• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 02:38:48
Алматы
+35°

25 Қараша, 2017 Әдебиет

Бүгін Алаш арысы Міржақып Дулатұлының туған күні

Міржақып Дулатұлы 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмды

Халық жүрегіне ерекше қымбат тұлғалардың бірі - Міржақып Дулатов. Әдебиеттің дамуына үлес қосқан, қаламгер және қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласқан қайраткер Міржақып Дулатов бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген.

Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болған. Кіші баласы Міржақыпты ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтарбайұлы деген мұғалімнен орысша сабақ алады. Міржақып Дулатов өзі жазған өмірбаянында «1897жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым» - деп жазады.

Әлихан бастаған Алаш майданының алдыңғы шебінде Міржақып Дулатов жүргенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Алашорда үкіметі тарихи сахнаға шыққан 1917 жылы Міржақып үкіметтің белді мүшесі болған. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшыраған елге көмектесу мақсатында Семей «Жанар» жәрдем қорын құрды.

Міржақып өзге де Алаш қайраткерлеріндей өз өмірі мен амандығынан бұрын, елдің бостандығын, ұлттың дербестігін бірінші кезекке қойды. ХХ ғасырдың басы - патша үкіметінің қалың елді сүліктей сорып, қазақтың қысылтаяң шаққа түскен кезі болатын. Бұл ахуал сол тұстағы қазақтың беткеұстар зиялы азаматтарының намысын қамшылады. Қару алып, алып империяға қарсы шығу жеңіске жеткізбейтінін Алаш арыстары өте жақсы түсінген еді. Сол үшін руханият пен ізгілікті қаруына айналдырған қайраткерлер ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың жолын қарастырды.

Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орьнборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeriзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды. Алаш арысы Міржақып Дулатұлының ұлтқа деген жанашырлығын кеңестік «қылмыскер» үкімет мойындай да, кешірген де жоқ. 

1928 жылы ол қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылды. Беломор-Балтық арнасындағы лагерьде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмды

Өмірден өтсе де, Міржақып Дулатовтың рухқа толы жалын жырлары ел есінде мәңгі жаңғыра бермек. 

Aknur Mukhtarkhan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір