• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 17:57:05
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2018 Әдебиет

Бүгін ақын Алмас Ахметбекұлының туған күні. Ақынға Қамшы порталы 5 жылдығында «Алаш арыстарының 100 ізбасары» медалын таққан.

Алмас Ахметбекұлы – 1961 жылы ҚХР, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1982  Іле педагогикалық институтының Филология факультетін тәмамдаған. 1982-1992 жылдар аралығында Шәуешек қаласында шығарылатын «Тарбағатай» әдеби журналының редакторы болып қызмет атқарып, 1993 жылы тарихи Отанына оралды.

1993-1995 жылдары «Жас Алаш» газетінде тілші, 1996-2006 жылдары әл-Фараби атындағы ҚҰУ журналистика факультетінде аға-оқытушы болып қызмет атқарған.

1997 жылы ҚР Парламент Мәжілісінде баспасөз қызметкері болып жұмыс істеген.

Алмас Ахметбекұлы өткен ғасырдың 80-жылдарында поэзияға әлеміне араласқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар дара әрі талантты ақын. Ойлы образға, шынайы сезімге толы сыршыл өлеңдерінің арқасында оның есімі сол 80-жылдардың өзінде-ақ Шыңжаң қазақтарына кеңінен танымал болды. Алмас өлеңдерінің мен білетін бір ерекшелігі – қарапайым халық тілі арқылы әсері мол көркем оймен қиысатыны. Демек оның жасампаздығында тіл,
образ, бояу, идея – осы төртеуі шебер үйлесім тауып отырады. Бұл ретте оның ертеректе жазған «Туған жерім – балалығым», «Сәуірдің бұлты», «Аптап» т.б. өлеңдерін атауға болады. Оның «Бозінген» атты өлеңі тұнып тұрған дала сазы деуге лайық. Өлеңдегі түйе жануарының мінездемесі, ботасының боздауы, жапырық өркеші мен жабырқау жанары арқылы берген теңеулері мен образды ойлары адам бойындағы Ұлы далаға, Анаға, Отанға деген тіл жеткісіз тылсым сағынышты қозғап, кеңсірігіңді ашытып қоя береді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, Алмас алғашқылардың бірі болып өзінің тарихи Отанына оралды. Еліміздің тәуелсіздік алуы, шеттегі ағайындардың Отанға оралуы, болашаққа жол тартқан тың бастамалар, жас буынның ерік-жігері оның шығармашылық ізденістеріне тың серпін берді. Өзі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, әдеби жасампаздықпен айналысты. Нәтижесінде, оның қаламынан асқақ патриоттық рухқа толы «Көк тудың желбірегені» атты өлең туды. Кейін ақын әрі композитор Ермұрат Зейіпханұлы оған әуен жазды. Бүгінде бұл ән еліміздегі барлық салтанатты жиындарда, мереке-мейрамдарда, әскери бөлімдерде, оқу орындарында шырқалады. Өр серпіген, биік азаматтық пафосқа толы бұл ән шетелдегі қазақтар арасында да кеңінен таралып, бір кезде еркінен тыс шекараның сыртында қалған, немесе амалсыздан шет жұрттарға кеткен ағайындардың Отанға, тәуелсіз елге деген сағынышын оятып, жүрегіне нұр құюда. Сол себептен, бұл туынды еліміз тәуелсіздігінен бері жарыққа шыққан патриоттық әндер мен өлеңдердің көшін бастап тұр. 

ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлының ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Көк тудың желбірегені» атты кітабы жарық көрген.

Ақынның туған күніне орай, «Қамшы» порталы ақынның бірнеше өлеңі мен оның сөзіне жазылған «Көк тудың желбірегені» әніне Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай шыққан бейнебаянды, сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақстан» арнасының «Поэзия әлемі» бағдарламасын ұсынады.

КӨШ, КӨШ, КӨШ!

(Мұстафа Өзтүрікке)

 

Ер жігіт ол өзін мықтап шыңаған.

Мықты болса сондай болар бір адам.

Бұлшық еттей бұйра-бұйра қайратын,

төрт мұхиттан, бес құрлықтан құраған.

Атажұртын аңсағанда сол жігіт

жүрек жасы көл болып,

жаныменен жылаған.

 

Жер дүниені шырайналып шабылып,

ен далаға тәңірідей табынып.

ол да жетті Отанына сағынып,

біз де жеттік сабылып.

 

Еркін Елі – әйгі болып әлемге,

Көктуымыз көкте желбірегенде.

Уақыт ана шексіз бақыт бергенде,

заман залым оң жамбасқа келгенде,

Қайратымен аңыз болған қайран ер,

ақылымен абыз болған қайран ер,

(өмір тағы қадамынан жаңылып),

қапияда сапар шекті мәңгілік,

Көк байрағын көкірегіне жамылып.

 

Уақыт солай, болмайтын іс болады,

Жанға бір сәт қайғы-уайым толады.

Бәріміз де бұл даланың иесі,

Бәріміз де бұл дүниенің қонағы.

Мынау дала біздің ғана даламыз,

талай жұлдыз жарқырайды тағы да,

талай гүлдер қапылыста солады.

Қазақ жері қайтқан құстың көшімен

қиқулаған қуанышқа толады.

Жан-жүрекке ұяласын күш болып,

 

Көктуыңның алтын зерлі жолағы.

Зар заманда Атажұрттан айырылып,

қан қылышы майрылып,

соға алмай бір қайрылып,

қапы кеткен бабаларым –

батырларым,

қош-қош-қош!

Сол батырдың әулеті,

енді ойланба,

Атажұртқа

көш, көш, көш!

 

БІЗ КІМБІЗ?!

Ағайын, «кімсің »деме,

оралманбыз.

Үйірінен адасқан тай секілді

бір  ақмылтық боранда жоғалғанбыз.

Көкірегі тіреліп көк найзаға

мал мен жаннан мың мәрте тоңалғанбыз.

 

Ағайын, «кімсің »десең,

қызыл қанбыз.

Иілмеген бастарын қылыш кесіп,

руымен у ішіп қырылғанбыз.

Бір қайырылып соғатын күнді күтіп,

түйе құлап, жүк ауып, шұбырғанбыз.

 

Ағайын, «кімсің»  деме,

ақтабанбыз.

Ері мылтық, қатыны бесік алып,

Фамир, Алтай, Әлпіні таптағанбыз.

Туған жердің бір шымшым топырағын

алтын сандық түбінде сақтағанбыз.

 

Ағайын, «кімсің» десең,

Қара орманбыз.

Ұстараның жүзіндей бұл дүниеден

мың түңіліп, мың мәрте оңалғанбыз.

Қарғыбауға мойынын ұсынбаған

қабағына кек қатқан көкарланбыз.

 

Ағайын, «кімсің »десең,

оралманбыз.

Көк туына тамызып көздің жасын,

сағынышын сарыққан мол арманбыз.

«Қазақстан, бір жаным садағаң» деп,

жас отанға жармаса оралғанбыз.

 

Ағайын, «кімсің» десең,

Қара орманбыз.

Ағайын «кімсің» десең,

Көк арланбыз.

 

Анама

 

Бір ән-өлең арнайын анама мен –

Ән арнаған сияқты далама кең.

Шетсіз байтақ даламды шексіз сүйдім

Сүтпен біткен махаббат – санаменен.

Теңесетін жыр жазып даламенен,

Бір ән-өлең арнайын анама мен.

 

Бір ән-өлең арнайын мен анама

Көтерілген күн сынды жаңа ғана.

Күндей ыстық махаббат, мейірімді

Тарататын әлемге ана ғана.

Көтерілген күн сынды жаңа ғана

Бір ән-өлең арнайын мен анама.

 

Бір ән-өлең арнайын анама мен,

Тұнық өзен – тұңғиық мағынамен.

Елжіреген жүзіңнен көрінеді-ау,

Еміренген жүрегің бала деген.

Терең теңіз-телегей мағынамен

Арнайын бір, анажан, саған өлең.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір