырқар таңғы әнім ба едің.

 

Көктемнің нұрлы шуағы ма едің,

Сезімнің кәусар бұлағы ма едің.

Жауабын таппай өмірдің тылсым,

Шешілмей келген сұрағы ма едің.

 

Үлбіреп тұрған үмітім бе едің,

Бақытқа құштар көңілім бе едің.

Атақтарға арзан бой ұрмайтұғын,

Елеусіз менің өмірім бе едің.

Өмірім менің…

***

Өмірімнің нұры сынды гүл өлең,

Мен өзіңсіз қалай өмір сүрер ем.

Сен кеудемнен төгілгенде маржан боп,

Күй кешемін бір ерен.

 

Мені сенен бөле алмайды ешкімде,

Жанарымның оты мейлі өшкінде.

Талқан етем кедергінің барлығын,

Айналып бір көшкінге.

 

Көктеменің гүлі сынды құлпырған,

Жүрегімді қайда қоям жыр тұнған.

Айлы түнде көп қараймын аспанға,

Жүрегіммен мұң тұнған.

 

Таңымда атар шолпан туып сызылып,

Сағыныштың әуеніндей үзіліп.

Мені ешқашан адастырмас арманым,

Алдамайды құз үміт.

***

Қайран күн қалтарыста күледі ме,

Түн тірлік тұншықтырма түнегіне.

Жем таппай шырылдап жүр бозторғайлар,

Ем таппай мен жылаймын жүрегіме.

 

Тәңірдің берген ортақ сиы бізге,

Үйіріп түсті неге  құйын ізге.

Қара бұлт қатып тұрып қақ төбеде,

Түнеріп төне берді ау жиі бізге.

 

Болғанмен бұлыңғырлау болашағым,

Өзіме өзгеше бір жол ашамын.

Қол бұлғап бұлаңдайды маған қарай,

Бір сиқыр көз ұшында бұла сағым.

 

Жанардан түсседағы жақұт құлап,

Қатігез айналмайды ау уақыт бірақ.

Ұшуға тәңір ием бақыт берген,

Құстардың бәрі бізден бақыттырақ.

 

Сабылтқан сағым арман сияқтатат,

Жан сырын жадау көңіл жиі ақтарат.

Аңсарын алыс жаққа алып ұшты,

Көңілдің көгершіні қияқ қанат.

 

Сұрқия сұм тірліктің сыры ашылып,

Өлгелі көкжиекке тұр асылып.

Бозторғай ,бозарған қыз, бозаң үміт,

Қуана қол соғады құлаш ұрып.

 

Қатайын ғаламыма бұлағай үн,

Тәңірден жоқты бер деп сұрамайын.

Адам боп өмір сүру олда қызық,

Жалғаннан жалқы бақыт сұрамаймын.

 

Көңілім көк аспанға көтерілді,

Жер ана қалай берем өтеуіңді.

Бермепті тәңір қанат,егер берсе,

Білмеймін қай жаққа ұшып кетерімді.

 

Бозторғай, бозарған қыз, бозаң үміт…

 

***

Жүрегіңе сенбегенде,

Өз өзіңе келмегенде,

Пәк сезімге шөлдегенде,

Мені ізде…

 

Тәңіріңе жалынғанда,

Таңдарыңа табынғанда,

Алып ұшып сағынғанда

Мені аңса…

 

Түн бетінен сүйдіргенде,

Тас емшегін идіргенде,

Ай тұтылып күн күлгенде,

Ай тұтылып күн күлгенде,

Мені ойла…

 

Жан шырағың сөнген күні,

Көңіл гүлің сөнген күні,

Махаббатың өлген күні,

Мені ұмыт…

 

***

Лақтырып қамытын азап күннің,

Кері қарап артыма мазақ қылдым.

Шай қайнатым өмір ғой сынағы мол,

Білейін деп қадірін азап күннің.

 

Әлде кіммен қайтемін ырлдасып,

Пенделіктен қалмасын жырым жасып.

Аңғал басым тастарға соғылды көп,

Өлеңіммен өзгеге сырымды ашып.

 

Алда мені

 

Алда мені,алдағаның ұнайды,

Қолыңа алып ұстатам деп күн айды.

Сенің тәтті сөздеріңе елітем,

Тірлігімді жоспарламай былайғы.

 

Өтіріктің білсемде өрге баспасын,

Бас ауыртып ойлап қайтем басқасын.

Емірене өмір сүре беремде,

Ен көңілдің кілтін өзің ашқасын.

 

 

Қандырасың құлағымның құрышын,

Күйкі күннің бәрі тәйір құрысын.

Алданудың тәттілігін сезініп,

Кеңіп сонда сала берер тынысым.

 

Әлде неге таңырқаймыз таң қалып,

Арманымыз жұлдыздарға жалғанып.

Құр елесті өтерміз ау малданып,

Қу түлкідей дүниеге алданып.

 

Әйелміз ғой алданамыз жиі біз,

Еркелеуге келмеседе күйіміз.

Мынау күйкі тіршіліәктің қамы мен,

Ашып жүр ғой онсыздағы миымыз.

 

***

Жан жүрегім жетім қалған қозыдай,

Сүт сәулесін түнге төкті қозып ай.

Тұл ғаламның түртіндірген бауырын,

Мына өмірдің шыныменен тозығы ай.

 

Тереземе шағылысты нұрсынық,

Мөлдір шықтан алқа тағып тұр шыбық.

Аласұрып әлде кімді іздеймін,

Кісендеулі көңіліммен күрсініп.

 

Көркіне шын күлкі силар көктемнің,

Өртке оранған өр күнімді өткердім.

Кешкі шапақ құлазытып жанымды,

Күнде батқан шұғыласын төккен мың.

 

Жанарымнан шашырады бір ұшқын,

Еркін өскен менде өзімше қырыспын.

Өзегімді теуіп мені бәтшағар,

Жылатпақшы ол

Жыламауға тырыстым.

 

***

Не силар деп атар таңдар келесі,

Есерліктің ербеңдеді елесі.

Ысқырып кеп көкірегіме қадалды,

Уға малған қара тілдің жебесі.

 

Көңілімді баса алмастан тасынған,

Риясыз мен бәріне бас ұрғам.

Күліп тұрып гүл қадаған кеудеме,

Сұқ көздер ай сұмдықтарын жасырған.

 

Қасіретті күйін кешіп ғазалдің,

Бұратыла биін билеп ажалдың.

Мен сапасыз тауарына айналғам,

Көңіл деген шайтаны көп базардың.

 

***

Сен даланың ақ бұлты едің,

Мен қаланың самалы едім.

Көзе толы шарбат сынды,

Сырға толы жанар едім.

Аспанға ұшып кетсеңдағы,

Аңсап іздеп табар едім.

Сен көңілдің аспаны да,

Мен еркіндік жұлдызы едім.

кенет бірақ…

ессіз құйын есігімді ұрғылап,

керең болып қалды бір сәт бұл құлақ.

Тағдырыңның ноқтасына байланып,

Сен алыстап кете бардың бұлдырап.

…деймін бір күн іздеп сені табармын,

Сағынштың сал  жырына салармын.

Сен жоғалсаң жұмық күйде қалармын,

Сенің ғана елесің бар жанармын.

 

Неге?!

Сезімге ғажап шөлдейсің неге,

Сағынсаң іздеп келмейсің неге.

Жаныңды сеніп бермейсің неге,

Арманыңды асыл жерлейсің неге,

Махаббатыма сенбейсің неге?!

 

Түсіме жиі енесің неге,

Мазалай берді елесің неге,

Үміттің дәнін себесің неге,

Семсерсіз сертті бересің неге,

Алыстап кеттің жанымнан қалқам,

Келместің мініп кемесін неге?!

 

Шапағат іздеп шағындың неге,

Баянсыз баққа бағындың неге,

Соңынан қудың сағымның неге,

Жұлдыздан моншақ тағындың неге,

Жанартау жүрек жарылдың неге?!…

 

Безіну

Дегендей ақ безіп қайда кетесің,

Паң дүние жымиады кекесін.

Бұл тірлікте өзін өзі алдаған,

Сенде сондай пендесің ау көкешім.

 

Құмарпаздау құлқындардың құлы шын,

Сезімі де,төзіміде құрысын.

Бүгін маған қажет емес тәтті әнің,

Қандыратын құлағымның құрышын.

 

Бұлай кесім жасадым деп неліктен,

Айрылдым ба көңілдегі көріктен.

Желегін ап лақтырдым дәл бүгін,

Мына көктем көңілімнің желіккен.

 

Лақтырдым бәрі бүгін бекер деп,

Бар салмақты жүрегіме көтер деп.

Ойламаппын оттай ыстық жүрегім,

Бірақ сәтте өстіп суып кетер деп.

 

Қадамымнан басқан әрбір сыр аңдап,

Сұрқия мұң сытылады слаңдап.

Сумаңдаған түлкі сынды сұм өмір,

Бара жатты көз ұшында слаңдап.

 

Сағыныш

Сағымдай сабылып тұрдым,

Көрмесем сағынып тұрдым.

Жаныңнан жаным іздесең,

Табылып тұрдым.

Мұздасаң пешіңе түсіп,

Отың боп жағылып тұрдым.

Сен маған өмірде мынау,

Махаббат барын ұқтырдың.

Мен сені сағынып тұрмын…

 

Көктем көңіл

Күлімдеп тіл қатады көктем көңіл,

Бұрылып қарамайды өткенге өмір.

Әуендер мені өзіне елітеді,

Ілесіп жыл құсына жеткен не бір.

 

Баяғы балғын шақтың елестері,

Көзіме неге менің елестеді.

Әредік қолын бұлғап шақырады,

Жастықтың артта қалған белестері.

 

Жылдардың біз есейдік көшін көріп,

Жоғалттық  гүл көктемнің  қошын неғып.

Отыздан бұл күндері ассақтағы,

Жүректің жалын отын өшірмедік.

 

Құлазып көңіл бағы шақырады,

Сарғайған сағынштан атырабы.

Жағаны таба алмай жүр жетім қайық,

Ой теңіз тереңіне батырады.

 

Өмірден мына жалған кім кетпеген,

Ғұмыр кешіп жүгіріп  дүрмекпенен.

Жаны жайсаң жақсылар қайда кеткен,

Көңілінің көгіне күн көктеген.

 

Шежіресі даламның шертілмеді,

Мазалайды жүректе дертім мені.

Сенімі аздау достарға сиға тартқан,

Селге кеткен байағы сертім бе еді…

 

Көктем көңі неліктен құлазыды,

Бұл шақтары жанымның жыр азығы.

Жүрегіммен ойнайды жеңге ғұмыр,

Өмірімнің мысқалдау бір әзілі.

 

Биіктікті ұғыну

Тұтқасын бір ұстағандай ғаламның,

Ұрпағымын деп марсидым адамның.

Хауананың құрсағынан бұр жарып,

Топырақпен нұрдан деймін жаралдым.

 

Айжүзіне түсті тыртық нала боп,

Аспан бірде буырқанды қаракөк.

Пейілі тар көкіректер ішінде,

Күндестіктің оты жанды шала боп.

 

Зұлымдығын пенде көңіл асырды,

Тот бастырып талай талай асылды.

Тойымсыздық жайлап көңіл жайлауын,

Нала толы өткіздік сан ғасырды.

 

Тасыттымда асау көңіл жайығын,

Кешіріңдер болса егер айыбым.

Ой тұлпары жер тарпыды кісінеп,

Жолаушы өмір тартып мінген айылын.

 

Қара бұлттай түнердікте жаумадық,

Сабырларды сайтандарға сауға ғып.

Аласарып барат неге адамдық,

Биіктікті ей адамзат таудан ұқ.

 

Ағалар ай

Дарытқан дарқандығын даладан ай,

Құяды ақылдарың санама арай.

Қайғырсам қабағыма қарап тұрар,

Аман бол ақниетті ағалар ай.

 

Өмірдің базарында тарқамаған,

Жүгіріп күні түні шаршамаған.

Нартұлға ағалар ай  айналайын,

Қайыспай елдің жүгін арқалаған.

 

Жолдардың басып өтіп бұралаңын,

Құлама құздарданда құламадың.

Рухың ұлы таудай биік екен,

Тағдырдың елемедің сынағанын.

 

Ақылман ағаларым асылдарым,

Сендермен арқаланып тасынғамын.

Қайраты тау қопарар арландар ай,

Жанының өшірмеген жасындарын.

 

 

Тиянақ

Аспан көңілдің сейілмей қара бұлты мың,

Бұркелеп алды ақ жүзін нала күлкінің.

Бозала таңда,бозарған бордай көңілім,

Қағады әлсіз шық тұнған  жара кірпігін.

 

Ақ бұлттың төзбей көңілім қобырауына,

Үзіліп құлап тамшылар омырауыма.

Керім далада сағымдай шұбыра көшкен,

Керуен ғасырлар сылдырлы қоңырауыма.

 

Әйнекке салған аяздың өрнегі білем,

Еріккендердің бұл өмір ермегі кілең.

Бұғауын бұзып тастар ем дәрменім жетпейді,

Күйкіге толы күндерді сендегі күрең.

 

Түрмеңнің теуіп есігін құлатар ма едім,

Жасасам солай асаулық ұнатар ма едің.

Әмірін саған жүргізгіш  озбыр көңілден,

Жылатып тұрып кешірім сұратар ма едім.

 

Көксау дүние демалып өкпесіменен,

Жаздық біз осы несіне от кешіп өлең.

Қадірін жырдың түсінбес  бейшара біреу,

Таптамақ болды біздерді өкшесіменен.

 

Бөгеуге дәрмен жоқ менде қиял ағынды,

Білмеймін қашан есімді жия аларымды.

Жүректен кімдер ұсынар маған баспана,

Табамын сірә қай жақтан тиянағымды…

 

Мен жылымаймын

 

Жүзін бүркеп тұрсада тұман айдың,

Жүрсем мейлі біреуге ұнамай мың.

Жарты бақыт жалғаннан сұрамаймын,

Итерседе құрдымға құламаймын.

Буынып өлсін мейлі бұла қайғым…

 

Қара түнге сұлбамды батырсамба,

Көзімді ілмей таңдарды атырсамда.

Ербеңдеген елестей елік көңіл,

Мергеніне өмірдің атылсамда.

Мен жыламаймын.

 

Ес жию

Асау тағдыр қайшылаған құлағын,

Мені ағызған аласұрған бір ағын.

Долы дауыл домалатып  басымды,

Сенімімнің тарс өшіріп шырағын.

 

Ғашық болу адамдарға ол арман,

Ал махаббат менен мәңгі жоғалған.

Гүл көктемнің күміс күлкі бұлағы,

Тектеуі жоқ тексіздікке тоналған.

 

Қарашығыма тұнған жасқа қарашы,

Нар көңілдің басылмапты ау наласы.

Маңдайымның имй шимай жазуы,

Жүрегімнің жазылмаған жарасы.

 

Не болғанын енді сіра сұраман,

Гүл бағымнан менің мүлде жырақ ән.

Жайбырақат жүріп келе жатып ақ,

Жаттық жолда омақасып құлағам.

 

Неге ғана кіл уайым жегіздің,

Аияғыңды бассаң нетті өгіз күн.

Қоңыр кеште күңірене күрсінген,

Сыбызғы емес даусы еді қобыздың.

 

Жуып шайып ұлы уақыт жаңбырың,

Талмаураған  төгілдірші таң нұрын.

Ұйқысынан оянсыншы сал ғұмыр,

Талықсыған тағдырым.

 

Жұтылу

жаны мен тәні бөлінген,

періште көрдім көгімнен.

Төсіне сіңді даланың,

Шуағы күннің төгілген.

 

Өмірге көптеп үңілмей,

Өрнексіз өтті күнім кей.

Аңырайды кеудем бейуақ,

Қобыздың қоңыр үніндей.

 

Сұмдығын түйіп сұрлана,

Мүлгіді мыстан сұм қала.

Жалаңаш жалпы сұлбаға,

Қарады мың көз ұрлана.

 

Төріндей болған тамұқтың,

Жалғаннан мынау жалықтым.

Тұншығып тұрды тұл ғалам,

Ғаламатындай ғаріптің.

 

Күндізден болып жарық түн,

Әлде кімді іздеп зарықтым.

Желбезегінен жыр ағып,

Қайраңда жатыр балық мұң.

 

Ғаппардың соңғы монологі

Кеудемнің қобыз мұңын  тыңдап ғалам,

Мелшиіп қара тау тұр тіл қатпаған.

Кеудемде  сағыныштың сазы еседі,

Жанымның терезесін мұң қаптаған.

 

Бабамның басы қалған арман далам,

Жолдайсың сәлеміңді таңнана маған.

Орқашар,Үшқұлыстай,тарбағатай,

Көмейден үзілді әнім жалғанбаған.

 

Майлы тау ,барлық, жәйір мекенім -ау,

Өзіңді енді көрмей өтемін -ау1

Бастыда бауырына босатпады,

Жетісу жер жәннәті, текелім -ау!!!

 

..Кеңіткен өрісімді өнердегі,

Безді деп кім айта алар сенен мені.

Өзіңде өмір сүрген қайран шақтар,

Айналып қайта шіркін келерме енді!!!

 

Көңілде өмірімнің ізгі әні бар,

Қыран болдым мұзбалақ құзға құмар.

Жарлығымен жүректің ғұмыр кештім,

Қабағымда ғасырдың ызғары бар.

 

Әркімдер қолы жетпес арман едім,

Көгіңде еркін биік самғап едім.

Кетті деп жүрме өкпелеп туған туыс,

Артымда аруақты қалған елім.

 

Алты алашқа даңқы бар бас иетін,

Бабаның жалғап келген өсиетін.

Қарағай бастауым ай мөлдірім ай,

Ұғарма кейінгі ұрпақ қасиетін.

 

Тоқыттым ой теңізін аралап бақ,

Ұйқыда жатқан кезде далам аппақ.

Ескегін қара сөздің қайығының,

Қалдырам қалың елге аманаттап.

 

Артымнан оқы еске алып аят маған,

Ұйқыдағы жұртыңды оят балам.

Майлы таудың қанды көз қарт қыраны ем,

Асқар алатауға кеп тояттаған.

 

…атар менсіз әліде таң күліп мың,

Ай ауысар,жыл аунап, жаңғырып түн.

Атажұрттың жамылып топырағын,

Кетем енді еліне мәңгіліктің…

 

 

***

 

Таңдарыма таң қалам да тағдырлы,

Еңсеремін еңсе басар бар мұңды,

Көңілімнің гүл бақшасы сарғайды,

Күте-күте көктемдегі жаңбырды.

 

Құштар көңіл елік сынды қашаған,

Алып ұшқан аптығымды басады ән,

Күй тартады шемен толы бұл кеуде,

Не жазып ем жасаған….

 

Жүрегімді тілкімдеді кешегім,

Ернеуінен у жұтқызып кесенің,

Өрнексіз ой ойсыратты бір кезде,

Тасасынан тас жіберіп көшенің..

 

Алдамшы өмір бақ пен соры алмасқан,

Кінә артпан көңіліме алдаспан,

Сырға толы сағыныштың сандығыын,

Бір  ғажайып таңға ашқан…

 

Өң мен түс

 

Өң мен түс арасында аласұрып,

Тіньеді жүрегімді қарасуық.

Көңілдің жер тарпиды арғымағы,

Шайнаған ауыздығын таңасырып.

Жанымда кілкіп тұрған сағынышым,

Қиялдың қырларынан ары асырып.

 

…Өткеннің жел мүжіген елестерін,

Өбеді маңдайымнан көмескі ерін.

Жапанда жалғыз қалған бәйтеректің,

Ең соңғы жапырағы емеспе едім…

 

О, Арман –ай

 

О, арман-ай  елесіңе арбалдым,

Шақырады таңғажәйіп таңдар мың

Ен далада жалғыз жортып түн қатам,

Менің бейбақ  арманымды жалғар кім..

 

О, арман –ай қолым жетпес құзарсың,

Маңдайыма қандай сызық сызарсың.

О,жаратқан қиялыма қиял қос,

Көрген түсім өңге айналып ұзарсын.

 

Сертім бөлек, дертім бөлек дан едім,

Айтылмаған бір тамаша ән едім.

Уақытқа орап алып өртедім,

Тіршіліктің таусылмайтын әлегін…

 

                             Жазу

 

Жазуға телмірем көмескі,

Ойларды парақтап мен ескі.

Шимайға толы бұл маңдайды,

Сүйіп бір жел есті.

 

Бір әуен жетеді үздігіп,

Шақыра береді күз күліп.

Шағала сезімім шарқ ұрды,

Көктерек саясы бізді күт.

 

Жалғанбай мекендер арасы,

Ұдеді жүректің наласы.

Екі өзен параллел ағады,

Біздегі екі өмір қарашы…

 

Жабығып реніш окпеден,

Кезеді көңілдей көк кемем.

Ынтызар жүректі шектеген,

Тұншыққан арман-ай  жетпеген…

 

Әнмен әрлеп өмірін жырмен өрген

(Ертұрам Зейіпханның рухына)

 

Әнмен әрлеп өмірін жырмен өрген,

Кеудесіне тағынып гүлден өрден.

Кетті Ерағам аттанып жұмағына,

Ала алмай есебін күннен өлген.

 

Кірбең түсіп көктемнің қабағына,

Сағыныштан сарғайды сана мына.

Кетті Ерағам паң басып бұл пәниден,

Ғалам мұңын сіңдіріп жанарына.

 

Әкетті ажал сүйретіп білегінен,

Босатқандай сұм тірлік түнегінен.

Пенделіктің түспеген көлеңкесі,

Елін сүйген кетті есіл жүрегімен.

 

Көңілдегі арылып наласынан,

Бақыт тапқан туған ел даласынан.

Қайран күнес өксіді айрылдым деп,

Аңқылдаған ағеділ баласынан.

 

Ардақтысы ет айбарлы алашының,

Жүрегімен ұғынған дала сырын.

Көк аспанға рухы көтерілді,

Көк туым деп шырқаған баласының…

 

Біз отызды барамыз ау еңсеріп

Әлде неге іштей ғана елігем,

Жүрегімді үнсіздікке телігем.

Күз келгенде құлазиды көңілім,

Аққу қаздай айдыннан жеріген.

 

Бозғылт аспан жанарына мұң тұнып,

Боз тұманнан шыға алмадым жұлқынып.

Жүрегіме тоң боп қатқан түйір мұз,

Тамшы жас боп шашырады бір тұнық.

 

Тыржалаңаш қайыңдар тұр теңселіп,

Құлап түскен жапыраққа жер серік.

Уақыт шіркін ескерілмей елеусіз,

Біз отызды барамыз ау еңсеріп…

 

Терезе алдындағы раушан гүлі

Терезе алдында тұрды гүл,

Сарғайып еріні кезерген.

Жүректен төгілер мұңлы жыр,

Менімен жаның бір сезем мен.

 

Көзімде көктемнің елесі,

Жанымды неліктен өртедің.

Жылжиды өмірдің кемесі,

Батқанда келте күн.

 

Раушан гүлі еді тым сұлу,

Інкәрлік бойына сіңірген.

Жүректен жойылған құлшыну,

Бір хабар күтетін іңірден.

 

Раушан қиялым елтеді,

Бір сезім сыбырлап шақырып.

Көңілдің мұң күйін шертеді.

Жүрегім ах ұрып.

 

Ығыр боп тірліктен мазасыз,

Жек көргем бір кезде қаланы.

Кім қалар тәңірден жазамыз.

Ғасырда …налалы…

 

Махаббат пен мейірім

Қарсы алумен марғау әрбір таңымды,

Тарпаң тағдыр талағанда тәнімді.

Махаббат пен мейірімге бөледің,

Жапырақтай қалтыраған жанымды.

 

Көңілімнің гүл бақшасы гүлденді,

Қызыл жасыл болып әлем түрленді.

Үрей қара көлеңкелер тығылды,

Кеудеме кеп нұрын төгіп гүл қонды.

 

Оятпашы тәтті ұйқымнан жел келіп,

Жүрегіме жүрсең болды дем беріп.

Бақыт құшқан сәттеріммен күн кешем,

Тәтті елестер құшағында тербеліп…

 

Талай жылдар кеудемнен ұшып кеттің,

Елесіңді келген ем құшып көп күн.

Жүрегімнің түбінде ұйып тұрған,

Замзамынан сезімнің ішіп кеткін.

 

Сымбатыма,қымбатыма бас ұрған,

Сосын көңіл шашудайын шашылған.

Бебеулейді құлағымда бір әуен,

Жеткен сонау ғасырдан.

Ара сынды гүлден шырын жинайтын,

Махаббат ең тәңір ғана силайтын.

Жер көктегі жан тәнімнің қалауы,

Ешбір өлең жолдарына симайтын.

 

Мейірімнің құйдың жанға шуағын,

Жүрегімде жөңкіледі бір ағын.

Дірілдеген нұрдан құйған елесің,

Аспан жердің арасы ма тұрағың?!

 

Күздей сұрғылт өмірімді жаз еттің,

Көңілімді көктем еттің мәз еттің.

Тек сағыныш сыздатады жанымды,

Бәріде бар тірлігіме қажаттің…

 

Сіркіре көктем жаңбыры

 

Тазарсын мынау көңіл кір,

Сіркіре көктем төгіл бір.

Сағыныштан тұрады,

Мендегі мұңлы өмір кіл.

 

Сіркіре көктем жаңбыры,

Жазылсын жалын жан жыры.

Тағдырымды түрлентсін,

Тамылжып атқан таң нұры.

 

Аспанға көңіл туымды іл,

Бұрымыңа бұлтты буындыр.

Інкәрлік толы жүректі,

Аппақ нұрыңмен жуындыр.

 

Сыбырлап айтта сырыңды,

Сіміріп барлық мұңымды,

Әлпеншек етіп тербегін,

Тыныштық тұнған түнімді…

 

Ұшырдым көңіл құсын

Ұшырдым көңіл құсын саған қарай,

Қалауын бұл жүректің табам қалай.

Үміт қуып үздігіп өмір бойы,

Арман қуып ах ұрған адамдар ай.

 

Шынмен тұрады өмір сағынудан,

Шаршадым сағым оймен сабылудан.

Сарғайған ғұмырымның күзгі бағы,

Жалынсыз жан жүдейді жабығудан.

 

Шертілер шерменделер күйі бөлек,

Бір әуен бебеулеген жиі келет.

Тұншыққан жөргегінде қайран арман,

Өтер ау сені жаным сүйіп ерек.

 

Иеді басын жерге налалы емен,

Жөңкілет сағым кілкіп даламенен.

Қош айтып қоңыр күздің аспанна,

Қаздардың қанатында барады өлең…

 

…Ұшырам көңіл құсын саған қарай,

Қалауын бұл жүректің табам қалай.

Үміт қуып үздігіп өмір бойы,

Арман қуып ах ұрған адамдар ай…

 

 

Жүрегіме ұя салды ымыртта

Сарғайған сар, сағыныштан гүл өрем,

Жапырақтар жанарын түнегем.

Жүрегіме ұя салды ымыртта,

Ғарыш жақтан ұшып келіп бір өлең.

 

Аспан жақтан келді тылсым бір хабар,

Бұтақтарда қатқан сүңгі сырғалар.

Менсіздағы мынау ғажап дүние,

Мың ақынның жүрегі боп жырланар.

 

Қысқы бақтың ішін тінтіп кеземін,

Өртеймінде өмір қыздың өзегін.

Қоңыр күзде қош айтысқан арманнның,

Көктем болып ораларын сеземін.

 

Айдың аппақ сәулесіне оранып,

Бойдағы бар сабырымнан тоналып.

Жүрегімді теліп арман ,үмітке,

Бір бағытқа бара жатам жол алып.

 

Сарғайған сар, сағыныштан гүл өрем,

Жапырақтар жанарына түнегем.

Жүрегімді мекендеді ымыртта,

Ғарыш жақтан ұшып келіп бір Өлең…

 

Жүрегімді шомылдырып шуаққа

Ақ бұлттарға оранып ап түсімде,

Шексіздіктің әлемнің ішінде.

Жүрегімді шомылдырып шуаққа,

Ғұмыр кешем бұлдыр қиял пішінде.

 

Жұдырықтай жүрек деген түрменің,

Тұтқыны едім,ішке жұтқан түн демін.

Күрсінтеді желмаядай желісті,

Зулап өмкен күндерім…

Жүріп өтті замананың көші мың,

Жаратқаннан сұрайтындай кешірім.

Ғасырлардың көмейінде тұншыққан,

Бір ғаріптің жазбақ па екен есімін.

 

Мәңгіліктің өшпес жырын жазамын,

Ең ғажайып, менің тәтті азабым.

Сәулелерін шашыратты Ай сұлу,

Сездірмекке ғажабын…

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір