• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 04:51:53
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2017 Алаш-Орда

1918 жылы сәуірде А.Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Р. Мәрсеков қатарлы Алаштың арыстары Шәуешек қаласына барған болатын. Әсет ақынның қазіргі бейнесі сол жолғы  басқосуда топтық түскен суреттен алынған...

Тарихи деректен 

Аңыз болған қазақтың даласына,

Мәшһүр болған Алаштың баласына –

Ахмет, Міржақып пен Райымжан...

Барған кезі Шәуешек қаласына.

 

Жел сүйіп жасып түсті желегінен,

Күй төкті қайыңы мен терегінен.

Жас бақта басын қосты кілең жақсы,

Ал, Ахаң ой толғады тереңінен:

 

«От бастық, қызыл қолмен күл көседік,

Жүрсіңдер, ей, ағайын, кімге сеніп?!

Береке, бірлігіміз жарасқанда,

Өзгенің боданы боп жүрмес едік.

 

Сәбидей бұлқынамыз жөргектегі,

Әр қазақ – бір-ақ Алаш жер-көктегі.

Басыңда темір ноқта, қайыс ноқта,

Қайран жұрт,  маңдайыңнан сор кетпеді!

 

Бөтенге телім болды ен даламыз,

Құл болды елге тұтқа  бел баламыз.

Екі қазақ бірігіп Отан болмай,

Аю мен айдаһарға жем боламыз ...»

 

Өткізген ғазиз бастан сан сынақты,

Ер Ахаң көпті солай қамшылапты.

Күйіктен соқыр көзден жас шығыпты,

Намыстан өлмеген соң жан шыдапты.

 

Теңгедей болғанынша темір етік,

Күрсінтіп бара жатты  өмір өтіп.

...Найманбайдың Әсеті ән салыпты,

Сол топты тебірентіп, еңіретіп.

 

Мезгілсіз бақ қонбайды құр күткенге,

...Сапарда келеді әлі ілбіп пенде.

Әсеттің, Ахаңдардың шерін қозғар,

Шіркін-ай сол суретке тіл біткенде.

 

Бусанып Тарбағатай қырқалары,

Шәуешек  шаһарына нұр тарады.

Мың тоғыз жүз он сегіз. Сәуір айы –

Алаштың тарихының бір парағы.

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір