• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 06:24:48
Алматы
+35°

02 Наурыз, 2018 Ғылым-білім

Ғылым саласындағы былық-шылық

Өшірілген журналдарда қазақстандық ғалымдардың 250-ден астам еңбегі жарияланған басылымдар бар

Жақында Scopus халықаралық базасы кезекті тазалау жұмыстарын жүргізіп, ғылыми құндылығы жоқ журналдарды тізімнен алып тастаған еді. Өшірілген журналдар ішінде қазақстандық ғалымдардың 250-ден астам еңбегі жарияланған басылымдар бар.

PhD докторы дәрежесін алу үшін қазақстандық кандидаттар шетелдік басылымдарда ғылыми жұмысын жариялауға тиіс. Бұл шарт 2000 жылдардың басында сынақ ретінде жүргізілді, кейін жалпыға міндеттелді. Содан бері қазақстандықтардың ғылыми мақалалары шетелдік журналдарда көптеп жарық көре бастады. Десе де сан болғанымен, сапа жағы ақсап тұрған сияқты. Оған дәлел – мүйізі қарағайдай ғалымдардың мақаласы шыққан журналдардың Scopus тізімінен өшірілуі. Оның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Садықовтың еңбегі бар.

Осыған байланысты Ерлан Бәттәшұлына хабарласқан едік. Оның айтуынша, мақала жарияланған журнал талаптарға жауап бере алмағандықтан, базадан өшірілген, бірақ жарияланған еңбектер дерек қорында сақталады.

- Мақалам шыққан кезде журнал Scopus базасында болған. Жыл қорытындысына орай, ол журнал базаның кейбір талаптарын сақтамағандықтан, қордан шығарылған. Бұған мақаласы жарияланған зерттеушінің ешқандай кінәсі жоқ. Олар мақала біздің талабымызға сай деп бағалап, жариялады. Ал енді жыл соңына қарай ол журнал қойылған талаптарды толыққанды орындай алмағаны үшін базадан шығарылған. Ескертулерді жөндегеннен кейін базаға қайта кіре береді. Scopus базасына енген журналда жарияланған мақала осы базада үнемі сақталып тұрады, ол өшірілмейді, - деді Ерлан Садықов.

Ғалымның базадан өшірілген журналда жарияланған мақаласы Шәкерім шығармашылығы арналған екен.

- Өздеріңіз білесіздер, менің «Шәкерім» атты зерттеу кітабым ең алдымен қазақ тілінде жарық көрді. Одан кейін ресейлік баспа ЖЗЛ сериясы бойынша орыс тіліне аударды. Былтыр бұл еңбектің ағылшынша нұсқасының түсаукесері Кембридж университетінде өтті. Бауырлас түрік тілінде де шықты. Қытай тіліне де тәржімаланды, тұсаукесері сәуір айында өтпек. Қазір румын тіліне аударылып жатыр. Шәкерім бабамыз туралы еңбек бұрын-соңды шет тілдерінде жарияланған емес. Бұл еңбегімді қазақ зиялы қауымы ғана емес, түркі тілдес елдер өкілдері де, Европадағы әдебиетші ғалымдар да жылы қабылдады. Сондықтан ағылшын тіліне аударылған еңбегімнің негізінде жазылған мақаланы Scopus базасында тұрған журналға ұсындым. Бұл, бір жағынан, ғалым ретінде қазақтың ұлы тұлғасы туралы зерттеуімнің халықаралық базаға енуі үшін де қажет еді, - дейді Ерлан Садықов.

Қазақстандық кандидаттардың ғылыми жұмысы шетелдік басылымда жариялануы үшін не істеу керек?

Кейбір қазақстандық ғалымдардың айтуынша, шетелдіктер Қазақстанға көп қызыға бермейді. Сондықтан Қазақстан жайлы ғылыми зерттеу жұмыстарын шығаруға ынталы емес. Жас ғалым Нұраддин Садықов та осындай пікірде.

-  Қазақстанды көбі біле бермейді. Білгеннің өзінде Орталық Азиядағы орыстанған мемлекет деп қабылдайтынын мойындауымыз керек. Батыс ғалымдары Қазақстанға ұлттық колориты басым ел деп қарай алмайды. Зерттеу нысаны ретінде шетелдік ғалымдарға қызық емеспіз. Батыс ғалымдары Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, тіпті, Ауғанстанды зерттеуге құмартады. Сондықтан шетелдік ғылыми журналдарға мақала жариялауда қиындықтар туындайды, - дейді Нұраддин Садықов.

Жас ғалым «Батыс Еуропадағы иммигрант қазақ ақын-жазушыларының әдеби мұрасы» атты ғылыми жұмысын жазуға көп уақыт пен күш-жігер жұмсағанын айтады. Ол Францияда, Польшада, Германияда сақталған мұрағаттан қазақ әдебиетіндегі жаңа есімдерді тауып, олардың шығармаларына терең бойлап зерттеген, алайда батыс ғалымдарына бұл тақырып қызықсыз болғандықтан, тасада қалып қойған.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Садықов руханиятымызға, тарихымызға, тілімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге, біртуар ұлттық тұлғаларымызға қатысты  құнды еңбектерді Scopus базасына енетін журналдарда жариялау мүмкін емес екенін айтады.

- Ол зерттеулерді бұл базаға кіретін журналдар бағалай алмайды. Сонда бүкіл өмірін руханиятымызды зерттеуге арнаған айтулы ғалымдардың еңбегін кімге бағалатуымыз қажет? Бұл әділетсіздік қой. Әлде мұндай зерттеулерді халықаралық ғылыми қорға кіретін журналдар қырын қарады деп тоқтатуымыз керек пе? «Онда біздің рухани жаңғыруымызды кім жүзеге асырады?», - деген заңды сұрақ туындайды. Қазір қазақ тілі мен әдебиеті, ұлттық тарих пен  журналистика салалары бойынша зерттеу жасаған докторанттар шетелдік басылымда мақаласы шықпағандықтан, ғылыми дәрежелерін қорғай алмай жүр. Бұл да – алаңдаушылық туғызатын үлкен мәселе. Алдағы уақытта осы салаларға жас ғалымдарды тарту қиындауы мүмкін, - деп көкейдегісін айтты ғалым.

Осы ретте Нұраддин Садық гуманитарлы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдарға шетелдік басылымда ғылыми жұмысын жариялау шартын алып тастауды ұсынады.

- Бұл техникалық мамандықтар үшін керек шығар, бірақ гуманитарлы салаға қажеті шамалы. Қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ жазушыларының әдеби мұрасы, шынын айтқанда, шетелдегі ғалымдарға керек емес. Сол сияқты тарихи ішкі этнографиялық, этимологиялық мәселелер де оларды қызықтырмайды. Сондықтан гуманитарлы мамандықтарға мұндай шектеуді алып тастаса дұрыс болар еді. Ал егер алып тастамайтын болса, білім және ғылым саласын бақылау комитеті мақаланы қандай журналдарға жариялауға болатынын айтып, бағыт-бағдар беріп отырса деген ұсынысым бар, - деген ойын жеткізді.

Бұған қоса, ғалымдар инфофакторлы жүйедегі шетелдік ғылыми басылымда еңбегін жариялау үшін біраз қаражат жұмсайды. Ең алдымен оны қазақ не орыс тілінде жазады, ағылшын тілін білмеген жағдайда оны аудармашыларға аудартады. Шетелдік басылымға жіберіп, қаржысын төлегеннен кейін мақала жарияланады. Алайда инфофакторлы жүйе жарты жыл сайын жаңартылып отырады. Осы уақытта мақала жарияланған журнал жаңартылған тізімде жоқ болып шығуы мүмкін. Ал оған ғалымдар 700 еуроға дейін шығындады.

Нұраддин Садықтың айтуынша, бұл жағдай Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің отандық ғалымдарды шетелдік алаяқтардың талауына беріп отырғанын көрсетеді.

Журналдардың өз есептеу коэфициенті бар. Ғылыми дәреже алу үшін PHD докторы 0,1-ден жоғары коэфицентті болуы керек. Ол жыл сайын немесе алты ай сайын жаңартылып тұрады. Сол уақытта кандидаттардың мақаласы жарияланады, бірақ тізімнің келесі жаңартылған кезеңінде журналдың коэфициенті төмендеп кетуі мүмкін. Себебі оған деген сұраныс, оның оқырмандары және оны іздейтін адамдар азайғандықтан, ол тізімнен шығып қалады. Оларды «хищник журналдар» деп атайды. Ал оған мақала жариялау құны әртүрлі – мың доллар, еуромен есептесеңіз, 200, 300 еуродан 500, 1000 еуроға дейін барады.

Ал Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің дерегіне сенсек, шетелде ғылыми мақалаларды тегін жариялайтын басылымдар бар екен. Алайда тегін жариялату үшін бір-екі жыл, кейде одан көп күту қажет болады. Ал PHD докторы немесе профессор атағын алу үшін ғылыми мақала уақытында шығуы керек. Сондықтан кандидаттар, амал жоқ, ақылы журналдарға жүгінуге мәжбүр.

«Ғалымдарға шетелдік журналда мақала жариялауды міндеттеу арқылы не ұттық, оның қаншалықты қажеті бар және одан ғылым дами ма?» деген заңды сұрақ туындайды осындайда. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының ойынша, Халықаралық деңгейде өзекті мәселелермен айналысатын ғалым өзінің ғылыми жетістіктерімен басқа әлемдегі ғалымдардың танысуын, алынған нәтижелерге басқа ғалымдардың сілтеме жасауын, өзі зерттейтін ғылым саласының дамуын көздейді. Бұл оқырмандар саны ауқымды, өз саласының жетекші ғалымдары зерттеулерін шығаратын Web of Science, Scopus базаларына кіретін шетелдік журналдарда мақала жариялау арқылы жасалады. Демек шетелдік жоғары рейтингті журналда мақала жариялау қазақстандық ғалымдардың ғылыми нәтижелерінің халықаралық деңгейде танылуына, дүниежүзінің жетекші ғалымдарымен байланыс орнатуға, отандық зерттеушілердің жұмыстарына берілетін сілтемелердің артуына мүмкіндік береді.

Қазақстан ғалымдарының әлеуметтік жағдайы

Жаңалық ашу үшін ғалымдардың жағдайы жақсы болуы керек. Бұл – өмір заңдылығы. Қу тіршіліктің қамымен жүргенде ғылым жолында еңбектенуіне уақыт та, мұрша да бола бермейді. Бұл ретте Қазақстандағы ғалымдардың жағдайы керемет деуге келмес. Мәселен, Алматы университетінің оқытушысы Алмас Найманбай Оңтүстік Корея ғалымдарының жағдайы мен Қазақстан ғалымдарының жағдайы жер мен көктей екенін айтады.

- Өз тәжірибемнен айтайын, Оңтүстік Коряеның Дон Вук университетіне барғанда оқытушының, ғалымның деңгейі әкім, министр, керек десеңіз, президенттің деңгейінен жоғары екенін байқадым. Ғалымдар мен оқытушыларға студенттердің, жалпы халықтың құрметі өте жоғары. Ал әлеуметтік жағдайы бізден он, жиырма есе жоғары десем, өтірік айтқаным емес. Жас ғалымның өзінде жеке кабинеті болады. Кітапханалары 24 сағат ашық. Гази университетінде болдым. Ол жерде де профессорлардың жеке кабинеті мен хатшысы бар. Ал Қазақстанда профессор, академик, ғалымдардың ондай мүмкіндігі жоқ. Әсіресе қазір оларға үлкен салмақ түсіріп, ауыр тиіп жатқан мәселе – зейнет жасынан асқаннан кейін олардың ғылымнан, университет  тарапынан шеттетілуі, сағат бермей шектеу қоюы, - дейді Алмас Найманбай.

Оқытушылардың өз бетінше ізденуіне кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі – қағазбастылық. Оқытушылардың көп уақыты қағаз толтыруға кетіп жатыр. Алматы университетінің оқытушысы Алмас Найманбай XXI ғасырда бүкіл әлем цифрлы жүйеге көшіп жатқанда, қағаз толтырудан бас көтере алмай отыру елдігімізге сын екенін айтады.

- Бір пәннің бағдарламасы, оқу-әдістемелік кешені, студенттерге дайындайтын тест тапсырмалары бар. Оған лекция, дәрістің тезистерін қосыңыз. Оның бәрін жинақтайтын болсақ, біршама бетті алады. Бір оқытушы бес-он пәннен сабақ береді. Әрқайсысын есептейтін болсаңыз отыз, қырық, тіпті, жүз беттік оқу бағдарламасы дайындалу керек. Бұл – бір. Екіншіден, жарты жылдық немесе жылдық есептеулер тағы бар. Оның ішінде тәрбие, ғылым, студенттер, ата-ана, суденттердің туған жері  туралы мәлімет дегендердің бәрін қосатын болсақ, әрине, ол – оқытушыға үлкен жұмыс. Оның бәрі қағаз толтырумен ғана бітетін шаруа. Ал комиссия келгенде толтыратын қағаз саны артады, - дейді Алмас Найманбай.

ЖОО-дағы қағазбастылықты жоюдың жолдарын Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Садықовтан сұраған едік.

- Біз қазір барлығын рейтинг бойынша бағалайтын деңгейге көштік. Ол рейтингте дұрыс баға алу үшін өзіңізді нәтижеңіз, жеткен жетістігіңіз, ғылыми жаңалығыңыз, көрсеткішіңіз арқылы дәлелдеп, салалық министрлігіңізге есеп беріп отыруыңыз керек. Тәуелсіз рейтинг агенттіктері де сізден есеп сұрайды. Дәлелді, дәйекті көрсеткішіңіз сөйлеуге тиіс. Әрине, өкінішке қарай, әзірге бұл есептерді көп орталық мекемелер қағаз жүзінде талап етеді. Сондықтан бұл кемшілік еліміздегі барлық үлкенді-кішілі мекемелер цифрлы жүйеге толыққанды көшкенде түбірімен жойылатыны сөзсіз. ЖОО-да қағазбастылықты тоқтатудың бірден бір жолы да – сол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру, - деді Ерлан Садықов.

Оқытушылар қалың қағазға көміліп отырғанда ізденуіне, тың ғылыми жаңалықтарды тәжірибе жүзінде қолданып, студенттерге жеткізуіне, ғылыммен айналысуына уақыт жетпей қалатыны анық. Қазақстанға, керек десеңіз, бүкіл әлемге серпіліс әкелетін ғалымдарды қағазға жегіп қойып, мұнтаздай толтырылған құжаттардан мың есе маңызды дүниелерден мақұрым қалып жүрмейік.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір