• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 23:30:17
Алматы
+35°

10 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Баян Алагөзованың әкесі: Оны қолдасам – өз қызым!

Баян Алагөзованың әкесі Мақсат Мұхитденов тағы да хат жазды.

Баян Алагөзованың әкесі Мақсат Мұхитденов тағы да хат жазды. Хат Ult.kz порталында жарияланды. Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова түсірген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалы халық арасында қызу талқыланған еді. Әсіресе, сынап, сериалдың ұлттық арнадан алынып тастауын талап еткендер көп болды. Халықтың бұл әрекетіне продюсердің әкесі қызын қаралағандарға жауап жазған еді. Бұл кезекті хаты. Мақсат Мұхитденовтың хатынан журналист Өмірзақ Ақжгітке жазылған жауабын беруді жөн көрдік. Редакция ешқандай тараптың позициясын ұстанбайтынын ескертеміз.

Көгілдір экран арқылы көпке ұсынылып, көпшілік назарын аударған “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” сериялына қатысты өткен жолы өз пікірімді айтқан болатынмын. Сын қашан да бір жақты болмаған.  Жүйесіз, жеке басқа шапшыған сынды жауапсыз қалдыра алмайсың. Датталғандардың да ақталуға қақысы бар. Күйе жаға беру - әділдік емес.  Алайда, менің мақаламнан кейін іле-шала тағы жауап жазылған екен. Үнсіз қала алмадым.

Біріншіден, автор “Баянның әкесінің мақаласында” не жазылды екен, түсінейінші” деп  оқымаған секілді. Әлде саралау сауатының деңгейі осы болды ма екен? Тіпті, автор сөз басында өз-өзін ұстап бергендей болады. “Мен өзім де жорамал жасап және оның өкінішке қарай шындыққа айналғаны жөнінде екі кішкентай пост жазып, «киноны көрмей ауырайын» деп тыныш жатыр едім, Баянның әкесінің мақаласы еріксіз қолға қалам алғызды…”, - дейді ол.

Өмірзақ Ақжігіт, сіз киноны көрмей тұрып қалай “кішкентай екі пост” жазасыз? Киноны  көрмей пост жазып, менің мақаламның байыбына бара алмай өзіңізше білгішсисіз. Өзіңіз айтқандай, сериалдың екі-ақ сериясын көресіз де, Баянның әкесінің мақаласын быт-шыт қылмақ болып мақала жазасыз. Өте тылсым, ”жорамал жасаушы”, таптырмас кейіпкер екенсіз. Әрине, мен үшін емес “сатира  саласы” үшін. Тапсырысты да маңдай термен өтеу керек емес пе?!

Өзін журналшы санайтын Өмірзақ ініміз, Мақсат ағасына ҚЫРТ атағын сыйлап, оны тұрақтандыру үшін Абай атамыздан аталы сөз келтіріп «Қатын, боран басталмай тұрып т…п алғаным ақыл болған екен» деген екен. Қырт адам осылай сөйлеуінен белгілі болады екен. Ол аз болғандай бірде боксшы Попенченкодан, бірде Черномырдин ағасынан “аталы сөздер” келтіріпті, құдайға шүкір. Киевтің мэрі, боксшы Кличконың да “аталы сөздерінен” мысал келтіргенде тіпті қатып кетер еді де, “о, пірім-ай, ҚЫРТТЫҒЫМ дәлелденді” деп, шалқамнан түсер едім.

Журналист Өмірзақ мақаладан мына тұсты таңдапты: «Немесе мына бір тұсқа назар аударыңыз: «Құшағына өзі келіп құлаған қыздан бас тартатын қандай жігітсің?». Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі…» Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі дегенде, тағы да түсіндіруге тура келіп тұр. Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзін “ұлттық салт-дәстүр жайлы білімі тайыз, дүбәра” (ардагер журналист апасының сценаристке берген мінездемесі) сценарист ауадан, иә, болмаса өмірзақшаласақ “ешуақытта қазақтың жанын ұғына алмайтынын” Баяннан да алған жоқ. Бұл эпостың Дәндібай Айтбаев нұсқасындағы Баянның  Қозыға  айтқан  сөзі:

Ұйықтап жатқан Қозының  жанына  келіп Баянның  айтқан  сөзі:

“Жалғызым, мен қасыңа келіп тұрмын,

Көңлімді шыныменен беріп тұрмын.

Жапанға жалғыз біткен сен бір шынар,  

Құлын-тайдай айқаспай болдым құмар”. Бабалар сөзі. 55 том.“Қозы Көрпеш – Баян  сұлу” Дәндібай Айтбаев  нұсқасы. 58 бет».

Осы  жері  түсінікті  ме,  Өмірзақ  мырза?!  Әлде  тағы  ежіктейін  бе?  Хош.  Өмірзақтың өз сөзіне тағы жүгінейік. “Эпоста Баян ұйықтап жатқан Қозыға екеуінің өмірі аяқталардың алдында ғана келеді”. Осы  жерде не  айтайын  деп  тұрғаныңызды, сіз  сияқты мен де түсіне алмадым. Жазғаннан кейін нақты дәлелді түрде айту қажет қой. Ол қай эпоста, кімнің вариантында, қай дереккөзде, дереккөздің қай бетінде деген сұрақтар маған да қызық болып тұр. «Қозын Эркеч» те ме, «Қозы  курпес – Маян  һылуда» ма, «Нарттардан» ба, «Калеваладан» ба, «Джангардан» ба, «Маадай харадан» ба, әлде «Олонхолардан» ба? Мына айтқан тізімдегілерді ысырып қойып, сіз қайдағы бір Попенченко, Черномырдиндерге сілтеме жасайсыз. Міне, деңгей – ШЫҢ, шымкетшілесек – "ЗЫҢ". 

«Сондықтан да ол «Қозы Көрпештің» барлық нұсқасын, 700 беттей томдарды оқып шықты көз майын тауысып, өзі ауырып отырса да” деуменен баға беріп, үкім шығаруға болмайды.

Айтақтаушыңыз сізді таныстырғанда: «Белгілі журналист, зерттеуші Өмірзақ Ақжігіт осы киноны Баян Есентаева түсіреді дегеннен-ақ, Қап, біз білетін Баян болса, енді бәрін бүлдіретін болды» – деп, аттандап еді. Қауіп еткеннен айтқаны айдай келіп, Баянның өзіне тартқан «Баян сұлуы» Мәңгілік махаббатың ұлы жырына парадия болып шықты. Сондықтан да ол «Қозы Көрпештің» барлық нұсқасын, 700 беттей томдарды оқып шықты көз майын тауысып, өзі ауырып отырса да. Ең бастысы, бұнда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры мен киноның үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны, дәстүрімізге жат қылықтардың толып жүргені нақты ғылыми сараптамалықпен дәлелденді. Міне, нағыз сарабдал, салмақты сараптама, нақты дәлел! Баянның әкесінің келтірген дәлелдерінің тас-талқанын шығарды… Алла жар болсын Сізге, Өмеке!», - дейді. Ай, Қазыбек мырза, сіз де қатырасыз. Алдағы үш қадамның ар жағын көрмейтін адамға Алла қалай жар болады? Ұмытып барады екенмін, сіз безбендегендей “нақты ғылыми сараптамашының” мәссағаны: “Эпоста Баян ұйықтап жатқан Қозыға екеуінің өмірі аяқталардың алдында ғана келеді”. Не айтуға болады? Платоникалық махаббаттың теңдесіз көрінісі. Қозыекең марқұм Баянның маңдайынан бір искемей де  кеткен  екен-ау, бұны да біле жүрейік.

Айтбаев нұсқасындағы сценарист алған жерлерді (жаңағы ежіктеп түсіндірген) Өмірзақтың шалқымасы былай тәпсірлейді: “Айтбаев нұсқасын оқымасақ та, бойын ғашықтықтың ғаламат от-жалыны шарпыған Баянның жан-дүниесіндегі арпалысты, сол сәттегі, драманың шырқау шыңындағы көңіл-күйін әрбір ересек адам пайымдай алады деп ойлаймын. Енді осы екі жағдайдың арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені көрініп тұрған жоқ па?”

Қарағым-ау, әлгінде ғана кинодағы Баянның сөзі мен жырдағы Баянның сөзі бір сөз екендігін ежіктеп түсіндіріп едік қой. Бұл жерде дана Абайдан мысал келтіру – сәтті теңеу емес. Өз сөзіңізге қайта орлайық:

«Бұл жерде дана Абайдың сөзі еске түседі. «Абай жолында» шәкірттерімен отырған Абайға: «Осы жұрт мені «қырт» деп қоймайды. Көп сөйлейтін адам қырт атанар болса, онда кеше Құнекем, бүгін Абай атануы тиіс еді, неге менің қыр соңымнан қалмайтынын…» деп Жұман қырттың шағымданатыны, оған Абайдың: «Ақсақал, қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын, боран басталмай тұрып т…п алғаным ақыл болған екен» деген сөз жетеді» деп  жауап беретіні бар емес пе?  Бізде де соның кері келіп отыр ғой дейміз.

Олай деуімізге тағы бір себеп, тарихшы, түрколог, мәдениеттанушы ағамыз мақаласының «бісмілләсін» былай бастайды: «Байлығым 5 мыңға таман кітәп, фонотекамда бір мыңнан аса күй, бір  мыңнан  аса ән, термелер, бүкіл  дерлік европа классикасы бар. Баян осы атмосферада өсті, сондықтан кейде ешкі апа бола  алады, ал жездең теке деген түсінік жоқ. ”Әке – балаға сыншы”, сондықтан да “Алаш” сыйлығының иегерінен (Қазыбек Исаны меңзегені) өресі әлдеқайда жоғары». Бокстан 1964 жылғы Токио олимпиадасының чемпионы, Вал Баркер кубогын иеленген жалғыз кеңес спортшысы, МВТУ түлегі, техника ғылымының кандидаты  Валерий Попенченконың «…И вечный бой» деген тамаша кітабы бар. Автор өзін осындай биікке жетуінің бір себебін жас бозбала кезінде өзінен бір-екі жас үлкен, «стиляга» жігіттің жаздыкүні болса да, тері костюм-шалбар киіп – елде ешкімде жоқ қой! – жүргенін, соншалықты ерсі екенін байқамағаны үлкен ой салғанын, сол күннен бастап өзіне сыртқы сыншы көзбен қарауды, өзін үнемі қадағалап отыруды үйренгенін жазады. Мақсат ағамыз да өзіне сын көзбен қарап үйренбегендіктен, соншама кітаптың Баянға қазақ тілін үйренуге септігін тигізе алмағанын, ал, ұлтының тілін білмеген, оның, әсіресе, қазақтың теңдессіз жырларын, өлеңдерін, ертегі-аңызарын оқып-түсіне алмайтын адам ешуақытта қазақтың жанын ұғына алмайтынын (бұл сөз тек Баянға ғана емес, барлық орыстілді қазақ ұл-қызға қатысты), ұғына алмағандықтан ол жүз жерден Тайбурылдай дара тұлпар болып тусын, Көбіктінің Көкаласына қанша тырысса да «12 күннің кемдігінің» кесірінен жете алмайтынын, сол себепті ұлтыма қызмет еттім дегендердің кейбір игі ойлы ісінің өзі «хотел как лучше, получилось как всегда» болып шығатынын түсіне алмай отыр. Сондықтан да, қызын “Алаш” сыйлығының иегерінен өресі әлдеқайда жоғары» деп, бос армандап та қояды. Қазақтың дарынды ақыны, ұлт мүддесін қорғаушы күрескер, қоғам қайраткері Қазыбек Иса мен Баян Алагозованың өрелерінің арасы жер мен көктей екенін елдің бәрі біліп, әке қиялына іштей күліп те отыр. Белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекованы сотпен қорқытып қояды да, өзінің жас балаша  «Иса ғ.с» деп, қазақ ақынының бабасының атын келекеге айналдырып отырғаны нағыз заң алдында жауап беретін әрекет екенін жетпістен асқанша жетесіне жетпегеніне таңым бар.  Өкінішті-ақ. Кинодағы Баян өзін-өзі қорғай алмайды,  өмірдегі Баян болса өзін, қазақша түсірген «Баян Сұлуын» орысша қорғап әлек. Оның үстіне сериалды қаржыландырудан коррупция иісі мүңки бастағаны да жазылуда желілерде.  Кино, да и только…”  

Енді Өмірзақ, өзің «қыртқа» теңеген ағаңның сөзіне құлақ сал. Бірінші абыз боксшыңызға киізген костюм-шалбарыңыздан, шалбарды алып тастаңыз. Білсеңіз, костюмге сіз сөз етіп отырған шалбар да кіреді. Егер Баянды қолдасам өз қызым, сіз сияқты басқа біреудің сойылын соғып жүргенім жоқ.    

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір