• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 18:25:23
Алматы
+35°

23 Мамыр, 2018 Экономика

Еуразия Медиа Форумының алғашқы күні аяқталды

Форум барысында 300-ден аса шетелдік және отандық БАҚ өкілдері форум жаңалықтарын шартарапқа таратуда.

«Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем»  деген тақырыпта өтіп жатқан Еуразия Медиа Форумының алғашқы күні аяқталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі форумның баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Қарулы қақтығыстар, ұрыс қимылдары, террорға қарсы операциялар. Осындай жантүршігерлік оқиғалар әскери тілшілердің күнделікті жұмысының бір бөлігі болып табылады. «Отты аймақ» тақырыбы бойынша, әскери журналист, документалист, британдық ВВС корпорациясында  14 жыл қызмет еткен Шахида Төлегенова (Ұлыбритания) өзінің мол тәжірибесімен бөлісті. «Қақтығыс аумағынан репортаж» тақырыбы бойынша шеберлік дәрісін өткізген ол  осы жұмыс барысында тұрақты армия және қарулы топтармен жұмыс, әскери репортаждың  өз ерекшелігі, жеке басқа қауіп, психологиялық жарақат жайлы айтып берді.

«Біржақтылықты ұстану әрқашан оңай. Ал біздің басты мақсатымыз – мұндай жағдайды болдырмау. Мен журналистерге үнемі: тек қана өз көзіңмен көрген дүниеңді айтуға тиіссің деп айтамын. Соғыс тактикасы мен қарулы қақтығыс, негізінен біздің жұмысымыз емес. Біз тек қана адамдар жайлы айтуымыз қажет», - деп санайды  Шахида ханым.

Ал келесі спикер өз сөзін «Бүгін Юсуф Омар баяндағандай, ақпараттық технологияның дамуына бірден бір себепкер -  спутник», - деп бастады . Жалпы, аспан әлемі туралы өз тәжірибесімен бөліскен журналист - корольдік астрономиялық қоғамның мүшесі, Лондондағы Ғылым мұражайының елшісі Тира Шубарт болатын.

«Қазіргі таңда ғарыш айлағында қоқыстар өте көп. Ғарышкерлер қолғабынан бастап, ескі аппараттардың сынықтарына дейін бар. Кез келген, тіпті майда сынықтар скафандрды немесе сыртқы қаптаманы зақымдауы мүмкін.  Монетаның өлшеміндей сынық еуропа спутнигінің күн панеліне әсер етіп, нәтижесінде өз орбитасынан шығып қалған. Қазір NASA грейпфурт өлшеміндей сынықтарды тауып, оларды орбитадан шығару үшін жұмыс жасап жатыр. Бірақ, өкінішке орай бұл әрекеттер әрқашан оң нәтижелі болмауы мүмкін», - деді спикер.

Келесі шеберлік дәрісі ақпараттық технология дамыған замандағы медиаэтиканың мән-маңызы хақында болды. Семинардың негізгі тақырыптары:  бұрмаланған ақпараттың қоғамға теріс әсері мен фейк-жаңалықтардың түрлі жолдармен таралуы, сондай-ақ  БАҚ-тағы  өтірік пен оның жаңа технологиялар арқылы көптеп таралуы.  Семинар әдістемесі медиаэтика бойынша кейстерді зерттеуге негізделген болатын. Бұл шеберлік сыныбының авторлары: «New Eastern Europe» журналының бас редакторы Ивона Райхардт және  ғалым-саясаттанушы, Александр Квасьневский атындағы «Amicus Europea Foundation» қорының өкілі Бартош Рыдлиньски.

Ал, «Select Communication Group» басқарушы директоры қазақстандық Виктор Елисеевтың авторлық шеберлік дәрісі медиа саласындағы маңызды тенденциялардың бірі – БАҚ «дижитализациясы» және аудиторияға қажет  ақпараттық өнімді құрудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру жөнінде болды. Ол қазіргі журналистиканың талғамы да, талабы да басқа деген тұжырымға келді. Сондай-ақ, «Бұған дейін аға буын көлемді мақалалар оқу арқылы ақпарат айдынында жүрсе, қазіргі жастар тіпті екі жолдың өзін оқуы екіталай. Олар уақыт үнемдеуді жақсы біледі. Сондықтан, ақпараттандырудың  ең танымал форматы – видео», - деді ол.

«ЖАҢАЛЫҚТАР ӘЛЕМІНІҢ КЕЛЕШЕГІ» деген тақырыпқа тоқталған келесі спикер: CNN телеарнасы халықаралық  жобалар бойынша  шығарушы редактор Райан Смит. Ол аудитория назарын өзіне аударып, қалай сенімді ақпарат көзіне айналуға болатына туралы баяндады.

«Бұқаралық ақпарат құралдары әйел мен қыз балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол беретін әлеуметтік стереотиптерді, нормалар мен жүріс-тұрыс үлгілерін қалыптастыруда да, сондай-ақ оларға қарсы күресте  те маңызды рөл атқарады», - деген пікірмен  «БҰҰ-әйелдер» құрылымдары қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Гизем Йарбил Гүро шеберлік дәрісін қорытындылады.

Журналистерге тегін шеберлік дәрістерін өткізу Форумның Әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Форум өз тарихында 6000 аса шетелдік қатысушыларды, олардың қатарында танымал журналистер, белгілі саясаткерлер, мықты экономистер, нобель сыйлығының лауреаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен кәсіпкерлерді Қазақстанға жинады.

Еске сала кетейік, форум барысында 300-ден аса шетелдік және отандық БАҚ өкілдері форум жаңалықтарын шартарапқа таратуда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір