• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:25:33
Алматы
+35°

25 Шілде, 2016 Әлеумет

ЭКО-ОРТАЛЫҚТАРДА ЕРКЕК ҰРЫҒЫНА СҰРАНЫС АРТАДЫ

Елiмiздегi отау құрған әрбiр бесiншi жұп соңына ұрпақ қалдыру бақытынан қағылған екен. Бұл – демографияға төнген үлкен қауiп. Десек те, осынау...

Елiмiздегi отау құрған әрбiр бесiншi жұп соңына ұрпақ қалдыру бақытынан қағылған екен. Бұл – демографияға төнген үлкен қауiп. Десек те, осынау олқылықтардың орнын дамыған озық технологиялардың көмегiмен толтыруға болады, - деп хабарлайды Qamshy.kz okg.kz – ке сілтеме жасап.

Озық технология дегенде айтпағымыз – жасанды ұрықтандыру. Елiмiзде соңғы он бес жылда 6 мыңнан астам сәби осындай жолмен дүние есiгiн ашқан көрiнедi. Ұрық жеткiлiктi болса, нәтиже бұдан да көп болар ма едi?! Мамандардың сөзiне сенсек, алдағы жиырма жылда «аталық ұрық» баға жетпес байлыққа айналады. Мұның себебiн жыл санап асқынып келе жатқан бедеулiк дертiмен байланыстыруға болады. Бұл дертке әйелдерге қарағанда ер кiсiлер көп шалдығады. Ендеше, ЭКО-орталықтарға ұрық-донор болатын еркектер ауадай қажет.

Ал, ендi ұрық-донорлықтың жай-жапсарына тоқталсақ... Аталық ұрықты жинайтын орталықта «ұрық банкi» жұмыс iстейдi. Бiр рет донор болсаңыз, қалтаңызды бiршама қалыңдатып аласыз. Алайда, оның белгiлi бiр бағасы жоқ. Әр медициналық орталық өзiне ыңғайлы бағаны қойып алған. Орта есеппен алғанда бiр рет ұрық-донор болсаңыз 7 000 теңгенi қалтаға басасыз. «Сондай ақша ұсынса, жұрттың бәрi неге донор болмайды?» дейсiз бе? Оның бiр «бiрағы» бар. Мәселе – донор болатын еркектердiң денсаулығында. Осы саланың мамандары ұсынған мәлiметке сүйенсек, әр 100 еркектiң тек бiреуiнiңғана донор болуға денсаулығы жарайды.

Донор болу үшiн жасыңыз 18-35 жас аралығында болуы шарт. Жоғары бiлiмдi, отбасылы, кемi 1 балаңыздың болуы да мiндеттелген. Донорлық сараптамадан өткен кезде балаңыздың денсаулығы да ескерiледi.

«Донор-әке мәселесiне түбегейлi қарсымын, – дейдi Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық драма театры әдеби бөлiмiнiң меңгерушiсi Сая Қасымбек. – Бiрiншiден, ұлт «тек» сөзiнен құралады. Тек – бабаларымыз үшiн ерекше маңызды әлеуметтiк, саяси мәнi бар мәселе. Себебi, ұрықтан жаралған бала әулеттiң, рудың, халықтың алдында үлкен жауапкер. Бүгiн де бұл маңыздылық өз қасиетiн жоймауы тиiс. «Ұрық банкке» кiмдер донор болуда? Олардың медициналық сараптамадан өткен анықтамасы бар ма? Тiптi, сол медициналық анықтамаға сенуiмiзге бола ма? Сол қағаз «бармақ басты, көз қысты» жағдаймен алына салмай ма? Донор арқылы балалы болғысы келетiндер осы мәселеге ерекше мән берулерi керек. Сiздiң әулетiңiздiң тегiн иеленетiн бала кiмнiң ұрығынан жаралған? Бәлкiм маскүнем, гендiк ауруы бар рухани тұрғыдан азып-тозған адамның тұқымы немесе болашақта жазылмайтын ауруы бар бiреу болса ше?!

Ендеше, бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Қажет десеңiз, бұл – мемлекеттiк тұрғыда дабыл қағатын мәселе! Жастардың белсiздiгi болашағымызға қауiп төндiредi. Бiз мұны мойындаудан қашпауымыз керек.

Шарасыз қалып, медицинаның көмегiне жүгiнетiн кездер болады, әрине. Мұндай жағдайда, ең алдымен болашақ перзентiңiздiң тегiн мiндеттi түрде бiлген абзал. Себебi, ол перзентпен қалғанғұмырыңды бiрге өткiзесiң. Бұл – бер жағы. Ең алдымен ол сiздiң тегiңiздi жалғастырушы. Сондықтан соңы үлкен қасiретке айналмауы үшiн донор-ұрыққа деген талапты күшейту керек. Менi мазалайтын сұрақ – «кiмнiң ұрпағын дүниеге келтiремiз?». Астанадағы «Жастар» театрында қойылған «Лифт» атты пьесамда осы мәселенi көтерген болатынмын. Қазақ – әлемдегi ең қаны таза ұлт ретiнде мойындалды. Донор-ұрық осы гендi ластаушы деп санаймын».

Әйткенмен, жетi атадан аспай қыз алысып, қыз берiспейтiн халқымыздың тазалығына бұл орталықтар да үлкен мән бередi екен. Ұрық салынған құтының сыртына ұрық иесiнiң шыққан руы, жүзi жазылады. Донор жайлы өзге ақпараттарды таратуға қатаң түрде тыйым салынған.

Белiм деп безек қағатындар бұрын елудiң төңiрегiндегi адамдар болса, қазiр «тепсе темiр үзетiн» 22-30 жас аралығындағы жас жiгiттердiң белiнен «бедел» кетiп тұр.

Донорлық ұрыққа тәуелдi бола бастағанымыз содан. Бiр қызығы, кiм көрiнген донор бола алмайды. Оның да өзiндiк талаптары бар. Үмiткерлердiң бiрi медициналық сараптамадан сүрiнiп жатса, бiрi құжат жинауға қиналады. Құжат жинау жағына келгенде бәрiн тастап безiп кеткiсi келетiндер көп. Өйткенi, бiр парақ қағаз үшiн қаншама уақытты құрбандыққа шалуға тура келетiнi белгiлi.

 Ұмытып барады екенбiз, бiр еркек 20 рет ұрық-донор бола алады. Жоғарыда айтқан, сараптамадан өту мен құжат жинау жағына қиналмасаңыз, 7 мың теңгеден есептегенде 140 мың теңге қалтада деп есептей берiңiз. Донор келiсiлген ақшаның жартысын ұрық тапсырғанда, жартысын 6 ай iшiндегi тексерiс кезiнде денсаулығынан ешқандай кiнәрат табылмаған кезде ала алады. Ал, ендi сiздi мазалаған «Мұндай банк Шымкентте бар ма?» деген сұраққа келейiк.

– Ұрық-донорларының банкi Астана, Алматы қалаларында бар. Жақында оны Шымкентте де ашу жоспарлануда. Ұрық алатын қондырғыларды орната салып, донорларды қабылдай бастаймыз. Әр донордан 2 миллилитр көлемiнде ұрық алынады. Қанының тобы анықталады. Толық медициналық тексеруден өткен соңғана бiз оны донорлыққа жiберемiз. Ұрық тапсырардан 3-5 күн бұрын iшiмдiк iшкен, есiрткi заттарын қолданған, жыныстық қатынасқа түскен еркектердi ұрық тапсыруға жiбермеймiз.

Қатырылған және сұйық күйдегi ұрық ВИЧ, мерез секiлдi жұқпалы терi ауруларының алдын алады. Яғни, ер мен әйелдiң қатынасы кезiнде туындайтын вирустарды сыртта қалдырады да, әйел жатырына таза ұрық түседi. Мұндай жолмен дүниеге келетiн ұрпақтың табиғи жолмен туылатын нәрестеден айырмашылығы болмайды. Сондықтан қауiптенудiң қажетi жоқ. Перзент сүйе алмай, етегi жасқа толып жүрген қаншама отбасылар бар. Соларға қолымыздан келсе неге көмектеспеске?! – дейдi Шымкенттегi «ЭкоМед» орталығының директоры Ардақ Қалиева.

Бедеулiк дертiне ұшырап, бала сүю бақытынан айырылғандарға жасанды ұрықтандыруға иек артқан дұрыс-ақ. Мамандар ұрық-донорлығын жан-жақты насихаттау керек деген пiкiрдi алға тартады. Қазақстан бойынша 12 мыңға жуық тұрақты ұрық-донор бар екен. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткiш тым аз.

Ұрық-донор болу арқылы сiз перзент сүйе алмай, ата-ана болу бақытының не екенiн бiлмейтiн отбасыларға бақыт сыйлайсыз. Ендеше, оған тек әлеуметтiк жағдайды түзеп алу деп жеңiл қарамайық.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір