• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 07:24:34
Алматы
+35°

11 Мамыр, 2018 Аймақтар

Биылғы Еуразия Медиа форумы несімен ерекшеленгелі отыр?

22-24-ші мамыр аралығында алғаш рет Алматы қаласындағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өтеді.

15 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Еуразия Медиа форумы биыл да жоғары деңгейде өтпек. Еуразиялық медиафорумға әлемнің әр түкпірінен жиналатын журналистер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері қандай мәселелерді талқылайды? Жыл сайын бұл шараға қомақты қаржы бөлініп, шетелдерден қонақтар шақырылады. Алайда, соған салған ресурстар өзін қаншалықты ақтауда? Біздің журналистеріміз олармен тең дәрежеде сұхбатқа шыға ала ма? Осындай сұрақтар әркімнің де көкейінде бар. 

Форумның негізгі отырыстарының бірі «Еуропалық Одақтың эволюциясы» деп аталады екен. Онда Одақтың қазіргі қиындықтары мен болашақтағы даму мүмкіндіктері талқыланады дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, мұндай тақырыпты таңдау қалыпты жағдай.  Себебі, Еуропалық Одақ бірегей. Ол Еуропаның дамуы мен тұрақтылығының белгісі болып саналады. Мұнымен қатар, соңғы уақытта Еуропалық Одақ: босқындар және қарыздық дағдарыс, BREXIT сияқты экономикалық және саяси мәселелермен бетпе-бет келуде. Сондықтан медиа форумда Одақтың болашақ үлгісі мен сипаты жан-жақты қаралады-мыс.

Отырыс барысында, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Саймон Макджи, ВВС телеарнасының жаңалықтар редакторы Гэвин Хьюитт, халықаралық саясат бойынша сарапшы, Le Figaro газетінің негізін қалаушы француздық Рено Жирар,  Еуропа Кеңесінің «Север-Юг» орталығының басшысы, Италия парламентінің мүшесі Дебора Бергамини Польша «Союз демократических левых сил» (SLD) партиясы төрағасының орынбасары, Ежи Вендерлих, Media & Strategic Communications Еуропалық Одақ мәселелері бойынша  маман Эли Хаджиева өзінің сарапшылық көзқарастарын білдіреді.

XV Еуразиялық Медиа форум, «Эволюцияның 15 жылы: әлем қалай өзгереді және бізді қалай өзгертеді» тақырыбымен ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы Форумның кеңейтілген бағдарламасы бойынша: «Халықаралық қарым-қатынастар эволюциясы: ғаламдық салқындау», «Қоршаған орта эволюциясы: бұлтартпас апокалипсис немесе жасыл экономикаға көшу», «Қоғамдағы сенім эволюциясы: жаңа заманда қоғамды қалай басқаруға болады?», «Фактіден фейк-жаңалықтарға дейінгі ақпараттық технологиялар эволюциясы. Алаңдау қажет пе?», «Медиа эволюциясы: блог саласының дамуы - қатер ме әлде алға жылжу ма?», «Адамгершілік пен құндылықтар эволюциясы: жаңа дүниетанымды кімдер қалыптастырып отыр?» – деген ауқымды тақырыптар талқыланатын болады.

Сөз жоқ, бұл - орталық-азиялық теңдессіз алаң. Оның ерекшелігі жетекші саясаткерлер мен саясаттанушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері мен өзге де сарапшылардың әлемдік деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық және геосаяси мәселелерге түрліше пікір-көзқарастарын білдіруінде.  Осындай форматтың арқасында конференция халықаралық түйткілдерді талқылап,  шешім қабылдауда тиімді платформа қалыптастыруға қол жеткізді.

Диалогтың мұндай түрін Қазақстанның ұсынуы кездейсоқ емес. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан географиялық және тарихи жағынан түрлі ұлттар мен мәдениеттердің диалог құрып, өзара бейбіт әрекет ететін алаңына айналғаны анық. Дәл осы жерде ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен дөңгелек үстел айналасында сарапшы қауымдастығының әлемдік көшбасшылары бас қосып, экономикалық және геосаяси мәселелер бойынша талқылау алаңын ұсынуға мүмкіндік туды.

Еуразия Медиа форумы 22-24-ші мамыр аралығында алғаш рет Алматы қаласындағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өтеді.

Оған 60 елден және әлемнің түкпір-түкпірінен келген 500  делегат жиналып, 50-ге жуық халықаралық және қазақстандық сарапшылар, мемлекеттік қайраткерлер, саясаткерлер, БАҚ өкілдерінің пікірін тыңдамақшы.

Мұрат Рахимжанов

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір