• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:36:24
Алматы
+35°

22 Ақпан, 2018 Әлеумет

Біздегі аз халықтың көбі – кедей

Бүгінде елімізде кедейлердің саны артып отыр

Біз бай-бағлан мен жарлы-жақыбайдың айырмашылығын нысанаға алып, мәселенің қанды іріңін шығара жазып жүрміз. Алдағы уақыттарда да қаузайтын осынау талайлы тақырыпты қалай сараласақ та, бұл бай мен кедей ұғымы ұзын-қысқа, биік-аласа, жоғары-төмен, жуан-жіңішке деген теңеулерге теліне береді.

Екеуі де бір аспанның астында ортақ ауамен тыныстап, бір жердің үстінде жүр. Бай да адам, кедей де адам. Өзімсіне ыңғайласақ, екеуі де қазақ. Бай – Асан, кедей – Үсен. Кедей «бәленше атам бай, түгенше атам батыр, анау нағашым би, мынау туысым шешен болған екен» деп ентігеді. Ой-бо-о-ой, қанында сондай ақсүйектіктің жұрнағы болса, өзі неге қотыр лаққа, соқыр атқа жарымай отыр? Ал бай ол сияқты ата-тегін түгендемек түгіл, тілін де білмейді. Ұлықбек ақынша айтсақ, «тілін жұтқан тұнжыр»! Сөйте тұра, қарадан шықса да бай!

Жазғытұрым екеуі де судың ортасында тірлік кешеді. Бірінің суы – тұп-тұнық, екіншісінікі – лай-батпақ. Өйткені, бай тамаша табиғат аясындағы көл-теңіздің қақ ортасында немесе жағасында орналасқан виллада болады. Ал Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық Қазақстан облыстарындағы кедей ауылдары тасқынның құрсауында қалады. Бай – мәз, ештеңе ойламайды. Кедей – зарлы, ағайын-туманың тірі қалуын тілейді.

Екеуі де шекаралас бір елдің ішінде киінеді, тамақтанады, ұйықтап, түс көреді. Бай киімді шетелдерден алып киеді. Сыртқа шығып келетін уақыты болмай жатса, өзіміздің супермаркеттерден лыпаның да ең қымбатын таңдап алады. Кедей құжынап қара базарда жүр. Өзі арзан киімді одан сайын «түсірсеңші» деп жалынады. Алып-сатарының да жарып жүргені шамалы. Әрі кетсе, орта дәулетті шаруа ғана. Сөйтіп, бастан-аяқ мұнтаздай киініп алды деген кедейіңіздің бір қапшық шүберегі байдың әлгі бір лыпасының да құнына жетпейді. Бай түстік тағамын аса қымбат мейрамханалардан қарны жарылуға шақ қалғанша ішеді. Кедей өз үйінен, кейде көрші-көлем, дос-жаран, туыс-туғандарының дастарқанынан асқазан алдарлық дәм татады. Оған үлгермей жатса, шағын дүкен-дүңгіршектерден жолақысынан артылған тиын-тебенге келетін бірдеңелер алған болады. Бай біз жарнамадан ғана көретін жайлы кереуетте керіліп жатып ұйықтайды. Кедей жерге салынған екі көрпенің ортасында бір уыс боп бүктетіліп немесе қолдан жасалған кереуетсымақта жамбасы тесіліп жатады. Бай түсінде шетелдік миллиардерлер мен АҚШ долларын көреді. Сондай болуды армандайды. Тауықтың түсіне тары, кедейдің түсіне бәрі кіреді. Бай жымиып, кедей күрсініп оянады.

Бай мен кедей

Екеуі де «А» пунктінен «Б» пунктіне көлікпен жетеді. Бай жаңа маркалы шетелдік көлігімен зыр ете қалса, кедей «қоғамдық көлік» деп аталатын автобустарда сығылысып, қайда барса да кешіге береді.

Байдың балалары шетелде «оқып», кедейдің балалары өз еліндегі өгейдің күйінде жүр. Білімін дәлелдеу үшін де ақша керек, бірақ, сұралған соманы өңінде көретініне өзі өлгенше сенбес!

«Қазақ байыса, қатын алады» дегендей, бай – әйелге де бай. Кедейдің көбі тәні арзан жезөкшеге барып, ауру-сырқаудың түр-түріне шалдығуда. Емделетін қаржысы тағы жоқ. Нәпсісін арымен тежегендері жалғыз әйелінің жанынан шықпайды...

Тізбектей түссек, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» мен «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейдінің» синонимы көп. Қаптатып қайтеміз енді?!. Ең бастысы, өз ұлтын менсінбейтін қазақ байлары (еврей-жебірей сияқты сиықсыздарды санатқа алмағанның өзінде) халық қазынасын жапалақша басып жеуде. Ұлттық намыс, ұлағатты сөз дегендей керекті қисын кедейдің ғана пешенесіне жазылып қойғандай. Тұрмыстық бай – рухани жұтаң, рухани байдың тұрмысы нашар. Парадокс! Шерхан Мұртаза айтпақшы, «бір кем дүние».

Аң, құс, жануар, жәндік дегендей ет-сүйекті жаратылыстың бәрі де бірде аш, бірде тоқ. Жыртқыштары әлсіздерінің кәрі-құртаң, ауру-сырқауларын ғана аулап жеп, табиғат тепе-теңдігін сақтауда. Ал Алланың адамды олардан саналылау еткені – мына жалғандағы сынағы еді. Бірақ, кедейдің нәсіп-нәпақасы бірде бар, бірде жоқ. Байлар шалқып ішіп, шайқап төгуде. Осылайша қоғам тепе-теңдігін сақтай алмаған қоғамның жәндік екеш жәндік құрлы да болмағаны ғой!

Рас, кез келген қоғам қара мен төреден құралған. Жердің беті – ала-құла, бар мен жоқ. Мысалы, қазір әлемдегі 7 миллиард адамның 900 миллионы кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан көрінеді. Еуропа статистика қызметі ЕО-ға мүше 27 ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын сарапқа салып көргенде, дені айлығынан шайлығын әзер айырып отырғандар болып шықты. Ең кедей халық Болгарияда тұрады (49,1 пайыз). Одан кейінгі ретпен Румыния, Латвия (40 пайыз), Литва (33 пайыз), Грекия, Венгрия (31 пайыз) ресмилендірілген. Жарлы-жақыбайы көп елдердің алдыңғы легін осылар бастап тұр. Бұл жағынан басқалары да өте шаң қабатындай шамада емес. Ең төменгі деңгейде деп саналатын кедейлік Люксембург пен Австрияда – 17 пайыз, Голландия мен Швецияда – 16 пайыз, Чехияда – 15 пайыз дегендей, алғашқы алтаудың артындағы ізін қалыңдатып келе жатыр.

Бұл ретте, біз дамудың даңғылына түскен еуропалық еңселі елдерді айтып отырмыз. Алпауыт Американың өзінде кедей тұрмақ, қайыршылар көп. Өйткені, жаратылысы бөлек жарандардың жазмышы да әрқилы. Бармақ пен шынашақты шошайтқандай етіп, құрлықта құр сүлдерін сүйретіп жүргендер мен қарыны тезекқаптай бай-бағыланды қайта-қайта салыстыра берген де ыңғайсыз. Өйтетін болсақ, біздің бай мен кедейдің 40 есе айырмашылығы бар әлеуметтік деңгейі көрініп қалады. Еліміздегі Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаевтың айтуынша, Қазақстан халқының да 60 пайызы – кедей. Еш елмен салыстырмаған сиқымыз бұл! Біздіңше, аз көрсеткіш емес. Қалған 40 пайызының ғана жағдайы жақсы болса, олардың жұмыс кезінде асханадан кешенді түскі ас ішіп, кешке үйіне қоғамдық көлікпен қайтып жүрген менің таныстарым емес екені анық. Есілдің оң жағалауындағы целиноградтық ескі-құсқы үйлерде де тұрмайтын шығар (облыс орталықтарындағыны айтуға кәдімгідей ұятым ұстап отыр). Оның үстіне «кедейлік шегі» деген бар. Бірақ, оны Ресей статистикасынан кездестірмедік. Ал Қазақстанның кедейлік шегі – елдің экономикалық мүмкiндiктеріне қарай белгiленетiн кiрiстің ең төменгі шегi. Нақты айтқанда, сол төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрап, 9 мың теңгеден сәл-ақ асады. Айына 9 мың 891 теңге!

Осы орайда айта кетер маңызды жайт, АҚШ-тағы тұтыну себеті 300-ге жуық атаудан тұрады екен. Онда ең үлкен пайыз азық-түлік тағамдарына берілген десек те, бензин, темекі, алкогольге және үйден тыс тамақтануға жұмсалатын шығындар да қарастырылған. Ал Францияның тұтыну себетіне 500-ден астам атаулар енгізіліпті. Онда, тіпті, мейрамханалар мен сұлулық салондарына бару шығындары да жүр. Барлығы «мейрамханаға айына бір рет бару» дегендей шекті мөлшермен алынса да, халқының сондай хал-ахуалы сырт көзді сүйсінтпей қоймайды. Енді өзіміздің тұтыну себетіндегі азық-түлік бөлігіне келсек, олар – тағамдардың граммдап өлшенген мардымсыз жиынтығы. Сенбесеңіз, базар мен дүкеннен келе жатқан кез келген қарапайым қазақты тоқтатып, пакетіне үңіліңіз... Жаныңыз ашып кетеді! Оның үстіне, 2017 жылы дәулеттілер мен сіңірі шыққандар қалтасының айырмашылығы 5 есеге өскендігін естігенде, «Құдай-ау, қайда барамыз?!» деп, Абай атама еліктей күрсіндім. Досым да сөйтті. Өйткені, бұл көрсеткішпен халықтың бір айлық төменгі табысын есептегенде, 22 мың 859 теңге ғана шығады екен. Статистика комитетінің мәліметі солай. Сене салайын десем, түрік жүрген құлаққа үнемі періште сыбырлай бермейді. Ресми дерек екенін ескеруге тура келсе, ондай ақшаға не келеді? Өзім-ақ саусақ бүгіп санап бере саламын ғой. Нан, шәй, бір уыс кәмпит, памперс, жол жүру ақысы деп. Бітті, бір ғана жұдырығым жұмылады.

Қой, одан да бәлен миллиард долларға жеткен сыртқы қарызымыздан құтылып алайық!.. Ұлттық банкіміз шет елдерге мемлекетпен кепілдендірілмеген берешегіміздің өзі 95,6 пайыздан 95,9 пайызға өскендігін хабарлап жатқанда, ел ішіндегі от басы, ошақ қасын әңгіме еткеніміз жарамас. Бірақ, жалақыны көтеріңкіреп қойғанның әбестігі жоқ. Ол ақшаға не келетінін он саусақты бүге тізбектеп, екі қолды аспанға көтерген жақсы. Әйтпесе, бәрінде бар кедейлікті біз ғана жояр болсақ, әлгі күрсініп отырған досым оған қуанбайды. Әлемдік әділетсіздік ретінде қабылдап, одан сайын ауа жұта алмай қалып жүрер...

Статисттердің әлде де халық тұрмысының төмендігін жасырыңқырап қалатынына қарағанда, оларға қазына қоржынынан жем бермеген билікте де кінә бар. Әйтпесе, жылда суға кете беретін Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық Қазақстанның ауылдары ел кедейлерінің ең басында тұр. Жарық пен ауыз суға жарымаған Жезқазғанның елді мекендері мен бір-бірінен қарызға шелектеп ұн сұрап жүрген Торғай түкпіріндегі қазақтардың да жағдайы нашар. Есепті қымбат жиһазға толы кабинетте отырып дұрыс шығара алмаған санақшылар нағыз кедейді таппаса, шалғай аудан, ауылдардан шаң көрсетсін! Өйтпейінше, «ең бай және ең кедей адамдардың арасындағы табыс айырмашылықтары соңғы 10 жылда 1,5 есеге төмендеді» деп өтірікті суша сапырудың қажеті жоқ! Егер бай мен кедейдің нақты саны қатталып-шотталған болса, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен салықшылар, басқа да құзіретті орындар жөн-жосықсыз семіргендердің табысынан зейнетақының, қарттар және жетімдер үйінің, жұмыссыздардың, ауыр жұмысқа жегілгендердің... осыларға тең жағдайдағылардың есебін айырып берсін! Одан дәу көкелердің дәулеті кеміп қалмас. Жасыратын дәнеңесі де жоқ, небары 18-ақ миллион жұрттың арасындағы тақыр кедейлерді орта тап өкілдері етуге, баспана бағын бұйыртуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді.

Айтпақшы, Дүниежүзілік банк адамның күнделікті қолдануы үшін қолында 1,9 доллары (600 теңге шамасында) болмаса, ол адамды кедей деп есептейді. Ал қазір сіздің қалтаңызда қанша теңгеңіз бар?

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір