• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:07:17
Алматы
+35°

08 Мамыр, 2018 Аймақтар

«Берекенің» берекелі өнімі нарық талаптарына сай

200-дей адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған  БҚО-дағы «Береке» зауыты

Ақ Жайық өңіріндегі іргелі сүт өңдеуші «Береке» ЖШС-ның нарықтың талаптарына сай техникасын, технологиясын жаңарту жұмыстарын табысты жүргізуде. Ескі ғимаратына да қайта жөндеу жұмыстары басталған. Жаңа технологиялардың енгізілуімен ондағы шығарылатын өнімдер түрлері молая түсті. Бүгінде аталмыш зауыт 30 шақты сүт өнімдерінің түрлерін өндіреді.

Кәсіпорын басшылығы шикізаттан тарықпас үшін шаруашылықтарды дамытуға мән-маңыз беріп отыр.  Зеленов ауданындағы Володарка ауылында ет бағытындағы 200 ірі қара бағылуда. Биылдан бастап сүт бағытындағы аналық мал ұстау жоспарланып, мал азығын дайындауға 450 гектар жер телімі алынды. Кәсіпорын ет өңдеу бағытын екінші кезекке қалдырып, сүт өңдеу бағытына басымдық беруге қам-қарекет жасауда. Өйткені өндіріс орны шикізаттан тарығып, тек жергілікті сүтке ғана иек артса, сүт өнімдерін өндірудің қиынға соғатынын жақсы сезінді. Сондықтан белгілі көлемде жергілікті табиғи сүтпен және осы заманның талабына сәйкес басқа да сүт өнімдерін шығаруда пайдаланылатын шикізаттармен жұмыстануды көздейді. Қазір «берекеліктер» сүт өнімдерін өндірудің тұрақты іргетасын қалыптастыруға жұмылған. 

Еуразиялық одақ шеңберінде Ақ Жайық өңіріне де сырттан сүт өнімдері көп  тасымалданады. Қатаң нарықтық бәсекелестік жағдайында жергілікті өндірісші «Береке» техника, технология жағынан көштен қалып қоймай ма деген сұрағымызды серіктестік директоры Қымбатбек Айдаровқа төтесінен қойдық.

–  Тұтынушы жергілікті сүт өнімдерінің қандай техника, технологиямен шығарылатынын білмеуі ықтимал, бірақ заманауи технологиямен өндірілген жергілікті өнімдерді көргісі келетіні заңды. Әрине, бұл жағынан әзірге мақтана алмаймыз. Өйткені күні кешеге дейін біз өндірісші ретінде  табиғи өнімдерімізді, соның технологиясын, сапасын сақтап, жоғалтпау бағытын ұстандық. Міне, сол мақсатымызды орындадық. Түсіне білген адамға, бұл – біздің қол жеткізген тұрақты деңгейіміз. «Берекенің» өнімдері бұрынғысынша адам ағзасына пайдалы қасиеттерін сақтап қалды. Бірақ бәсекенің аты бәсеке. Сауда орындарындағы сөрелерге жайғасқан өнімдерде кәсіпорынның үлесі сондықтан да аздау шығар. Қазіргі уақытта өнімдеріміз өзіміздің дүкендерде, базарларда және «Суровский», «Лидер», «Бәйтерек» сынды ірі сауда орындарында табиғи өнім ретінде ұсынылуда. «Берекенің» сүт өнімдері табиғи болғандықтан, өзінің қасиетіне сай негізінен 3-5 күнге бұзылмай сақталады.  Алайда нарықтағы сұранысты ескере отырып, екінші кезекте таза табиғи мен қоспасы бар өнімдерді шығаруға бет бұрудамыз. Ондай өнімдердің сақталу мерзімі –  бір ай ғана. Алайда сақталу мерзімі алты айға шыдайтын қоспасы көбірек өнімдерді шығаруға моральдық тұрғыдан тартындық. Бүгінде 30 күнге дейін сақталатын жаңа өнім ірімшіктің  100, 200, 400, 500 граммдық қалбырдағы жаңа түрлері («Янтарьный», «Дружба», «Астана» деп аталады) шығарылуда. Ірімшіктің алты айға, бір жылға дейін бұзылмайтын түрлерін шығаруға болады. Алайда өнімдерімізді алысқа тасымалдамаймыз. Өңірдегі тұтынушыға күнбе-күн өндіріп, балғын түрінде ұсынамыз. Қазір 100 граммдық ірімшікті тұтынушыға ұсындық, өнім өткізуде еш түйткіл жоқ. Сондай-ақ бұрыннан өндірілетін «Бифидок», «Бифийогурт», «Бифилайф» сықылды табиғи өнімдер өндірісі қаз-қалпында сақталды. Әрине, табиғи өнімдер өндірісінің өзіндік кемшіліктері де жоқ емес, олар ұзақ мерзімге жарамсыз,  табиғи майдың және ірімшіктің бағасы сөредегі қоспасы мол өзге осындай өнімдерге қарағанда сәл қымбаттау болатыны тағы бар. Бірақ, бастысы ол өнімдер  табиғи. Қайсысын тұтынатынын тұтынушы өзі шешеді. Қоспасы орта мөлшердегі өнімдер өндірісі технологиясын тәжірибе ретінде пайдаланып, өнімдері шығарылды, дегустация жасалды. Байқағанымыз, ондай өнімдер бәсекеге бек жарамды әрі құрамындағы қоспасының адам ағзасына еш зияны жоқ, – деді Қымбатбек Қадырұлы.    

Сүт өңдеу кәсіпорнына жас мамандарды жұмысқа қабылдау, өндіріс үрдісіне тәрбиелеу жүмыстары басшылықтың назарында. Тәжірибелі өндірісші, білікті басшы, ұлтжанды азамат Қымбатбек Қадырұлы бір жылдары ауыл-аймақты аралап, технолог мамандығына оқытуға ұл-қыз іздеп, таба алмады. Содан мектепті өте жақсы бітірген өзінің екі қызын сүт өнімдері технологына Алматыдан оқытып алды. Қазір оның тұрмыс құрған қос қызы Гүлжан Нәсіпқалиева мен Гүлшат Қабдошевалар кәсіпорынның белді мамандары болып қалыптасты. Сонымен қатар өндірістік машықтан өтуге келіп, өздерін жақсы қырынан танытқан бір кездегі студенттер Гүлжан Жұмағожиева, Айнұр Сәрсенғалиевалар бүгінде кәсіпорында технолог қызметін мінсіз атқаруда.

Қорыта айтар болсақ, 200-дей адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған  БҚО-дағы «Береке» уақыт көшінен қалмай, биіктерге ұмтылады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір