• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:28:05
Алматы
+35°

08 Қараша, 2017 Тарих

Есет батыр Көкіұлының ғұмырнамасын дұрыс жазып жүрміз бе?

Бестамақ елді мекенінде Есет батыр Көкіұлына арналған ескерткіші 10 қараша күні салтанатты түрде ашылмақ

Тама Есет батыр – қазақ халқының тағдырына қатал сын түскен ХҮІІІ ғасырдың даңқты тұлғаларының бірі. Ел тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде Тама Есет батыр ерлік пен қаһармандық, ақыл-парсат, көшбасшылық қасиет үлгісін көрсете білді. Сондықтан ол елдің ерекше сый-құрметіне бөленді.

Есет батыр Көкіұлы жөнінде толыққанды арнайы ғылыми тұрғыдағы монографиялық зерттеу жұмысы болмаса да, жекелеген энциклопедиялық-анықтамалық, ғылыми сипаттағы мақалалар баршылық. Бұл орайда, бір айта кететін  мәселе, Есет Көкіұлының туған жылы 1667 жыл деп белгілеу тарихшылар арасында қалыптасқандай болатын. Алайда, 2012 жылы жарияланған «История Казахстана в документах и материалах» аталатын альманахта Есет батыр Көкіұлының туған жылына қатысты тың дерек кездеседі. Ол дерек В.Татищевтің 1738 жылдың 13 тамызы мен 2 қыркүйек аралығында жүргізген жазба күнделігінде орын тапқан. Күнделікте 14 тамызда Әбілқайыр хан атынан бірнеше нөкерлерімен Орынбор бекінісіне Тама Есет батыр Көкіұлының келіп келіссөздер жүргізгені айтылады: «... На оное тайный советник сказал, если токмо в вас ко исполнению повеленного послушание не оскудеет, то в милостивом наставлении и охранении изобиловать можете; на что он, Исеть, (Есет, – Ө.И.) сжав руки, охнул и сказал: «Я за себя ручаюсь, да мне жить недолго, понеже-де 69 лет минуло» [История Казахстана в документах и материалах: Альманах. Вып.2 Астана: ТОО «Общесто инвалидов –Чернобылец», 2012. – 438 с. – 65 бетте.], дегені жазылған.

Татищевтің жазбасынан біздер 1738 жылы Есет батыр 69 жаста болғандығын көреміз. Деректің шынайылығы ешкүмән туғызбайды. Олай болса, Тама Есет 1669 жылы дүниеге келген болып шығады. Мұны біздер нақты байлам ретінде ұстауымыз қажет. Бұл-бір.

Екіншіден, бүгінгі таңда батырдың қайтқан жылына қатысты деректерді де пысықтау қажет. Зерттеушілер Тама Есеттің  қайтқан жылы ретінде 1749 жылды көрсетіп келеді.

Есет батырдың  қайтыс болған жылы жөнінде белгілі кеңестік тарихшы ғалым  М.П.Вяткин: «Есеттің өлген жылын анықтай алмадым: Ол 1746-1751 жылдар аралығында қайтқан. Ол туралы деректер орыс жазбаларында 1746 жылға дейін ғана кездеседі» деп жазған болатын. Профессор М.Вяткиннің пікірінше, Есет батыр қаза болғанан кейін, 1751 жылдан бастап Жетірулықтардың басшысы болып, Нұралы ханның ағасы Айшуақ сұлтан танылады. Тарихи құжаттық мәні бар деректі сөйлетсек: 1748 ж. 11 қыркүйекте Орынборға Есет тархан атынан бауыры  Тұрымбет батыр және Есет батырдың ұлы Елбол немесе Ербол болуы да мүмкін (орысша деректе Юлбулда). Қазақ халқының тағдыры сынға түскен жаугершілік заманда ел болсақ деген сеніммен батырдың ұлының атын Елбол қоюы да мүмкін. Ағалы інілі екеуі И.Неплюевке Есет тарханның хатын жеткізген. Ол хатта қалмақтардың қазақ даласынан ұрлықпен айдап кеткен жылқыларын қайтаруын сұраған, осы мәселе бойынша, бригадир Тевкелевтің бұл істің шешілуіне ат салысуын өтінген, себебі, Тевкелевтің мұндай мәселелерді шешуде байланысына сенім артқан. Есет тарханның Жайық казактарының атаманына жолдаған хатын бауыры Тұрымбет жеткізеді, хатта Жайық казактарының жасаған қоқан-лоққысына қарсы тархан Есеттің жауап көрсететіндіктері мазмұндағы хат жолдағанынан Тевкелев хабардар болғаны айтылады.

Екінші бір деректе: 1748 жылы 20 қарашада Кіші жүз жеріне барған казак атаманы Смайл-Мулла Абдрезяковтың айтуы бойынша тіркелген ақпары бойынша: « ...1748 жылдың қараша айында Есет тархан өзінің ұлысымен Ембі өзенімен Қаракөл аралығы мен Борсықты шатқалында және Елек өзені бойында бұрынғысынша көшіп-қонып жүргені айтылады».

Қазақ Совет энциклопедиясы Есет батырдың қайтқан жылын 1749 жыл деп  көрсетеді. Өкініштісі, Есет батыр Көкіұлының қайтқан жылын күні бүгінге дейінгі шыққан еңбектерде 1749 жыл деп көрсетіп келеді.

Біз енді, Есет тархан 1749 жылдан кейінгі уақытта өмірде бар болғандығын айғақтайтын деректерге қысқаша тоқталып өтейік. XVIII ғ. қазақ-орыс қатынастарына қатысты құжаттардағы деректе: 1750 жылы 19 қаңтарында Есет тархан мен Қара батыр жіберген екі жігіт Нұралы хан атынан Гурьев қалашығына жақын жердегі көшіп жүрген қалмақтармен және орыс көпестерімен сауда жасауға келісім берулерін сұраған хат әкелгені айтылады. Қазақ-орыс, қазақ-қалмақ арасындағы алыс беріс айырбас саудаларын шешу үшін Астрахань губернаторына ат сабылтқан. Қазақ елшілерін Астраханға жібермеуге Астрахань губерниясынан Гурьев коменданты капитан Сабинин бұйрық алады. Осылайша бір кездері Ресей патшалығы қазақтардың сауда саттық қатынас жасау туралы келіссөзінен бас тартады. Сауда  жүргізу туралы Есет батырлардың келіссөздері Астрахан  губернаторынан қолдау таппаса да, іс жүзінде сауда жасалды. Кезінде М.Вяткин жазғандай, сауда заңсыздық сипат алды.

1750 жылы 5 маусымында Шекті-Қырғыздар руының старшыны Бәйімбет батырдың қайтыс болуына байланысты берілген асқа Есет тархан, Бақтыбай батыр мен Нұралы хан және оның екі інісі және т.б., батырлар қатысқан. Келесі деректе,Красноярск дистанциясының командирі Секунд майорының рапортында:«1754 жылдың жазынан күзіне дейін, Озерной бекінісіне жақын жердегі тоғайды старшын Есет батыр жүз үйімен жайлайды. Есет тархан ауылын мал жайылымына жақсы тоғайдың қалың шабындығы қызықтырды, деген сөздер жазылған.

Башқұртстандағы XVIII ғ. екінші жартысындағы 1755-1756 жылдарындағы  отарлыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістен қазақ даласы да тысқары қалмады. М.Вяткин дерегінде, 1755 жылы Батырша бастаған башқұрт халқының ең ірі ұлт-азаттық көтерілісінде 50 000 шамасындай башқұрт көтерілісшілері Қазақстанға қарай көшті. Қазақ  даласына көшкен башқұрттардың көп бөлігі Кіші жүз жеріне орнықты. Көтерілісшілер жоспары бойынша, қазақтармен бірге Ресей империясына  қарсы күрес жүргізу болатын. Жетіру старшындары оларды қолдап, Кіші жүз жерінде патшаға қарсы күресу мақсатында қазақ башқұрттардан құралған аралас жасақтардың да құрылғаны айтылады.

1756 жылдың тамыз айының ортасында Кіші жүздің Елек (Илецк, – Ө.И.) бекінісінде белгілі қазақ батыр-билерімен тархандарының жиналысы өтеді. Бұл басқосуға Алланазар, Төлебай, Есет тархан, Күшқара, Жархан (орысша деректе Яркан деп берілген -  Ө.И) Нұралы хан бауырлары екі сұлтан да қатысады. Мәслихатта қазақ аулын паналап жүрген естектерді патша үкіметінің талабы бойынша кері қайтару мәселесі қаралады. Естектер мәселесі бойынша, патша үкіметінің талабын орындап олардың бірін де қалдырмай түгелдей қайтарып беруге шешім қабылдайды.

1755-1756 жылдардағы башқұрт халқының отарлыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістерінің әсерінен болған қазақ даласындағы саяси жағдай Есет тархан тағдырына да теріс әсерін тигізбей қоймаған. 1755-1756 жылдардағы Башқұрт-Қазақ халқының отарлыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістерінің сәтсіздігінен соң патша үкіметі, 1757 жылы арнайы  Башқұрт көтерілісін ұйымдастыруға қатысқандармен күдіктілерді тауып, ұстап жазалауға бұйрық береді. Кейіннен, 1757 жылы «Жаңадан күдікті деген адамдарды іздестіру мен тергеу ісіне жауапқа тартуды мұнан былай тоқтату туралы» («О прекрашении дальнейщих розысков и всякого привлечения к следствию новых заподозренных лиц») деп берілген арнайы патша үкіметінің жарлығы шығады.

Патша өкіметінің отарлық озбырлық саясатына қарсы көтерілген көтерілісшілер мен ұйымдастыруға басшылық жасауға қатысы бар деген күдікті, сезікті адамдарды жазалаудың аяқталғанын жариялауы, батыр, тархан Есеттің 1757 жылы патша үкіметінің жалдаған жансызының қолынан қаза тапқандығын бұл дерек қуаттай түседі. Жаңадан күдікті деген адамдарды іздестірумен тергеу ісіне тартуды мұннан әрі тоқтату туралы жарлығы ойымызға бірден-бір дәлел. Олай болса, Есет батыр Көкіұлы 1757 жылы 88 жасында қайтыс болған.

 

 

Ресей патша үкіметі сөз жоқ, Қазақ даласын отарлау мақсатында қазақтың дәстүрлі хандық мемлекетін жойып, еліне қорған елдің құрметтілерін қор ету патша үкіметінің саясатының басты қағидасы болды. Ресей патша үкіметі Әбілқайыр мен Барақ арасындағы қатынасты шиеленістіру арқылы ақыры Әбілқайырдың өліміне Барақты себепші етуі нақты мысал бола алады. Немесе, Есет тарханнан да патша үкіметінің құтылғысы келгендігі хақындағы Есет батырдың өлімі туралы жазбаға түскен дерек бар. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Құрал Тоқмырзин Тама Есет батырдың өлімі туралы ел аузындағы әңгімеден батырды Ресейдің сол кездегі патша үкіметінің тапсырысымен тағайындалған сыйлыққа баскесер жансыздарының өлтіргендігі жөніндегі деректе: «...Бір күні күн жаңа шығып келе жатқанда, күн астынан ақ мұнара шапан киген, астында ақ боз аты бар біреу дәретін жаңа алып болып, киіз үйге қарай қадам баса берген Есет батырға «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп төне түсіпті. Батыр сәлем алуға оқталып бұрыла бергенде, бірдеңе жарқ ете түседі. Шетін шапанның етегімен жауып келген қараниет шолақ найзасын Есет Көкіұлының өңменіне қадай түскен. Қарт батыр:«Аңдыған жау ма едің?» деп, жансыздың қолынан ұстай алған екен. Найзасын суырып алуға шамасы келіп үлгермеген әлгі қарақшы күннің астына қарай қаша жөнеліпті». Кәрі құлақ қарттардың айтуы бойынша, Тама Есет батыр кісі қолынан қаза тапқан. Өлтіруші – татар саудагері екен. Патша әкімдері батырдың басына бәйге тіккен, сол үшін, серттесіп келген көрінеді. Бұрын Есеттің ауылына талай рет сауда жасай келіп, таң намазына тұратынын білген екен дейтін қарттар. Ел аузында қалған әңгімені жазбаға түсіріп жеткізуші жазушы Құрал Тоқмырзин. Ресей империясы өздеріне шын беріліп, бағынған татар, казак, башқұрт адамдарын жансыз ретінде жұмсап отырды. Қазақ даласына келген көпес саудагерлердің құпия тыңшылықпен айналысқан қызметтерін мұрағат деректері де растайды. Қазақ даласына жіберілген орыс патша әкімшілігінің тыңшы жансыздары көбіне көпес саудагер болып жіберіліп тұрған. Қазақ батыр, билері мұндай саудагер көпестердің түпкі тыңшылық мақсаттарын да білген. «Ордаларына, әзірге бірде-бір көпес келмей тұрғанда көшу керектігін хабарлап сақтық шарсын жасаған сәттері де болған..». Патша ұлықтары отарлық саясаттың қазақ даласында жүзеге асуына кедергі болған Есет тарханан құтылу жолын «өздерінше» қарастырған. Есет батырды патша үкіметінің ұйғарымымен адам жалдап өлтіруі туралы қазақи дерек шындыққа жанасады. Есет батырдың қайтқан жылы 1757 жыл. Өйткені 1757 жылдан кейінгі тарихи деректерде бартырдың есімі аталмайды.

            Жасы 90-ға жақындаған төрінен көрі жақын қарт батырды адам жалдап өлтірудің патша үкіметіне не қажеті бар еді деушілер де болады. Оларға берер жауабымыз мынадай:     біріншіден, патша үкіметінің башқұрт көтерісшілерін қолдап, олармен бірге башқұрт –қазақ көтерілісшілер жасақтарын құрған Жетірудың белгілі батыр көсемдерін жасы мен жағдайына қарамай кінәлі есебінде жазалау шараларын жүзеге асырулары.              Екіншіден, қазақ халқының патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы бас көтерулерін болдырмау мақсатында Есет тарханды өлтіру арқылы үрей туғызу сес көрсетулері болатын. Үшіншіден, Есет батырдың башқұрт, қалмақ, жоңғар батыр-билерімен бұрыннан таныстығы бар, жау қолында екі елдің тыныштығын сақтау жолында 7 жыл аманатта болған, қалмақ тілін білетін, жауласса да елдік мәселелерде мәмілеге келген кездері де болғандығын білетін патша үкіметі қарт батырдан Ресей патша үкіметінің озбырлық саясатына қарсы наразылықтағылардың басын қосып, үгіт жасап, ұлт-азаттығы көтерілісін ұйымдастыруы мүмкіндігінен қорқуы. Төртіншіден, Ресей патша үкіметінің отарлаушы билік жүйесіне қарсы болғандарды жою шараларын жүзеге асырудағы патша үкіметінің 1757 жылғы бұйрықтарын орындауы. Бесіншіден, елі мен жері үшін, қасық қаны қалғанша, кеудесінен ақтық демі шыққанша күресе беретін батыр көсемдердің тағдырын анықтап қойған болатын. Ойымызды патша үкіметінің мына нұсқауы қуаттай түседі: «...Назначаемые начальники должны быть киргизы (Қазақтар. – Ө.И.) не столько пользующиеся уже влиянием издавна, сколько способные приобрести его».   Ендігі жерде патша үкіметі Қазақ даласында жаңа отарлық басқару жүйесін қолдайтындарды ғана марапаттап көтеруді ойлады. «Жаңа жүйені» қолдайтындарды табу үшін, қарт тархан Есет батырлар кедергі болады деп ұйғарған болатын.

Ойымызды қорыта келіп айтпағымыз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», екендігін айтқан болатын [Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». 2017 жыл.]

 Олай болса, тарихи тұлғалар тарихын Тәуелсіз елдің тарихы тұрғысынан жас ұрпаққа таныту Есет батыр Көкіұлының ғұмырнамасына қатысты бабамыздың туылған және қаза болған жылдарына қатысты тарихи деректермен ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқатын бір жүйеге келтіру баршамыздың міндетіміз. Бұл-бір.

Екіншіден, – бұдан былай Тама Есет батыр Көкұлының өмірі мен қызметіне байланысты айтылып жазылатын тарихи танымдық еңбектерде Есет Көкұлы 1669 жылы туылып, 1757 жылы 88 жасында опат болғандығы туралы ескерілсе.

 Үшіншіден, Бестамақ елді мекенінде Есет батыр Көкіұлына арналған ескерткіші 10 қараша күні салтанатты түрде ашылмақ. Егер ескерткіш тақтасына батырдың туылған және қаза болған жылдары жазылатын болса, батырдың 1669 жылы туылғаны және 1757 жылы қайтқаны туралы ғылыми зерттеулер бойынша дәлелденген нұсқасы жазылса,  Биылғы жылдың 26 қазанда Қызылорда облысының Жалағаш ауданы Ақарық ауылында Есет батырға арналған ескерткіш ашылды. Өкініштісі, батырдың ескерткіш тақтасына «Есет батыр Көкіұлы 1667-1749» деп жазылған. Батырдың ғұмырнамысына қатысты Қазақстан Республикасы бойынша таралатын Қазақ тарихы журналына жарияланған біздің мақалаларымыздағы соны тың деректер назарға алынбаған.

Төртіншіден, Алға ауданының Бестамақ елді мекеніндегі Тама Есет батырға арналған ескерткішінің ашылуы салтанатына орай өтетін Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Есет батырдың мазарының басындағы 1667 жылы туылғандығы туралы белгісі дерек бойынша дәлелденген 1669 жылға, 1749 жылы қаза болғандығы туралы белгіні 1757 жылға түзету.

Бесіншіден, Алға ауданының Бестамақ елді мекенінің аумағындағы Есет батыр Көкіұлының портретіндегі туылған жылы 1667 жылдан 1669 жылға қайтқан жылы туралы 1749 жылығы мәліметі 1757 жылға түзетіліп қайта жаңғыртылып ілу туралы мәселелер қаралып, Бүгінгі Халықаралық ғылыми-практикалық конференция нәтижесі бойынша қаулы қабылдап, қаулы шешімін жүзеге асыру үшін, құзырлы орындарға тапсырылса. Өсіп келе жатқан кейінгі жас ұрпақты шатастырмай кеште болса ақиқатын айту ел қорғаны болған тарихи тұлға батырдың тарихына қатысты ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқатын таныту баршамыздың ел қорғаны болған Есет батыр бабамыздың аруағы алдындағы парызымыздың өтеуі болмақ.

 Әбенов

Өтеген Ихсанұлы Исенов, тарих ғылымдарының кандидаты,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық

институтының доценті.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір