• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:34:15
Алматы
+35°

02 Қазан, 2017 Әдебиет

Ғалым мен таксистің әңгімесі

Ғалым мен таксист білім мен өмір турасында әңгіме қозғады

Ол күндегі әдетінше сабағын аяқтап болған соң, кітаптары мен ноутбугын сөмкесіне салып, университеттің күншығыс жағындағы қақпасына беттеді. Сол қақпаның алдынан оның үйіне таяу маңға баратын №77 автобус жүретін еді. Жол-жөнекей ұялы телефонындағы Citybus қондырғысының  бағдар бақылағышынан қарап еді, ешқандай белгі білінбеді. “Бәлкім ұялы телофонындағы интернеттің шекті балансы бітіп қалды мекен?”- Ол осылай ойлады да аялдамаға келіп тоқтады. Сырғып уақыт өтіп жатыр, күздің ызғарлы суығы сүйегінен өткендей болды. Бағдар бақылағыш әлі үнсіз. Ол енді айналасына қарап еді, бір әйел тұр екен. Ол әйелден:

- Кешіріңіз, №77 автобус өтіп кетті ме жоқ әлде...Әйел оның сөзінің соңын күтпестен:

- Ол автобусыңыз енді жүрмейді-деді қысқа қайырып. Таңертең жұмысқа келерде де сол автобустың болмаған себебін енді түсінді. Ол неде болса таксиге отыруды жөн көрді. Қолын созғаны сол еді орта жастағы өзімен тұрғылас бір ер кісі мінген аққардай таза, жаңа көлік келіп тоқтай қалды. Ол барар жері мен беретін бағасын айтты. Ал анау аз-кем ойланып отырды да нарау ғана басын изеді.

Сөзді алғаш болып таксист бастады:

- Таныса отыралық, менің есімім Болат, Сіздің атыңыз кім?

- Есімім Азамат.

- Байқаймын мұғалімсіз -ау?

- Иә, Сіз таксистсіз-ау шамасы. Оның сөзіне екеуі де күліп алды. Аз-кем үнсіздіктен соң сөзді таксист сөзін жалғастырды.

- Көлігіңіз бұзылып қалды ма, жаяу Мұса болып қалыпсыз ғой?

- Менде сынатын емес, жоғалатын да көлік жоқ. Ежелден Жаяу Мұсамын.

- Солай деңіз, - таксист оның бас-аяғын көз ұшымен бір шолып өтті. Көне-тоз қара-көк күздік пальтосының өңі әнтең өзгеріп, иесінің бұрыл тартқан шашына бейімделе бастағандай. Таксист мырс етті де әлде не есіне түскендей:

- Ғылыми атағың бар ма құрдас?

- Ғылым докторымын дегендей.

- Онда айлықты күреп аларсың? -деді таксист әлде мысқыл әлде кекесінмен. “Айлық” осы бір сөз ғалымның жанына бататын аса ауыр сөз еді. Ол туралы естімек, айтпақ түгілі, ойлағысы да келмейтін. Ол үнсіз қалды....Үнсіздікті тағы сол таксисттің өзі бұзды:

- Сен жасырсаң мен өзімнің табатын табысымды айтайын. Егер жақсылап еңбектенсем күніне он мың таза табыс табамын, ал қалыпты жүрсем бес мың, еріншектігім ұстаса үш мың. Ол осыларды айты да өз сөзіне өзі риза болған жандай езу тартып ғылым докторына қарады. Ол кезде ғалым жүргізушінің табысын өзінің айлығымен салыстырып үлгерген еді. Ғалымның жүрегі мұздап сала берді. Сонда, бұл қалыпты жұмыс істегенде менен еш кем емес табыс табады екен. Артық істесе, артық алады. Қаламаса жұмысқа келмейді, өзі би, өзі қожа-деген осы.

- Не ойлап кеттіңіз? Тіпті күрсіндіңіз ғой, - деді таксист көз ұшымен бұған бір қарап қойып. Бұл үнсіз. Енді таксист әңгіме ауанын өзге арнаға бұрды:

- Сіз тұрған ауданда бұрын үш бөлмелі үйім болды. Балалар есейген соң әрі қаланың у-шуынан аулақ болайын деп қала сыртынан жеке қора-жәй салып алдым. Рахат, ауа таза әрі тыныш, миым бір сергіп қалды. Көкөніс пен жеміс-жидектің біразын өзіміз өндіреміз. Ал мына сырттан  келетін өнімдерге сенім жоқ. Екі балам бар, үлкені қолымда тұрады, өзінің жеке дүкені бар. Кішісі бой бермей университет оқыды. Ал қазір тұрақты жұмысы жоқ. Кезінде менің айтқаныма иланғанда ғой, ендігі бір кәсіпті дөңгелетіп кетер еді, текке уақыты мен ақшасын құртты. Бәрінен сорақасы дипломын аларда: «Әке, маған бір жерде істеп жүр немесе жұмысқа алғалы жатыр деген анықтама тауып бер»-деп маза бермеді. Амалсыз өзімнің туып-өскен ауданымдағы жалғыз орта мектепке бардым. Оның директоры өзімнің досым еді. Ол сорлы мені расында баласына жұмыс орын іздеп келген екен деп қатты састы. Бірден:

- Бөке өзің білесің, бізде мектеп пен емханадан өзге жұмыс істеп тұрған мекеме жоқ. Сондықтан баладан мұғалім көп. Әр біреуінің артында бір мықты тұр. Оларға тиісе алмайсың, ал енді біреулері өзің білесің ғой, ептеп жолын табады. Ондайларға да тісің батпайды, - деді міңгірлеп. Менің жай қағаз үшін келгенімді естігенде үстінен бір жүк түскендей жадырап сала берді. Содан бері “Диплом жатыр сандықта, ал жұмыс елу жылдықта” - деп әндетіп жүріп жатырмыз. Қағаз бойынша ұлым мектепте мұғалім, ал шын мәнінде жұмыссыз. Соған бола, осы көлікті салоннан несиеге сатып алдым. Ескі көлік алсаң сен оны емес, ол сені “мінеді”. Оны өзің де білесің. Сөйтіп, өз ұлымды өзім жұмыспен қамтып жүрген жәйім бар.

- Қиын болған екен, десе де біз білгенімізді үйретеміз, қазіргі жастардың өздері жұмысқа құлықсыз - деді ғалым әлде бір жауапкершіліктен бойын аулақ салып.

- Дұрыс айтасыз, сіздер үйретесіздер. Бірақ нені үйрену керек екенін үйретпейсіздер. Жастардың өздері де, олардың ата-аналары да  өздеріне не керек екенін пайымдап жатпайды, әйтеуір елден қалмау үшін оқиды, оқытады. Дәл сол оқу оларға керек пе, жоқ па бәрі-бір. Оған бас қатырып жатқан қазақты көрмедім. Мен жай таксист болсам да айтайын, қазіргі заманда қазақ жастарына құрғақ сөз, бос теория емес, нақты зат, техника жасауды үйрету керек. Сіздің ескірген галстугіңіздің жаңасын солар тігу керек, қолыңыздағы сыдырмасы сөгілген сөмкеңіздің жаңасын солар жасауы тиіс, тіпті сағатты да, сонда сізде де отандық сағат болар еді.  Ғалым галстугын тартқылап, сөмкесін бауырына қыса түсті. Ал анау алдына қараған күйі қасында оның отырғанын ұмытқан жандай сол екпінмен сөйлеп келеді:

- Міне, сонда көп нәрсе арзандайды, жұмыс орындары көбейеді, халықтың жағдайы оңалады. Сіз профессор болсаңыз да айтайын, ауа тамақ болмайды, құр сөз жұмыс болмайды. Ол осы сөздерін айтты да аз-кем үнсіз қалды. Тереңнен тыныс алып, темекісін тұтатты:

- Кешіріңіз, толқығанымда аздап шылым шегетін әдетім бар еді. Ғалым, ұстазынан сөгіс естіген шәкірттей  үнсіз, қимылсыз отыр. Бір-ер тартымнан соң көңілі сәл саябырсыған таксист сөзін сабақтады:

- Ұлым енді магистратура оқысам, дәрежем артады, содан дені дұрыс жұмыс табамын, - деп басымды қатырып жүр. Ал мен рұқсат етпедім. Табаны күректей төрт жыл оқып таппаған жұмысты, енді бір, екі жыл оқып таба қоямын дегенге кім сенеді. Біздің қазақ қоғамында “Артқан түйеңнен, сүйенген иең күшті болсын”-деген заңдылық дәурендеп тұр. Дәрежең тасығанмен, бағың ашылмаса не керек? Таксисттің сөзі осы араға келгенде ғылым докторының санасына өзінің магистр қызы түсті. Мектепке орналасқалы бірнеше жылдың жүзі болса да, әлі күні әкесін көргенде шағымданбайтын күні жоқ. Ал бұл болса, қайрат беретін сөзден басқа қолынан келер қайраны жоқ. Сорлы қызым-ай тапқаны тамағынан аспаған.....оның кеңсірігін ащы бір өксік өткір тілімен тіліп өткендей болды. Көзі жасаурай қалды.

- Сізге даланың суық желі-ау тиген, тымауратып қалмаңыз-деді таксист.

- Жоқ, даланың желі емес, жан-дүниенің жәй ызғары ғой әншейін. 

- Міне келіп те қалдық, - деді таксист көлігін тоқтатып жатып. Ғалым дайындап отырған ескі екі жүз теңгелік қағаз ақша мен бірнеше елу және жиырма, он теңгелік тиындарды оған ұсынды. Әлде осы бір құрау-сұрау өңсіз ақшаларды алудан арланды ма, жоқ әлде ғалымды аяды ма “түсіңіз” - деді жалғыз ауыз. Ғалым сасып қалды. Осы сәт жүргізуші оң қолымен ғалым отырған есікті ашты да қолымен “шығыңыз кәне”-дегендей сыртты нұсқады. Қапелімде аузына сөз түспеген ғалым есіктен сүйретіле сыртқа шықты. Жан-дүниесі бұрын-соңды кешпеген аласапыран күй кешті. Даланың ызғарлы желі тынысы арқылы өкпе-бауырына өтіп, одан жүрегіне жетіп, миын соққылағандай болды. Жүрегі жылап, қаны тулап кетті. Ақбоз аттай ойнақтаған ақ көлік “гүр” етіп, тулады да   өз жолына түсті.

Артына қараған ғалымның көзіне ақ машина ақсия күліп бара жатқандай көрінді. Ол қайта қарады, ақ машина расында ақсия күліп бара жатыр екен. Ол дереу сөмкесін жерге қойды да қос қолымен көздерін уқалап қайта қарады. Бұлдыраған жанарына ақ көлік қайта түспеді, есесіне көшедегі көлік біткен ағы да, қарасы да, сарысы да бәрі-бәрі бұған қарап мазақ еткендей ақсия күліп  кетіп барады. Тіпті, кей бірі аузын ашып, тілін шығарып мазақ еткендей. Оның басы сәл айналғандай болды. Енді әнтек жоғары қарап еді, масқара, жол жиегіндегі ағаш біткен сарғайған жапырақтарын төгілтіп бастарын шайқап, мәз-майрам, қырын-топан күліп жатыр, кейбір жапырағынан айырылған аруақтардың қолындай қу бұтақтар ербең-ербең етіп, бұның жағасына жармасардай тап-тап береді. Ғалымның басы айналып, жүрегі айнып кетті. Көзін тарс жұмып аздап өзін сабырға шақырды да үйіне қарай асыға басып жүріп кетті.  Жерге емес, биікке қарауға тырысты. Қас қылғандай зәулім үйлердің терезелері де оған көздерін қысып миығынан күліп тұрғандай сезілді. Ол аптыға басып төртінші қабаттағы үйіне кірді де, туп-тура өзінің жұмыс кабинетіндегі орындығына барып сылқ етіп отыра кетті. 

Ол осы орында мелшиіп ұзақ отырды. Не ойлап, нені көксеп, нені жек көріп, неден торығып отырғанын өзі де білмеді. Тек жылағысы келеді, кімге, неге жылайды? Өзі үшін бе, әлде ұрпағына ма жоқ әлде өткен өмірі үшін бе? Ол арасын өзі де түсініп тұрған жоқ. Кенет сана аспанынан әжесі марқұмның кейде кейігенде айтатын: “Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын”-деген  бір ауыз сөзі найзағайдай жарқ етіп, тұтас ұлы денесін, сана-сезімін, жүрегі мен миын шарпып өтті. 

-Қайран қадірі қашқан білім мен ғылым-ай! Ол енді еңкілдеп тұрып, шынайы жылады.  Үйдегілер жұмыста болғандықтан оның бұл күйін тірі жан көрген жоқ. Арада қанша өткені белгісіз бір уақытта ол орнынан сүйретіле тұрып самалдыққа беттеді. Шамасы сыртқы салқын ауамен бой сергітейін деген болар. Деседе көзін ашудан әлі жүрексінеді. Кім білсін бүкіл дала, қала, айнала-тіршілік әлі де мұны мазақ етіп күліп тұрған болар.....

Ол көзін ептеп ашты. Далада қою қараңғылық, аспан қара қошқыл бұлтпен көмкеріліп кетіпті. Ал төменге қарап еді. Көше шырақтары жадырап-жайнап тұр. Көлік біткен ақсия күлген күйлерінде оңды-солды жүйткіп жүр. Бәрі көңілді, бәрі шад-шадыман. Тек төбелерінде қара-сұр бұлттарды бауырына басқан суық та, сүркейлі күздің ызғарлы түнінің төніп тұрғанын сезбейтін секілді.....     

Қастер Сарқытқан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір