• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 07:52:56
Алматы
+35°

11 Маусым, 2018 Әлем

Елбасы "Qamshy" ақпарат агенттігінің сауалдарына жауап берді

Президенттік пул қатарында болған «Qamshy» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш Елбасыға екі сұрақ қойды.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Чиңдау қаласында Қытай сапарын қорытындылап, журналистермен сұхбаттасты.

Негізгі тақырып – Мемлекет басшысының Қытай төрағасы Ши Жин Пиңмен Пекинде кездесуі және Чиңдау қаласында өткен ШЫҰ жиналысы төңірегінде болды. Нұрсұлтан Әбішұлы осы сапар барысында бірнеше жобаларға қол қойылып, миллиардтаған сумманың келісімдері жасалғанын атап өтті.

Президенттік пул қатарында болған "Qamshy" ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш Елбасыға екі сұрақ қойды.

Біләл Қуаныш

Алдағы уақытта осы жобаларды тиянақты, тұрақты жүзеге асыру үшін екі ел үкіметі арасында, халықтары арасында қандай жаңа қадамдар жасалады? Ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қандай мақсат-міндеттер қойылады?, - деп сұрады Біләл Қуаныш.

- Бұл жобалардың баянды дамуы үшін тиісті министрліктер жұмыс істеуі керек. Бүгін айтылған бастамалардың барлығын қадағалап отыратын "Қазақ ИНВЕСТ" деген комитет құрдық. Мысалы Америкада бизнестің капитандарымен кездестік. Олар көп жерлерге барады, бірақ тиімді кездесулер өткізе алмай жатады. "Қазақ ИНВЕСТ" осындай жағдайларды бақылауда ұстайды. Мен өзім де назарда ұстаймын. Президент аппараты да барлық жұмыстарды қадағалап отырады. Әр министрлікке өздеріне тиесілі міндеттерді жүктейміз. Әсіресе Қытайда қадағалау өте мықты. Шекарадағы кемшіліктерді де айтып ескертеді. Шетелдік компаниялар жол салып жатыр. Олардың жұмыстарын қадағалап отыратын Дүниежүзілік, Еуропалық, Азиялық және Араб банктері бар. Осы банктер қанша қаражаттың игерілгенін, қайда жұмсалғанын жіті бақылуда ұстайды, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Біләл Қуаныш

 -  Ши Жин пиң мырза бүгінгі кездесуде Абайдың Отыз жетінші қара сөзінен үзінді оқыды. Абайға деген құрмет қазақ халқына деген құрмет болып саналады. Екі мемлекет арасындағы экономикалық қарым-қатынастың дамығаны сияқты алдағы уақытта қытай жұрты мен қазақ халқы арасында әдебиет пен мәдениеттің дамуына қатысты көзқарасыңызды білгім келеді...

-Әрине, Ши Жин пиң мырзаның: "Дүние - үлкен көл, заман - соққан жел, алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын - інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер", - деп Абайдың Отыз жетінші қара сөзін қытайша айтып отырғаны біз үшін жанымызға жағады. Бұл Абай бабамыздың халықаралық қатынастарға да өзінің әсерін тигізіп отырғанын көрсетеді. Абайды білу - біздің халқымызды білу деген сөз. Мен де бұл кісілермен сөйлескен кезде Конфуцийдың сөздерін мысалға келтіріп отырамын.  Конфуцийдың ауылы, туған жері дәл қазір біз тұрған жерден 100 шақырым жерде ғана екен. Дипломатиялық жағдайларда бір-бірімізге жақсы сөз айту үшін ұлы адамдардың сөзін тілге тиек етіп отырамыз. Осы сапарда "Композитор" деген кинофильм түсіріп алып келдік. Бұл фильм Қытайдың ұлы композиторы Ци Цинхайға арналған. Фильмнің арнайы көрсетіліміне кинода ойнаған әртістер мен режиссерлер келді. Бұндай шаралар екі елдің арасын жақындатады. Шынын айтқанда тарих үшін 100 жыл, 200 жыл деген көп уақыт емес. XVIII-XIX ғасырларда соғыс та болды. Ал Қазақстан арқылы өтетін "Жібек жолы" Қытай мен Еуропаны жалғап, сол арқылы қарым-қатынасымыз ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазір 14 мың қазақстандық жас Қытайда оқып жатыр. Елшіліктің мәліметі бойынша оданда көп болуы мүмкін. Мен кеше бір топ жастармен кездестім. Қытай тілін оқуға олардың ынтасы зор. Болашақта Қазақстанда жұмыс жасайтын Қытай компанияларында қызмет етуі үшін өзіміздің мамандар қажет. Олар да екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырады. Ши Жин пиң мырзаның Абайдың сөзін айтқаны саған ұнап кетті, иә, ендеше ұлы бабамыздың басқа да сөздерін де естеріне салып отырайық, - деп әзілдеп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы.

Фото авторы: Бауыржан Жуасбаев

Araily Zhaqsylyq

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір